Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 5 қазандағы N 1532 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  Қ. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 5 қазандағы
N 1532 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының
Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру
мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Француз
Республикасы Қарулы Күштерінің қатысуына байланысты
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы
әскери мүлік пен персоналдың транзитін
қамтамасыз ету туралы келісім

      Бұдан әрі "Қазақстан тарапы" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен бұдан әрі "Француз тарапы" деп аталатын Француз Республикасының Үкіметі, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталатындар,
      1995 жылғы 19 маусымда Брюссельде қол қойылған Солтүстік Атлантикалық Шартқа қатысушы мемлекеттер мен олардың Қарулы Күштерінің мәртебесіне қатысты "Бейбітшілік үшін серіктестік" бағдарламасына қатысушы басқа да мемлекеттер арасындағы келісімді және оған қосымша хаттаманы (бұдан әрі - SOFA PfP келісімі) назарға ала отырып,
      1992 жылғы 23 қыркүйекте Парижде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шартты ескере отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан туралы 1368 (2001), 1373 (2001), 1386 (2001), 1444 (2002), 1510 (2003), 1536 (2004), 1589 (2005), 1623 (2005) және 1707 (2006) қарарларының ережелерін назарға ала отырып,
      Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерге жәрдемдесу қажеттігін түсіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімнің мақсатында:
      әскери мүлік - 1990 жылғы 19 қарашадағы Еуропадағы әдеттегі қарулы күштер туралы шартта белгіленген шектеулерді ескере отырып, қарудың, әскери техниканың және басқа да мүліктің барлық түрлері;
      персонал - Француз Республикасының әскери және азаматтық қызметшілері;
      транзит - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұсынылатын бағыттар бойынша темір жол/әуе көлігінің түрлерімен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өту/қонбай ұшып өту;
      мемлекеттік әуе кемесі - 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 3-бабы b) тармағының қолданысына жататын Француз Республикасының кез келген әуе кемесі.
      2. Осы Келісім Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақтандыру мен қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерлерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Француз Республикасының әскери мүлкі мен персоналының транзитін жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

2-бап

      1. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы мемлекеттік әуе кемелерінің транзиттік ұшулары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі беретін арнайы рұқсат негізінде жүзеге асырылады.
      Қазақстан тарапы осы Келісімнің 1-бабының 2-тармағында көрсетілген мақсаттарда транзиттік ұшуларға арналған жыл сайын жаңартылатын арнайы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірін белгілейді.
      Арнайы рұқсат алу үшін Француз тарапы кемінде 1 ай бұрын Қазақстан тарапына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік ұшулардың бағыттарын көрсетіп, дипломатиялық арналар арқылы тиісті сұрату жібереді.
      2. Француз тарапы мынадай ұшу деректерін көрсете отырып, жоспарланған ұшудан кемінде 12 сағат бұрын мерзімде ұшу жоспарын Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына (AFTN-UAAKZDZK, UAAAZDZW) жіберу жолымен Қазақстан тарапы ұсынатын әуе дәліздері арқылы мемлекеттік әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануы туралы хабарлама ұсынады:
      арнайы рұқсаттың бірыңғай жылдық нөмірі;
      мемлекеттік әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі мен радиошақыру нөмірі;
      мемлекеттік әуе кемесінің ұшып шығу және баратын пункттері;
      тасымалдау туралы жалпы мәліметтер (адамдар, жүк);
      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінің ұшу бағытындағы авиатрассаларды, кіру/шығу нүктелерін міндетті түрде көрсете отырып, қозғалыстың күні, толық бағыты және кестесі;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет болған жағдайда өзге де деректер.
      3. Қазақстан Республикасының әуе трассалары арқылы мемлекеттік әуе кемелерінің ұшуы қолданыстағы халықаралық ұшу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аэронавигациялық алымды өндіріп ала отырып, мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсынады.
      5. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшатын мемлекеттік әуе кемелері:
      аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұсынатын қызметпен екі жақты радиобайланысты қолдауды қамтамасыз ететін радиобайланыс аппаратурасымен;
      Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгілеген тәртіпке сәйкес тиісті режимде жұмыс істейтін радиолокациялық қабылдаушы жауап берушімен (транспондермен) жабдықталуы тиіс.
      6. Мемлекеттік әуе кемелері экипаждарының диспетчерлермен сөйлесулері радиобайланыс фразеологиясының белгіленген ережесі бойынша ғана ағылшын тілінде жүргізіледі.
      7. Француз Республикасының мемлекеттік әуе кемелері апат жағдайындағы қонуды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына жанармай құю экипаждардың демалуы үшін немесе басқа да мақсаттарда техникалық қона алмайды.

3-бап

      1. Әскери мүліктің темір жол көлігімен транзиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген рұқсат негізінде осы Келісімнің мақсаттарында ғана жүзеге асырылады.
      2. Темір жол транзитіне рұқсат алу үшін Француз тарапы Қазақстан тарапына Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына әскери мүлік пен персоналдың кіруіне немесе келуіне дейін дипломатиялық арналар арқылы кемінде 30 тәулік бұрын мерзімде тиісті сұрату жібереді. Өтініш орыс және француз тілдерінде ресімделеді.
      3. Транзитке рұқсат беру Қазақстан Республикасының экспорттық бақылау жөніндегі уәкілетті органына көрсетілген сұратудың келіп түскен күнінен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Егер әскери мүлік пен персоналды тасымалдау осы Келісімнің мақсаттарына және шарттарына сай келмейтіні немесе Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні анықталса, Қазақстан тарапының транзитке рұқсат беруден бас тартуға немесе берілген рұқсаттың күшін жоюға құқығы бар.
      2. Осы Келісімнің қолданысы тоқтаған жағдайда рұқсаттың күші жойылады.
      3. Транзитке берілген рұқсаттың күші жойылған жағдайда әскери мүлік пен персоналдың Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге қайтуын Француз тарапы өз есебінен қамтамасыз етеді.

5-бап

      1. Осы Келісімді орындау мақсатында Француз тарапы персоналының Қазақстан тарапының аумағындағы мәртебесі SOFA PfP келісімінде анықталған.
      2. Персонал Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға және оның ішкі істеріне араласпауға міндетті.
      3. Транзит бағыты бойынша персонал темір жол құрамы мен әскери мүліктің техникалық тексерілуін, сондай-ақ темір жол құрамында болу персоналдың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының келісімінен темір жол құрамын тастап кете алмайды.
      4. Әуе кемесінің бортында болуы персоналдың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына қонған жағдайда әуе кемесінің бортындағы персонал әуе кемесінің қонған жерін Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының келісімінсіз тастап кете алмайды.

6-бап

      1. Осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын транзит кезінде әскери мүлік пен персонал шекаралық және кедендік бақылауға әрі қажет болған кезде Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес басқа да бақылау түрлеріне жатады.
      2. Өткізу пунктінде шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде әскери мүлік пен персоналды тексеру, сондай-ақ шекаралық және кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті қосымша құжаттар мен мәліметтерді талап ету және тексеру, егер Қазақстан Республикасының шекара және кеден органдарының көрсетілген мүлік транзитке рұқсат берілген мүлік болып табылмайды деуге айтарлықтай негізі болған ерекше жағдайларда ғана жүргізіледі.
      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы транзит кезінде әскери мүлік пен персонал кедендік баждардан, төлемдерден және салықтардан босатылады.
      Баждардан, салықтардан және алымдардан мұндай босатылу үшін Француз тарапы Тараптар арасында келісілген кедендік құжаттарды, сондай-ақ уәкілетті тұлғаның қолы қойылған Тараптар бекіткен нысандағы тиісті анықтаманы Қазақстан тарапының кеден органдарына ұсынуы тиіс. Қазақстан тарапының құзыретті органдары кедендік құжаттарға қол қоюға уәкілетті тұлғалар тегінің, сондай-ақ олардың қоятын қолдары мен мөрлері үлгілерінің алдын ала тапсырылуын талап ете алады.

7-бап

      Темір жол көлігімен тасымалдау кезінде қауіпті жүк болып табылатын оқ-дәрілердің көлік орамасы 1951 жылғы 1 қарашадағы Халықаралық темір жол жүк қатынасы туралы келісімнің (ХЖҚК) 2-қосымшасының Қауіпті жүктерді тасымалдау ережесінің талаптарына сәйкес болуы тиіс.

8-бап

      Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес Француз Республикасының әскери мүлкі мен персоналының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитіне байланысты шығыстарды Француз тарапы өзіне алады.

9-бап

      1. Осы Келісімнің орындалуы үшін қажетті құпия ақпаратпен алмасу 2008 жылғы 8 ақпанда Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісім ережелерінің негізінде жүзеге асырылады.
      2. Бір Тараптың транзитке байланысты алатын ақпараты осы ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз ешбір жағдайларда үшінші Тарапқа берілмейді.

10-бап

      1. Оның негізінде SOFA PfP келісімі жасалған 1951 жылғы 19 маусымда Лондонда қол қойылған Солтүстік Атлант шартының тараптары болып табылатын мемлекеттер арасындағы олардың күштерінің мәртебесі туралы келісімнің (бұдан әрі SOFA NATO келісімі деп аталады) VIII бабына сәйкес Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді орындау үшін жүзеге асырылатын қызметке байланысты оның персоналы мен мүлкіне келтірілген залал үшін басқа Тарапқа өтемақы төлеу жөніндегі кез келген талаптардан бас тартады.
      2. Француз тарапы үшінші тұлғаларға Қазақстан тарапының аумағында келтірген залал SOFA NATO келісімінің VIII бабы 5-тармағының ережелеріне сәйкес өтеледі.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер дипломатиялық арналар арқылы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

12-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алғаннан кейін бірінші күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткен соң өзінің қолданылуын тоқтатады.
      3. Тараптардың өзара жазбаша келісімімен осы Келісімге кез келген уақытта осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін, жеке хаттамалармен ресімделетін, оның ажырамас бөліктері болып табылатын толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      4. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісімді орындауға байланысты туындаған қаржылық және талап арыз міндеттемелерінің күшін жоймайды.
      Астана қаласында 2009 жылғы "__" __________ _________ әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының      Француз Республикасының
      Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады