"Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару және суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде 2009 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы N 67 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару және суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде 2009 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару және суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде 2009 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту туралы

      Су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, Қазақстан өзендерінің бассейндерін тиімді басқаруды қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару және суды пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде 2009 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоспар (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) бір ай мерзімде Ұлттық жоспарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
      2) жыл сайын 25 қаңтарға және 25 шілдеге жарты жылдықтың және жылдық қортындылар бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Ұлттық жоспардың орындалу барысы туралы ақпаратты берсін.
      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Ұлттық жоспарды іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2009 жылғы қаңтардағы
N Жарлығымен    
бекітілген     

Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару және су пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі 2009 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоспары 1. Кіріспе

      Тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммит (Йоханнесбург қаласы, 2002 жыл) барлық елдерді 2005 жылға қарай Су ресурстарын бірігіп басқару және суды тиімді пайдалану жоспарларын әзірлеуге шақырды. Үшінші (Киото, 2003 жыл) және төртінші (Мехико, 2006 жыл) Бүкіләлемдік су форумдарында су дағдарысы, ең алдымен, басқару, мүдделі тараптар іс-қимылдарының келісілмегендігінің және жеткіліксіз қаржыландырудың дағдарысы болып табылатындығы атап көрсетілді.
      Қазақстандағы су проблемаларының себептері де осыған ұқсас және оларды шешудің жаңа әдістерін қолдануды талап етеді.
      Су ресурстарын бірігіп басқару (бұдан әрі - СРББ) қазіргі уақытта анағұрлым прогрессивті технология болып табылады және "Су өмір үшін" атты он жылдық іс-қимылдарының (2005 - 2015 жылдар) халықаралық басымдықтарының қатарына кіреді. Жаһандық Су Әріптестігі оны өмірлік маңызы бар тұрақты экожүйелердің орнықтылығын бұзбай тең құқылы негізде әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштерін барынша арттыру мақсатында су, жер және олармен байланысты ресурстарды үйлесімді дамыту мен басқаруға ықпал ететін процесс ретінде айқындалды.
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық тұщы су жылы (2003 жыл) және "Су өмір үшін" атты он жылдық іс-қимылдарының басымдығы (2005 - 2015 жылдар) әлемдік қоғамдастықта су саласында талқылаудан, ниет білдіруден және міндеттерді жариялаудан іс жүзіндегі шараларды орындауға көшу қажеттігінің түсінігін бекітті. Бұл халықаралық қоғамдастықтың адам үшін, өмір үшін қойылған жаңа стратегиялық мақсаты.
      Осы Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару және су пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі 2009 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жоспар (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) Қазақстан Республикасы экономикасының су секторын басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі негіз қалаушы құжат болып табылады және Қазақстанда қолайлы құқықтық жағдайлар жасау, ұйымдық орта қалыптастыру және СРББ-дың құралдарын дамыту жөніндегі басымдық іс-қимылдар кешенін айқындайды.

2. Проблеманың қазіргі жай-күйіне талдау жасау

      Су адамзаттың өмір сүруін және экожүйелердің тұтастығын қамтамасыз етудің басты табиғи компоненті болып табылады. Сонымен бірге, су ресурстары қоғам дамуының лимиттеуші факторларының бірі. Қазіргі қолда бар су ресурстары мен оларға деген қажеттілік арасындағы теңгерімнің бұзылуы орнықты әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы кедергі болып табылады.
      Елдің анағұрлым өткір су проблемалары суға деген тапшылықтың өсуі, жер үсті және жер асты суларының ластануы, орасан зор, нормативтен тыс су шығындары, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етудегі бар проблемалар, мемлекетаралық су бөлу проблемалары, климаттың өзгеруі салдарынан су ресурстарының сарқылу қаупі болып табылады.
      Су ресурстарының жылдық әртүрлі сулылығын Қазақстан экономикасының қажеттілігімен салыстыру жекелеген өңірлер бойынша да, тұтастай республика бойынша да судың өткір тапшылығының бар екендігін көрсетеді. Қазақстандағы су ресурстарының тапшылығы табиғи байлықтарды игеруді, өндірістік күштердің дамуын және тұтастай экономикалық өсуді тежейтін айтарлықтай фактор болып табылады. Бұл ретте, соңғы жылдары экономика салалары мен халықтың суды тұтынуы қысқарғаны байқалғандығына қарамастан, су ресурстарын пайдалану тиімсіз күйде қалуда (1-сурет). Мысалы, 2003 жылы Қазақстанда тек тасымалдау кезіндегі тұщы су шығынының көлемі - 5,6 км з құрады, яғни 2000 жылмен салыстырғанда 0,7 км з -ге ұлғайды. Қазіргі кезеңде жағдай негізгі құралдардың тозуы және оларды қалпына келтіру үшін қаражаттың жеткіліксіздігі салдарынан күрделене түсуде.
      Суару жүйелеріндегі судың шығыны 50-60 %-ті құрайды (бас су тоғанынан бастап).

      Қағаз мәтінінен қараңыз

       1-сурет. 2001-2006 жылдардағы  экономика салалары бойынша суды алу көлемдері (км 3 )

      Бүкіл су объектілері бойынша дерлік жер үсті суларының сапасы белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді. Негізгі трансшекаралық өзендер Ертіс (Қытай), Іле (Қытай), Сырдария (Өзбекстан), Жайық (Ресей) өзендері қатты ластануға ұшыраған. Су объектілеріне негізгі ластау химия, мұнай өңдеу, машина жасау өнеркәсібі мен түсті металлургия кәсіпорындарының суларын жіберу кезінде түседі. Өзендердің сулары еліміздің аумағына Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан аумағынан ластанған күйде келеді. Бұл ретте, Қытай мен Қырғызстан Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға (Хельсинки, 1992 жылғы 17 наурыз) қосылған жоқ. Бұл мәселелер осы елдермен екіжақты келісімдерде де жеткіліксіз қаралған, оларға трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп мониторингтеу және олардың ластануының алдын алу жөніндегі ережелерді енгізу кажет.
      Егер санамаланған су проблемаларының себептерін жоймаса, 2015 - 2020 жылдарға қарай экономиканы, экологиялық орнықтылықты дамыту және елдің халқын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін нақты қауіп туындайды (2-сурет).

      Қағаз мәтінінен қараңыз

      2-сурет. Жер үсті суларының ресурстары мен Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейінгі су тұтыну

      Елдің негізгі су шаруашылығы құрылыстары 30-40 жыл бұрын салынған. Қаржыландырудың жетіспеушілігінен су шаруашылығы секторы инфрақұрылымының жай-күйі аса тозған жағдайда. Бұл өзен құрылыстарынан бастап суару техникасымен қоса бүкіл инфрақұрылымға қатысты жәйт. Суды есепке алу жүйесі толығымен дерлік құлдыраған. Мұның барлығын халықаралық тәжірибені ескере отырып, қалпына келтіріп, жетілдіру және басқару кажет.
      Су ресурстарын басқарудың негізгі проблемалары мыналар болып табылады:
      1) Ұйымдық ортаның жетілмегендігі және секторлық бытыраңқылық
      Су ресурстарын басқаруды үйлестіру мәселелері экономика салаларын дамытудың әзірленетін стратегияларында шешімін таппай отыр. Біртұтас су шаруашылығы саясатын жүзеге асыру үшін су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органға жеткілікті өкілеттіктер берілмеген, бұл су саласын дамытуды ұзақ мерзімдік жоспарлауға, су объектілерін пайдалану мүдделерінің, теңгерімін сақтауды оларды қорғаумен бір кешенде қамтамасыз етуге, сондай-ақ шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықты тартуға теріс әсерін тигізеді.
      2) Қазіргі бар заңнаманы іске асыру тетіктерінің тиімсіздігі
      Қолданыстағы су секторының құқықтық базасы, негізінен алғанда, ынтымақтастық және салааралық өзара іс-қимыл жасау проблемаларының бүкіл кешенін қамтымайтын және шешімдерді дайындау мен қабылдаудың нақты тетіктері кірмейтін жалпы сипаттағы ережелер ғана енгізілген. Халықаралық келісімдер бойынша міндеттемелерді орындау жеткіліксіз деңгейде жүзеге асырылады.
      3) Қазіргі заманғы басқару құралдарын қолданудың шектелуі
      Су пайдаланудың құқықтық, экономикалық және ғылыми-әдістемелік құралдары жетілдірілмейді, бұл су пайдалаушыларды суды ұқыпты және тиімді пайдалануға және су объектілерінің ластануының алдын алуға ынталандыруға ықпал етпейді. Жұртшылықтың басқару шешімдерін қабылдау процесіне әсер ету деңгейі аса төмен.
      4) Экожүйелік шектеулерге мән бермеу
      Экономиканың су секторын дамыту әлеуметтік, экономикалық және әсіресе, экологиялық талаптарды ескерусіз жүзеге асырылады. Су шаруашылығы қызметінде табиғат қорғау талаптарына мән бермеу Қазақстанның барлық өзен бассейндерінде дерлік дағдарыстық жағдайдың туындауына әкелді. Ормандардың, жайылымдардың құлдырау, мұздықтардың азаю, су жинау аумақтарындағы интенсивті эрозия проблемалары декларацияланады, бірақ бассейндерді дамыту сценарийлерін модельдеу және басқару шешімдерін қабылдау үшін негіз бола алмайды. Ел экономикасының дамуының су қорының жай-күйіне айтарлықтай тәуелділігіне қарамастан, су экожүйелерін және олар қоғамға беретін тауарлар мен қызметтерді экономикалық бағалау жүзеге асырылмайды.
      Экожүйелердің құлдырау себептерінің бірі Қазақстан өзендері бассейндері суларының сапасын басқару жүйесінің жетілмегендігі болып табылады. Сулардың сапалық сипаттамаларының мониторингін: "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны (жер үсті суларының фондық мониторингі), облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармалары (өнеркәсіптік ағындар сапасының мониторингі), аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармалары (ауыз су қажеттілігіне арналған сулар сапасының мониторингі), Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің аумақтық басқармалары (жер асты сулар сапасының мониторингі) жүзеге асырады. Осы ұйымдар ақпаратының басым бөлігі сулардың сапасын жақсарту бойынша шешімдер жоспарлау және қабылдау үшін қол жетімді емес әрі жеткіліксіз, жұртшылық үшін қолжетімдік шектелген.
      5) Судың зиянды әсерінің алдын алу және оларды жою жүйесінің жетілмегендігі
      Осы салада жауапкершіліктің ведомствоаралық шашыраңқылығы байқалады (Төтенше жағдайлар министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, шаруашылық жүргізуші субъектілер) және сулардың зиянды әсерінің салдарларының алдын алу мен оларды жою кезінде кешенді көзқарас жоқ.
      Қазіргі уақытта сулардың зиянды әсерінің мәселелерін шешуде жүйелі көзқарас жоқ. Осы құбылыстар бойынша жүйелендірілген дерекқор жоқ, олардың көптеген түрлері бойынша заңдылықтар зерттелмеген, олармен байланысты ықтимал залалдың тәуекелдері мен ауқымы бағаланбаған. Судың зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету үшін жауапты арнайы жобалау және өндірістік бөлімшелер таратылған, ал жаңалары құрылмаған. Сондықтан, осы проблема жеткілікті түрде өзекті болып табылады.
      6) Су шаруашылығы инфрақұрылымының жұмыс істеуі
      Су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының іс жүзінде тозуы 60 % асады. Стратегиялық маңызы бар құрылыстардың сенімділігі мен қауіпсіздігі төмендеген. Ірі су тораптарының бөгеттері едәуір авариялық жай-күйде, олардың бұзылуы апаттық топан судың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
      Үлестіруші желілердің пайдалы іс-қимылдары коэффициентінің төмендігі, сулардың үлкен шығыны, жер асты суларының көтерілуі және қатар жатқан жерлердің сортаңдануы байқалады.
      7) Азаматтық қоғамның және үкіметтік емес ұйымдардың (бұдан әрі - ҮЕҰ) әлсіздігі
      Су пайдаланушылар қауымдастығының (әрі қарай - СПҚ) және су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтерінің (бұдан әрі - СПАТК) даму практикасы олардың қалыптасу кезеңінде екендігін және су ресурстарын жоспарлау, бөлу және басқару процестеріне іс жүзінде қатыспайтындығын көрсетеді. Олар су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту, сондай-ақ аумақтар мен халықты сулардың зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету бойынша шешімдер әзірлеуге және жауапкершілікті бөлуге қатыспайды.
      8) Ұлттық ақпараттық жүйенің дамымағандығы
      Мүдделі қатысушылардың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ақпаратқа қол жетімділігі қамтамасыз етілмейді, басқарудың барлық деңгейлерінде қабылданатын шешімдердің объективтілігі төмендеуде. Экономиканың су секторында жоғары және орта буынды кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі жетілдіруді талап етеді. Білім беру стандарттарындағы қазіргі бар олқылықтар білікті мамандардың және оқыту қаражатының жетіспеушілігіне әкеледі.
      9) Трансшекаралық суларды басқару және халықаралық ынтымақтастық проблемалары
      Трансшекаралық су объектілерін басқарудың күрделі проблемалары трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану мәселелерінің жеткіліксіз реттелуі, су ресурстарының жай-күйінің мемлекетаралық мониторингі жүйесінің және су ресурстарын пайдалану туралы шынайы деректер алмасудың, трансшекаралық өзендердің су шаруашылығы объектілеріндегі авариялық жағдайлар туралы өзара хабар берудің жоқтығы болып табылады. Бірлескен табиғи ресурстарды пайдалануды регламенттейтін құқықтық және әдістемелік негіз, сондай-ақ трансшекаралық экологиялық залалды бағалауда және өтеуде келісушілік жоқ. Трансшекаралық ластану проблемаларын екіжақты шешуге ұмтылыстар әзірше іс жүзіндегі нәтижелерге - трансшекаралық өзендердің ластану деңгейін төмендетуге әкелген жоқ. Осының бәрі республиканың су ресурстарын қалыптастырудың және су объектілері ластануының артуының жоғары деңгейімен қоса алғанда, халықтың және экономика салаларының тұрақты су пайдалануына және елдің экономикалық қауіпсіздігіне нақты шақырулар болып табылады.
      Халықаралық конвенциялар бойынша міндеттемелерді орындау деңгейі әрқашан жеткілікті жоғары емес екендігін атап өткен дұрыс. Проблема қаржыландырудың тапшылығында ғана емес, Қазақстанның конвенциялар мен келісімдер бойынша міндеттемелерін ескеретін сектораралық іс-қимылдарды жоспарлау рәсімдері мен әдістемелерінің жоқтығында.
      Қазақстан Республикасы экономикасының су секторының санамаланған проблемаларының қоршаған ортаға, ресурстық әлеуетке және халықтың денсаулығына залал келтіретін келеңсіз төтенше экономикалық және әлеуметтік салдарлары болуы мүмкін. Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесінің жетілмегендігінің аса көрнекті салдарлары баршаға аян, олар:
      Арал теңізінің экологиялық апаты;
      халықтың қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етілуінің төмендігі;
      Каспий теңізінің қайраңында мұнай өндіру кезінде орын алуы мүмкін технологиялық апаттарға байланысты мұнай-газ секторының экологиялық проблемалары;
      су тапшылығы мен сулардың ластануы, ауыл шаруашылығы жерлерінің тұздануы (шөлейттенуі);
      республиканың көптеген су экожүйелерінің қанағаттанғысыз сапалық жай-күйі;
      гидротехникалық құрылыстардың физикалық тұрғыдан тозуына байланысты техногендік апаттардан болатын тәуекелдер мен ықтимал залал.
      Қазақстанда СРББ-ға өту үшін барлық алғышарттар бар, бірақ, процесті дамытуды қамтамасыз ету үшін институционалдық, заңнамалық және ақпараттық шаралардың үлкен кешенін атқару қажет. Белгілі бір жағдайлар жасалған, атап айтқанда, су ресурстарын басқарудағы негізгі рөл су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті органға және оның аумақтық бассейндік органдарына берілген, бірақ тиімді жұмыс үшін олардың институционалдық әлеуетін едәуір арттыру талап етіледі. Халықаралық ынтымақтастық дамуда, бірақ Қазақстанның халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін орындау үшін, ең алдымен, су ресурстарын басқару проблемаларын ұлттық деңгейде шешу қажет.

3. Ұлттық жоспардың мақсаты мен міндеттері

      Ұлттық жоспардың мақсаты Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін су ресурстарын бірігіп басқару жүйесін қалыптастыру мен дамыту және суды пайдаланудың тиімділігін арттыру болып табылады.
      Ұлттық жоспардың мақсатына қол жеткізу мына міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылады:
      су ресурстарын басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру;
      су объектілерін пайдалану мен қорғау саласындағы ұйымдық құрылымды жетілдіру, сектораралық әріптестіктің әлеуетін арттыру және қалыптастыру;
      СРББ-ның экологиялық компонентін енгізу және сулардың сапасын басқару;
      сулардың зиянды әсерлерінің алдын алу және олардың салдарларын жою;
      су пайдаланудың тиімділігін арттыру;
      су ресурстарын басқарудың ақпараттық-талдамалық жүйесін қалыптастыру;
      халықаралық ынтымақтастықты дамыту және трансшекаралық су объектілерін басқаруды жетілдіру.
      Ұлттық жоспар міндеттерін кезең-кезеңмен шешу бірігіп басқару құралдарының кешенін: су ресурстарын және оларға деген қажеттілікті бағалауды; әртүрлі деңгейлерде (мемлекетаралық, республикалық, мемлекеттік, бассейндік, аумақтық) су ресурстарын басқару жоспарларын әзірлеуді; су секторын дамыту сценарийін модельдеуді; сұранысты басқаруды және су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалануды; жанжалдарды шешуді, суды әділ бөлуді; тиімділік пен әділдікті қамтамасыз ету үшін құн мен бағаны пайдаланудың реттеуші және экономикалық құралдарын; басқару және ақпарат алмасуды; суды анағұрлым жетілген түрде басқару үшін білімді жақсартуды кеңінен қолдану негізінде жүзеге асырылады. Тұрақсыздандырушы факторлар серпінінің әр түрлі нұсқалары мен ықтимал сценарийлерін ескеретін болжамдар мен даму модельдерін әзірлеу көзделеді. Бұл су ресурстарын беруші сала рөлінің маңыздылығын қосылған құнның технологиялық және экономикалық тізбектерінің бастапқы буындары ретінде түсінуге қол жеткізуге мүмкіндік береді, олардың орнықтылығы мен қызмет көрсетулерінің сапасына өндірістің бүкіл тізбегінің түпкі өнімінің құны байланысты.

4. Іске асырудың негізгі бағыттары мен тетіктері

      Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасының ұлттық су саясатын іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі - су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруге және дамытуға бағытталған.
      Осы Ұлттық жоспар білікті басқаруды қалыптастыру, нақты болжау және ғылыми негізделген жоспарлау, су саясатын жүзеге асыруда мүдделі тараптардың сектораралық іс-қимылдарын қолдау жолымен су саясатының басымдықтарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

4.1. Су ресурстарын басқару саласындағы су заңнамасын жетілдіру

      Су ресурстарын және оның сапасын басқару саласындағы заңнаманы оң халықаралық тәжірибені ескере отырып, одан әрі жетілдіру қажет.
      СРББ үшін қолайлы құқықтық жағдайлар жасау мынадай іс-шараларды көздейді:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      су ресурстарын басқару және экономиканың су секторын орнықты дамыту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру;
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2011 - 2025 жылдар):
      республикалық және жергілікті су саясаты (басқару саласында) арасында өзара тиімді іс-қимыл жасасу үшін құқықтық негіздерді дамыту;
      су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы нормативтік әдістемелік базаны одан әрі жетілдіру;
      қаржы ағынының салықтық төлемдерге (су объектілерін пайдаланғаны үшін төлем) және молықтыру төлемдеріне (су объектілерін қалпына келтіру мен қорғауға бағытталған төлем) бөлуді заңнамалық қамтамасыз ету;
      барлық өзен бассейндеріне арналған бассейндік келісімді дайындау, оларға қол қою және орындау.

4.2. Су объектілерін пайдалану мен қорғау саласындағы ұйымдық құрылымды жетілдіру, оның әлеуетін арттыру және сектораралық әріптестікті қалыптастыру

      СРББ принциптерін іске асыру үшін басқарудың барлық деңгейлерінде (мемлекетаралық, республикалық, бассейндік және жергілікті) институционалдық іс-шараларды жүргізу талап етіледі. Ол үшін:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті органды институционалдық жағынан күшейту;
      Су және санитария жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесін құру;
      су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарын пайдалану жөніндегі мемлекеттік холдинг (Ұлттық компания) құру;
      су ресурстарын басқару жөніндегі Бірыңғай ақпараттық-талдамалық жүйені енгізудің базалық негіздерін құру;
      бассейндік кеңестерді одан әрі дамыту мәселелері көзделеді;
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдар):
      экономиканың су секторын одан әрі институционалдық күшейтуді жүргізу;
      сумен жабдықтау және су бөлу кәсіпорындарын қаржыландыру (субсидиялау) көздері мен бірінші кезектегі және перспективалық міндеттерді, оның ішінде су құбыры-кәріз жүйесін түгендеуді жүргізу, коммуналдық жүйе объектілерінің мониторингі, жаңа технологиялар мен техниканы енгізу мәселелерін шешуде жәрдем ету бойынша шараларды айқындау;
      ең төменгі аумақтық деңгейде шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету үшін бассейндік басқарудың ұйымдық құрылымын жетілдіруді жүзеге асыру.

4.3. СРББ-ның экологиялық компонентін енгізу және сулардың сапасын басқару

      СРББ экожүйенің ең аз залалы жағдайында әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейді. Экожүйелерді сақтауды Орталық Азия елдері Киевтегі (2003 жыл) Министрлердің жалпыеуропалық конференциясында Орталық Азиядағы басымдықты субөңірлік мақсат (1-Мақсат) деп жариялады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму жөніндегі комиссиясы он екінші сессиясының (2004 жыл) қарарында "салауатты экожүйелер су тазалығының қажетті шарты болып табылады және жоспарлау процесінде экожүйелердің құндылығын бағалау қажет" екендігін атап көрсетті. Су ресурстарын басқаруға деген кешенді көзқарас - СРББ "су ресурстарын қалпына келтіру, тазалау және игеру жөніндегі қымбат іс-шараларды" айналып өтуге мүмкіндік береді (XXI ғасырға арналған күн тәртібінің 18-тарауы).
      Су экожүйелерінің салауаттылығын қамтамасыз ету су пайдаланушыларды қажетті көлемде және кепілдендірілген сападағы сумен қамтамасыз ету үшін қажетті су қорының сапалы экологиялық жай-күйінің кепілі болып табылады. Тек осы ретте ғана экожүйенің халыққа қажетті тауарлар мен қызметтер ұсыну: балық шаруашылығын, туризмді, денсаулық сақтауды және экономиканың басқа да салаларын дамытуды қамтамасыз ету қабілеті сақталады. Экожүйелік көзқарас, экожүйенің өзінің су қажет етуін қамти отырып, барлық су пайдаланушылардың мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.
      Су тасқындарын болдырмау, су ағыны мен қорларын реттеу, жер үсті және жер асты сулардың сапасын арттыру, шоғырларды бекіту, топырақ эрозиясын азайту, өзен жағалаулары мен жиек сызықтарын тұрақтандыру және сырғымаларды азайту, суды инфильтрациялауды жақсарту, судың топырақта жиналуын ынталандыру, жер асты суларының толығуын жеңілдету және басқалар экожүйелердің салауаттылығын қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шаралар болып табылады.
      СРББ экологиялық компонентін енгізу мынадай іс-шараларды көздейді:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      жол берілетін шекті зиянды әсерлер (бұдан әрі - ЖШЗӘ) нормативтерін қоса алғанда, су сапасы нормативтерінің (стандарттарының) жаңа буындарына көшу;
      тиісті бассейндердегі судың сапасын жақсарту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу (СРББ бассейндік жоспарлары мен су үнемдеу шеңберінде);
      су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті органның өңірлік бассейндік органдарының жанынан судың сапасын кешенді анықтау жөніндегі экспресс-зертханасы бар, мамандандырылған ақпараттық-талдау орталықтарын құру;
      Сулардың зиянды әсерінен болатын залалды бағалау әдістемесіне зерттеу жүргізу және оны әзірлеу жөнінде ұсыныстар дайындау;
      Табиғат қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су жіберулерді есептеу әдістемесін дайындау;
      Қазақстан Республикасының шағын өзендерін оңтайлы басқару жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
       шағын өзендердің жай-күйінің аймақтық-өңірлік нормативтерін және жол берілетін антропогендік жүктемені әзірлеу саласындағы зерттеулер жүргізу, олардың су жиналғыларын қоса алғанда;
      су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;
      заңнаманы су объектілеріне зиян келтіргені үшін жауапкершілікті арттыру бөлігінде жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдары):
      экожүйелік қызметтер үшін ақы төлеу жүйесін енгізу;
      су экожүйесі мен сулардың сапасының жай-күйінің мониторингі жүйесін құру және дамыту;
      экожүйелік көзқарас принциптерін және су экожүйелерін қорғау қажеттілігін ескере отырып, су заңнамасын жетілдіру.
      Экожүйелік көзқарас СРББ процесін тәртіпке келтіреді. Су ресурстарын басқару неғұрлым айқындалған жүйелілікке ие болып отыр: су жинау аумақтарын қорғау (орман алқаптарын қалпына келтіру, жерді өңдеудің қазіргі заманғы технологиялары, апаттық құбылыстарды болдырмау), жер үсті, жер асты және қайтарымды суларды келісіп басқару, ластануға қарсы күрес және басейндердің төменгі бөліктерінде экожүйелер үшін экологиялық су жіберу.
      Экожүйелік шектеулер туралы түсінік келісілген іс-шараларды жүзеге асыру кезінде бенефициарлардың анағұрлым жалпы пайда алуы үшін негіз құра отырып, кіші секторлардың бәсекелестігінің баламасын қамтамасыз етеді. СРББ пайдаланушылардың экожүйелердің олар беретін қажеттіліктері мен пайдалары туралы хабардарлығын арттыра отырып, шешімдер қабылдау процесінде және қызметті жоспарлау кезінде экожүйелердің құндылығын ескеруге мүмкіндік береді.

4.4. Сулардың зиянды әсерінің алдын алу және салдарларын жою

      Қазақстан Республикасында судың зиянды әсері, негізінен, су тасқындары мен селдерге байланысты. Басқа себептер салдарынан болатын су факторының теріс рөлі туралы жүйелендірілген деректер жоқ. Республикада шамамен 800-ге жуық өзен (ұзындығы 50 км-дан астам), сыйымдылығы мен мақсаты әртүрлі 600-ден астам су қоймалары, көлемі 1 км 2 және одан артық 3 мыңға жуық ірі көлдер бар, олардың болуымен әртүрлі су тасқындары байланысты болуы мүмкін.
      Су тасқындарына бейім аумақтарға республиканың барлық әкімшілік облыстары жатады. 75 ауылдық аудан және тұрғындардың жалпы саны кемінде 5 миллион адамы бар 800-ден артық елді мекен су тасқынынан тікелей зардап шегеді. Республикадағы су тасқындарының себептері ұзаққа созылған нөсер жаңбырлар, жазық жерлердегі қар қабатының, тауларда қар мен мұздықтардың интенсивті түрде еруі, өзендер мен су қоймаларының бұзылуы, ірі су қоймаларындағы судың жайылуы, өзендердегі мұздың бөгелуі мен кептелуі және басқалар болып табылады.
      Қазақстанда күшті су тасқындары әртүрлі бассейндерде жыл сайын байқалады, олардың көлемі едәуір құбылып тұрады. 50-100 жылда 1 рет қайталанатын, адам өлімі мен айтарлықтай шығын орын алатын апатты су тасқындары болады.
      Қазақстанда шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік таулары сел қаупі бар тауларға жатады. Бұл өңірлердің аумағы шамамен 360 мың км 2 немесе мемлекет аумағының 13 %-ін құрайды. Селдің негізгі себептері нөсер жаңбырлар, теңіз-мұз өзендердің арнадан шығуы, гляциалды және сейсмикалық сипаттағы көшкіндер болып табылады. Республикада 300-ден астам селдік бассейндер бар және соңғы 150 жыл ішінде 800-ге жуық күшті сел оқиғалары болған. Қайталануы бойынша Қазақстанда нөсерлік сипаттағы селдер неғұрлым жиі болады - шамамен 80 %, мұздық (қарлы-мұзды) селдердің үлесіне 15 %-ке дейін келеді, сейсмикалық селдерді қоса алғанда, басқа селдердің түрлері - 5 % шегінде.
      Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі деректерінің негізінде алдын ала жасалған бағалау бойынша 1993 - 2003 жылдарда Қазақстанда 85 ірі су тасқыны мен 15 сел болып, нәтижесінде 17 адам қаза тапқан және 45000 адам зардап шеккен, ал тікелей материалдық залал құны 800 миллион АҚШ долларын құраған.
      Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы су тасқыны мен селдің әлеуетті тәуекелін толық көрсете алмайды, өйткені қаралып отырған кезеңде ірі апаттар болған жоқ.
      Қазақстанда қалыптасқан жағдайды негізге ала отырып, судың зиянды әсерлерінің алдын алып және оларды жоя отырып, мынадай іс-шаралар көзделуде:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      сулардың зиянды әсерімен байланысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу;
      Географиялық ақпараттық жүйелер технологиялары (ГАЖ-технологиялар) және Жер бетін ғарыштан қашықтықтан зондылау деректерін пайдалану негізінде сулардың зиянды әсерлерінің тәуекелін бағалау әдістемесін әзірлеу; және су факторының әсерімен байланысты апаттық құбылыстарға бейім аса қауіпті аумақтар каталогын дайындау; сулардың төтенше зиянды әсері жағдайында авариялық жедел жұмыстарды жүргізу үшін, сондай-ақ су мен селден қорғау құрылыстарын жобалау, салу және профилактикалау жөніндегі жоспарланған жұмыстарды жүргізу үшін мамандандырылған авариялық-қалпына келтіру және гидроқұрылыс ұйымдарын құру;
      сулардың зиянды әсерлерін елді мекендерді, шаруашылық объектілерін және аумақтарды нормалық қорғауды қамтамасыз ету.
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдар):
      судың зиянды әсерінің алдын алу және салдарларын жою жөнінде қабылданатын шараларды күшейту мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      елді мекендерді, шаруашылық объектілерін және аумақтарды судың зиянды әсерінен инженерлік қорғау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу;
      судың зиянды әсер ету құбылыстарының жер беті-ғарыштық мониторингі мен болжаудың оңтайлы жүйесін құру;
      дүлей зілзалаларға, өнеркәсіптік аварияларға және апаттарға байланысты судың зиянды әсерінен нормалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

4.5. Су пайдаланудың тиімділігін арттыру

      Ашықтық, насихат және ақпаратқа қол жетімділік, су объектілерін сақтау мақсаттары мен міндеттері, су үнемдеу және судың өнімділігін арттыру тәсілдері туралы халықты хабардар ету жұртшылық тарапынан суды тиімді пайдалану жөніндегі шараларды қолдауға ықпал етеді.
      Су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер жүйесі мен көлемі су шаруашылығы және су қорғау іс-шараларына кеткен шығындарды жабуы тиіс. "Су су үшін ақы төлейді" және "ластаушы ақы төлейді" - экономикалық қатынастардың негізгі принциптері осы.
      Су пайдаланудың тиімділігін арттыру мынадай іс-шараларды көздейді:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, гидротехникалық құрылыстарды, сондай-ақ суару жүйелерін қалпына келтіру мен салудағы басымдықтарды белгілеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін және гидротехникалық құрылыстарды (қалалық, ауылдық, суару және сорғыту жүйелері) қалпына келтіру және салу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
      Су пайдаланудың барлық салаларында судың әлеуетті өнімділігін айқындау әдістемесін оған қол жеткізу жөніндегі шараларды дайындай отырып әзірлеу;
      Жер үсті және жер асты суларын пайдаланғаны үшін алынатын төлем ставкаларын айқындау әдістемесін әзірлеу;
      әртүрлі факторларға қарай елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етудің ең аз нормативін нақтылау және түзету бөлігінде ұсыныстар әзірлеу;
      су пайдалануды есепке алуды жетілдіру және қазіргі заманғы өлшеу құралдарымен техникалық жарақтандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      су ресурстарын алуды жедел есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізуді іске асыру;
      өлшеу құралдары мен жергілікті автоматиканың импортын алмастыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
      су пайдаланушылар бірлестіктерін (СПА, СПАТК және басқалар) қолдау және кеңейту мақсатында су пайдаланушылар үшін қазіргі агротехнологияларды, сондай-ақ суару технологияларын пайдалану жөніндегі Мемлекеттік консультативтік қызметтер құру туралы ұсыныстар әзірлеу;
      Қазақстан Республикасының оңтүстік облыстарында жер үсті суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізу;
      су шаруашылығында геоақпараттық технологияларды қолдану жөніндегі білім беру бағдарламаларын, тиісті тренингтер өткізу;
      су ресурстарының жай-күйі, су үнемдеу мен суды пайдаланудың өнімділігін арттыру тәсілдері туралы ақпаратты халыққа жеткізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру;
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдар):
      су-ресурстық әлеуетті молықтыруды және сақтауды қамтамасыз ететін тиімді экономикалық тетікті әзірлеу және енгізу;
      субсидиялау және қаржыландыру саясатын өзгерту, су үшін ақы төлеудің прогрессивтік жүйесін енгізу;
      экономикалық, технологиялық және ұйымдастыру әдістерінің кешені негізінде (су пайдалану мен су бөлуді диспетчерлеу, ақпараттық-талдамалық қызметтерді енгізу және басқалары) су пайдаланудың барлық салаларында судың әлеуетті өнімділігіне жақындау;
      экожүйелер ұсынатын қызметтердің орнықтылығын арттыру жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру. Судың мөлшерін реттеу функцияларын (ағындар, инфильтрация, ұстап тұру және жинау) екпе ағаштарының, ауыл шаруашылығы қызметінің үнемдеу әдістерін қолдану және жайылымдық алаңдарын қалпына келтіру көмегімен қамтамасыз етуге болады;
      су үнемдеудің пилоттық жобаларын кейіннен оң тәжірибені тарата отырып әзірлеу және іске асыру;
      фермерлерге тиімді суландыру тетіктерін үйрету үшін пилоттық аумақтарды - демонстрациялау учаскелерін дамыту.

4.6. Су ресурстарын басқару жүйесін ғылыми және ақпараттық қамтамасыз ету

      1. Су объектілерінің мемлекеттік мониторингі жүйесін жетілдіру.
      Су объектілерінің мемлекеттік мониторингіне жер үсті су объектілерінің мониторингі, жер асты су объектілерінің мониторингі және су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының мониторингі кіреді. Қазіргі бар су объектілерінің мониторингі жүйесі жеткілікті жедел емес және су экожүйелерінің жай-күйі мен серпінін толыққанды бағалауды жүзеге асыруға және объективті басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік бермейді. Су объектілерінің мониторингін бірқатар министрліктер мен ведомстволардың (Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі) қадағалау қызметтері олардың арасындағы тиісті үйлестірусіз жүзеге асырады. Су объектілерінің мониторингі жүйесін жетілдіру мынадай іс-шараларды көздейді:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      нормативтік құқықтық актілерді жетілдіріп және әзірлей отырып, су объектілері мониторингінің бірыңғай жүйесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдар):
      су объектілері мониторингінің бірыңғай жүйесінің қызметін қалыптастыру, одан әрі жетілдіру және қолдау.
      1.2. Жер үсті су объектілері мониторингінің мемлекеттік жүйесін дамыту:
      су объектілерін еуропалық жіктеуді және өзендердің экологиялық жай-күйінің жоғары, жақсы және орташа сапасын айқындау әдістемелерін бейімдеуді (ЕО-ның Негіздемелік Су Директивасы негізінде);
      гидрологиялық байқаулардың мемлекеттік желісін оңтайландыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді;
      биоиндикация және биотестілеу әдісін пайдаланатын жер үсті су объектілерінде гидробиологиялық байқаулар қызметін қалпына келтіруді;
      Су шаруашылығы бассейндерінің жыл сайынғы су ресурстарын бағалау әдістемесін әзірлеуді және "Жер беті, жер асты суларының ресурстары, оларды пайдалану мен сапасы" МСК-ның біріктірілген жыл сайынғы басылымын шығаруды;
      қазіргі климат жағдайларында су шаруашылығы бассейндері бойынша жер үсті суларының көпжылдық ресурстарын бағалауды;
      Қазақстан өзендерінің сулылығын қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжаудың қазіргі заманғы әдістерін әзірлеуді;
      Қазақстанның жер үсті су объектілерінің су ресурстарын жоғары деңгейдегі рұқсатпен қашықтықтан зондылау деректерін пайдалана отырып, мониторингтеу және бағалау әдістемесін әзірлеуді талап етеді.
      1.3. Жер асты суларының мониторингі жүйесін дамыту:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      жер асты сулары ресурстарының жай-күйін бағалау және болжау үшін қажетті жер үсті сулары мен климат мониторингі деректерінің тізбесін айқындауды;
      жер асты суларының мемлекеттік мониторингінің ақпараттық жүйесінің келісілген талаптарын ескере отырып, деректер алмасу регламентін әзірлеуді және бекітуді;
      жаңа әдістемелік негізде бассейндердің масштабы 1:500000 гидрогеологиялық карталарын жасауды;
      бассейндер бойынша жаңа әдістемелік негізде мақсатты пайдалану санаттары бойынша жер асты сулары ресурстарының көлемдерін айқындауды;
      жер асты суларының мемлекеттік мониторингінің (бұдан әрі - ЖСММ) қадағалау желісін ЖСММ қадағалау желісіне қойылатын талаптарды әзірлеу және бассейндердің ЖСММ желісінің жеткіліктілігін айқындау, бассейндердегі ЖСММ-ның қадағалау желісін дамыту бағдарламаларын негіздеу және жасау жолымен оңтайландыруды;
      ЖСММ қадағалауларын жүргізудің жоғары технологиялық құралдарын енгізуді;
      бассейндердің жер асты суларының жай-күйіне бассейндердің жер асты сулары жай-күйінің тәуекелін бағалау өлшемдерін әзірлеу бөлігінде бағалау жүргізуді;
      мониторинг объектілерін (су пайдалану, жер қойнауын пайдалану) және жай-күйін бағалау үшін математикалық модельдер құру қажет болатын жер асты суларының ластану учаскелерін айқындауды;
      СРББ-нің мақсаттары үшін "Жер асты сулары" ақпараттық жүйесін жетілдіруді талап етеді.
      1.4. Жер ресурстары мониторингінің жүйесін дамыту:
      бірыңғай жүйе бойынша жерлердің мониторингі бөлігінде нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді;
      су қоры жерлерінің нормативтік-әдістемелік құжаттамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді;
      жерлер мониторингінің стационарлық қадағалау пункттерін жаңғырту және дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді;
      жерлер мониторингінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуі жөніндегі іс-шараларды іске асыруды;
      стационарлық қадағалау пункттерін жаңғырту мен дамытуды;
      экологиялық стационарлық қадағалау пункттерін құруды талап етеді;
      2. Ұлттық жоспарды ғылыми-ақпараттық қолдау
      Ұлттық жоспарды ғылыми-ақпараттық қолдау мынадай іс-шараларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      су пайдаланушыларды қолдау және оларға консультациялық көмек көрсету үшін құрылымдық бөлімшелері бар Су шаруашылығының ғылыми-ақпараттық орталығын (бұдан әрі - СШ ҒАО) құру туралы ұсыныс әзірлеу;
      саяси, экономикалық жағдайлар мен тәуекелдерді, қазіргі бар әлемдік тәжірибені және қоршаған ортаға әсер ету салдарларын бағалауды ескере отырып, ресей өзендері ағындарының бір бөлігін Қазақстан мен Орталық Азияға бұрудың орындылығы мен жүзеге асырылатындығы туралы зерттеулер жүргізу;
      антропогендік және табиғи факторларды ескере отырып, ұзақ мерзімді перспективаға арналған қолда бар су ресурстарын ұлғайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      бұлттарға химиялық әсер ету жолымен су қоймаларының кепілді қайтарымын арттыру мәселелерін пысықтау;
      негізгі өзендер мен басқа да су объектілері бассейндері бойынша су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемаларында ұсынылған іс-шараларды іске асыру мәселелерін пысықтау;
      КСРО Мемлекеттік Су Кадастрының (Қазақстандық бөлігі) қор материалдарының негізінде су ресурстары бойынша электрондық дерекқорды қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      шет елдерде оқытуды (2018 жылға дейін жылына 10 студент) ескере отырып, Қазақстан Республикасының су секторындағы кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды даярлау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      мектепке дейінгі тәрбиелеу және балаларды оқыту; жалпы орта білім беру; техникалық және кәсіптік білім беру; жоғары білім беру жүйесінде оқу-әдістемелік және кадрлық қамтамасыз етуді құруға және дамытуға қатысу;
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдар):
      негізгі өзендер мен басқа да су объектілерінің бассейндері бойынша су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау схемалары (бассейндік жоспарлар) ұсынған іс-шараларды іске асыру;
      СШ ҒАО қызметіне қолдау жасау және су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті органның барлық өңірлік бассейндік органдары жанындағы оның филиалдарын дамыту;
      жаңашыл қаржылық тетіктерді - экожүйелік қызмет көрсетулер үшін ақы төлеу жүйесінің әр алуан нысандарын әзірлеу әрі енгізу және оларды әрбір өзен бассейніне тән жағдайларға бейімдеу;
      Ұлттық Жоспардың мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті бағалау үшін СРББ-ның индикаторлар жүйесін әзірлеу және енгізу.
      3. Жер асты суларының тиімділігін арттыру ауыз су мұқтаждары, жайылымдарды суару, бальнеология және экономиканың әртүрлі секторларындағы өзге де өндірістік қызметтер үшін жер асты суларын зерттеу мен кешенді пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

4.7. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және трансшекаралық су объектілерін басқаруды жетілдіру

      Трансшекаралық өзен бассейндерінде бірлесіп су пайдалану проблемаларын шешу бүкіл трансшекаралық бассейндер шегінде су ресурстарын бірігіп басқаруға үйлесімді көшу мақсатында Қазақстанның шектес елдермен ынтымақтастығын кеңейтуді талап етеді. Қазақстан қол қойған халықаралық шарттарға сәйкес барлық трансшекаралық өзен бассейндерінде суды пайдалану және су ресурстарын қорғау мәселелерін бірлесіп шешу үшін екіжақты комиссиялар мен жұмыс топтары құрылған. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін орындау тетіктерін жақсартқан жөн болар еді.
      Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және трансшекаралық суларды басқаруды жетілдіру мынадай іс-шараларды көздейді:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      сулар сапасының бірлескен мониторингі жөніндегі ережелерді қамти отырып, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      Қазақстан Республикасының көпжақты халықаралық шарттарының өңірлік шарттық-құқықтық базасын кеңейту;
      Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенция (1992 жыл) шеңберінде Су және санитария мәселелері жөніндегі хаттамаға қол қою бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
      Қазақстанның Халықаралық су ағындарын пайдаланудың кеме жүзбейтін түрлерінің құқығы туралы конвенцияға (1997 жыл) қосылуы бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
      Қазақстан мен шектес мемлекеттердің су заңнамасына салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу және трансшекаралық өзендерді басқару саласын жетілдіру үшін ұсынымдар дайындау;
      трансшекаралық өзендер бассейндерінде су ресурстарын кешенді игеру мен ұтымды пайдаланудың жалпы принциптерін шектес мемлекеттермен бірігіп айқындау;
      тараптардың конвенциялар мен келісімдер бойынша міндеттемелерін ескеретін, өзен бассейндерін басқарудың бірыңғай халықаралық жоспарларын дайындаудың ресімдері мен әдістемесін әзірлеу;
      мемлекетаралық бассейндік су шаруашылығы ұйымдарының әлеуетін арттыру;
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдар):
      еліміздің нормативтік құжаттары мен заңнамалық актілерін халықаралық су құқығы нормаларымен сәйкес келтіру;
      су ресурстарының сапасын сақтау үшін қажетті, келісілген ұлттық және халықаралық құқықтық құжаттарды әзірлеу;
      трансшекаралық өзен бассейндерінде экожүйелік қызметтер үшін ақы төлеу жүйесін енгізу;
      тараптардың міндеттемелерді орындауын және сақтауын қамтамасыз ететін тетіктерді енгізу;
      су ресурстары жөніндегі ұлттық дерекқормен алмасу және су тасқындары мен экожүйелердің ластануының салдарларын бәсеңдету бойынша шешімдер қабылдау жөніндегі өңірлік ақпараттық желі құру.
      СРББ негізінде трансшекаралық сипаттағы экологиялық су проблемаларын шешу Қазақстанның халықаралық шарттар, оның ішінде Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенция (Хельсинки, 1992 жылғы 17 наурыз), Биологиялық әралуандылық туралы конвенция (Рио-де-Жанейро, 1992 жылғы 5 маусым), Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенция (Орхус, 1998 жылғы 25 маусым), Эспода (Финляндия) 1991 жылғы 25 ақпанда жасалған Аралық шекара контексіндегі қоршаған ортаға ықпал етуді бағалау туралы конвенция бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындауына жәрдемдесетін болады.

5. Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздері

      Ұлттық жоспарды қаржыландыру көзі республикалық және жергілікті бюджеттердің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің, табиғат пайдаланушылардың қаражаты, халықаралық ұйымдар мен донор елдердің гранттары, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер болады.
      Ұлттық жоспарда көзделген іс-шараларды мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырудың жыл сайынғы көлемі Республикалық бюджет туралы Заңда белгіленетін болады.

       6. Ұлттық жоспарды іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Ұлттық жоспарды іске асыру Қазақстанға су секторына инвестицияларды тиімді салуды, экологиялық тұрғыдан тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етеді.
      Ұлттық жоспарды іске асыру нәтижесінде:
      1) бірінші кезеңде (2009 - 2011 жылдар):
      су қорын қорғау мен пайдалану саласындағы уәкілетті органды институционалдық жағынан күшейтудің негізгі бағыты айқындалады;
      су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында бассейндік кеңестердің рөлі су ресурстарын басқару органдарының, су пайдаланушылар мен жұртшылықтың өзара іс-қимыл жасасуының негізгі органы ретінде нығайтылады;
      су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа әдістемелерді, стандарттар мен нормативтерді әзірлеу және қазіргі барларын жетілдіру қамтамасыз етіледі;
      трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелерінде Қазақстанның мүдделерін ілгерілету үшін ғылыми негізделген базаны құру қамтамасыз етіледі;
      қолда бар су ресурстарын ұлғайту мақсатында өзендер ағынының бір бөлігін мемлекетаралық бұрудың оңтайлы моделін жасау бөлігінде зерттеу жүргізіледі;
      2011 жылға қарай судың өнімсіз шығынының көлемі қазіргі деңгейден 15 %-ке қысқартылады;
      Су ресурстарын басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық-талдамалық жүйенің пилоттық нұсқасы екі өзен бассейнінің аумағын қамти отырып жасалады;
      2) екінші және келесі кезеңдерде (2012 - 2025 жылдар):
      Қазақстан Республикасы заңнамасының кейбір нормаларын жақсарту арқылы тиімді су пайдалануға арналған нормативтік құқықтық база жасалады;
      2025 жылға қарай судың өнімсіз шығынының көлемі қазіргі деңгейден 30 %-ке қысқартылады;
      барлық стационарлық су жинау құрылыстарын қамти отырып, су ресурстарын пайдалануды жедел есепке алу жүйесі құрылады;
      жер асты, жер үсті суларының және олармен байланысты жер ресурстары мониторингінің біріктірілген жүйесі құрылады;
      су ресурстарын қорғау мен пайдалану саласында шектес мемлекеттермен ынтымақтастықтың орнықты тетігі жасалады;
      барлық өзен бассейндері аумағында Су ресурстарын басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық-талдамалық жүйе енгізіледі;
      Су шаруашылығының ақпараттық-талдамалық орталығы құрылады;
      су объектілерінің сапасын айқындаудың жетілдірілген стандарттары негізінде 2025 жылға қарай экологиялық орнықтылық және елдің су қорының тиісті жай-күйі қамтамасыз етіледі.

7. Ықтимал тәуекелдер

      Қазақстан Республикасының су ресурстарын бірігіп басқару және су пайдаланудың тиімділігін арттыру жөніндегі 2009 - 2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарды іске асыру процесінде мынадай мән-жайлар (тәуекелдер) туындауы мүмкін:
      қаржылық тәуекел (әлемдік қаржылық дағдарыс; республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемінің қысқаруы және басқалар);
      табиғи және техногендік сипаттағы тәуекелдер;
      шектес мемлекеттермен трансшекаралық су ағындарын басқару жөніндегі жаңа келісімдерге қол қоймау, сондай-ақ бұрынғы қол қойылғандарын орындамау.

       Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы

СПҚ      - Су пайдаланушылар қауымдастығы
ЕО НСД   - Еуропалық одақтың Негіздемелік су директивасы
СЭЖ      - су экожүйелері
ҒСӘ      - Ғаламдық Су Әріптестігі
ГАЖ      - географиялық ақпараттық жүйелер
ЖСММ     - Жер асты суларының мемлекеттік мониторингі
СРББ     - Су ресурстарын бірігіп басқару
СШ ҒАО   - Су шаруашылығының ғылыми-ақпараттық орталығы
ЗӘРШ     - жол берілетін шекті зиянды әсерлер
СПАТК    - Су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады