Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика және кредиттеу саласындағы кешенді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 520 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика және кредиттеу саласындағы кешенді ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика және кредиттеу саласындағы кешенді ынтымақтастық туралы меморандумға кол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 14 сәуірдегі
N 520 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика және кредиттеу саласындағы кешенді ынтымақтастық туралы меморандум

      Екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту әрі энергетика және кредиттеу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі Қазақстан тарапы деп аталады) мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің (бұдан әрі Қытай тарапы деп аталады) (бұдан әрі бірлесіп Тараптар деп аталады) ниетін назарға ала отырып;
      теңдік, өзара пайда мен ұзақ мерзімді ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Тараптар мыналар туралы өзара түсіністікке қол жеткізді:
      1. Тараптар ынтымақтастықтың мынадай стратегиялық басым бағыттар кешенін жүзеге асыруда екі мемлекеттің кәсіпорындарын қолдайды:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында энергетика, құбыр жолдар салу және т.б. салада ынтымақтастықты нығайту;
      2) екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында қытай банктері мен кәсіпорындары коммерциялық қағидаттарға сәйкес қазақстандық кәсіпорындарға ұзақ мерзімді кредит беруді ұсынады.
      2. Қытай тарабы коммерциялық қағидаттарға сәйкес 10 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде кредит беруге келісті, олардың ішінде:
      - 5 млрд. АҚШ доллары Тараптар айқындайтын "ҚазМұнайГаз" ұлттық
компаниясы" акционерлік қоғамы мен Қытай Ұлттық Мұнай-газ
Корпорациясымен бірлескен жобаларын қаржыландыру үшін беріледі;
      - қалған 5 млрд. АҚШ долларын Қазақстан тарапына Қытай Халық Республикасының Эксимбанкі береді, олардың ішінде 3,5 млрд. АҚШ доллары қытай кәсіпорындарының қатысуымен инфрақұрылым мен басқа салалардағы жобаларға пайдаланылады. Қалған 1,5 млрд. АҚШ доллары Қазақстан тарапына қажетті жобаларды қаржыландыру үшін беріледі.
      3. Тараптар Қытай Халық Республикасы Эксимбанкінің "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Қор) кепілдігімен Қазақстанның Даму Банкіне 5 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде ұзақ мерзімді қарыз беретінін қолдайды әрі келісті. Қор осы кепілді міндеттемелерді орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстанның Даму Банкінің кредитті өтеу жөнінде міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдайды:
      (1) "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мен Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы Қазақстан - Қытай мұнай құбыры бойынша мұнай жеткізуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды, көрсетілген мұнай құбырынан мұнай тасымалдаудың жобалық қуатына қол жеткізу үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Мұнай жеткізудің нақты бағасын екі Тараптың кәсіпорындары анықтайды;
      (2) Қазақстандық тарап Қытай тарапымен бірлесіп қазақстандық заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы ұранның жаңа кен орындарын әзірлеуді және игеруді жүргізуге келісті.
      4. Тараптар кредиттік шарттарды табысты орындау үшін жағдай жасау мақсатында тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың іс-қимылын үйлестіруге келісті.
      5. Екі елдің кәсіпорындары арасында жобалар мен кредиттеу жөніндегі ынтымақтастықта туындаған мәселелерді үйлестіру үшін әр Тарап осы Меморандумның орындалуын бақылау үшін өз уәкілетті органын тағайындайды: Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі, Қытай тарапынан - Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік энергетика басқармасы. Егер жоғарыда аталған органдар атауын немесе өкілеттіктерін өзгертсе, Тараптар бір-біріне уақтылы хабарлауға міндетті.
      6. Осы Меморандум Тараптар үшін заңды міндеттерді тудырмайды. Тараптардың осы саладағы тиісті құқықтары мен міндеттемелері осы Меморандум негізінде жасалған қолданыстағы екі жақты келісімдермен және болашақта жасалатын келісімдермен және/немесе шарттармен айқындалады.
      7. Тараптар осы Меморандумның мазмұнына және оның негізінде алынған материалдар мен ақпараттарға қатысты құпиялылық режимді сақтауға уағдаласты. Басқа Тараптың жазбаша келісімінсіз Тараптардың бірде-бірі осы Меморандумның мазмұнын және ынтымақтастықтың аталған жобаларын іске асыруға жауапты ұйымдарды қоспағанда, оның шеңберіндегі ақпаратты жариялай алмайды.
      8. Осы Меморандум екі данада, әрқайсысы қытай және орыс тілдерінде қол қойылды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
      Осы Меморандумға 2009 жылғы "___"___________ қол қойылды.

       Қытай Халық Республикасының         Қазақстан Республикасының
      Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады