Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 желтоқсандағы N 2082 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 шілдедегі № 525 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 23.07.2019 № 525 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 244 бұйрығын қараңыз.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 19-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу ережесі бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Мемлекеттік қала құрылысының кадастры туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 6 шілдедегі N 931 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 23, 266-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгертулер енгізу және күші жойылған деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 20 тамыздағы N 1031 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 53-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 35, 327-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 6 шілдедегі N 931 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 наурыздағы N 397 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 12, 130-құжат).

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 11 желтоқсандағы
N 2082 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізудің бірыңғай тәртібін белгілейді.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастры (бұдан әрі - қала құрылысы кадастры) Қазақстан Республикасы кадастрларының мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және оны Қазақстан Республикасының тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекарасында үш аумақтық деңгейдегі біріңғай жүйе бойынша:

      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган республикалық деңгейде жүргізеді.

      Республикалық аумақтық деңгейде республика бойынша кадастрлық деректерді қорыту мен талдау, мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құрудың және жүргізудің ғылыми-әдістемелік және нормативтік-құқықтық базасын, оның бағдарламалық-техникалық құралдарын әзірлеу жүзеге асырылады;

      2) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық деңгейінде жүргізеді.

      Облыстың аумақтық деңгейінде ведомстволық бағынысты аумақ бойынша кадастрлық деректерді қорыту мен талдау, ғылыми-әдістемелік әзірлемелер енгізу орындалады.

      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтық деңгейінде елді мекен мен қала құрылысын реттеу аумағы туралы ақпаратты жинау, бақылау, жаңартып отыру, бұл деректердің мұрағатын жүргізу, пайдаланушылардың сұранымына қызмет көрсету жүргізіледі.

      3) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) сәулет, кала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдары базалық аумақтық деңгейде жүргізеді.

      Базалық аумақтық деңгейде елді мекен мен қала құрылысын реттеу аумағы туралы ақпаратты жинау, бақылау, жаңартып отыру, бұл деректердің мұрағатын жүргізу, пайдаланушылардың сұранымына қызмет көрсету жүргізіледі.

      3. Қала құрылысы кадастрын жүргізу салынып жатқан (салынуы белгіленген) объектілер мен кешендер мониторингі - Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерінің жай-күйі мен өзгерістерін қадағалау жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.

2. Қала құрылысы кадастрын жүргізу тәртібі

      4. Базалық, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық деңгейлерде қала құрылысы кадастрын жүргізу республикалық деңгейдегі қала құрылысы кадастрының жалпы автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің шеңберінде автоматтандырылған ақпараттық жүйені пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      5. Барлық аумақтық деңгейлердегі қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін нормативтік-техникалық құжаттарда анықталатын бірыңғай әдіснама бойынша мамандандырылған бағдарламалық-аппараттық кешендер негізінде құрылады.

      6. Барлық аумақтық деңгейлердегі қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі тиісті аумақтық деңгейдегі қала құрылысы кадастырының дерекқорында ақпарат жинауды, өңдеуді, есепке алуды, тіркеуді, сақтауды, қала құрылысы кадастры дерекқорының көшірмелерін жоғары тұрған аумақтық деңгейге (облыстық немесе республикалық) беруді, сондай-ақ қала құрылысы кадастрының ақпаратын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беруді қамтамасыз етуге тиіс.

      7. Әрбір аумақтық деңгейдегі қала құрылысы кадастрының дерекқоры мынадай құжаттардың (құжаттар үлгілерінің) негізінде қалыптасады (жүргізіледі):

      1) қала құрылысы жобалары;

      2) жеке және заңды тұлғалардың қолда бар объектілерді өзгертуге немесе жаңа объектілер салуға өтініштері;

      3) жер учаскелерін таңдау актілері;

      4) тиісті уәкілетті органдардың ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салу немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру және мемлекеттік мұқтаждар үшін алып қою жөніндегі шешімдері;

      5) уәкілетті органдардың құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салу, кеңейту, техникамен қайта жарақтандыру, жаңғырту, қайта жаңарту, қалпына келтіру және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, құрылыстарды (объектілерді) консервациялау, сәулет объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдері;

      6) жобалауға арналған тапсырмалар, инженерлік көздерге қосылуға және коммуналдық қамтамасыз етуге арналған техникалық шарттар;

      7) сәулет-жоспарлау тапсырмалары;

      8) нобайлық жобалар, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы;

      9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы бойынша жобалар сараптамасының қорытындылары;

      10) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге арналған рұқсаттар;

      11) атқарушы (қабылдау-тапсыру) құжаттама;

      12) объектілерді пайдалануға қабылдау туралы актілер;

      13) уәкілетті органдардың ғимараттар мен құрылыстардың қала құрылысы элементтеріне атаулар және нөмірлер беру туралы шешімдері;

      14) топографиялық-геодезиялық, инженерлік-геологиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарының, топырақ, геоботаникалық зерттеулердің және өзге іздестірулердің материалдары;

      15) төмен тұрған аумақтық деңгейлердегі қала құрылысы кадастры дерекқорының көшірмелері, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік кадастрлары дерекқорларының көшірмелері.

      8. Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерінде және нормативтік-техникалық құжаттарында (бұдан әрі - құжат) белгіленген (анықталған) ресми құжаттар қала құрылысы кадастрының есепке алу объектілері болып табылады.

      9. Қала құрылысы кадастрының дерекқорындағы әрбір есепке алу объектісі үшін кеңістіктік бекітуі, есепке алу объектісі бойынша негізгі тіркеу мәліметтері, арнайы тіркеу мәліметтері, сондай-ақ есепке алу объектісінің электрондық көшірмесі (құжаты) бар объектіні есепке алу карточкасы жасалады.

      Есепке алу карточкасының негізгі тіркеу мәліметтеріне мыналар жатады:

      1) құжаттың қала құрылысы кадастрының дерекқорындағы тіркеу нөмірі және тіркелген күні;

      2) құжаттың атауы (үлгісі);

      3) құжат авторының (құжатты қабылдаған (бекіткен), келіскен, берген не қол қойған тұлғаның) толық атауы (заңды тұлға үшін) немесе тегі, аты, әкесінің аты (жеке тұлға үшін), мекенжайы, телефоны, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (СТН, БСН);

      4) құжаттың қысқаша мазмұны;

      5) құжат жасалған (қол қойылған) күн;

      6) құжаттың қолданылу мерзімі аяқталатын күн (болған жағдайда);

      7) жобалау, құрылыс, қайта жаңарту немесе кейіннен кәдеге жарату объектісінің атауы және мекенжайы.

      10. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің бір объектісі (бұдан әрі - сәулет объектісі) бар объектінің есепке алу карточкасы кадастрлық іске біріктірілуге тиіс.

      11. Кадастрлық іс кеңістіктік бекітілуге, онда кадастрлық істің карточкасы болуға және онда қамтылған объектіні есепке алу карточкаларының тізбесі болуға тиіс.

      12. Кадастрлық істің карточкасы тиісті сәулет объектісі бойынша негізгі және арнайы тіркеу мәліметтерінен қалыптасады.

      Кадастрлық іс карточкасының негізгі тіркеу мәліметтерінде мыналар болады:

      1) қала құрылысы кадастрының дерекқорында кадастрлық істі тіркеу нөмірі және тіркелген күні;

      2) сәулет объектісінің атауы, функционалдық мақсаты, мекенжайы және орналасқан қабаты;

      3) сәулет объектісінде жүргізілетін жұмыстар туралы мәліметтер: жаңа құрылыс, қайта жаңарту, кейіннен кәдеге жарату;

      4) сәулет объектісінің жалпы алаңы, құрылыс салынатын алаң, пайдаланылатын жер учаскесінің алаңы, пайдаланылатын жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;

      5) сәулет объектісінің меншік (мемлекеттік, жеке меншік) нысаны туралы мәліметтер;

      6) сәулет объектісі меншік иесінің (құрылыс салушының) толық атауы (заңды тұлға үшін) немесе тегі, аты, әкесінің аты (жеке тұлға үшін), мекенжайы, телефоны, салық төлеушінің тіркеу нөмірі/бизнес-сәйкестендіру нөмірі (СТН/БСН).

      13. Есепке алу объектісін тіркеу процесінде объектіні есепке алу карточкасына және оны облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумақтық деңгейінде құру процесінде кадастрлық істің карточкасына Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына бірегей тіркеу нөмірі беріледі.

      14. Объектілерді есепке алу карточкасын және кадастрлық істердің карточкаларын кеңістіктік бекіту қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқорының тиісті кеңістіктік объектілеріне орындалады.

      15. Қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқорында Қазақстан Республикасының аумағында жер үсті және жер асты кеңістігінде орналасқан қолда бар, жоспарланып отырған және жобаланатын құрылыс (қайта жаңарту) объектілері туралы кеңістіктік ақпарат, нақты әлем процестері мен құбылыстары болады.

      Қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқоры тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шекарасының шегінде әрбір аумақтық деңгейде құрылады және жүргізіледі және мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) қала құрылысы жоспары;

      2) жерді бөліп беру жоспары;

      3) сәулет жоспары;

      4) құрылыс жоспары.

      16. Әрбір аумақтық деңгейдегі қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқорының қала құрылысы жоспарында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ішінара немесе бүкіл аумағын тұтастай қамтитын немесе қозғайтын барлық қала құрылысы жобаларының материалдары болады.

      17. Әрбір аумақ деңгейіндегі қала құрылысы кадастырының геоақпараттық дерекқорының жерді бөліп беру жоспарында құрылысты жобалау және (немесе) қайта жаңарту мақсаты және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы құрылыс және (немесе) қайта жаңарту мақсаты үшін берілген жер учаскелері туралы ақпарат болуға тиіс.

      18. Әрбір аумақ деңгейінің қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқорының сәулет жоспары бекітілген жобалауға арналған тапсырмалардың мәліметтері мен материалдарынан, инженерлік коммуникацияларға қосылуға берілген техникалық шарттардан, берілген сәулет-жоспарлау тапсырмаларынан, тапсырысшылар тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жобаланған құрылыс және (немесе) қайта жаңарту объектілері бойынша бекіткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілген және сараптамадан өткен жобалардан қалыптасады.

      19. Әрбір аумақ деңгейіндегі қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқорының құрылыс жоспарында әртүрлі масштабтағы инженерлік іздестірулердің материалдары, жерді қашықтықтан аймақтарға бөлу материалдары (аэрофототүсірілімдер және ғарыштық түсірілімдер), құрылыс объектілері бойынша атқарушы құжаттама және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағындағы Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік кадастрларының дерекқорының көшірмелері, сондай-ақ осы аумақтарға арналған адрестік жоспар (адрестік жоспарлар) болуға тиіс.

      20. Объектіні есепке aлу карточкасының және кадастрлық іс карточкасының арнайы тіркеу мәліметтерінің құрамына қойылатын талаптар: әрбір аумақтық деңгейдегі қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқорының құрамын, мазмұнын және координаталар жүйесін, объектілерді есепке алу карточкаларына және кадастрлық іс карточкаларына тіркеу нөмірін беру тәртібін үш жыл ішінде кемінде бір рет жаңартылуға (қайта қарауға) жататын нормативтік-техникалық құжаттарда сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.

      21. Қала құрылысы кадастрының есепке алу объектісін (құжаттың) тіркеу оларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген келісуден өту, рұқсат беру рәсімдерінен, жаңа құрылыс объектісін немесе қайта жаңартылған объектілерді пайдалануға беру, сәулет объектісін кейіннен кәдеге жарату рәсімдерінен өту процесінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға ұсынған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Қала құрылысы кадастрының дерекқорында есепке алу объектілерін тіркеу рәсімі келісуден, рұқсат беру рәсімдерінен, жаңа құрылыс немесе қайта жаңартылған объектілерін пайдалануға беру, сәулет объектісін кейіннен кәдеге жарату рәсімдерінен өтудің жалпы мерзімдеріне қарамастан жүзеге асырылады.

      22. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдары базалық аумақтық деңгейдегі қала құрылысы кадастры дерекқорының өзекті көшірмесін есепті айдан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей қала құрылысы кадастрының облыстық аумақтық деңгейдегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі тиісті жергілікті атқарушы органдарға береді.

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдары облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) аумақтық деңгейдегі қала құрылысы кадастры дерекқорының өзекті көшірмесін есепті айдан кейінгі айдың 15-күнінен кешіктірмей қала құрылысы кадастрының республикалық аумақтық деңгейдегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады