Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 7 қыркүйектегі N 1311 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                          К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 7 қыркүйектегі
N 1311 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық және ғылыми-техникалық
ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі,
      дәстүрлі ұзақ мерзімді экономикалық қатынастарды назарға ала отырып,
      экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты жалғастыруға әрі нығайтуға тілек білдіре отырып,
      теңдік, өзара мүдделілік және халықаралық құқық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар өзара тиімді негізде экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытады, нығайтады және әртараптандырады.

2-бап

      Қол жеткізілген экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық деңгейін назарға ала отырып, Тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін қолайлы мүмкіндіктердің бар екендігімен келісті, атап айтқанда мынадай салаларда:
      - ғылым мен технология;
      - технологиялық кәсіпорындарды интернационализациялау;
      - өнеркәсіптің әр түрлі салаларында оқыту және сараптамалық даярлық;
      - ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және телекоммуникациялық индустрия;
      - туризм;
      - қаржы және кәсіпкерлік қызметтер;
      - көлік және логистика;
      - электрондық өнеркәсіп;
      - химия өнеркәсібі;
      - тамақ өнеркәсібі;
      - ағаш және қағаз өнеркәсібі;
      - металлургия өнеркәсібі;
      - тоқыма өнеркәсібі;
      - құрылыс және жылжымайтын мүлік өнеркәсібі;
      - өзгелерімен бірге пайдалы қазбаларды, жаңартылатын және балама энергия көздерін, сондай-ақ ілеспе секторларды жаңғыртуды, қайта жаңартуды және дамытуды қоса алғанда, энергетика өнеркәсібі;
      - өнеркәсіптік және азаматтық ынтымақтастық салалары;
      - статистика саласы.
      Ынтымақтастық салаларының осы тізімі толық болып табылмайды және Тараптардың құзыретті билік органдарының өзара келісімі бойынша толықтырылуы мүмкін.

3-бап

      Экономикалық, ғылыми және техникалық салалардағы ынтымақтастықты жалғастыру үшін Тараптар:
      а) өзара қызығушылық тудыратын экономикалық ақпарат алмасуды ынталандыру мақсатында үкіметтік мекемелер, кәсіптік ұйымдар, кәсіпкерлік қауымдастықтар, өңірлік және жергілікті компаниялар арасындағы байланыстарға жәрдемдесуге және ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ олардың өкілдері мен өзге де экономикалық және техникалық сарапшылардың сапарларына жәрдемдесуге;
      b) үкіметтік мекемелер арасында Тараптардың экономикалық агенттерінің ынтымақтастығын ынталандыру мақсатында тиісті басым салаларда ақпарат алмасуға;
      с) екі елдің іскер топтары арасындағы жаңа байланыстарды ынталандыруға және бұрыннан бар байланыстарды кеңейтуге, олардың арасындағы сапарларды, кездесулер мен өзге де өзара іс-қимылды көтермелеуге;
      d) жәрмеңкелер мен көрмелер бойынша ақпарат алмасуға, іскерлік іс-шаралар, семинарлар, симпозиумдар, конференциялар мен іскерлік ынтымақтастықтың басқа да нысандарын өткізуге көмектесуге;
      е) екі жақты экономикалық қатынастарға шағын және орта бизнестің қатысуын күшейтуге ықпал етуге;
      f) 2-бапта көрсетілген салаларда консультациялық, маркетингтік және сараптамалық қызметтерді жеткізушілердің ынтымақтастығына ықпал етуге және оны көтермелеуге;
      g) өңіраралық ынтымақтастықты ынталандыруға келісті.

4-бап

      1. Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар Экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкімет аралық комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құруға келісті.
      2. Комиссияның негізгі міндеттері 2 және 3-баптарда көрсетілген салаларда ынтымақтастықты ынталандыру жөнінде бағдарламалар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      3. Комиссия Тараптардың тиісті үкіметтік билік органдарының өкілдерінен тұратын болады.
      4. Комиссияға оның жұмысына қатысу үшін кәсіпорын өкілдері шақырылуы мүмкін.
      5. Комиссия қажет жағдайда сессияларды таңдау бойынша Қазақстанда немесе Эстонияда өткізетін болады.
      6. Комиссия отырысы Хаттамамен ресімделеді.

5-бап

      Осы Келісім Тараптардың басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелеріне, сондай-ақ олардың халықаралық ұйымдарға қатысуына нұқсан келтірмейді.
      Осы Келісім Эстония Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Осы Келісім 1995 жылғы 23 қаңтарда Брюссельде қол қойылған бір жағынан, Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан, Еуропалық Қоғамдастықтардың және оларға Мүше-мемлекеттердің арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісіммен немесе Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы басқа шарттармен жүктелетін құқықтар мен міндеттемелерді жоятындай немесе қандай да бір өзгеше түрде әсер ететіндей қабылданбауы немесе түсіндірілмеуі тиіс.

6-бап

      Осы келісімді түсіндіру немесе қолдану бөлігінде туындайтын кез келген даулар Тараптар арасында келіссөздер және кеңес беру барысында реттеледі.

7-бап

      1. Осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерінің аяқталуы туралы соңғы жазбаша хабарлама алған сәттен бастап күшіне енеді.
      2. Тараптардың жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге түзетулер енгізілуі мүмкін.
      3. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабарлама жіберу жолымен бұзуы мүмкін. Келісім мұндай хабарламаны алғаннан кейін алты ай өткен соң бұзылады.

      2009 жылғы 7 қыркүйекте Астана қаласында әрқайсысы қазақ, эстон және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының              Эстония Республикасының
      Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады