Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасында бірлескен бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жапарханұлы Кәрбозовқа Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасында Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасында бірлескен бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасуға өкілеттік берілсін.
3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттері арқылы адамдарды, тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде бірлескен бақылауды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасасу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 маусымдағы N 542 қаулысы;
2) "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттері арқылы адамдарды, тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде бірлескен бақылауды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 қыркүйектегі N 941 қаулысы.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 9 қыркүйектегі
N 1331 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасында
бірлескен бақылауды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық
туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және өзара тату көршілік қарым-қатынасты дамытуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
ресмиеттіліктерді және бақылаудың ұзақтығын қысқарту, сондай-ақ тұлғалар мен көлік құралдарының қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасынан өтуі және ол арқылы жүктерді, тауарлар мен жануарларды тасымалдау кезінде бірлескен бақылауды жүзеге асыру жолымен оның тиімділігін арттыру мақсатында,
Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасында бақылаудың әрқилы түрлерін жүргізудің белгілі бір шарттарын бақылау мақсаттарына залал келтірместен және бақылаудың тиімділігін төмендетпестен келісуі мүмкін екендігін мойындай отырып,
1994 жылғы 28 наурыздағы "Кеден істеріндегі ынтымақтастық пен өзара көмек туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы келісімнің, 1995 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Кеден қызметтерін басқарудың біртұтастығы туралы келісімнің, 1998 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімнің және 1999 жылғы 24 қыркүйектегі Кеден одағына қатысушы мемлекеттер арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің жеңілдетілген тәртібі туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
бақылау органдары арасындағы ынтымақтастық жолымен Тараптар мемлекеттерінің арасындағы жолаушылар мен жүк қатынастарын дамытуға және жеделдетуге ықпал етуге ұмтыла отырып,
бірлескен бақылауды жүргізу шарттарын келісу көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін аса маңызды құралдардың бірі болып табылатынына сенімді бола отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
бақылау органдары - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес қазақстан-ресей шекарасы арқылы өткізу пункттерінде мемлекеттік бақылау функциясы жүктелген шекара және кеден органдары;
өзге бақылау органдары - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын басқа мемлекеттік органдары немесе қызметтері;
бірлескен бақылау - қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен не Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары айқындаған өзге орындардан тұлғалар мен көлік құралдарының өтуі және көрсетілген өткізу пункттері не көрсетілген өзге орындар арқылы жүктерді, тауарлар мен жануарларды тасымалдау кезінде Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары бірлесіп қолданатын және жүзеге асыратын іс-қимылдардың, шаралардың, әдістердің, бақылау құралдары мен нысандарының жиынтығы;
тұлға - қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасынан өтетін, сондай-ақ ол арқылы тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдайтын кез келген жеке тұлға немесе қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдайтын заңды тұлға.
2-бап
1. Осы Келісімнің мақсаты тұлғалардың қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасынан (бұдан әрі - шекара) өтуін және жүктерді, тауарларды, көлік құралдары мен жануарларды шекара арқылы тасымалдау тәртібін оңайлату, ресмиеттіліктерді және бақылаудың ұзақтығын қысқарту, сондай-ақ бірлескен бақылау жүргізу жолымен оның тиімділігін арттыру.
2. Тұлғалар мен көлік құралдарының шекарадан етуі және жүктерді, тауарлар мен жануарларды шекара арқылы тасымалдау Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап
1. Бірлескен бақылау осы Келісімге сәйкес және осы Келісімнің 9-бабына сәйкес келісілген тәртіппен және нысандарда жүргізіледі.
2. Бірлескен бақылау Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдарымен және өзге бақылау органдарымен келісілген жеке бақылау рәсімдерін жүзеге асыру немесе оларды жүргізуден бас тарту жолымен, сондай-ақ шекарадан өтетін тұлғалар мен көлік құралдары, шекара арқылы тасымалданатын жүктер, тауарлар мен жануарлар және бақылау жүргізу нәтижелері туралы ақпарат алмасуды жүзеге асыру жолымен жүргізіледі.
3. Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары бірлескен бақылауды жүргізген кезде өздері қолданатын сәйкестендіру құралдарын, сондай-ақ бақылау мақсаттары үшін пайдаланылатын құжаттарды өзара түсіністік негізінде тануы мүмкін.
4. Бір Тарап мемлекетінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары жүргізген тексеріп қарау нәтижелерін растайтын құжаттарды екінші Тарап мемлекетінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары бақылау мақсаттары үшін пайдаланылатын құжаттар ретінде тануы мүмкін.
Жеткілікті негіздемелер болған кезде мемлекетінің аумағына (аумағынан) тұлғалар, көлік құралдары, жүктер, тауарлар мен жануарлар өткізілетін Тарап мемлекетінің бақылау органдарының және өзге бақылау органдарының тексеріп қарауды жүргізу туралы шешім қабылдауға құқығы бар.
5. Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын бұзу немесе бұзуға әрекет ету фактісін растау үшін дәлелдемелерді жинауды қамтамасыз ету мақсатында бір-біріне қажетті көмек береді.
Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары шекара арқылы өткізудің шектес пункттерінде (бұдан әрі - өткізу пункттері) бақылауды жүзеге асыру кезінде анықталған құқық бұзушылық фактілері туралы бірін-бірі жедел хабардар етеді.
4-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары бірлескен бақылау жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімде қамтылатын мәселелер бойынша ақпарат алмасады.
2. Осы Келісім шеңберінде алынған ақпарат, құжаттар мен басқа мәліметтер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тек осы Келісімде айқындалған мақсаттар үшін пайдаланылады.
5-бап
Бірлескен бақылау жүргізілетін өткізу пункттерінің тиісті дәрежеде жұмыс істеуі үшін Тараптар көрсетілген өткізу пункттерін:
өткізу пункттерінің жұмыс істеу қажеттілігін ескере отырып, жеткілікті мөлшерде білікті персоналмен;
бақылауға жататын көлік пен тауарлардың түрлерін ескере отырып, бірлескен бақылау жүргізу үшін қажетті ғимараттар, құрылыстар кешенімен, жабдықпен, қондырғылар мен бақылаудың техникалық құралдарымен;
осы Келісімге сәйкес лауазымды адамдардың іс-қимылы туралы нұсқаулықтармен;
кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды жүргізу процестерін автоматтандыруды, оның ішінде алдын ала хабардар ету мен тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану негізінде қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелермен және кешендермен қамтамасыз етеді.
6-бап
Тараптардың бақылау органдарының лауазымды адамдары бірлескен бақылауды жүргізу кезінде оны ұйымдастыру мен жүргізу мақсатында келген мемлекеттің шекара органдары беретін рұқсатнамалар негізінде шектес өткізу пунктінің шегінде шектес мемлекеттің аумағында бола алады.
7-бап
1. Бір Тарап мемлекетінің бақылау органдарының және өзге бақылау органдарының екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы өткізу пунктінде жүрген лауазымды адамдары бірлескен бақылауды жүзеге асыру кезінде тұлғалар мен көлік құралдарының шекара арқылы өтуіне және жүктерді, тауарлар мен жануарларды шекара арқылы тасымалдауға арналған негіздемелерді тексеруге, сондай-ақ шекарадан өту ережесін бұзушыларды шекара арқылы осы Тарап мемлекетінің заңнамасымен оның аумағына әкелуге немесе оның аумағынан әкетуге тыйым салынған жүктерді, тауарлар мен жануарларды тасымалдауды анықтау мен ұстау мақсатында көлік құралдары мен жүктерді тексеріп қарауға құқығы бар.
2. Бір Тарап мемлекетінің бақылау органдарының және өзге бақылау органдарының екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы өткізу пунктінде жүрген лауазымды адамдарының бірлескен бақылауды жүзеге асыру кезіндегі өкілеттіктерінің шегі Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары өзара негізде белгілеген тәртіппен және шарттарда белгіленеді.
8-бап
Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары қажет болған кезде (эпидемия, эпизоотия, дүлей апаттар немесе бірлескен бақылауды жүргізуге кедергі келтіретін өзге төтенше жағдайлар) бірлескен бақылауды жүзеге асыруды тоқтата тұрып, оны тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлардың әрекеті аяқталғаннан кейін оны жүзеге асыруға қайта оралуы мүмкін. Көрсетілген мән-жайлар туындаған жағдайда бақылау Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бірлескен бақылауды жүзеге асыруды тоқтата тұру туралы, сондай-ақ бірлескен бақылауды қайтадан бастау жөніндегі ұсыныстар туралы Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары және өзге бақылау органдары бірін-бірі жазбаша нысанда дереу хабардар етеді.
9-бап
Осы Келісімнің негізінде бақылау органдары және қажет болған жағдайда Тараптар мемлекеттерінің өзге бақылау органдары бірлескен бақылауды жүзеге асырудың тәртібі мен нысандарын әзірлейді және жеке хаттамалармен бекітеді. Тараптар мемлекеттерінің бақылау органдары бірлескен бақылауды жүргізуге арналған өткізу пункттерін келіседі.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар жолымен, оның ішінде дипломатиялық арналарды пайдалана отырып шешетін болады.
11-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің 12-бабының 1-тармағына сәйкес күшіне енеді.
12-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім бес жылға жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы ағымдағы бес жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапты өзінің оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы хабардар етпесе, келесі бес жылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылатын болады.
2009 жылғы "___" ________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін