Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 27 маусымдағы N 993 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 27 маусымдағы
N 993 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі,
      1995 жылғы 30 тамызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Израиль Мемлекетінің Үкіметі арасындағы ғылыми және технологиялық ынтымақтастық туралы келісімді назарға ала отырып,
      ғылым мен технологияларды дамытудың маңыздылығын, сондай-ақ бейбіт мақсаттардағы ғарыштық зерттеулердің Ұлттық экономикалар үшін зор маңызын мойындай отырып,
      теңдік пен өзара пайда негізінде ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға ниет ете отырып,
      екі мемлекет халықтарының мүддесінде ғарыш кеңістігін зерттеуде және ғарыш технологияларын пайдалануда ынтымақтастық орнатуға өзара ықылас білдіре отырып,
      ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастықты дамытудан түсетін өзара пайданың маңызды әлеуетін мойындай отырып,
      ғарыш саласында өнеркәсіптік және коммерциялық кооперацияның әр түрлі нысандарын дамытуға бағытталған үйлестірілген шараларды дамытудың маңыздылығын негізге ала отырып,
      халықаралық ынтымақтастық негізінде ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану жолын ұстанатынын растай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Келісімнің мәні

      Осы Келісім бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін зерттеу мен пайдалану және ғарыш жүйелері мен технологияларын практикалық қолдану саласындағы өзара тиімді екі жақты ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін құқықтық және ұйымдастырушылық негіз құрады, сондай-ақ оның салалары мен нысандарын айқындайды.

2-бап. Қолданылатын құқық

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты әрбір Тарап өз мемлекеттерінің қолданыстағы ұлттық заңнамаларына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей принциптері мен нормаларына сәйкес және әрбір Тараптың өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттары бойынша тиісті міндеттемелерін орындауына зиян келтірмей жүзеге асырды.

3-бап. Бірлескен қызметтің уәкілетті органдары мен қатысушылары

      Мыналар Тараптардың осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі жауапты уәкілетті органдары (бұдан әрі - Уәкілетті органдар) болып табылады:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі (Қазғарыш);
      Израиль Тарапынан - Израиль Ғарыш агенттігі (ІSА).
      Уәкілетті органдар өзара Келісім бойынша кез келген заңды және жеке тұлғаларды, олардың өкілдерін, мердігерлерді немесе қосалқы мердігерлерді, оның ішінде үшінші елдерден, халықаралық ұйымдардан, осы Келісім шеңберіндегі бірлескен қызметке қатысуға тағайындай алады (бұдан әрі - бірлескен қызметтің қатысушылары).

4-бап. Ынтымақтастық салалары

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мына:
      а) астрофизиканы және ғаламшарларды зерттеуді қоса алғанда, ғарыш кеңістігін ғылыми зерттеу;
      b) қоршаған орта мониторингін қоса алғанда, Жерді қашықтықтан зондтау;
      с) ғарыштық байланыс, спутниктік телевизия және радиохабарларын тарату және оларға байланысты ақпараттық технологиялар мен қызметтер;
      d) спутниктік навигация және оған байланысты технологиялар мен қызметтер;
      е) ғарыш аппараттары мен жүйелеріне, сондай-ақ тиісті жерүсті инфрақұрылымына байланысты ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, өндірістік және пайдалану жұмыстары;
      f) ұшыру қызметтерін ұсыну және пайдалану;
      g) ғарыштық материалтану;
      h) ғарыштық қоқыс мониторингін, оны болдырмауды және көлемін қысқартуды қоса алғанда, ғарыштық ортаны қорғау;
      і) жаңа ғарыш техникасы мен технологияларын жасау жөніндегі бірлескен қызмет кезінде алынған нәтижелерді қолдану;
      j) Тараптардың немесе олардың Уәкілетті органдарының өзара келісімі бойынша айқындалуы мүмкін ынтымақтастық пен бірлескен қызметтің басқа да салалары сияқты салаларда жүзеге асырылуы мүмкін.

5-бап. Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мына:
      а) ғылыми, эксперименттік және өнеркәсіптік базаны пайдалана отырып, бірлескен жобаларды жоспарлау және іске асыру;
      b) ғарыш ғылымы мен технологияларының әртүрлі салаларында ғылыми және техникалық ақпаратты, эксперименттік деректерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін, материалдар мен жабдықты өзара ұсыну;
      с) спутниктер мен тиісті жерүсті ғарыш инфрақұрылымына арналған әртүрлі құрамдауыштарды әзірлеу, өндіру және жеткізу;
      d) ұшыруды және ғарыш аппараттарын басқаруды қамтамасыз ету үшін, оның ішінде телеметрикалық ақпаратты жинау және алмасу үшін жер үсті жабдық пен жүйелерді пайдалану;
      е) кадрлар даярлау және ғалымдармен, техникалық және өзге де мамандармен алмасу;
      і) симпозиумдар, конференциялар және конгресстер өткізу;
      g) көрмелерге және басқа да осыған ұқсас іс-шараларға қатысу;
      h) бірлескен коммерциялық қызметті дамыту мүмкіндіктерін пысықтауды қоса алғанда, ғарыш технологиялары мен қызметтерінің халықаралық нарығында серіктестік пен бірлескен қызметтің әртүрлі нысандарын дамыту;
      і) осы Келісім шеңберінде бірлескен қызметті жүзеге асыру кезінде техникалық қолдау мен көмек көрсету;
      j) ғарыш технологияларын практикалық қолдануға және ғарыш инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ұлттық және халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қол жеткізуге өзара жәрдем көрсету сияқты нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін.
      2. Ынтымақтастықтың нақты бағдарламалары мен жобаларды жүзеге асырудың ұйымдастырушылық, қаржылық, құқықтық, техникалық шарттары Уәкілетті органдар мен бірлескен қызметтің қатысушылары арасындағы жеке келісімдер мен келісім-шарттардың мәні болып табылады.
      3. Осы Келісімге сәйкес бағдарламаларды және қызметтің нақты түрлерін іске асыру үшін, сондай-ақ ынтымақтастықты дамыту үшін қажет болған жағдайда Тараптар немесе олардың Уәкілетті органдары өзара келісім бойынша жұмыс топтарын құра алады.

6-бап. Қаржыландыру

      1. Осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен қызметті қаржыландыруды әрбір Тарап өзінің мемлекетінің бюджеттік реттеу саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес және әрбір Тарапта осы мақсаттарға арналған қаражаттың болуына байланысты қамтамасыз етеді.
      2. 1-тармақта көрсетілген бюджеттік қаржы бөлуден тыс бірлескен қызметті қаржыландыруды бірлескен қызметке қатысушылар жүзеге асырады және осы Келісімнің 5-бабының 2-тармағында көрсетілген жеке келісімдерде немесе келісім-шарттарда айтылуы мүмкін.
      3. Осы бапта еш нәрсе Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекетін осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын ынтымақтастықты 1-тармақта көрсетілген бюджеттік қаржы бөлуден тыс қаржыландыруды міндеттейтін ретінде түсіндірілмейді.

7-бап. Зияткерлік меншік

      1. Тараптар өздерінің Ұлттық заңнамаларына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес осы Келісім шеңберінде құрылатын немесе ұсынылатын зияткерлік меншік құқықтарының тиісті және тиімді қорғалуын және қолданылуын қамтамасыз етеді.
      2. Осы Келісім шеңберінде бірлескен қызмет нәтижесінде құрылатын зияткерлік меншік құқығы жеке келісімдерге сәйкес бөлінетін болады.

8-бап. Ақпарат алмасу және қорғау

      1. Тараптар өзара негізде өздерінің Ұлттық заңнамаларына сәйкес өздерінің Уәкілетті органдары арқылы осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын бірлескен қызметке қатысты өзара ақпарат алмасуға жәрдемдеседі.
      2. Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында алынған немесе жасалған құпия ақпаратты қорғауды құпия ақпаратты өзара қорғау туралы жеке келісімдер негізінде қамтамасыз етеді.

9-бап. Мүлікті қорғау

      Тараптар өз мемлекеттерінің Ұлттық заңнамаларына сәйкес өзге Тарап мемлекетінің аумағындағы және осы Келісім шеңберіндегі бірлескен қызметте пайдаланылатын бір Тарап немесе оның Уәкілетті органы мүлкінің табиғи және құқықтық қорғалуында бір-біріне жәрдемдеседі.

10-бап. Жауапкершілік

      1. Тараптар өзара негізде жауапкершілік туралы талаптарын қоймау қағидатын қолданады, соған сәйкес әрбір Тарап, сондай-ақ оның Уәкілетті органы басқа Тарапқа, сондай-ақ оның Уәкілетті органына, олардың қызметкеріне немесе мүлкіне осы Келісімге сәйкес бірлескен қызметті жүзеге асыру салдары болып табылатын зиян келтіруіне байланысты қандай да болмасын талаптар қоюдан бас тартады.
      2. Мұндай зиян үшін жауапкершілік туралы талаптар қоюдан өзара бас тарту, егер зиянның себебі болып табылатын Тарап, оның Уәкілетті органы немесе қызметкер немесе мүлік және зиян келтірілген Тарап, оның Уәкілетті органы немесе қызметкері немесе мүлік осы Келісімге сәйкес бірлескен қызметті жүзеге асыруға қатысты болған жағдайда ғана қолданылады.
      3. Әрбір Тарап өз мемлекетінің Ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісім шеңберінде бірлескен қызметті жүзеге асыруға қатысқан Уәкілетті органдарға, мердігерлерге немесе қосалқы мердігерлерге және басқа да заңды тұлғаларға жауапкершілік туралы талаптар қоюдан өзара бас тарту қағидатын жеке келісімдер немесе келісім-шарттар арқылы қолданады.
      4. Тараптар жекелеген келісімдер шеңберінде осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылатын бірлескен қызметтің нақты сипатына қарай талап етілетін шамада осы бапта көзделген жауапкершілік туралы талаптар қоюдан өзара бас тартуды қолдану туралы ереженің қолданылу саласын шектеу туралы немесе басқа да тәсілмен өзгерту туралы уағдаласа алады.
      5. Жауапкершілік туралы талаптар қоюдан өзара бас тарту мыналарға қолданылмайды:
      а) қасақана немесе өрескел ұқыпсыздықпен жасалған зиян үшін қойылатын талаптар;
      b) зияткерлік меншікке байланысты қойылатын талаптар;
      с) жеке тұлға немесе оның мұрагерлері немесе құқығы суброгация тәртібімен көшетін адамдар, сол жеке тұлғаға дене жарақаты түсуіне, денсаулығына қандай да болмасын өзге де елеулі зақым келтіруіне немесе мұндай жеке тұлғаның өліміне байланысты қойылатын талаптар;
      d) шарттық ережелерде тікелей айтылғандарға негізделген талаптар.
      6. Осы баптың ережелері Тараптардың халықаралық міндеттемелеріне, атап айтқанда 1972 жылғы 29 наурыздағы Ғарыш объектілері келтірген зиян үшін халықаралық жауапкершілік туралы конвенцияға негізделген міндеттемелерге зиян келтірмейді.
      7. Тараптар, зиянды өтеу және сотта құқықтық қорғау ауыртпалығын бөлуге қатысты жоғарыда айтылған Конвенцияны қоса алғанда, халықаралық құқыққа сәйкес пайда болуы мүмкін жауапкершілікке қатысты кез келген жағдай жөнінде консультациялар өткізеді. Тараптар кез келген оқиғаны тергеу кезіндегі әрбір фактіні анықтау мақсатында, атап айтқанда сарапшылар және ақпарат алмасу арқылы ынтымақтасады.

11-бап. Кедендік реттеу

      Тараптар осы Келісімнің шеңберіндегі бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін қажетті басқа Тараптың жабдықтары мен тауарларын тасымалдауға, әкелуге және әкетуге өз мемлекеттерінің Ұлттық заңнамаларына сәйкес жәрдемдеседі.

12-бап. Экспорттық бақылау

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты Тараптар өз мемлекеттерінің экспорттық бақылау саласындағы Ұлттық заңнамаларына сәйкес және әрбір Тараптың сәйкес құқықтық міндеттемелеріне сәйкес келетін зиянсыз жүзеге асырады.

13-бап. Қызметкердің әрекетіне жәрдемдесу

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің Ұлттық заңнамасына сәйкес өз мемлекетінің аумағына келу және кету мүмкіндігін, сондай-ақ осы Келісім шеңберіндегі бірлескен қызметті жүзеге асыру үшін басқа Тарап мемлекетінің қызметкеріне визалық қолдауды қамтамасыз етеді.

14-бап. Дауларды реттеу

      1. Тараптар арасында осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды достық реттеуге қол жеткізу үшін бірінші кезекте өздерінің Уәкілетті органдары арқылы немесе дипломатиялық арналар арқылы консультациялар немесе келіссөздер жүргізеді.
      2. Егер дау алты ай ішінде консультациялар немесе келіссөздер арқылы реттелмесе және әлі де реттеуді қажет етсе, онда бұл дау кез келген Тараптың өтініші бойынша әрбір Тараптан бір-бірден кандидатуралардан және Тараптардың келісімі бойынша немесе консесус болмаған жағдайда, Гаагадағы Тұрақты аралық соттың Бас Хатшысы тағайындайтын Төрағадан тұратын төрелік сотқа беріледі. Төраға Қазақстан Республикасының немесе Израиль Мемлекетінің азаматы болмауы тиіс.
      3. Төрелік сот шешімді осы Келісімнің ережелеріне сәйкес қабылдайды. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса төрелік сот 1976 жылғы ЮНСИТРАЛ төрелік регламентіне сәйкес әрекет етеді. Шешім жазбаша нысанда баяндалады және ол негізделетін фактілерді, заңдарды және себептерді көрсетеді. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса шешім Тараптарға сот құрылғаннан кейін алты ай ішінде қабылданады. Төрелік шешім екі Тарап үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.
      4. Әрбір Тарап төрелік істі қарау кезінде өз төрешісінің және өз өкілінің шығыстарын көтереді. Төрағаның шығыстары мен шығасыларын Тараптар тең үлесте көтереді.

15-бап. Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      3. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін он (10) жыл ішінде қолданылады және, егер Тараптардың бірде-бірі оның қолданылуын тоқтатудың болжамды күніне дейін кемінде алты (6) ай бұрын Келісімнің қолданылуын өзінің тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың жазбаша нысанда хабарлауы жолымен оның қолданылуын тоқтатпаса келесі он (10) жыл мерзімге автоматты түрде ұзартылады.
      4. Осы Келісімнің қолданылуы, осы баптың 3-тармағына сәйкес тоқтатылған жағдайда оның ережелері, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, барлық аяқталмаған бағдарламалар мен жобаларға қолданылуын жалғастырады. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қолданыстағы шарттық міндеттемелерді бір жақты тәртіппен қайта қарау немесе сақтамау үшін құқықтық негіз болмайды.

      2009 жылғы "___"_____________, _____________________ қаласында, Еврей жыл есебіне сәйкес 5769 жылғы "___"_________________ әрқайсысы қазақ, иврит, орыс және ағылшын тілдерінде екі данадан жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Талқылауда қайшылықтар туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін негізге алынады.

      Қазақстан Республикасының           Израиль Мемлекетінің
            Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

       РҚАО-ның ескертпесі: бұдан әрі келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады