"Сыртқы барлау органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы N 1300 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Сыртқы барлау органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы

Сыртқы барлау органдары туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасы сыртқы барлау органдарының мәртебесін, құзыретін және қызметінің ұйымдастырылуын анықтайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) Қазақстан Республикасының сыртқы барлауы - Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шетелдерде және Қазақстан Республикасының аумағынан заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын ашық және жасырын барлау, ұйымдастыру және басқару шараларының жүйесі;
      2) сыртқы барлау органдарының барлау қызметі - барлау ақпаратына қол жеткізу, оны өңдеу және пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүдделері үшін мемлекет жүзеге асыратын шараларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі қызмет;
      3) барлау ақпараты - Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қатысы бар шет мемлекеттердің, ұйымдардың және тұлғалардың нақты және ықтимал мүмкіндіктері, іс-қимылдары, жоспарлары мен ниеттері туралы ақпарат;
      4) құпиялылық - сыртқы барлау органдары мемлекеттік құпиялардан тұратын мәліметтердің құпиялылығын сақтауды қамтамасыз ету үшін олардың жария болуы мен жоғалуына жол бермеу мақсатында жүзеге асыратын шаралар жүйесі.

      2-бап. Сыртқы барлау органдарының мәртебесі
      1. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау органдары (бұдан әрі - сыртқы барлау органдары) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде барлау қызметін жүргізу арқылы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған Қарулы Күштер, ұлттық қауіпсіздік органдары құрамына ұйымдаса кіретін арнайы құрылымдық бөлімшелер немесе ведомстволар.
      2. Сыртқы барлау органдарына:
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыртқы барлау органдары;
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыртқы барлау органы жатады.
      3. Сыртқы барлау органдарының шын және шартты атауы, рәмізі,
айырым белгілері және ведомстволық наградалары бар.

       3-бап. Қазақстан Республикасының сыртқы барлау органдары
             туралы заңнамасы
      Қазақстан Республикасының сыртқы барлау органдары туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына , Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

       4-бап. Сыртқы барлау органдарының міндеттері
      Сыртқы барлау органдарының міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің және өзге де мемлекеттік органдардың қызметін саяси, экономикалық, әскери, ғылыми-техникалық және экологиялық салаларда шешім қабылдау үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
      2) ұлттық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан Республикасының саясатын іске асыруға жәрдемдесу;
      3) елдің экономикалық дамуына және ғылыми-техникалық прогресіне және Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін әскери-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.

       5-бап. Сыртқы барлау органдары қызметінің қағидаттары
      Сыртқы барлау органдарының қызметі мынадай қағидаттардан тұрады:
      1) заңдылық;
      2) адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу;
      3) құпиялылық;
      4) дара басшылық.

2-тарау. Сыртқы барлау органдарының
қызметін ұйымдастыру

       6-бап. Сыртқы барлау органдары қызметінің салалары
      Барлау қызметі өз өкілеттіктері шегінде:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыртқы
барлау органдары:
      Қазақстан Республикасының аумағынан және одан тыс жерлерде радиотехникалық құралдар мен әдістерді пайдалана отырып саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық және экологиялық салаларда, шифрленген, құпияланған және өзге арнайы байланыс саласында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің, олардың персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында;
      Қазақстан Республикасының шекаралық саясаты мен Мемлекеттік шекарасын, аумақтық суларын (теңіздерін) және континенталды қайраңын күзетуді жедел қамтамасыз ету саласында;
      2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сыртқы барлау органы әскери, әскери-саяси, әскери-экономикалық және әскери-техникалық салаларда жүзеге асырады.

       7-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы барлау
             саласындағы өкілеттіктері
      Қазақстан Республикасының Президенті:
      1) Қазақстан Республикасы сыртқы барлау органдарының барлау қызметінің негізгі бағыттарын анықтайды;
      2) сыртқы барлау органдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Үкіметіне сыртқы барлау органдарын үйлестіру және өзара іс-қимыл жасау және барлау қызметін жетілдіру жөніндегі мәселелерді қарастыруға тапсырма береді;
      4) құрамына ведомстволар болып табылатын сыртқы барлау органдары кіретін мемлекеттік органдар басшыларының ұсынуымен осы сыртқы барлау органдарының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      5) ведомстволар болып табылатын сыртқы барлау органдары туралы жағдайды бекітеді;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

       8-бап. Сыртқы барлау органдарының құзыреті
      Сыртқы барлау органдарының құзыретіне мыналар кіреді:
      1) барлау ақпаратына қол жеткізу, жинақтау, талдау, жүйелеу және қорытындылау, оның негізінде ұсыныстар, бағалаулар мен болжамдар дайындау;
      2) Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне, министірліктерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарына барлау ақпаратын беру;
      3) Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне барлау қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
      4) шет елдерде және Қазақстан Республикасының аумағы тұрғысынан барлау қызметін жүзеге асыру;
      5) келісімін берген тұлғалармен құпия негізде қарым-қатынас орнату;
      6) сыртқы барлау органдарының қызметкерлерін бүркемелеу және
олардың қызметін ұйымдастыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру, соның
ішінде осы мақсаттар үшін өзге де ведомстволық тиесілілікті пайдалану;
      7) сыртқы барлау органдарына құпия түрде жәрдемдесетін тұлғаларды бүркемелеу, сондай-ақ сыртқы барлау органдары бөлімшелерінің, ұйымдарының, үй-жайларының және көлік құралдарының ведомстволық тиесілілігі жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
      8) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзге күштерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау;
      9) барлау қызметінің міндеттерін шешу үшін мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан ұйымдардан қажетті ақпарат, соның ішінде автоматтандырылған ақпараттық және анықтамалық жүйеден ақпарат алу;
      10) барлау қызметі мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірлеу;
      11) тиісті халықаралық шарттар негізінде шетел мемлекеттерінің арнайы қызметтерімен және құқық қорғау органдарымен байланыстар орнату, жүргізу және дамыту;
      12) сыртқы барлау органдарының қауіпсіздігін өздерінің күштері, құралдары мен ақпараттарын қылмыстық іс-әрекеттер мен қауіп-қатерлерден қорғау арқылы қамтамасыз ету;
      13) радиотехникалық және радиоэлектрондық барлауды жүзеге асыру;
      14) өз өкілеттіктерінің шегінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін арнайы байланыс түрлерімен қамтамасыз етуге қатысу;
      15) өз өкілеттіктерінің шегінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде мемлекеттік құпияларды қорғауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету, олардың жеке және инженерлік-техникалық қорғауын жүзеге асыру тәртібін, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің техникалық арналар арқылы шығуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге қатысу;
      16) өз өкілеттіктерінің шегінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің персоналы мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін тұратын мемлекетте қамтамасыз ету;
      17) сыртқы барлау органдарының кадрларын сұрыптау, даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, барлау қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер, арнайы оқулықтар мен басылымдар басып шығару;
      18) ақпараттық жүйелерді, байланыс жүйелерін, деректерді беру жүйелерін, ақпараттың техникалық арналар арқылы шығуын қорғау құралдарын, сондай-ақ қару-жарақты және жабдықтандыруды алуға, әзірлеуге, құруға (криптографиялық қорғау құралдарынан басқа) және пайдалануға қатысу;
      19) сыртқы барлау органдарының әскери қызметшілері мен қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу.

       9-бап. Барлау қызметінің әдістері мен құралдары
      1. Барлау қызметі процесінде сыртқы барлау органдары ерекше сипаты осы қызметтің шарттарымен белгіленетін ашық және жасырын әдістер мен құралдарды қолданады.
      Барлау қызметінің әдістері мен құралдары адам өмірі мен денсаулығына зиянын келтірмеуі және қоршаған ортаға залалын тигізбеуі тиіс.
      Барлау қызметін жүзеге асыру процесінде сыртқы барлау органдарына белгілі болған азаматтардың жеке өміріне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты немесе заңмен қорғалатын коммерциялық, банктік немесе басқа құпияға қатысы бар ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жариялануға жатпайды.
      Барлау қызметінің жасырын әдістері мен құралдарын пайдалану тәртібін сыртқы барлау органдары әзірлейді және олар кіретін мемлекеттік органдар басшылары бекітеді.
      2. Сыртқы барлау органдары барлау қызметінің мақсаттарына қол жеткізу үшін ақпараттық жүйелерді, аудио, бейне бақылауды, техникалық байланыс арналарынан (кәбілді, радио релелі, спутник және басқа) ақпарат алуды және осы баптың бірінші бөлігінің талаптарына жауап беретін басқа да арнайы әдістер мен құралдарды қолданады.

       10-бап. Барлау қызметі туралы мәліметтерді сақтау
      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жататын барлау қызметі саласындағы мәліметтер тек ғана арнайы мемлекеттік мұрағаттарда сақталады.
      2. Мұрағаттық және басқа да материалдарды есепке алу, сақтау мен пайдалану құрамына сыртқы барлау органдары кіретін мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерімен анықталады.

       11-бап. Сыртқы барлау органдарының өзара іс-қимылы
      1. Сыртқы барлау органдары өздеріне жүктелген міндеттерді шешу кезінде бір-бірімен, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштерімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап отырады.
      2. Мемлекеттік органдардың, меншік нысанына қарамастан ұйымдардың лауазымды тұлғалары өз өкілеттіктерінің шегінде сыртқы барлау органдарына барлау қызметін жүзеге асыруға жәрдемдесуге міндетті.
      3. Сыртқы барлау органдарының бір-бірімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасы негізінде әзірленген құрамына сыртқы барлау органдары кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен анықталады.
      4. Сыртқы барлау органдарының шет мемлекеттердің арнайы қызметтерімен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негізінде белгіленеді.

       12-бап. Сыртқы барлау органдарының кадрлары
      1. Сыртқы барлау органдарының кадрларын әскери қызметшілер мен азаматтық персонал адамдар құрайды.
      2. Сыртқы барлау органдарының әскери қызметшілері мемлекеттік биліктің өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.
      3. Қазақстан Республикасынан тыс жерде міндеттерін атқарып жүрген кезде тұтқындалған немесе кепілдікке алынған, сондай-ақ бейтарап елдерге жіберілген сыртқы барлау органдарының әскери қызметшілері әскери қызметшілер мәртебесін сақтайды. Сыртқы барлау органдарының басшылығы және басқа да оған өкілетті мемлекеттік органдар халықаралық құқықтың нормаларына сәйкес көрсетілген әскери қызметшілерді қорғау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
      4. Сыртқы барлау органдарының әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
      5. Сыртқы барлау органдарының әскери қызметшілері барлау қызметінің мақсаттарына қол жеткізу үшін және олардың ведомстволық қатыстылығын ашпай мемлекеттік органдар мен кез-келген меншік нысанындағы ұйымдарда лауазымдық қызметте тұрып, жұмысқа жіберілуі мүмкін.
      6. Аталған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды тұлғалары әскери қызметшілердің сыртқы барлау органдарына қатыстылығы туралы мәліметтерді жариялағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарымен қарастырылған жауапқа тартылады.

       13-бап. Сыртқы барлау органдарына құпия түрде
              жәрдемдесетін тұлғалар
      1. Барлау қызметінің мақсаттарына қол жеткізу үшін сыртқы барлау органдары ақы төленбейтін немесе ақы төленетін негізде оларға құпия түрде жәрдемдесуге келісімін берген кәмелеттік жасқа толған еңбекке жарамды тұлғалармен ынтымақтастық қатынастарын орнатады. Осындай тұлғалармен қарым-қатынас жасау тәртібін құрамына сыртқы барлау органдары кіретін мемлекеттік органдар бекітеді.
      2. Сыртқы барлау органдарына құпия түрде жәрдемдесетін (жәрдемдескен) тұлғалар мен олардың отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрамына сыртқы барлау органдары кіретін мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды қорғау үшін іс-шараларды жүзеге асырады.

3-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

       14-бап. Сыртқы барлау органдарын қаржыландыру,
              материалдық-техникалық қамтамасыз ету
      Сыртқы барлау органдарының қызметін қаржыландыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

       15-бап. Сыртқы барлау органдары қызметіне ведомстволық
              бақылау жасау
      Құрамына сыртқы барлау органдары кіретін мемлекеттік органдардың басшыларына сыртқы барлау органдары қызметіне бақылау жасауды ұйымдастыру мен іске асыру жүктеледі.

       16-бап. Сыртқы барлау органдарының қызметіне прокурорлық
              қадағалау жасау
      Сыртқы барлау органдарының қызметінде заңдардың дәл және бірыңғай қолданылуын жоғары дәрежеде қадағалау Қазақстан Республикасының Бас прокуроры және оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады.

       17-бап. Осы Заңның күшіне ену тәртібі
      Осы Заң ресми жарияланған күннен он календарлық күн өткеннен кейін іске енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                      Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады