Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2008 жылғы 22 қыркүйекте Ақтөбе қаласында жасалған 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынасты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатымен,
қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарларды және жануарларды өткізудің тәртібін жетілдірудің қажеттігін басшылыққа ала отырып, сондай-ақ жасырын көші-қонды, қару-жарақтың, есірткі мен жүйкеге әсер ететін заттардың контрабандасын анықтау және жолын кесу мақсатымен,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын адамдардың және көлік құралдарының кесіп өтуі үшін, жүктердің, тауарлардың және жануарлардың басқа жерге орнын ауыстыруы үшін Тараптар мемлекеттік шекара арқылы көп жақты және екі жақты өткізу пункттерін орнатады (бұдан әрі - өткізу пункттері).
Өткізу пункттерінің тізбелерін Тараптар дипломатиялық арналар бойынша келіседі.
Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын және Ресей Федерациясының азаматтарын өткізудің жеңілдетілген пункттері орнатылуы мүмкін.
2-бап
Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы кесіп өту көлік құралдарын пайдаланумен немесе жаяу жүзеге асырылады.
3-бап
Өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, тауарларды және жануарларды шекаралық, кедендік және қажет болғанда бақылаудың басқа да түрлері (бұдан әрі - бақылау) Қазақстан Республикасының заңдарына, Ресей Федерациясының заңдарына және олар қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
4-бап
Өткізу пункттерінің ашылуы оларды абаттандыру және Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің бақылау органдарының қызметі үшін қажетті инфрақұрылымды жасау аяқталған соң жүзеге асырылады.
Тараптар орнатылған өткізу пункттерінің ашылғаны немесе жабылғаны туралы бір-біріне хабарлайды.
5-бап
Өткізу пункттерінің жұмыс режимі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекаралық және кедендік ведомстволарының арасындағы өзара уағдаластық бойынша анықталады.
6-бап
Өткізу пункттері арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату қауіпсіздік тұрғысындағы пайымдаулар, санитарлық-карантиндік себептер, табиғи апаттар салдары, эпидемиялар мен эпизоотиялар бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Осындай шектеулерді енгізетін Тарап екінші Тарапқа шектеулердің себептерін және күшіне енуі мерзімдерін атаумен оларды кіргізу жоспарланған уақытқа дейін 24 сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар бойынша хабарлайды.
Тараптар өткізу пункттерінің объектілерін немесе коммуникациялық ғимараттарды жоспарлы жөндеуге байланысты қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы қозғалысты шектеу немесе тоқтату туралы бір-біріне осындай жұмыстардың басталуына дейін олардың аяқталу мерзімі туралы мәлімдеумен үш ай бұрын хабарлайды.
7-бап
Ерекше бір жағдайларда (табиғи апаттар, өрт, тасқын, эпидемия, эпизоотия, техногенді сипаттағы апаттар, шұғыл медициналық жәрдем көрсету және т.б.) Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің шекаралық және кедендік ведомстволары Қазақстан Республикасының азаматтарын және Ресей Федерациясының азаматтарын, көлік құралдарын және құрал-жабдықтарын мемлекеттік шекара арқылы өткізуді бақылаудың белгіленген тәртібін сақтай отырып, жұмыс істеп тұрған өткізу пункттерінен тысқары жерде өзара уағдаластық бойынша жүзеге асыра алады.
8-бап
Өткізу пункттерінің тиісті қызметін қамтамасыз ету үшін Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында қажетті инфрақұрылымды жасайды.
Автомобильдік және теміржол өткізу пункттері объектілерінің құрылысын жобалауда, сондай-ақ салу барысында Қазақстан Республикасының аумағында жене Ресей Федерациясының аумағында бірлескен бақылауды жүргізу үшін жағдай жасау мүмкіндігі көзделеді және де мұндай объектілер құрылысының жобалары өзара келісілуге жатады.
Бірлескен шекаралық және кедендік бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тәртібін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекаралық және кедендік ведомстволарының басшылары белгілейді әрі хаттамамен ресімделеді.
9-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамамен ресімделеді. Аталған хаттама осы Келісімнің ажыратылмас бөлігі болып табылады.
10-бап
Осы Келісім оған қол қойылған күннен бастап отыз күннен соң күшіне енеді әрі бес жыл ішінде қолданыста болады және егер Тараптардың бірде-бірі өзінің оның қолданысын тоқтататын ниеті туралы екінші Тарапқа Келісімнің қолданылу мерзімінің аяқталуына дейін алты ай бұрын жазбаша хабарламаса, келесі бес жылға өздігінен ұзартылады.
Астанада 1998 жылғы "23" желтоқсанда әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
1998 жылғы 23 желтоқсанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
Халықаралық-құқық департаменті
Басқарма бастығы Б. Пискорский
1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама
(2009 жылғы 28 сәуірде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі, 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 9-бабына сәйкес,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің 1-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын адамдардың кесіп өтуі, тауарларды, көлік құралдарын және жануарларды өткізу үшін Тараптар мемлекеттік шекара арқылы екі жақты және көп жақты өткізу пункттерін (бұдан әрі - өткізу пункттері) орнатады.
Екі жақты өткізу пункті - шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлері жүргізілетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының азаматтарын, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында тіркелген, тауарларды, жануарларды, сондай-ақ көлік құралдарын мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын шекаралық темір жол және автомобиль станцияларының, теңіз және өзен порттарының, халықаралық қатынастар үшін ашық өзге арнайы жабдықталған орындардың шегіндегі аумақ.
Көп жақты өткізу пункті - шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлері жүргізілетін, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің және басқа мемлекеттердің адамдарын, тауарларын, жануарлары мен көлік құралдарын мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын шекаралық темір жол және автомобиль станцияларының, теңіз және өзен порттарының, халықаралық қатынастар үшін ашық өзге арнайы жабдықталған орындардың шегіндегі аумақ.
Өткізу пункттерінің тізбелерін Тараптар дипломатиялық арналар арқылы келіседі.".
2-бап
Келісімнің 6-бабы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"Өзге жағдайларда өткізу пункті арқылы қозғалысты шектеуге немесе тоқтатуға ниет білдіретін Тарап үш айдан кешіктірмей енгізілетін шектеулер немесе тыйым салулар туралы екінші Тарапты хабардар етеді.".
3-бап
Келісімнің 10-бабындағы "келесі бес жылға" деген сөздер "кезекті бесжылдық кезеңдерге" деген сөздермен ауыстырылсын.
4-бап
Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2008 жылғы "22" қыркүйегінде Ақтөбе қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдеріндегі екі түпнұсқалық данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2008 жылғы 22 қыркүйегіндегі Ақтөбе қаласында қол қойылған 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық-құқық департаментінің
Басқарма бастығы Ж. Бұхбантаев