Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 қарашадағы N 1896 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2009 жылғы 19 қарашадағы
N 1896 қаулысымен 
мақұлданған     

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының бірыңғай энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі
      Қазақстан Республикасының бірыңғай энергетикалық жүйесі (бұдан әрі - Қазақстан БЭЖ-і) мен Ресей Федерациясы бірыңғай энергетикалық жүйесінің (бұдан әрі - Ресей БЭЖ-і) қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өте отырып,
      электр энергетикасы саласындағы өзара пайдалы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген мүдделілікке сүйене отырып,
      1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ынтымақтастық және отын энергетика кешендерін дамыту туралы келісімді, 2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергиясы мен қуатының транзиті туралы келісімді, сондай-ақ 2009 жылғы 11 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Қазақстан БЭЖ-і мен Ресей БЭЖ-інің қосарлас жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, оның ішінде 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап:
      Тараптардың уәкілетті органдарымен электр энергиясының Ресей Федерациясынан Қазақстан БЭЖ-і бойынша өткізуге (беруге) жоспарланатын көлемін жыл сайын келісуді;
      электр энергиясы ағынының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспардағыдан ауытқуларының сағаттық көлемін өтеу мақсатында "KEGOC" акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) мен "ИНТЕР РАО ЕЭС" ашық акционерлік қоғамы (Ресей Федерациясы) арасында жасалған шарттар (келісім-шарттар) бойынша, ал 2012 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей олар тепе-теңдік негізде Қазақстан Республикасының аумағында арнайы құратын ұйым арқылы электр энергиясын сатып алу мен сатуды;
      Қазақстан Республикасының өз тұтынушылары үшін электр энергиясын жеткізуге арналған тарифтен аспайтын және осы жеткізу жүзеге асырылатын электр беру желілерінің тиісті техникалық жай-күйі мен пайдаланылуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының тарифтерді мемлекеттік реттеу саласындағы уәкілетті органы белгілеген тариф бойынша Қазақстан Республикасының электр желілері арқылы электр энергиясын беру (өткізу) жөніндегі қызметтерге ақы төлеуді көздейтін қажетті шараларды қабылдайды.
      Ауытқудың сағаттық көлемін сатып алу мен сатудың қаржылық нәтижесі Ресей БЭЖ-інің электр энергиясы ағындарының нақты мемлекетаралық сальдосының жоспарланғаннан ауытқуларын табиғи реттегені үшін әділ төлем болып табылады.

2-бап

      Тараптар мынадай:
      "KEGOC" акционерлік қоғамы, "Бірыңғай энергетика жүйесінің федералдық желілік компаниясы" ашық акционерлік қоғамы және "Бірыңғай энергетика жүйесінің жүйелік операторы" ашық акционерлік қоғамы (Ресей Федерациясы) арасындағы қосарлас жұмыс туралы;
      "KEGOC" акционерлік қоғамы мен "Бірыңғай энергетика жүйесінің федералдық желілік компаниясы" ашық акционерлік қоғамы арасындағы Қазақстан Республикасының электр желілері арқылы электр энергиясын беру (өткізу) жөнінде қызметтер көрсету туралы;
      "KEGOC" акционерлік қоғамы мен "ИНТЕР РАО ЕЭС" ашық акционерлік қоғамы арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасы арқылы электр энергиясын өткізу кезінде туындайтын ауытқулар шамасын өтеу үшін электр энергиясын сатып алу-сату;
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекарасы арқылы өткізілетін электр энергиясының мөлшерін сағаттық есептеу және "KEGOC" акционерлік қоғамы мен "Бірыңғай энергетика жүйесінің федералдық желілік компаниясы" ашық акционерлік қоғамы арасындағы сағаттық есепке алу деректерін күн сайын алмасу мен келісуді ұйымдастыру тәртібі туралы шарттарды (келісім-шарттарды) 2009 жылғы 31 желтоқсанға дейін бір мезгілде жасауға Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне жәрдемдеседі.

3-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі қызметті үйлестіруді және оның орындалуын бақылауды мынадай құзыретті органдар жүзеге асырады:
      Қазақстан тарапынан — Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі;
      Ресей тарапынан - Ресей Федерациясы Энергетика министрлігі.
      Құзыретті органдар ауыстырылған жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

4-бап

      Тараптардың бірінің осы Келісімде көзделген өз міндеттемелерін орындауы үшін кедергілер тудыратын жағдайлар не осы Келісімнің ережелерін қолдануға және (немесе) түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары көрсетілген жағдайларды не келіспеушіліктерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде өзара қолайлы шешімдерді қабылдау мақсатында консультациялар өткізеді.
      Тараптардың құзыретті органдары арасындағы консультациялар жолымен жойылуы мүмкін емес келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер жолымен шешіледі.

5-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалды және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша нысанда соңғы хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы оның қолданылуын тоқтату болжанған күнге дейін кемінде 6 ай бұрын, бірақ осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 3 жылдан кейін басқа Тарапқа осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылу кезеңінде осы Келісімнің шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.
      Осы Келісім Тараптардың жазбаша келісімімен өзгертілуі мүмкін.
      Осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады.
      _____________ қаласында 200_ жылғы "__" ___________ әрқайсысы орыс және қазақ тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының           Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады