Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (жаңа редакциясы) Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Мемлекеттік статистика туралы
(жаңа редакциясы)
Осы Заң мемлекеттік статистика саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері мен құқықтық негіздерін айқындайды және қоғамды, мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық, демографиялық және экологиялық жағдайы туралы толық, анық, сапалы, ғылыми негізделген әрі уақтылы ресми статистикамен қамтамасыз етуге бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әкімшілік деректер - әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын шаруашылықтар бойынша есепке алу деректерін қоса алғанда, жеке немесе заңды тұлғаның жеке сандық және/немесе сапалық сипаттамалары;
2) әкімшілік дереккөздер - орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және статистикалық қызметті қоспағанда, стратегиялық, реттеуіш, іске асыру немесе бақылау функцияларын іске асыру процесінде есептік немесе өзге де деректерді жинауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар;
3) шаруашылықтар бойынша есепке алу - жеке қосалқы шаруашылықтар бойынша кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдері жүзеге асыратын әкімшілік деректерді қалыптастыру процесі;
4) бастапқы статистикалық деректер - статистикалық байқау объектісінің респондент беретін жеке сандық және/немесе сапалық сипаттамалары;
5) ведомстволық статистикалық байқау - уәкілетті органды қоспағанда, Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес статистикалық жұмыстарды жүргізуге уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі жүргізетін статистикалық байқау;
6) жалпымемлекеттік статистикалық байқау - Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес уәкілетті орган жүргізетін статистикалық байқау;
7) мемлекеттік статистика - мемлекеттік статистика органдарының жүйесі қалыптастыратын ресми статистикалық ақпарат;
8) мемлекеттік статистикалық тіркелім - олардың сандық және/немесе сапалық сипаттамаларымен бірге заңды тұлғалардың, филиалдардың, өкілдіктердің және дара кәсіпкерлердің жүйеленген тізбесі;
9) пайдаланушы - мемлекеттік статистиканы пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
10) респондент - статистикалық байқау объектісі бойынша деректер беретін жеке немесе заңды тұлға, оның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары, өкілдіктері) не оның учаскелері немесе олардың топтары;
11) санақ - міндеті статистикалық байқау объектісінің сандық және/немесе сапалық сипаттамаларын айқындау болып табылатын арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау;
12) статистикалық ақпарат - бастапқы статистикалық деректер мен әкімшілік деректерді өңдеу процесінде алынған біріктірілген деректер;
13) статистикалық ақпаратты тарату - бұл ретте пайдаланылатын нысандар мен құралдарға қарамастан, статистикалық ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз ету;
14) статистикалық әдіснама - статистикалық қызметте пайдаланылатын ғылыми негізделген амалдардың, тәсілдердің, әдістер мен ережелердің жиынтығы;
15) статистикалық байқау - бастапқы статистикалық деректерді ғылыми ұйымдастырылған жинау;
16) статистикалық байқау объектісі - зерттелетін құбылыс бірлігі немесе олардың жиынтығы, ол туралы сандық және сапалық сипаттамалар жиналуға тиіс;
17) статистикалық қызмет - статистикалық әдіснаманы әзірлеуді, статистикалық байқау жүргізуді, статистикалық ақпаратты қалыптастыру мен таратуды қамтитын процесс;
18) статистикалық жіктеуіш - жасау және жүйелеу принциптерінің, әдістерінің сипатын қамтитын, топтарға, сыныптарға, разрядтарға бөлінген құбылыстардың, объектілердің жүйелендірілген тізбесі, сондай-ақ әрбір құбылысты немесе объектіні сәйкестендіру құралы болатын код;
19) статистикалық тіркелім - статистикалық байқау бірліктерінің сандық және/немесе сапалық сипаттамаларымен олардың жүйелендірілген тізбесі;
20) уәкілетті орган - мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы заңнама
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы қатынастарды реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік статистика органдарының жүйесі, респонденттер, әкімшілік дереккөздер мен пайдаланушылар қатысатын статистикалық қызмет процесінде туындайтын қатынастарға таралады. Құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу саласындағы қатынастар "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Заңмен реттеледі.
4-бап. Мемлекеттік статистика органдарының жүйесі
Мемлекеттік статистика органдарының жүйесін мыналар құрайды:
уәкілетті орган;
Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізетін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі.
5-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаты мемлекеттік статистиканы құруға, оның жұмыс істеуіне, оны дамытуға және жетілдіруге бағытталған.
2. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясат мемлекеттік статистиканың мынадай принциптеріне негізделеді:
1) мемлекеттік статистиканың жалпыға бірдей қабылданған халықаралық тұжырымдамаларға, стандарттарға, жіктеулер мен әдістерге келісімді және салыстырмалы болуы;
2) статистикалық қызметті жүзеге асыру кезіндегі кәсіби тәуелсіздік;
3) тең құқықтылық және пайдаланушылардың мемлекеттік статистикаға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету;
4) құпиялылыққа кепілдік беру және бастапқы статистикалық деректерді тек статистикалық мақсаттар үшін пайдалану;
5) мемлекеттік статистика органдарының жүйесі қалыптастыратын ақпарат көздерінің барлық түрлерін пайдалану;
6) мемлекеттік статистиканың анықтығы, ғылыми негізділігі, уақтылы берілуі мен жалпыға бірдей қолжетімділігі;
7) статистикалық ақпараттың, бастапқы статистикалық деректер мен әкімшілік деректердің сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
6-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы міндеттер
Мемлекеттік статистика саласындағы негізгі міндеттер:
статистикалық әдіснаманы қалыптастыру;
мемлекеттік статистика принциптерін сақтай отырып, мемлекеттік статистиканы қалыптастыру;
қоғамның, мемлекеттің және халықаралық қоғамдастықтың мемлекеттік статистикаға қажеттілігін қанағаттандыру.
7-бап. Құпиялылық кепілдіктерін және ұсынылатын деректердің қорғалуын қамтамасыз ету
1. Бастапқы статистикалық деректер статистикалық мақсаттарда ғана (мемлекеттік статистиканы әзірлеу үшін) пайдаланылады.
2. Мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нақты респондентке қатысты, оның ішінде өздері бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырған кезде бастапқы статистикалық деректерді пайдалануына тыйым салынады.
3. Мемлекеттік статистика органдары жүйесінің лауазымды тұлғаларына бастапқы статистикалық деректерді жоғалтқаны, заңсыз жария еткені, таратқаны, сатқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес жауапкершілік жүктеледі.
4. Бастапқы статистикалық деректерді өңдеу кезінде мемлекеттік статистика органдарының жүйесі осы Заңның құпиялылықты қамтамасыз ету үшін қойылатын талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
5. Бастапқы статистикалық деректерді қоса алғанда, мемлекеттік құпияларды қамтитын статистикалық ақпарат жария етілмеуге тиіс және Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес қорғалады.
6. Бастапқы статистикалық деректерді қалыптастыру бойынша респонденттердің қызметіне араласуға тыйым салынады.
7. Заңды тұлғалар, оның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары, өкілдіктері) мен дара кәсіпкерлер туралы мынадай мәліметтер құпия болып табылмайды:
атауы, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) бойынша экономикалық қызмет түрі, кәсіпорындар мен ұйымдардың жалпы жіктеуіші (КҰЖЖ) бойынша коды, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН), әкімшілік-аумақтық объектілердің жіктеуіші (ӘАОЖ) бойынша коды.
8-бап. Мемлекеттік статистика саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдар арасындағы мемлекеттік статистика саласындағы өзара қатынастар Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тең құқықтылық және өзара мүдделер принциптеріне негізделген екі жақты және көп жақты халықаралық шарттар негізінде айқындалады.
2. Жасалған халықаралық шарттар шеңберінде уәкілетті орган мемлекеттік статистиканы таратуға және пайдаланылатын статистикалық әдіснама бойынша тәжірибе алмасуға құқылы.
9-бап. Мемлекеттік статистика мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органдар
Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан және уәкілетті орган жанынан консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін.
2-тарау. Мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік реттеу
10-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік статистиканы дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды.
11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік статистика саласында:
1) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру кезінде мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін үйлестіреді;
3) санақтар жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындайды;
4) санақтар жүргізу туралы шешімдер қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12-бап. Мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті
1. Уәкілетті орган:
1) мемлекеттік статистика саласындағы бірыңғай саясатты қалыптастырады;
2) халықаралық статистикалық стандарттарға сәйкес статистикалық әдіснаманы қалыптастырады;
3) әкімшілік дереккөздердің әкімшілік деректерді беру жөніндегі қызметін үйлестіреді;
4) мемлекеттік статистика мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және қабылдайды;
5) мемлекеттік статистика саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін ұйымдастырады;
6) Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар ұйымдастырады және жүргізеді, Статистикалық жұмыстар жоспарының, мемлекеттік статистика органдарының жүйесін дамыту жөніндегі бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың іс-шараларын іске асырады;
7) санақтар бағдарламаларын әзірлейді және олардың жүргізілуін ұйымдастырады;
8) мемлекеттік статистиканы, статистикалық ақпаратты және статистикалық әдіснаманы таратады;
9) статистикалық тіркелімдердің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
10) республиканың және оның өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық
жағдайы туралы ақпараттық статистикалық деректер базасын жинақтауды, жүргізуді және оған өзекті сипат беруді қамтамасыз етеді;
11) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жіктеуіштерді әзірлейді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі:
1) бекітілген Статистикалық ақпаратты тарату кестесіне сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар бойынша мемлекеттік статистиканы және статистикалық ақпаратты қалыптастырады;
2) мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) Статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқауларды жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
13-бап. Уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері
1. Уәкілетті органның:
1) статистикалық байқаулар жүргізу үшін мемлекеттік органдарды
тартуға;
2) мемлекеттік статистика органдары жүйесінің статистикалық қызметінің уәкілетті орган бекіткен ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснамаға сәйкестігіне сараптама жүргізуге және сараптама жүргізу үшін қажетті құжаттарды (ақпаратты) сұратуға;
3) статистикалық әдіснама мен мемлекеттік статистиканы қате түсіндіру және дұрыс пайдаланбау жөнінде түсініктемелер беруге;
4) осы Заңда көрсетілген көздерден деректер жинауға, сондай-ақ барлық әкімшілік деректерге тегін қол жеткізуге;
5) респонденттерден бастапқы статистикалық деректерді тегін негізде алуға
6) Статистикалық жұмыстар жоспарын іске асыру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуге;
7) басқа мемлекеттердің статистика органдарымен және халықаралық ұйымдармен өз өкілеттіктері шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Уәкілетті орган:
1) Статистикалық жұмыстар жоспарын әзірлеуді және қалыптастыруды үйлестіруге;
2) уәкілетті органның құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
3) мемлекеттік статистика органдарының жүйесін өзекті статистикалық жіктеуіштермен қамтамасыз етуге;
4) бастапқы статистикалық деректерді жинауды, сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуге;
5) жұмыскерлердің дербес жауапкершілігі негізінде бастапқы статистикалық деректердің құпиялылығын сақтауға;
6) бастапқы статистикалық деректерді, әкімшілік деректерді және статистикалық ақпаратты тек статистикалық мақсатта пайдалануға;
7) пайдаланушыларды мемлекеттік статистикамен осы Заңда белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуге;
8) респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді беруі кезінде оларды қажетті материалдармен қамтамасыз етуге;
9) басқа мемлекеттердің статистика органдары мен халықаралық ұйымдарға мемлекеттік статистиканы және статистикалық ақпаратты беруге міндетті.
14-бап. Мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құқықтары мен міндеттері
1. Мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің:
1) респонденттерден ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізу үшін, сондай-ақ өздеріне жүктелген өкілеттіктерді іске асыру үшін қажетті бастапқы статистикалық деректерді тегін негізде алуға;
2) статистикалық әдіснаманы әзірлеуге қатысуға құқығы бар.
2. Мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі:
1) бастапқы статистикалық деректерді жинауды, сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуге;
2) бекітілген Статистикалық ақпаратты тарату кестесіне сәйкес статистикалық ақпаратты қалыптастыруды қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген мемлекеттік жіктеуіштерді пайдалануға;
4) статистикалық әдіснаманы қалыптастыру бөлігінде уәкілетті органның талаптарын сақтауға;
5) ведомстволық статистикалық байқаулар бойынша бекітілген статистикалық әдіснаманы сақтауға;
6) статистикалық қызметті уәкілетті органмен келісуге;
7) жұмыскерлердің дербес жауапкершілігі негізінде бастапқы статистикалық деректердің құпиялылығын сақтауға;
8) бастапқы статистикалық деректер мен бастапқы статистикалық ақпаратты тек статистикалық мақсатта пайдалануға;
9) пайдаланушыларды мемлекеттік статистикамен осы Заңда белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуге міндетті.
15-бап. Әкімшілік дереккөздердің құқықтары мен міндеттері
1. Әкімшілік дереккөздер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік статистиканы алуға құқылы.
2. Кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері шаруашылықтар бойынша есепке алуды жүргізуге, уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыруға және шаруашылықтар бойынша есепке алуды жүргізу деректерінің анықтығын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Әкімшілік дереккөздер:
1) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген мемлекеттік жіктеуіштерді пайдалануға;
2) әкімшілік деректерді уәкілетті орган бекіткен тәртіппен өтеусіз негізде уәкілетті органға беруге міндетті.
4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі уәкілетті органға банктік құпияны құрайтын мәліметтерден басқа әкімшілік деректерді береді.
16-бап. Респонденттердің құқықтары мен міндеттері
1. Респонденттер:
1) берілген бастапқы статистикалық деректерді қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік статистиканы алуға;
2) мемлекеттік статистика органдарының жүйесінен бастапқы статистикалық деректердің құпиялылығын сақтауды талап етуге құқылы.
2. Респонденттер:
1) Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді беру кестесіне және бекітілген статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық байқаулар жүргізу кезінде анық бастапқы статистикалық деректерді беруге;
2) осы Заңның талаптарын, сондай-ақ мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің заңды талаптарын орындауға міндетті.
17-бап. Мемлекеттік статистиканы пайдаланушылардың құқықтары
Мемлекеттік статистиканы пайдаланушылар:
1) Статистикалық ақпаратты тарату кестесіне сәйкес статистикалық ақпаратқа қол жеткізуге;
2) мемлекеттік статистикаға бір мезгілде және тең қол жеткізуге;
3) мемлекеттік статистика деректерін жеке мақсатта мемлекеттік статистика көздеріне сілтеме жасай отырып пайдалануға құқылы.
3-тарау. Статистикалық қызмет
18-бап. Статистикалық қызметті жоспарлау
1. Статистикалық қызмет Статистикалық ақпаратты тарату кестесі, Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді беру кестесі және Статистикалық жұмыстар жоспары негізінде жоспарланады.
2. Статистикалық ақпаратты тарату кестесін, Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді беру кестесін және Статистикалық жұмыстар жоспарын, олардың құрылымы мен оларды жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Статистикалық ақпаратты тарату кестесі, Респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді беру кестесі және Статистикалық жұмыстар жоспары барлық тартылған тараптардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
19-бап. Санақтар
1. Санақтар жүргізу қажеттігін уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Санақтарды уәкілетті орган Статистикалық жұмыстар жоспарынан тыс, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.
3. Санақтар барысында алынған мәліметтер жеке немесе заңды тұлғаға мүліктік немесе моральдық зиян келтіру, олардың құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуын қиындату мақсатында пайдаланылмауға тиіс.
4. Санақтар жүргізу кезінде алынған мәліметтер бастапқы статистикалық деректерге жатады және оларға құпиялылық кепілдіктерін және ұсынылатын деректердің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі тиісті нормалар қолданылады.
5. Санақтар жүргізу кезінде респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді беруі міндетті болып табылады.
6. Санақтар жүргізу кезіндегі бастапқы статистикалық деректерді респонденттер өтеусіз негізде береді.
20-бап. Статистикалық әдіснама
1. Мемлекеттік статистиканы қалыптастыру тек статистикалық әдіснамаға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдар әзірлейді және осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, уәкілетті орган бекітеді.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі жүргізетін ведомстволық статистикалық байқаулар жөніндегі статистикалық әдіснаманы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі әзірлейді және бекітеді.
21-бап. Статистикалық жіктеуіштер мен тіркелімдер
1. Мемлекеттік статистиканы қалыптастыру кезінде міндетті түрде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен статистикалық жіктеуіштер қолданылуы керек.
2. Тексерілетін статистикалық объектілердің жиынтығын қалыптастыру және/немесе статистикалық ақпаратты қалыптастыру үшін уәкілетті орган мынадай статистикалық тіркелімдерді жүргізуді жүзеге асырады:
1) мемлекеттік статистикалық тіркелім;
2) халықтың статистикалық тіркелімі;
3) ауыл шаруашылығының статистикалық тіркелімі;
4) тұрғын үй қорының статистикалық тіркелімі.
3. Статистикалық тіркелімдер тек статистикалық мақсатта ғана жүргізіледі және оларды нақты статистикалық объектінің қасиеттерін және/немесе сандық сипаттамаларын ресми растау үшін пайдалануға болмайды.
4. Мемлекеттік статистикалық тіркелім статистикалық байқауларды дайындау мен жүргізудің құралы болып табылады, оның негізінде статистикалық байқаулар бірліктерінің тізбесі, сондай-ақ статистикалық ақпарат қалыптастырылады.
5. Статистикалық тіркелімдердің деректеріне өзекті сипат беру әкімшілік деректер және/немесе бастапқы статистикалық деректер негізінде жүргізіледі.
22-бап. Мемлекеттік статистиканы қалыптастыру көздері
1. Мемлекеттік статистиканы қалыптастыру кезінде мыналар дереккөз ретінде қолданылады:
1) бастапқы статистикалық деректер;
2) шаруашылықтар бойынша есепке алу деректерін қоса алғанда, әкімшілік деректер;
3) мемлекеттік статистика органдарының жүйесі қалыптастыратын статистикалық ақпарат;
4) басқа мемлекеттердің статистикалық органдары мен халықаралық ұйымдардың статистикалық аппараты.
23-бап Өңдеу және сақтау
1. Жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар жүргізу кезінде алынған бастапқы статистикалық деректер немесе әкімшілік деректер бекітілген статистикалық әдіснамаға сәйкес және мемлекеттік статистика принциптері сақтала отырып өңделеді.
2. Бастапқы статистикалық деректерді қамтитын қағаз жеткізгіштер көрсетілген бастапқы статистикалық деректер негізінде қалыптастырылған статистикалық ақпарат таратылған кезден бастап кемінде бір жыл сақталады.
3. Бастапқы статистикалық деректерді қорғау мен сақтаудың тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
24-бап. Мемлекеттік статистиканы тарату
1. Мемлекеттік статистика Статистикалық ақпаратты тарату кестесіне сәйкес Статистикалық жұмыстар жоспарында көзделген көлемде және Статистикалық жұмыстар жоспарын іске асыруға көзделген бюджет қаражатының шегінде таратылуға тиіс.
2. Мемлекеттік статистика Статистикалық ақпаратты тарату кестесінде белгіленген мерзімдерде қалыптастырылады.
3. Мемлекеттік статистика органдарының жүйесі сапалы мемлекеттік статистиканы және статистикалық әдіснаманы мемлекеттік статистика органдары жүйесінің Интернет-ресурстарына орналастыру жолымен пайдаланушылардың оларға бір мезгілде қол жеткізуге тең құқықтарын қамтамасыз етеді.
4. Мемлекеттік статистикаға қол жеткізу Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтай отырып қамтамасыз етіледі.
5. Статистикалық байқау объектісін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін статистикалық ақпаратты беруге жол берілмейді.
4-тарау. Қорытынды ережелер
25-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
26-бап. Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. "Мемлекеттік статистика туралы" 1997 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасының
Заңының
(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 9, 91-құжат; 2001 ж., N 4, 23-құжат; 2002 ж., N 1, 3-құжат; N 17, 155-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; N 24, 143-құжат; 2007 ж., N 4, 33-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті