Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қызметінің шарттары туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 қазандағы N 1629 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қызметінің шарттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қызметінің шарттары туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 21 қазандағы
N 1629 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының
Үкіметі арасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
Қазақ-Түрік университеті қызметінің шарттары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Түрік Республикасының Премьер-Министрі С. Демирель 1992 жылғы 1 мамырда Алматы қаласында қол қойған Бірлескен коммюникеге сәйкес,
      1992 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін құру туралы келісім шеңберінде әрекет ете отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы білім мен ғылым саласындағы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі перспективалы және дәйәкті түрде кеңейту қажеттілігін сезіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің (бұдан әрі - Университет) қызметі осы Келісімнің шеңберінде Университет Жарғысына (бұдан әрі - Жарғы), сондай-ақ Үкіметаралық Өкілетті кеңес қабылдаған шешімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
      Университеттің құрылтайшылары Тараптар болып табылады.

2-бап

      Университет келген мемлекеттің заңнамасы мен осы Келісімге сәйкес айқындалатын дербес заңды тұлға мәртебесі бар Тараптар мемлекеттерінің халықаралық беру ұйымы болып табылады.

3-бап

      1. Университеттің халықаралық талаптар мен Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес стандарттар мен бағдарламалар бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуге және студенттерді, магистранттар мен докторанттарды оқытуға құқығы бар.
      2. Университеттің шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсатсыз басқа елдерден әкімшілік және техникалық қызметкерлерді (15 адамнан аспайды), ғалымдар мен профессорларды Университеттегі жұмыстарға тартуға құқығы бар.
      3. Түрік Республикасының білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамының өкілдері, сондай-ақ өзге де қоғамдық ұйымдары мен мекемелерінің осы ұйымдар мен мекемелер әкімшілігінің келісімімен белгілі бір мерзімге Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне жіберілген қызметкерлері Түрік Республикасында ақысы төленетін демалыста деп есептеліп, ай сайын ақы, өтемақылар мен төлемдер алады, сондай-ақ Түрік Республикасының ұйымдары мен мекемелерінің барлық қаржылық және әлеуметтік жеңілдіктерін пайдаланады.
      4. Университеттің Шымкент қаласында Университетке берілген лицензиялар шеңберінде білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы клиникалық базалары (клиникалары) бар филиалы болуы мүмкін. Клиникалық базалардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиялануға және аккредиттелуге тиіс.

4-бап

      Білікті мамандар даярлауға қойылатын қазіргі заманғы халықаралық талаптарға сәйкес білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау мақсатында Университеттің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде білім беру қызметін жүзеге асыратын филиалдар құруға құқығы бар.
      Бұл филиалдардың қызметі тиісті мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда лицензиялануға және аккредиттелуге тиіс.

5-бап

      1. Тараптар шетелдік қызметкерлерге өз аумағына кіруге және шығуға рұқсат береді және Университеттің талабы бойынша тиісті шығу, транзиттік және кіру визалары мен келген мемлекеттің заңнамасына сәйкес тұруға рұқсаттар береді.
      2. Шетелдік қызметкерлердің Құрылтайшылардың мемлекеттеріне жеке пайдаланатын заттар мен үйге қажетті заттарды әкелуге құқығы бар.

6-бап

      Университет теңгеріміндегі және ол сатып алатын активтер 50 %-ы Қазақстан Республикасының және 50 %-ы Түрік Республикасының үлесінде болып айқындалатын Тараптар меншігі болып табылады.

7-бап

      Университеттің қызметін қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді Тараптардың мемлекеттері, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырады.

8-бап

      Техникалық жәрдемдесуді қоса алғанда, қайырымдылық көмек көрсету мақсатында мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері, халықаралық ұйымдар желілері арқылы әкелінетін акцизделетін тауарларды  қоспағанда, тауарлар, сондай-ақ мемлекеттер, мемлекеттердің үкіметтері, халықаралық ұйымдар желілері арқылы ұсынылған грант қаражаты есебінен сатып алынатын, Университеттің ғылыми-білім беру қызметі үшін Университет сатып алатын тауарлар Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік төлемдерден және қосымша құн салығынан босатылады.

9-бап

      Университет беретін дипломдарды Тараптар өзара таниды және олар Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында білім алуды жалғастыру және еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде баламалы.

10-бап

      1. Университетті басқарудың жоғары органы Тараптар құратын Үкіметаралық Өкілетті кеңес (бұдан әрі - Өкілетті кеңес) болып табылады.
      Өкілетті кеңестің негізгі функциялары:
      1) университеттің бюджетін және оның қызметінің жарғысын бекіту;
      2) университеттің даму стратегиясын қарау және бекіту;
      3) мүлікті сатып алу және иелігінен айыру, қаржылық, сондай-ақ құқықтық мәселелер бойынша шешімдер қабылдау болып табылды.
      2. Өкілетті кеңестің құрамы Тараптар шешімдерінің негізінде тең құқықты бастамамен құрылады. Өкілетті кеңес он мүшеден тұрады. Өкілетті кеңестің төрағасын Түрік Республикасының Президенті тағайындайды. Төрт мүшесін Түрік Республикасының Үкіметі тағайындайды. Басқа бес мүшені, оның ішінде Өкілетті кеңес төрағасының орынбасарын Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайды. Өкілетті кеңес мүшелерінің өкілеттік ету мерзімі - бес жыл.

11-бап

      Университет қызметін кешенді, оның ішінде академиялық тексеруді, сондай-ақ бақылауды Өкілетті кеңес тағайындаған және екі Тарап мүшелерінің тең санынан тұратын комиссия жылына кемінде бір рет жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасының мемлекеттік органдарының құзыреті бойынша Университетті жоспарлы тексеруді жылына кемінде бір рет, ал жоспардан тыс тексеруді Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға құқығы бар.

12-бап

      Университетті басқару Өкілетті кеңес бекітетін Жарғыға сәйкес жүзеге асырылады. Жарғы Университеті болатын мемлекетте мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап міндетті болып табылады.

13-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдану немесе түсіндіру кезінде қандай да бір келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер, достық ишарат немесе өздері уағдаласатын басқа да тәсілдер арқылы шешетін болады.

14-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағанын растайтын соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Келісім белгіленбеген кезеңге жасалады және оған осы Келісімдегі сияқты мемлекетішілік рәсімдер өткізілетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап

      2009 жылғы "___" _______________ ________________ қаласында әрқайсысы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде Тараптар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

    Қазақстан                                  Түрік
    Республикасының                            Республикасының
    Үкіметі үшін                               Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады