Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін беру тәртібі туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 10 желтоқсандағы N 2073 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін беру тәртібі туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін беру тәртібі туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2009 жылғы 10 желтоқсандағы
N 2073 қаулысымен    
мақұлданған      

жоба

Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін беру тәртібі туралы хаттама

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының тауарларымен сыртқы және өзара сауданың кедендік статистикасын жүргізу туралы келісімді іске асыру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттама Кеден одағы комиссиясының Кедендік статистика орталығына (бұдан әрі — Орталық) Тараптардың Орталыққа деректер беруге жауапты уәкілетті органдарының кеден одағының тауарларымен сыртқы сауданың кедендік статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін (бұдан әрі — сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректері) беруді жүзеге асыруының негіздерін анықтайды.

2-бап

      Сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін Орталыққа беру үшін дайындау мен қалыптастыруды Тараптардың уәкілетті органдары сыртқы сауда статистикасын және өзара сауда статистикасын жүргізудің бірыңғай әдіснамасына сәйкес жүзеге асырады.
      Тараптардың уәкілетті органдары сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін Орталыққа беруді Сыртқы сауда статистикасының және өзара сауда статистикасының деректерін берудің техникалық шарттарына (бұдан әрі - Техникалық шарттар) сәйкес жүзеге асырады.
      Техникалық шарттарды Тараптардың уәкілетті органдарымен келісім бойынша Кеден одағының комиссиясы әзірлейді және бекітеді. Техникалық шарттарда осы Хаттаманың 4-бабында келтірілген сыртқы және өзара сауда көрсеткіштері тізбесіне сәйкес берілетін ақпараттың форматына және деректер беру құралдарына қойылатын қажетті талаптар болуы тиіс.

3-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Техникалық шарттарға сәйкес берілетін деректердің толықтығын, дұрыстығын және өзектілігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
      Тараптардың уәкілетті органдары өзекті етілген нормативтік-анықтамалық ақпаратты Орталыққа дейін уақтылы жеткізуді жүзеге асырады.

4-бап

      Тараптардың уәкілетті органдары Орталыққа беретін статистикалық деректерде мынадай мәліметтер болуға тиіс:
      сыртқы сауда бойынша:
      бірыңғай СЭҚ ТН-ге (10 таңба) сәйкес тауар коды;
      өткізу бағыты;
      кезеңі (айы);
      статистикалық құны (АҚШ долларымен);
      нетто салмағы (кг);
      бірыңғай СЭҚ ТН-ге сәйкес қосымша өлшем бірлігінің коды;
      қосымша өлшем бірлігіндегі тауар саны;
      межелі елі;
      шығарылған елі;
      жөнелтуші ел;
      сататын ел;
      шекарадағы көлік түрі;
      өзара сауда бойынша:
      бірыңғай СЭҚ ТН-ге сәйкес тауар коды;
      өткізу бағыты;
      кезеңі (айы);
      құны (АҚШ долларымен және ұлттық валюталармен);
      нетто салмағы (кг);
      бірыңғай СЭҚ ТН-ге сәйкес қосымша өлшем бірлігінің коды;
      қосымша өлшем бірлігіндегі тауар саны;
      межелі елі;
      шығарылған елі;
      жөнелтуші ел;
      сататын ел.

5-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар бірінші кезекте, консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
      Егер дауласушы Тараптар дауды консультациялар мен келіссөздер жолымен дауласушы Тараптардың бірі екінші дауласушы Тарапқа оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жасаған күнінен бастап алты ай ішінде реттемесе, дауласушы Тараптар арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаласу болмаған жағдайда, дауласушы Тараптардың кез келгені бұл дауды қарауға Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына бере алады.

6-бап

      Осы Хаттамаға Тараптардың уағдаластығы бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы "__" __________ ___________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, депозитарийдің функциясы Кеден одағының комиссиясына берілгенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті депозитарий болып табылады.
      Депозитарий осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін әрбір Тарапқа жібереді.

      Беларусь              Қазақстан             Ресей
      Республикасының       Республикасының       Федерациясының
      Үкіметі үшін          Үкіметі үшін          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады