Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың ережесін біркелкі қолдануды қамтамасыз ету туралы хаттаманы бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 22 қазандағы N 1643 Қаулысы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың ережесін біркелкі қолдануды қамтамасыз ету туралы хаттама бекітілсін.
      2. Осы қаулы кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 22 қазандағы
N 1643 қаулысымен   
бекітілген      

Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың
кедендік құнын айқындаудың ережесін біркелкі қолдануды
қамтамасыз ету туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісіммен (бұдан әрі - Келісім) белгіленген ережені кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге ұмтылатынын білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында, Тараптар:
      Тараптар мемлекеттері кеден органдарының практикалық қызметінде туындайтын және Келісімді қолдануға байланысты нақты проблемалық мәселелерді қарайды;
      халықаралық құқық нормаларын, оның ішінде Дүниежүзілік кеден Ұйымы Кедендік бағалау жөніндегі техникалық комитетінің құжаттарында қамтылған нормаларды ескере отырып, Келісімнің ережелерін түсіндіруге бірыңғай тәсілді жасайды;
      кеден одағына қатысушы мемлекеттерде қалыптасқан тауарлардың кедендік құнын айқындау мәселелері бойынша құқық қолдану практикасы туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдану жөніндегі ұсынымдарды дайындайды.

2-бап

      Осы Хаттаманың 1-бабында көрсетілген жұмыстардың сипаты мен көлемін назарға ала отырып, Тараптар:
      кеден одағы органдарының құрылымында Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдануды қамтамасыз ету үшін жауапты тиісті бөлімше құруға;
      Тараптар мемлекеттерінің тауарлардың кедендік құны саласында нормативтік құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын атқарушы билік органдарына уәкілеттік беруге, Келісіммен белгіленген ережені біркелкі қолдануды қамтамасыз ету үшін жауапты тиісті бөлімшені анықтауға келісті.

3-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін іске асыру мәселелері бойынша хат алмасу орыс тілінде жүргізіледі.

4-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, кез келген мүдделі Тарап мұндай дауларды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.

5-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың уағдаластығы бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясына депозитарийдің функциялары берілгенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
      Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.

   Беларусь                  Қазақстан               Ресей
   Республикасының           Республикасының         Федерациясының
   Үкіметі үшін              Үкіметі үшін            Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады