Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовке кағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 22 қазандағы
N 1637 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының
Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі,
туризм саласында тығыз ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыла отырып,
туризм екі мемлекет халықтары арасындағы өзара түсіністікті, достық қатынастарды нығайту үшін ғана емес, экономикалық даму үшін де маңызды құрал болып табылатынына сенім білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытады,
туризм саласындағы ынтымақтастықты көтермелейді,
өзара туристік сапарларды ұлғайтады,
үшінші елдерден туристер тарту мақсатында бір-біріне қолдау көрсетеді әрі туризм саласындағы мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың іс-шаралары үшін өз елдерінде жеңілдіктер беру мүмкіндігін қарастырады.
2-бап
Тараптар туризм маркетингі саласындағы оқу технологияларымен және зерттеулермен, туристік индустрия үшін кадрлар даярлау, іс-шаралар, көрмелер өткізу жөніндегі тәжірибемен, сондай-ақ туристік сала мен туристік қонақ үй бизнесі саласындағы менеджмент тәжірибесімен бюджеттен тыс көздердің есебінен алмасады.
3-бап
Тараптар жинау турларын ұйымдастыру және үшінші елдерде Қазақстан және Түркияның туризм саласындағы мүмкіндіктері туралы іс-шаралар өткізу үшін екі елдің агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты ынталандырады.
4-бап
Тараптар ақпарат және тәжірибе алмасу мақсатында Ұлттық туризм басқармаларын мынадай мәселелерде ынталандырады және қолдау көрсетеді:
өз елдеріндегі туризм шараларына қатысты заңдар менережелер;
туризм саласындағы ақпараттандыру және статистика;
турларды ұйымдастыру;
туристерге қызмет көрсететін басқа туристік кешендердің жұмысын басқару;
туризмді түрлендіру;
жарнама және маркетинг әдістері.
5-бап
Тараптар бастамаларға жәрдемдеседі және осы мақсатта бірін бірі өз елдеріндегі инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етеді.
6-бап
Тараптар ақпарат алмасу жолымен кәсіптік білім беру саласындағы мамандардың білімі мен тәжірибесін пайдалана отырып, туризм ұғымын жетілдіру мақсатында туризм саласындағы қызметкерлерді кәсіптік оқыту бағдарламаларын жасау және семинарлар мен конференциялар сияқты іс-шаралар өткізу арқылы ынтымақтастықты нығайтады.
7-бап
Тараптар туризм өнімі ретінде тарихи Жібек жолына қатысты маркетинг жүргізуге жәрдемдеседі және Жібек жолы бойынша халықаралық деңгейде өткізілетін барлық іс-шараларда бір-біріне қолдау көрсетеді.
8-бап
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келісімдерден туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде өздері дербес көтереді.
10-бап
Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім бес (5) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы мерзім аяқталатын күнге дейін алты ай ішінде өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша түрде хабарламаса, келесі бес жылдық мерзімге ұзартылады.
1998 жылы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім осы Келісімге қол қойылғаннан кейін күшін жояды.
Осы Келісім 2009 жылғы "____" ____________ ____________ қаласында қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін талқылау кезінде түсініспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Түрік Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін