Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 қарашадағы N 1865 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2009 жылғы 17 қарашадағы
N 1865 қаулысымен     
мақұлданған      

Жоба

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін
халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      ТМД үкіметтерінің басшылары кеңесінің 2008 жылғы 14 қарашадағы шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саласындағы ынтымақтастығының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған басым бағыттарын,
      2003 жылғы 18 қыркүйектегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық көлік дәліздері саласындағы ынтымақтастығы туралы меморандумды,
      2004 жылғы 15 қыркүйектегі ТМД үкіметтерінің басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған келісілген көлік саясаты тұжырымдамасын,
      2004 жылғы 11 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық автомобиль жолдары туралы хаттамасын іске асыру мақсатында:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің учаскелерін тиімді пайдалану мен дамытуды қамтамасыз ету жөнінде келісілген саясат жүргізу, олардың жұмыс істеуінің оңтайлы көліктік-экономикалық жағдайларын қамтамасыз ету, қосымша транзиттік көлік ағындарын тарту қажеттілігін мойындай отырып;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің еуроазиялық көлік дәліздері жүйесінің құрамдас және ажырамас бөлігі болып табылатындығын сезіне отырып;
      өңірлік көлік жүйелері дамуының әлемдік тәжірибесін ескере отырып;
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      халықаралық көлік дәлізі (ХКД) - Тараптар белгілеген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарын байланыстыратын бағыттарда жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын қамтамасыз ететін қолданыстағы және жаңадан ашылатын тиісті жайластырылған әр түрлі көлік түрлерінің (әуе көлігінен басқа), магистральдық көлік коммуникацияларының жиынтығы;
      ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелері - Тараптардың құзыретті органдарының және ТМД-ның салалық ынтымақтастығы органдарының ХКД-ны келісілген дамыту жөніндегі нормативтік-құқықтық, ресурстық және ақпараттық-логистикалық қызмет салалары;
      ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйесін үйлестіру - ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерінің оларды пайдалану мен дамыту тиімділігін арттыру мақсатында келісілген және тендестірілген жұмыс істеуі мен өзара әрекет етуі үшін жағдайлар жасауға бағытталған мемлекетаралық қызмет;
      ХКД-ны нормативтік-құқықтық қамтамасыз етудің кіші жүйесі - ХКД-ні дамытуды регламенттейтін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саласындағы халықаралық шарттар мен ұлттық нормативтік құқықтық актілердің кешені;
      ХКД-ны ресурстық қамтамасыз етудің кіші жүйесі - ХКД бағыттарында халықаралық көлік процесін жүзеге асыруды реттейтін көліктік, инфрақұрылымдық, қаржылық, технологиялық қамтамасыз ету, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін, жүктердің сақталуын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жүйелері элементтерінің жиынтығы;
      ХКД-ны ақпараттық-логистикалық қамтамасыз етудің кіші жүйесі - жүктер мен жолаушылар тасымалдарын ақпараттық-құжаттық ұйымдастырудың, олардың мониторингінің, деректер жинаудың және ХКД-ны пайдалану тиімділігін талдау құралдары мен ережелерінің жиынтығы;
      Тараптардың құзыретті органдары - ХКД-ны дамыту мен пайдалануға байланысты мәселелерді шешу үшін Тараптар анықтайтын органдар.

2-бап

      Осы Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін ХКД-ның учаскелерін дамыту мен пайдалану мәселелерін ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін үйлестіру негізінде реттейді.

3-бап

      Тараптар ХКД-ның тиімді дамуын орнықты халықаралық транзиттік қатынастың негізгі құрамдас бөлігі ретінде анықтайды және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы жүктер мен жолаушылардың кедергісіз тасымалын қамтамасыз ету мақсатында шектеулерді алып тастау үшін өзара тиімді жағдайлар жасайды.

4-бап

      1. Тараптар ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін үйлестіру бойынша шаралар қабылдайды.
      2. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісіммен кіші жүйелердің әрқайсысында басымдықты ретінде анықталған бағыттарды іске асыру мақсатында ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін үйлестіру жөніндегі бірлескен практикалық іс-қимылдардың келісілген жоспарын әзірлейді.
      3. Бағыттарды іске асыруды Тараптардың құзыретті органдары және ТМД-ның салалық ынтымақтастық органдары халықаралық көлік жобаларын әзірлеу негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырады.

5-бап

      1. ХКД-ны нормативтік-құқықтық қамтамасыз етудің кіші жүйесін ұйымдастырудың басым бағыттары:
      еуропалық және азиялық көлік жүйелеріне ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің алуан көлік түрлерін интеграциялауды қамтамасыз ету мақсатында көлік және кеден ісі жөніндегі көп жақты келісімдер мен конвенцияларда бекітілген халықаралық құқық пен стандарттардың нормалары мен қағидаттарымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нормативтік-құқықтық базасын үйлестіру;
      ХКД-ны келісілген дамыту үшін құқықтық жағдай жасайтын халықаралық шарттарды ТМД шеңберінде әзірлеу және қабылдау;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қатысушылары болып табылатын екі жақты халықаралық шарттарда бекітілген режимдер мен преференцияларды біріздендіру, сондай-ақ екі жақты шарттардан көп жақты халықаралық шарттарға өту;
      халықаралық, оның ішінде транзиттік тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде кедергілерді келісілген жою үшін жағдай жасау;
      қызметі халықаралық тасымалдауларды ұйымдастыру мәселелерімен байланысты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық болып табылады.
      2. Тараптардың құзыретті органдары ХКД-ны келісілген дамыту мәселелерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді ретке келтіру және оларды іске асу тетігін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді, олар:
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық тасымалдар саласындағы кеден заңнамасының ережелерін біріздендіруге;
      сәйкестендіру құралдары мен тасымалдау құжаттарының өзара тануға;
      ақпараттық технологияларды енгізуге бағытталған.

6-бап

      ХКД-ны ресурстық қамтамасыз етудің кіші жүйелерін дамытудың басым бағыттары мыналар болып табылады:
      ХКД учаскелерінің инфрақұрылымын дамыту басымдылығы, оны пайдалану тиімділігін және оны дамыту жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша келісілген ұсынымдарды әзірлеу;
      ХКД бағыттарында жүктердің құрамдастырылғын және мультимодальді тасымалдарын жүзеге асыру кезінде толассыз тарифтік ставкаларды аса кеңінен қолдану;
      ХКД бағыттарында халықаралық тасымалдарды жүзеге асыру кезінде тосқауылдарды алып тастау үшін жағдай жасау;
      кедендік өткізу пункттерінің қуаттылығын арттыру және технологиялық жарақтандырылуын жетілдіру, кедендік ресімдеу мен кедендік бақылаудың технологиясын және рәсімдерін жетілдіру;
      көлік құралдарының қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін жүйелер мен құрылғыларды енгізу;
      жүктерді жеткізудің өзара келісілген көліктік-технологиялық схемаларын қалыптастыру, жүктердің құрамдастырылған тасымалдарын дамыту, шекаралық өтпелер мен өткізу пункттерінен өту уақытын барынша азайту мақсатында олардың жұмыс технологиясын жетілдіру;
      көліктік қызметтердің халықаралық нарығында және тауар нарықтарында ХКД-ны пайдалану тиімділігін арттыру үшін болып жатқан өзгерістерге барабар ден қою мақсатында зерттеулерді жүйелі бірлесіп жүзеге асыру.

7-бап

      ХКД-ны ақпараттық-логистикалық қамтамасыз етудің кіші жүйесін дамытудың басым бағыттары мыналар:
      көліктік логистиканы дамыту;
      көліктің барлық түрлерімен ықпалдастырылған ақпараттық-логистикалық орталықтарды құру;
      халықаралық талаптарға сәйкес келетін навигацияның прогрессивті жүйелері мен жүктердің мониторингін енгізу;
      көлік процестерін басқарудың ұлттық ведомстволық және салалық автоматтандырылған жүйелерінің ықпалдастырылған, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін ХКД учаскелері арқылы жүзеге асырылатын көлік процестерін бірыңғай автоматтандырылған реттеу жүйесін құру;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін ХКД учаскелерінде тасымалданатын тауарлардың орналасқан орнының, жай-күйін және мәртебесінің ақпараттық ашықтығына қол жеткізу;
      мемлекетаралық стандарттарда бірыңғай ведомствоаралық электрондық құжат айналымының жүйесін іске асыру;
      жалпы қабылданған глоссарий мен ілеспе құжаттаманың бірыңғай пакетін жасау;
      ХКД-ңы пайдалана отырып, өз қызметін жүзеге асыратын көлік операторларының ақпараттық және коммерциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

8-бап

      1. Тараптар өз құзыретті органдарының және ТМД-ның салалық ынтымақтастығы органдарының қызметін үйлестіру мен ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ ХКД-ны келісілген және кешенді дамытуды іске асыру үшін ТМД-ның Экономикалық кеңесі бекітетін Ереже негізінде өз қызметін жүзеге асыратын ТМД Көлік дәліздерін үйлестіру комитетің құрады
      2. ТМД Көлік дәліздерін үйлестіру комитетінің басты функциялары:
      Тараптардың құзыретті органдарының және ТМД салалық ынтымақтастық органдарының ХКД-ны келісілген дамыту мен бірлесіп пайдалану жөніндегі қызметін үйлестіру және ақпараттық қамтамасыз ету;
      ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйесін үйлестіруді қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен практикалық іс-қимылдар жоспарын, ХКД-нің жүйелі келісілген дамуына және пайдаланылуына және оларды іске асырудың қаржы-экономикалық тетіктеріне бағытталған кешенді халықаралық көлік жобаларын әзірлеу және келісу;
      нормативтік құқықтық актілердің жобалары мен ХКД-ны қамтамасыз ететін кіші жүйенің дамуын басқару жөніндегі ұсыныстарды сараптау;
      ХКД-ның кіші жүйелерін қамтамасыз ететін дамытуға инвестициялар тарту үшін жағдай қалыптастыру;
      ХКД әлеуетін пайдалану тиімділігін талдау және ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.

9-бап

      Осы Келісім оның мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енеді.

11-бап

      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптардың басқа да келісілген рәсімдерімен шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күнінен бастап күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін кез келген мемлекеттің оған қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен қосылуы үшін ашық.
      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе оған қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Тараптардың әрқайсысы Келісімнен шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарламаны беріп және осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.
      2009 жылғы " " __________ ___________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

Әзірбайжан Республикасының        Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Армения Республикасының           Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Беларусь Республикасының          Түрікменстан Үкіметі үшін
Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының         Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының            Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін

Молдова Республикасының
Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады