Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылының бірыңғай қағидаттары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 5 маусымдағы N 827 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылының бірыңғай қағидаттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылының бірыңғай қағидаттары туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 5 маусымдағы
N 827 қаулысымен    
мақұлданған     

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден
қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылының бірыңғай
қағидаттары туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылын жетілдіру және олардың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратпен тұрақты алмасуды ұйымдастыруға арналған нормативтік құқықтық базаны құру негізінде Тараптар мемлекеттерінің экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің аумағы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді жеделдету мен оңайлату үшін жағдай жасау мақсатында,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісіммен көзделген ақпараттық өзара іс-қимыл кедендік ресімдеу және кедендік бақылау мәселелері бойынша өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралардың кешенін білдіреді.
      Ақпараттық өзара іс-қимылды Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасымен белгіленген өз функцияларын орындау тиімділігін арттыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің орталық кеден органдары жүзеге асырады.

2-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасын сақтай отырып жүзеге асырылады.
      Ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері Тараптардың мемлекеттері үшін қолданыстағы кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру жөніндегі халықаралық шарттардың ережелерін ескереді.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
      Осы Келісімге сәйкес ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін қажетті техникалық және бағдарламалық құралдарды пайдалануды Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері дербес қамтамасыз етеді.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпараттық өзара іс-қимылды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті жанындағы Кеден қызметтерінің басшылары кеңесінің 2003 жылғы 21 наурыздағы N 172 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарымен алмасу жүйесін құрудың тұжырымдамалық негіздерінің ережелеріне сәйкес жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері берілетін ақпараттың құрамын, форматын, құрылымын, сондай-ақ оны берудің регламентін екі жақты және көп жақты негізде келіседі.
      Осы Келісімге сәйкес ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін қажетті есептеу техникасына, бағдарламалық құралдарға және байланыс құралдарына қойылатын талаптар Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылдың техникалық шарттарымен айқындалады.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру кезінде:
      ақпараттық өзара іс-қимылға әсер ететін бағдарламалық-техникалық және ақпараттық-технологиялық шешімдер туралы тұрақты өзара хабардар етуді;
      берілетін ақпараттың дұрыстығы мен объективтілігін және қажет болған жағдайда оған түзетулер мен нақтылауларды жедел енгізу мүмкіндігін;
      қандай да болжауға болмайтын мән-жайлар туындаған жағдайда, оны берудің регламентіне сәйкес ақпаратты беру немесе қабылдау мүмкін еместігі туралы өзара ескертудің уақтылылығын;
      өзара алмасу тәртібімен алынған ақпаратты тек осы Келісімнің мақсатында ғана пайдалануды;
      өзара алмасу нәтижесінде алынған ақпаратқа қол жеткізе алатын тұлғалардың шеңберін шектеуді, ал құпия деректерді беру кезінде — ақпаратты қорғауды қамтамасыз етудің аппараттық-бағдарламалық құралдарын пайдалануды қамтамасыз етеді.

7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпарат алмасуды өз құзыреті шегінде және Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпараттық өзара іс-қимыл нәтижесінде алынған ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтауға кепілдік береді.
      Тараптар ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыруға дайын екендігі туралы бір-бірін жазбаша хабардар етеді.
      Электрондық цифрлық қол қоюды пайдалана отырып, ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәртібін Тараптар олардың арасындағы жеке келісіммен айқындайды.

8-бап

      Тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізе алады.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың сотына қарауға беріледі.

10-бап

      Күшіне енгеннен кейін осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа кірген басқа мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.

11-бап

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісімді Тараптар белгісіз мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы депозитарийге өзінің мұндай ниеті туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы. Мұндай Тарап үшін осы Келісімнің қолданылуы депозитарий жазбаша хабарлама алған күнінен бастап 12 ай өткеннен кейін тоқтатылады.
      Осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттеме оның қолданысы тоқтатылғандығына немесе қандай да бір Тараптың одан шығуына қарамастан күшінде қалады.
      2009 жылғы "___"______ ______қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды.
      Түпнұсқа дана Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жіберетін депозитарийде сақталады.

       Беларусь                 Қазақстан              Қырғыз
      Республикасының          Республикасының        Республикасының
      Үкіметі үшін             Үкіметі үшін           Үкіметі үшін

      Ресей                    Тәжікстан              Өзбекстан
      Федерациясының           Республикасының        Республикасының
      Үкіметі үшін             Үкіметі үшін           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады