Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелеріне визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 қарашадағы N 1800 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 10 қарашадағы
N 1800 қаулысымен   
мақұлданған     

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының
Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық
талаптардан босату туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады),
      достық қатынастарды нығайтуға және Тараптар мемлекеттері азаматтарының жүріп-тұруларына ықпал етуге тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, жарамды дипломаттық паспорттардың иелері Тараптар мемлекеттерінің аумағына визасыз келе алады және онда алғашқы келген күнінен бастап есептегенде 6 (алты) ай ішінде 3 (үш) айдан аспайтын кезеңде бола алады.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабының ережелеріне қарамастан, Тараптар мемлекеттерінің азаматтары, Тараптар мемлекеттерінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің қызметкерлері болып табылатын, Тараптар мемлекеттерінің жарамды дипломаттық паспорттарының иелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын, Тараптар мемлекеттерінің жарамды дипломаттық паспорттары бар олардың отбасы мүшелері осы қызметкерлер болатын мемлекеттегі аккредиттеу рәсіміне байланысты ресмиеттіліктерді сақтаған жағдайда Тараптар мемлекеттерінің аумағында оларды тағайындау мерзімі аяқталғанға дейін еркін және визасыз болуға құқылы.

3-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағына халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы келе алады.

4-бап

      Осы Келісім осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген адамдарды 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар, иммунитеттер және жеңілдіктер үшін және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын өзге де қолданылатын халықаралық шарттарға нұқсан келтірместен, Тараптар мемлекеттерінің аумағына келу және онда болу кезінде сол мемлекеттердің заңнамасын сақтау міндетінен босатпайды.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің болуы қолайсыз деп танылған кез келген азаматының, дипломаттық паспорт иесінің, келуінен бас тарту немесе келу мерзімін қысқарту құқығын өздерінде қалдырады.

6-бап

      Тараптардың әрқайсысы қоғамдық тәртіпті, ұлттық қауіпсіздікті немесе қоғамдық денсаулықты қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы. Тараптардың әрқайсысы осындай хабарламаны алған сәтте күшіне енетін немесе өзінің қолданылуын тоқтататын осындай шаралардың енгізілгені және алынып тасталғаны туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

7-бап

      1. Осы Келісім күшіне енгенге дейін 30 (отыз) күн бұрын Тараптар дипломатиялық арналар арқылы өздерінің дипломаттық паспорттарының үлгілерімен алмасады.
      2. Жаңа паспорттар енгізілген жағдайда Тараптар жаңа үлгілерді және қажетті ақпаратты дипломатиялық арналар арқылы, мүмкіндігінше, олар қолданысқа енгенге дейін 30 (отыз) күн бұрын жолдайды.

8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы Келісім сияқты тәртіппен күшіне енетін өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап 60 (алпыс) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу жолымен оның қолданылуын тоқтатуға құқылы, мұндай жағдайда осы Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткенге дейін өз күшінде қалады.
      __________ жылғы "__" __________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, словен, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының         Словения Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады