Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері жөнінде

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 1 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 13 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 13 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Жалған кәсіпкерлік туралы қолданыстағы заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Жалған кәсіпкерлік дегеніміз кінәлі адам кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 215-бабының диспозициясында көзделген құқыққа қарсы мақсаттарда бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіретін жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерін құратын (иемденетін) және пайдаланатын, сол сияқты оларға басшылық жасайтын экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтың түрі.

      Бұл ретте, ҚК-нің 215-бабында көрсетілген мақсаттарды көздейтін әрекеттер деп тек тергелген және айыпталушыға (сотталушыға) нақты қылмыстық іс шеңберінде тағылған әрекеттерді ғана түсіну керек.

      Объективтік себептер бойынша сотқа дейінгі тергеу сатысында қосымша және ұзақ тексеру талап етілетін жекелеген әрекеттер мен мән-жайлар бөлігінде қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі (бұдан әрі – ҚПК) 44-бабының тәртібінде жеке іс жүргізуге бөлінуі мүмкін.

      ҚК-нің 216-бабына қатысты, мүліктік пайда алу мақсатында іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша жекелеген әрекеттерді жасаған кәсіпкерлік қызметті тұрақты жүзеге асыратын және жүйелі сипаттағы құқыққа қарсы мақсаттарды көздемейтін адамдарды жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу керек. Жалған кәсіпорынды құрған (иемденген) және бұл ретте бірлі-жарым (бірнеше) жарамды мәмілелерді жасау жолымен ғана адал кәсіпкерлік қызметті имитациялаған адамның әрекеттері ҚК-нің 215-бабы бойынша саралауға жатады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Жалған кәсіпкерлік кезінде қол сұғу объектісі болып салық салу, кредиттеу және өзге де заңды экономикалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар табылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Жалған кәсіпкерліктің объективтік жағы өзіне жеке кәсіпкерлік субъектісін құру және олардың шешімдерін айқындау құқығын беретін басқа заңды тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін, пайларын) иемденуді өзіне қамтиды.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылған болып есептеледі, ол заңды тұлғалардың бірыңғай Мемлекеттік тіркеліміне тиісті жазба енгізілгеннен кейін аяқталды деп танылады.

      Жалған кәсіпкерлікті құрған әрекеттер мен ірі зиян келтіру түрінде туындаған салдар арасындағы себепті байланыстың бар болуы қылмыстық құқық бұзушылықтың объективті жағының міндетті белгісі болып табылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      4. Жеке кәсіпкерлік субъектісін ойдан шығарылған тұлғаның атына тіркеу, заңды тұлғаның мекен-жайын дұрыс көрсетпеу өздігінен жалған кәсіпкерлікке тән белгілерсіз аталған қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайды.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      5. Кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінің болмауы жалған кәсіпорын құрудың себебі болып табылады.

      Әрбір нақты іс бойынша қылмыстық ізге түсу органдары күдіктінің әрекетін саралау туралы қаулыда, айыптау актісінде, соттар үкімнің сипаттамалы-дәлелді бөлігінде тұлғаның жеке кәсіпкерлік субъект құрған кезде кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінің болмағанын көрсететін дәлелдерді келтіруі тиіс.

      Мұндай ниеттің болмағанының белгісі іскерлік айналымның әдеттеріне сәйкес қажетті және жеткілікті мерзімде құрылтай құжаттарынан туындайтын міндеттемелерді орындамау болып табылады. Соңғының критерийі ретінде салық кезеңі ішінде кәсіпкерлік қызметпен айналыспауын қарастыруға болады, ол салық кезеңі аяқталған соң салық салу объектісі, салық базасы айқындалып, салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы есептеледі.

      Басқа да мән-жайларға тіркеуден кейін елеулі уақыттың өтуі, қажетті штаттың, мүліктің болмауы, құрылтайшылар туралы бұрмаланған мәліметтер енгізуі, банк шоттарын ашпауы жатады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. Жалған кәсіпкерліктің субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен сипатталады. Тұлғаның жалған кәсіпорынды құру (иемдену) фактісіне қатысты оның әрекеттерінде тікелей ниет, ал зиян түріндегі салдарға – тікелей де, жанама да ниет болады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7. Жалған кәсіпорын құрған кезде кінәлі адамның әуел бастан ҚК-нің 215-бабының диспозициясында көрсетілген мақсаттардың бірін (немесе бір мезгілде бірнешеуін) көздеуі жалған кәсіпкерліктің міндетті белгісі болып табылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      8. Кредиттер алу, салық төлеуден босатылу, өзге де мүліктік пайда алу немесе тыйым салынған қызметті жасыру жалған кәсіпкерліктің мақсаттары бола алады.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмау ниеті дәлелденбей кредит алуы жалған кәсіпкерлік емес, өзге қылмыстық әрекеттер жасағанын растауы мүмкін.

      Жалған кәсіпкерлікпен айналысқан кезде жалған кәсіпорынның контрагенті салықтан заңсыз босатылады. Салықтарды азайту да олардан босатылу болып табылады.

      Өзге мүліктік пайда алуы заң бұзушылықпен іске асырылады. Бұл жағдайда кәсіпкерлік қызметпен айналысу ниетінің болғанын куәландырмайтын, нысаны бойынша заңды, бірақ мақсаты және мазмұны бойынша жалған мәмілелердің жасалуы (ақша қаражаттарын қолма қол ақшаға айналдыру, делдалдық қызметтер және тағы сол сияқтылар) мүмкін.

      Субъектілердің кім екеніне қарамастан, заңмен тыйым салынған әрекеттерді, сондай-ақ оларды жүзеге асыру үшін лицензия алу талап етілетін кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жалған кәсіпкерлік жасыратын тыйым салынған қызмет деп түсіну керек.

      9. Жалған кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауапкершілік ірі зиян келтірілген кезде туындайды. Ірі зиян ұғымы ҚК-нің 3-бабында берілген.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. Жалған кәсіпкерлікпен ұласқан залал контрагент төлеуден жалтарған салық сомасы ретінде немесе контрагент заңсыз алған кредит, кіріс, мүліктік пайда сомасы ретінде айқындалады. Осыған байланысты төленбеген салықтар, заңсыз алынған кредит, кіріс, өзге де пайдалар түрінде жалған кәсіпорын контрагенті келтірген залал, сондай-ақ бұл контрагенттің басшысының (қатысушының) кінәсі осы қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылдана отырып дәлелденуге жатады немесе бұрын қабылданған және заңды күшіне енген әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулымен, соттың айыптау үкімімен не қылмыстық істі ақтамайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулымен белгіленуге тиіс.

      ҚК-нің 215-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жалған кәсіпкердің, контрагенттің салықтар төлеуден жалтаруына дем берушілік әрекетін толық қамтитындықтан, оның бұл әрекеттері ҚК-нің 245-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      11. Егер адам тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетуді) сатуды бухгалтерлік және салықтық есепте көрсетпей іс жүзінде жүзеге асырса, оның әрекеттері жалған кәсіпкерлік ретінде саралануға тиіс емес, өйткені бұл жағдайда қол сұғу объектісі болып бухгалтерлік есепке алудың және аталған бұзушылықтармен жүзеге асырылатын нақты кәсіпкерлік қызметке салық салудың белгіленген тәртібі болып табылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12. "Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының кодексінде корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі - КТС) салу объектілерінің бірі салық салынатын табыс деп белгіленген. Салық салынатын табыс жылдық жиынтық табыс пен шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалған. Жылдық жиынтық табыс салық төлеушінің табыстарының барлық түрлерін, соның ішінде өткізуден түскен табысты қамтиды.

      Салық салынатын айналым қосымша құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) салудың объектілерінің бірі болып табылады, атап айтқанда, оған ҚҚС төлеушінің салық салынбайтын айналымынан басқа, Қазақстан Республикасында тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша жасаған айналымы жатады.

      Сонымен, КТС және ҚҚС салу объектілерінің болуы кәсіпкерлік қызметті көздейді. Егер жалған кәсіпкерлікпен айналысқан кезде орын алатын бухгалтерлік және салықтық есеп ережелері бойынша есепке алынған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу шын мәнінде жүзеге асырылмауы, салық салу объектілерінің болмағанын білдіреді.

      Демек, жалған кәсіпорындарға салық есептелуі мүмкін емес, бұл жалған кәсіпкерлік нәтижесінде келтірілген зиянға салық сомаларының қосылуын болдырмайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Жалған кәсіпорынды құрған және/немесе шешімдерін айқындау құқығына ие адамдар, оның басшылары сияқты жалған кәсіпкерлікті бірге орындаушылар ретінде жауапты болады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      14. Егер жалған кәсіпорын арнайы алаяқтық мақсаттарға пайдалану үшін құрылса, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтар қол сұғушылықтың объектілері мен көздейтін мақсаттары бойынша ерекшеленетіндіктен кінәлінің әрекеттерін ҚК 190 және 215-баптарының жиынтығы бойынша саралау керек.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      15. Жалған кәсіпкерлік кезінде жарамды мәмілелер, оның ішінде кредиттік мекемелермен жасалмайды, сондықтан адамның кредитті заңсыз алуы немесе алынған кредитті мақсатсыз пайдалануы ҚК-нің 215-бабы бойынша қосымша сараланбастан ҚК-нің 219-бабы бойынша ғана қудаланады. Егер жалған кәсіпкер контрагентке кредитті заңсыз алуға немесе мақсатсыз пайдалануға мүмкіндік беретін жалған келісім-шарт жасаса, онда жалған кәсіпкердің әрекеті ҚК-нің 215-бабы бойынша, ал оның контрагентінің әрекеті ҚК-нің 219-бабы бойынша саралауға жатады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      16. Салық кодексінің 12-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында, жалған кәсіпорын - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылуы және (немесе) оған басшылық етілуі соттың заңды күшіне енген үкімімен не қаулысымен жалған кәсіпкерлік деп танылған жеке кәсіпкерлік субъектісі деген ұғым берілген.

      17. Соттарға жалған кәсіпкерлік экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа, атап айтқанда, салықтарды төлеуден жалтару, кредитті заңсыз алу, заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге де мүлікті заңдастыру және тағы басқа түрлерін жасаудың тәсілі болып табылатындығын ескеру қажет. Демек, жалған кәсіпорындардың қызметтерін пайдаланатын адамдар осы қоғамдық қауіпті әрекеттің бенефициарлары болып табылады. Сондықтан қылмыстық істі қарау барысында істің мән-жайларын жан-жақтылы, толық және объективті зерттеу туралы ҚПК-нің 24-бабының талаптарын ескере отырып, контрагенттер басшыларының (қатысушылардың) жалған кәсіпкерлікпен ұласқан құқық бұзушылық жасауға қатысуының нақты дәлелдемелері болуы тиіс.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. "Құқықтық актiлер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 1-тармағына сәйкес, нормативтiк құқықтық актiнiң күшi оны күшiне енгiзгенге дейiн пайда болған қатынастарға қолданылмайды.

      2001 жылғы 12 маусымдағы Салық кодексінің 104-бабының 1-1) тармақшасы және 237-бабының 1-тармағы 5) тармақшасы 2007 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген.

      Демек, салық органы аталған мерзімнен басталатын салық кезеңдері үшін КТС салынатын табысты анықтаған кезде шығыстардан шегерімдер және кірістерден ҚҚС сомаларын алып тастауды осы нормалармен негіздеуге құқылы.

      2009 жылғы 1 қаңтардан басталатын салықтық кезеңдерге Салық кодексінің 115-бабының 2) тармақшасы және 257-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы қолданылуы тиіс.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. 2007 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық кезеңдерге қатысты Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 76-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ҚК-нің 215 бойынша қылмыстық іс жөнінде заңды күшіне енген сот үкімімен анықталған фактілердің преюдициялығын негізге алу керек. Егер үкіммен жалған кәсіпорын шын мәнінде осы контрагентпен мәмілелер жасамағаны анықталса, оның осы мәмілелер бойынша шығыстарына шегерімдер және кірістеріне ҚҚС сомаларын есептеу 2001 жылғы 12 маусымдағы Салық кодексінің 92-бабы 2-тармағының және 235-бабы 1-тармағының негізінде негізсіз болып табылады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      20. Заңды күшіне енген сот үкімімен өзгедей белгіленгендіктен, шығыстардан шегерімдер және кірістерден ҚҚС сомаларын алып тастаудың заңдылығы туралы істер бойынша мәмілелердің шын мәнінде жасалғаны жөнінде жалған кәсіпорынның контрагенті ұсынған дәлелдер рас деп таныла алмайды.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      21. Қылмыстық ізге түсу органының ҚК-нің 215-бабы бойынша қылмыстық істі ақтамайтын негіздермен қысқарту туралы қаулылары тұлғаның жалған кәсіпкерлікпен айналысқанын анықтайды. Сондықтан оның жалған кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында құрған жеке кәсіпкерлік субъектісі мен осы қаулыларда көрсетілген контрагенттердің арасында жасасылған мәмілелер жалған болып табылады.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. Салық кодексінің 610-бабының 1-тармағына сәйкес, мерзiмде төленбеген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларына өсiмпұл есептеледі. Жалған кәсіпорындардың контрагенттерінің КТС пен ҚҚС есептеу және төлеу жөніндегі салық міндеттемелері салық органдары олардың шығыстарынан шегерімдер және кірістерінен ҚҚС сомаларын алып тастаған салық кезеңдерінің нәтижелері бойынша туындайды. Демек, мерзімінде төленбеген салықтардың сомасына өсімпұл есептеу заңды болып табылады.

      23. Жалған кәсіпорындардың салық берешегі болмайтындықтан, мұндай жеке кәсіпкерлік субъектілер салық органдарының арызы бойынша банкроттықтың негізінде таратылмайды.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24. Жалған кәсіпорын адамның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз құрылуына байланысты, бұл жеке кәсіпкерлік субъектісінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі соттың шешімі бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.07.2016 № 5 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      25. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қ. Мәми

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Ж. Бәйішев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады