"Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 қарашадағы N 1883 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімді ратификациялау туралы

      Мәскеуде 2009 жылғы 9 маусымда қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың
Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы
КЕЛІСІМ

      2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорын құру туралы шарт (бұдан әрі - Қор құру туралы шарт) негізінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының (бұдан әрі - Қор) құрылтайшы мемлекеттері болып табылатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Армения Республикасы бір тараптан, және
      Банкке қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасының қалыптасуы мен дамуына, олардың экономикалық өсуі мен олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ету мақсатында 2006 жылғы 12 қаңтардағы Еуразия даму банкін құру туралы келісімге сәйкес құрылған, халықаралық ұйым болып табылатын Еуразия даму банкі (бұдан әрі - Банк) екінші тараптан,
      бұдан әрі Тараптар деп аталатындар,
      мыналарды:
      Қор құру туралы шартта Қордың қаражатын басқаруды Қор құру туралы шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Қор туралы ережеде (бұдан әрі - Қор туралы ереже) көзделген тәртіппен Қордың қаражатын басқарушымен бірлесе отырып, Қор Кеңесі жүзеге асыратыны және Қордың қаражатын басқарушының функцияларын орындау Қордың құрылтайшы мемлекеттері мен Банк арасында жасалатын Қордың қаражатын басқару туралы келісімнің негізінде Банкке жүктелетіні көзделгендігін;
      Банк Жарғысының 9-бабы 4-тармағына сәйкес Банк Кеңесінің шешімі бойынша Банктің мақсаттары мен функцияларына сәйкес міндеттерді шешу үшін Банкке қатысушылар, қатысушылар тобы немесе басқа ұйымдар қалыптастырған арнаулы қорларды басқару бойынша міндеттемелерді өзіне қабылдауға құқылы болатынын;
      Банк Кеңесінің Қор қаражатын басқару жөніндегі міндеттемелерді Банкке қабылдау туралы шешім (Банк Кеңесі отырысының 2009 жылғы 9 маусымдағы N 22 хаттамасы) қабылдағанын назарға ала отырып,
      мына төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Келісімнің мәні

      1. Осы Келісіммен Тараптар Қордың қаражатын бірлесе басқару тәртібін белгілейді.
      2. Қордың құрылтайшы мемлекеттері, сондай-ақ осы Келісімге қосылған және Қор туралы ережеге сәйкес Қордың қатысушылары болған мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар (бұдан әрі - Қорға қатысушылар) өкілеттіктері Қор туралы ережеде анықталған Қор Кеңесі арқылы Қор қаражатын басқаруды жүзеге асырады.
      Банк осы Келісімде белгіленетін тәртіппен және шарттарда Қор қаражатын басқарушының Қор қаражатына билік ету және оны әкімшілік басқару функцияларын орындауды өзіне қабылдайды.
      3. Осы Келісімде көзделген функцияларды жүзеге асырған және бұл үшін қажетті мәмілелерді жасасқан кезде Банк өзінің Қор қаражатын басқарушы ретінде әрекет етіп отырғанын көрсетеді.
      Жазбаша ресімдеуді талап етпейтін іс-әрекеттер жасаған кезде Банк басқа тарапты олардың осы ретте жасалғаны туралы хабардар етеді, ал жазбаша құжаттарда өзінің атауынан кейін "ЕурАзЭҚ Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқарушы" деген белгі қояды.
      4. Қор қаражатын басқарушының функцияларын орындау кезінде Банк Қор туралы ереженің 2-бабында санамаланған Қордың құжаттарына (бұдан әрі - Қор құжаттары) сәйкес тек қана Қорға қатысушылардың мүдделері мен Қор құру мақсаттарын басшылыққа ала отырып әрекет етеді және Қор қаражатын тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін болатын күш-жігерін салады.
      5. Қорға қатысушы болып табылатын мемлекеттер осы арқылы Банктің құрылтай құжаттарында көзделген иммунитеттерін, артықшылықтары мен жеңілдіктерін Қордың қаражатына және Қордың операцияларына таратады және олардың өздерінің заңды құзыры шегінде әрекет етуіне кепілдік береді.

2-бап
Қор қаражатына билік ету

      1. Банкке Қорға қатысушылар өздерінің орталық (ұлттық) банктеріндегі шоттарға Қорға ақшалай жарна ретінде енгізген ақшалай қаражатты қоса алғанда, Қордың барлық қаражатына билік ету құқығы беріледі.
      Банктің Қорға қатысушылар өздерінің орталық (ұлттық) банктеріндегі шоттарға Қорға ақшалай жарна ретінде енгізген ақша қаражатына билік ету құқығын Қорға қатысушылар орталық (ұлттық) банктермен жасасатын тиісті банктік шот шарттарында көздейді.
      2. Қор қаражаты Қорға қатысушыларға тиесілі. Банкке Қордың қаражатына билік ету құқығын беру оларға меншік құқығының Банкке өтуіне әкеп соқтырмайды.
      3. Банк Қордың қаражатына билік ету шеңберінде Қорға қатысушылардың атынан және солардың тапсырмасы бойынша мынадай заңды іс-әрекеттерді жүзеге асырады:
      а) Қор Құжаттарына және осы Келісімнің талаптарына сәйкес, Қор Кеңесі бекіткен банктердегі Қордың қаражатымен жасалатын операцияларды жүзеге асыру үшін шоттарды ашады және АҚШ доллары мен еурода жүргізеді (бұдан әрі - Қор шоттары), көрсетілген шоттар бойынша, сондай-ақ осы Келісімнің 1-бабында аталған Қорға қатысушылардың орталық (ұлттық) банктеріндегі шоттары бойынша операцияларды жүзеге асырады;
      б) мыналарды:
      - Қорға қатысушылар Қорға өздерінің орталық (ұлттық) банктеріндегі шоттарға енгізген ақшалай жарналарын қоспағанда, жарналарды;
      - Қордың уақытша пайдаланылмайтын қаражатын орналастырудан инвестициялаудан) түсетін түсімдерді;
      - Қордың қаражатын беру туралы келісімдер бойынша барлық төлемдерді қоса алғанда, Қордың қаражатын қайтарымды негізде беруден түсетін түсімдерді;
      - Қорға қайырмалдықтарды;
      - Қорға түсетін өзге де түсімдерді қоса алғанда, Қорға түсетін барлық ақшалай қаражатты дереу Қордың шоттарына есептейді.
      Қорға АҚШ долларымен немесе еуромен жүргізілмеген барлық төлемдерді Банк осы Келісімнің 3-бабының 4-тармағына сәйкес анықталған бағам бойынша АҚШ долларына және/немесе еуроға айырбастайды;
      в) Қор Кеңесі шешімдерінің негізінде Қорға қатысушылар берген
вексельдерді төлеуге ұсынады;
      г) Қор Кеңесі шешімдерінің негізінде Қорға қайырмалдықтарды
қабылдайды;
      д) Қор Кеңесі шешімдерінің негізінде Қордың қаражатын алушылармен Қордың қаражатынан қаржыландыру беру туралы келісімдер (бұдан әрі - Қордың қаражатын беру туралы келісімдер) жасасады, жасалатын келісімдердің Қор туралы ереже мен Қор Кеңесінің шешімдерінде көзделген талаптарға сәйкес болуын қамтамасыз етеді;
      е) Қордың қаражатын беру туралы келісімдер бойынша осы Келісімдердің талаптарына сәйкес Қордың қаражатын беруді жүзеге асырады;
      ж) Қордың қаражатын беру туралы келісімдер, Қордың қаражатын пайдалана отырып жасалатын өзге де мәмілелер бойынша және басқа да Қор шеңберінде жүзеге асырылатын қызметке байланысты мәселелер бойынша Қорға қатысушылардың мүдделерін білдіреді және қорғайды;
      з) Қор Кеңесі бекітетін тәртіпке сәйкес таяу арада қаржыландыруды беру мақсаттарына пайдалану үшін талап етілмейтін Қордың қаражатын инвестициялайды және/немесе депозиттерге орналастырады;
      и) Қорға қатысушы Қорға қатысушылардың құрамынан шыққан жағдайларда онымен Қор Кеңесінің шешімі негізінде мұндай Қорға қатысушының Қор қаражатындағы үлесін төлеу мерзімі мен тәртібі туралы келісім жасасады, осындай келісімдер бойынша төлемдерді жүзеге асырады;
      к) Қор операциялары тоқтатылған кезде Қор Кеңесі анықтайтын тәртіппен және талаптарда Қорға қатысушының әрқайсысына Қордың қаражатындағы оның үлесін аударады;
      л) осы Келісімнің 9-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда Қордың қаражаты мен Қордың қаражатына билік ету жөніндегі қызметі нәтижесінде құралған активтерді Қор Кеңесі анықтайтын тәртіппен Қор Кеңесі тағайындаған тұлғаға (тұлғаларға) береді;
      м) Қор Кеңесінің, Қордың Сараптамалық кеңесі мен Қор Кеңесі хатшылығының құзыретіне жататын және Қор қаражатын басқарушыға берілмеген іс-әрекеттерден басқа, Қордың қаражатына тиімді билік ету үшін талап етілуі мүмкін басқа да қажетті іс жүзіндегі және заңды іс-әрекеттерді жасайды.
      4. Банк Қордың қаражаттары есебінен тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды басқаруды Банктің өз ережелері мен сатып алу рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырады және мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Қордың қаражатын беру туралы келісімдерде Қор қаражатын алушылардың сатып алудың көрсетілген рәсімдерін сақтауы жөніндегі міндеттемелерді көздейді.
      5. Төтенше жағдайда Қор Кеңесі туындаған жағдайды қарағанға және ол қажетті шараларды қабылдағанға дейін Банк Қор Кеңесінің шешімі бойынша Қордың қаражатын беру туралы жаңа келісімдерді жасасуды және Қор қаражатымен басқа мәмілелер жасауды тоқтата тұрады.

3-бап
Қор қаражатын есепке алу

      1. Банктің билігіне берілген Қор қаражатын Банк жеке теңгерімде көрсетеді және олар бойынша оқшауланған дербес есеп жүргізеді.
      2. Банк Қор қаражатын Банктің мүлкінен (активтер, капитал және кәдімгі ресурстар) және Банктің құрылтай құжаттарына сәйкес құрылған басқа арнайы қорлардың ресурстарынан оқшаулайды.
      3. Банк Қор қаражатын есепке алуды, өз кітаптары мен шоттарына қолданатын бухгалтерлік (қаржылық) есепті жүргізу мен бухгалтерлік (қаржылық) есептілікті жасау принциптеріне сәйкес жүзеге асырады.
      Көрсетілген принциптер Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес есеп құжаттары мен бухгалтерлік есепті жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды көздейді, ол біртіндеп қолданылады және тиісті түрде қызметті, Қор шеңберінде жүзеге асырылатын қызметке байланысты ресурстар мен шығыстарды көрсетеді.
      4. Кез келген валютаның басқа валютаға қатысты бағамын анықтау қажеттілігі туындаған барлық жағдайларда, Банк валюта бағамын анықтауды Банк өз қазынашылық операциялары үшін қолданатын принциптерді қолдана отырып жүргізеді.

4-бап
Қор қаражатын әкімшілік басқару

       1. Қор қаражатын әкімшілік басқаруды жүзеге асыру шеңберінде Банк мынадай функцияларды орындайды:
      а) Қордың Шоттарын ашу үшін банктер бойынша негізделген ұсыныстар дайындайды және оларды Қордың Сараптамалық кеңесінің қарауына береді;
      б) Қорға қатысушылардың тізілімі мен Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылар дауысының санын есепке алуды жүргізеді;
      в) Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын қызметтің жыл сайынғы бағдарламаларының жобаларын және Қор қаражатын басқару бойынша Қор қаражатын басқарушының әкімшілік шығыстары сметасын, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептерді дайындайды және оларды Қордың Сараптамалық кеңесінің қарауына береді;
      г) жыл сайын Қор операциялары туралы жылдық қаржылық есеп дайындайды және оларды Қордың Сараптамалық кеңесіне қарауға және бекітуге ұсынады;
      д) Қор Кеңесіне Қордың құрылтайшы мемлекеттері мен Қорға  қатысушылардың Қорға жарна енгізу жөніндегі міндеттемелерін орындауы  туралы ақпарат береді;
      е) Қор қаражаты есебінен тұрақтандыру кредиттері мен егемен қарыздар беру тәртібінің жобаларын, мемлекетаралық инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Қор қаражатын ұсыну тәртібін, уақытша пайдаланылмайтын Қор қаражатын орналастыру (инвестициялау) тәртібін (Инвестициялық декларация) дайындайды және Қордың Сараптамалық кеңесінің қарауына ұсынады;
      ж) Қордың ресурстық әлеуетін бағалауды жүргізеді және қажет болған жағдайда төлемдерді жүргізу үшін Қор Кеңесінің алдында төлемге вексельдер ұсыну туралы мәселені көтереді;
      з) Қордың қаражатынан қаржыландыруды ұсыну туралы өтінімді қарайды, олардың Қор қызметі шеңберінде жүзеге асырылатын мақсаттарға, қаржыландыруды беру бағыттарына, Қор құру туралы шартта, Қор туралы ережеде және Қор Кеңесінің шешімдерінде айқындалған Қор қаражатын беру тәртібі мен шарттарына, қаржыландырудың басымдылығы мен тиімділігіне, ұсыныстардың дайындалу дәрежесіне және басқа мәселелерге сәйкестігін анықтау мақсатында көрсетілген өтінімдерді бағалауды жүргізеді, Қор Кеңесіне ұсынымдарды қарау және дайындау үшін тиісті қорытындыларды дайындайды және оларды Қордың Сараптамалық кеңесіне ұсынады;
      и) Қордың қаражатын беру туралы келісімдердің жобаларын әзірлейді, осы Келісімдер шарттарының Қор туралы ережеде белгіленген талаптарға және қаржыландыруды беру туралы Қор Кеңесінің шешімдеріне сәйкестігін қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда көрсетілген Келісімдерге өзгерістердің жобаларын әзірлейді;
      к) Қордың қаражатын беру туралы келісімдер бойынша Қордың қаражатын алушылар берешегінің есебін жүргізеді, алушыларды берешектің мөлшері және тиесілі төлемдер туралы хабардар етеді, борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелердің орындалу мониторингін жүзеге асырады, қажет болған кезде мерзімі өтіп кеткен берешекті және көрсетілген Келісімдер бойынша басқа да тиесілі төлемдерді өтеу бойынша шаралар қолданады;
      л) жобаларды, басқа операцияларды іске асыру мониторингін Қор қаражатын беру шарттарын орындау мониторингін қоса алғанда, Қордың қаражатын беру туралы келісімдер бойынша міндеттемелердің орындалуына тұрақты мониторингті қамтамасыз етеді, осындай ақпаратқа Қорға қатысушылардың үнемі қол жеткізуін қамтамасыз етеді, Қордың қаражатын беру туралы келісімдерді басқа да қажетті әкімшілік сүйемелдеуді көрсетеді;
      м) Қордың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобалар мен операциялардың тиімділігін бағалауды ұйымдастырады және Қордың Сараптамалық кеңесіне осындай бағалаудың нәтижелерін ұсынады;
      н) осы келісімдердің талаптарына сәйкес қаржыландыруды тоқтата тұру және тоқтату мүмкіндігіне әкеп соғатын Қордың қаражатын беру туралы келісімдер шарттарын Қор қаражатын алушылардың бұзуы туралы ақпаратты Қордың Кеңесі үшін қажетті ұсынымдарды қабылдау үшін Қордың Сараптамалық кеңесіне ұсынады;
      о) қажет болған жағдайда Қорға қатысушылардың Қор қаражатындағы үлесін анықтау тәртібін, сондай-ақ үлестерді төлеу тәртібі мен шарттары туралы келісімдердің жобаларын әзірлейді және Қордың Сараптамалық кеңесінің қарауына ұсынады;
      п) қажет болған жағдайда Қордың операцияларын тоқтату рәсімін әзірлейді және Қордың Сараптамалық кеңесінің қарауына ұсынады;
      р) қажет болған жағдайда Қор құру туралы шартқа, Қор туралы ережеге, осы Келісімге және Қордың басқа құжаттарына өзгерістердің жобаларын әзірлейді және Қордың Сараптамалық кеңесінің қарауына ұсынады;
      с) Қорға қатысушылармен, Қор Кеңесіндегі Қорға қатысушылардың өкілдерімен, Қордың Сараптамалық кеңесінің мүшелерімен, Қор қаражатын алушы мемлекеттер үкіметтерін қоса алғанда, Қор қаражатын алушылармен, өңірлік билік органдарымен және алушы мемлекеттердің муниципалды органдарымен, сондай-ақ басқа мемлекеттік және жеке ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды және Қордың Сараптамалық кеңесіне осындай өзара іс-қимыл туралы баяндайды;
      т) өз жарияланымдарында (жылдық есеп, ақпараттық бюллетеньдер және т.б.) Қор және Қорға қатысушылар туралы, сондай-ақ алушы мемлекеттермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау барысы туралы жеткілікті ақпарат беруді қамтамасыз етеді.
      у) Қордың Сараптамалық кеңесімен өзара іс-қимыл жасайды, оның ішінде Қор Кеңесінің қарауына Банк шығаратын барлық мәселелерді, құжаттар мен материалдарды оған сараптамаға ұсынады, Қордың Сараптамалық кеңесінің ескертулері бойынша оларды пысықтауды жүзеге асырады, Қордың Сараптамалық кеңесінің сұраулары бойынша көрсетілген мәселелер, құжаттар мен материалдар бойынша қажетті қосымша ақпаратты  және түсіндірмені ұсынады;
      ф) Қор қаражатын тиімді әкімшілік басқару үшін талап етілуі мүмкін өзге де функцияларды орындайды.
      Банк тиімді әкімшілік басқару және Қордың қаражатына билік ету үшін қажетті немесе орынды деп есептейтін, Қордың Құжаттарына сәйкес келетін ішкі нормативтік құжаттарды, ережелер мен рәсімдерді қабылдауға құқылы.
      Банк өкілдері Қор Кеңесінің отырыстарына қатысады.
      4. Қор қаражатын басқарушы ретінде Банк қажет болған кезде Қор кеңесінің Төрағасына Қор Кеңесі отырыстарын кезектен тыс өткізу туралы және Қор туралы ережеде көзделген тәртіппен Қор Кеңесі отырыстарының күн тәртібіне қосымша мәселелер енгізу туралы ұсыныстарды жібереді.
      5. Қор қаражатын басқарушының функцияларын жүзеге асыру үшін Банк өз персоналын, қажетті дағдылары мен білімі бар үшінші тұлғаларды - сарапшыларды (консультанттарды) және басқа қажетті ресурстарды тартады.

5-бап
Қорды басқарушының Қор қаражатына билік ету жөніндегі қызметінің аудиті

      1. Банктің Қор қаражатын басқарушының қызметін жүзеге асыруы бөлігінде есепке алуды жүргізуін тексеру және оның жылдық қаржылық есептілігінің дұрыстығын растау үшін Банк жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін тәуелсіз сыртқы аудиттің жүргізілуін қамтамасыз етеді.
      Аудитті жүргізуге арналған шығыстар жыл сайын Қор қаражатын басқарушының Әкімшілік шығыстар сметасында көзделеді және Қор қаражатынан төленеді.
      2. Сыртқы аудит Банктің жылдық қаржылық есептілігіне қолданылатын тәртіппен жүргізіледі. Аудиторлық тексеруге арналған шығыстар Қордың қаражаты есебінен төленеді және осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағында ескерілген Қор қаражатын басқарушының Әкімшілік шығыстар сметасында көзделеді. Банк ішкі рәсімдерге сәйкес аудитті жүзеге асыру үшін аудиторлық компанияны дербес анықтайды.
      3. Ішкі аудитті Банктің ішкі аудит қызметі өзінің ішкі рәсімдеріне сәйкес жүргізеді.
      4. Банк Қор қаражатын басқару жөніндегі қызмет туралы жылдық есепті және аудиторлық қорытындыны алғаннан кейін оларды 5 (бес) жұмыс күні ішінде Қорға қатысушыларға жібереді. Есеп пен қорытындыны Қордың Сараптамалық кеңесі мен Қор Кеңесі қарайды.
      5. Банк айқындылық принципін негізге ала отырып, Қор қаражатын басқару жөніндегі қызмет туралы жылдық есепті және Қордың мақсатына қол жеткізу және Қор қаражатын басқарушының функцияларын орындауы үшін жариялануын орынды деп таныған өзге де кез келген есепті жариялайды.

6-бап
Қор қаражатын басқарушының шығыстарына ақы төлеу және оның есептілігі

      1. Қор Кеңесі бекіткен Қор қаражатын басқарушының Қор қаражатын басқару жөніндегі әкімшілік шығыстары сметасына сәйкес оған Банктің Қор қаражатын басқарушының функцияларын орындау жөніндегі ағымдағы шығыстары Қор қаражатынан өтеледі.
      Көрсетілген шығыстарға ақы төлеуден басқа Қор Кеңесі Банкке Қор қаражатын басқарушы қызметінің жоспарланған нәтижелеріне қол жеткізгенін көтермелеу түрінде Қордың қаржы жылының аяқталу қорытындысы бойынша сыйақы тағайындай алады. Көрсетілген сыйақы Қор қаражаты есебінен төленеді.
      2. Банк Қор қаражатын Басқарушы ретінде оның қызметін толық көлемде көрсететін құжаттаманы жүргізеді және Қор қаражатын Басқарушы ретінде өз қызметі туралы қажетті есептілікті Қор Кеңесіне ұсынады.
      3. Банк осы баптың 1-тармағында аталған шығыстарды растайтын барлық алғашқы есеп құжаттамасын және Қордың қаражатын пайдалануға байланысты басқа операцияларды (келісім-шарттарды, актілерді, шоттарды, шот-фактураларды, жүк құжаттарды, түбіртектерді және басқа да құжаттарды қоса алғанда), Қор операцияларының бүкіл кезеңі ішінде және оның аяқталуынан кейін және Қор Кеңесі Қор қаражатының соңғы шығыстары жүргізілген кезеңге арналған аудиторлық қорытындыны алғаннан кейін бес жыл ішінде сақтайды.

7-бап
Заңсыз іс-әрекеттерге қарсы іс-қимыл

      1. Банк халықаралық құқыққа және Қорға қатысушы болып табылатын мемлекеттердің ұлттық заңнамаларына сәйкес Қор қаражатын пайдалануға қатысы бар заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу және жолын кесу үшін тиісті шараларды қолданады. Банк көрсетілген талапқа сілтемелерді Қор қаражатын беру туралы келісімге қосады. Бұл ретте Қор қаражатын алушыға Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді берушілермен жасалатын барлық келісім-шартқа тиісті ережелерді енгізу міндеті жүктеледі.
      2. Заңсыз іс-әрекет жасаудың барлық жағдайларын Банк Қордың Сараптамалық кеңесі мен Қор Кеңесінің назарына жеткізеді.

8-бап
Тараптардың жауапкершілігі

      1. Тараптар осы Келісімге сәйкес өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны үшін өзара жауапты болады.
      Егер тиісті міндеттемелерді орындамау немесе тиісінше орындамау дүлей күштің салдарынан немесе екінші Тараптың іс-әрекетінен туындаған жағдайда, Тараптар көрсетілген жауапкершіліктен босатылады. Мұндай жағдайда Тараптардың міндеттемелерді орындау мерзімі осындай мән-жайлар әрекет еткен уақытпен бірдей ауыстырылады.
      2. Осы Келісім бойынша Банктің өз міндеттемелерін орындамауына әкеп соқтыратын жағдайлар туындаған кезде, Банк он күн мерзімде осы жағдайлар туралы және осы жағдайларды жою жөнінде Банк қабылдайтын шаралар мен осы Келісімде көзделген міндеттемелер туралы Қор Кеңесін хабардар етеді.
      3. Банк Қор операцияларын жүзеге асыру аясында Қорға қатысушылардың атынан қабылданған міндеттемелер бойынша, осындай міндеттемелерді қабылдау кезінде Банк Қор Құжаттарының ережесін бұзған жағдайларды қоспағанда, өз мүлкімен жауап бермейді.

9-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім ЕурАзЭҚ Интеграциялық комитеті болып табылатын Депозитарий құрылтайшы мемлекеттер мен Банктің оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді, бірақ Қор құру туралы шарт күшіне енетін күннен ерте күшіне енбейді.
      Осы Келісім осы баптың 7-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес өзінің әрекет етуін бұрын тоқтатпаса, Қор құру туралы шарттың әрекет етуін тоқтатумен бір уақытта өзінің әрекет етуін тоқтатады.
      2. Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың келісімі бойынша енгізіледі және жеке хаттамалармен ресімделеді.
      3. Осы Келісімге олардың Қор құру туралы шартта көзделген тәртіппен көрсетілген Шартқа қосылуы шартымен құрылтайшы мемлекеттер мен Қорға қатысушылар тарапынан басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар қосыла алады.
      Банк тарапынан осы Келісімге қосылуға жол берілмейді.
      Осы Келісім оған қосылатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар үшін Қор құру туралы шартқа және осы Келісімге қосылғаны туралы құжаттарды Депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
      4. Осы Келісімге ескертулерге жол берілмейді.
      5. Осы Келісімді орындауға байланысты туындайтын Тараптардың дауларын Тараптар мүмкіндігінше келіссөздер мен консультациялар арқылы шешеді.
      Егер мұндай даулар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілмеген жағдайда, оларды дау тараптарының кез келгені үш төрешіден тұратын төрелік соттың қарауына береді, олардың бірін Қор Кеңесі, екіншісін - Банк тағайындайды, ал үшіншісі төрешілердің келісімі бойынша тағайындалады не оларды тағайындағаннан кейін 6 (алты) айдың ішінде төрешілер бір келісімге келмесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық Сотының Төрағасы тағайындайды. Үшінші төрешіні таңдау кезінде сайланған төрешілер ол осы Келісімге қатысушылар болып табылатын мемлекеттердің азаматы және халықаралық ұйымдардың өкілі немесе Банктің өкілі болмауы тиіс деген ережені басшылыққа алады.
       Дауды шешу кезінде төрешілер даудың жария-құқықтық сипатын ескере отырып ЮНСИТРАЛ Төрелік регламентін басшылыққа алады. Орыс тілі төрелік талқылау тілі болып табылады.
      Төрешілер көпшілік дауыспен шешім қабылдайды және олар қабылдаған шешім дау тараптары үшін түпкілікті және міндетті болып табылады.
      6. Кез келген Қорға қатысушы Қор туралы ережеде көзделген тәртіпке сәйкес Қорға қатысушылар құрамынан бір уақытта шығу шартымен осы Келісімнен шығуға құқылы. Қордың осындай қатысушысына қатысты Қорға қатысушылар құрамынан шығу рәсімі аяқталғаннан кейін оның осы Шартқа қатысуы автоматты түрде тоқтатылады.
      7. Тараптардың кез келгені жазбаша түрде осы Келісімнің әрекетін тоқтату ниеті туралы хабарламаны басқа Тарапқа жіберу шартымен осы Келісімді бұзуға құқылы. Бұл жағдайда осы Келісім Қор қаражаты мен активтерін Банк осы Келісімнің 2-бабының 3-тармағының л) тармақшасында көзделген тәртіппен бергеннен және беру рәсімі аяқталғанға дейін Қор қаражатын басқарушының функцияларын орындау жөнінде келтірілген шығыстар Банкке өтелгеннен кейін өз әрекетін тоқтатады.
      Қор құрылтайшыларынан, сондай-ақ осы Келісімге қосылған мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан тұратын Тараптың атынан хабарламаны Банкке Қор Кеңесінің Төрағасы жібереді.
      Банктің атынан хабарламаны Қор Кеңесінің Хатшылығына көшірмесімен бірге Қор Кеңесі Төрағасының атына оның уәкілетті тұлғасы жібереді.

      Осы Келісім Мәскеу қаласында 2009 жылғы 9 маусымда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды, оның расталған көшірмелерін Депозитарий осы Келісімге кол қойған мемлекеттердің әрқайсысына, Банкке жібереді.

      Беларусь Республикасы үшін              Еуразия даму банкі үшін

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қырғызстан Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Армения Республикасы үшін

      Осымен, осы аударма 2009 жылғы 9 маусымда Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Дағдарысқа қарсы қорының қаражатын басқару туралы келісімнің куәландырылған көшірмесін мәтініне сәйкес келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
      Кадрлық қамтамасыз ету және
      құжат айналымы департаментінің
      Басқарма бастығы                                     Н. Шабанов

      Осымен 2006 жылғы 12 қаңтарда Астана қаласында жасалған Еуразия  даму банкін құру туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                                  Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады