Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісіміне қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2128 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімінің жобасы мақұлдансын.
      2. Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімінің жобасына қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов.

Қазақстан Республикасы
Үкіметі       
2009 жылғы 15 желтоқсандағы
N 2128 қаулысымен
мақұлдансын     

Жоба

Кеден одағының санитариялық шаралар жөніндегі келісімі

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына (бұдан әрі - кеден одағы) мүше мемлекеттердің үкіметтері
      кеден одағының кедендік аумағын халық арасындағы инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланулардың), санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін өнімнің (тауарлардың) әкелінуінен және таралуынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында,
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитариялық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу жөніндегі келісімге сүйене отырып,
      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізудің орындылығын мойындай отырып,
      2005 жылғы 23 мамырдағы Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді (2005), 1994 жылғы 15 сәуірде қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымының Саудадағы техникалық тосқауылдар жөніндегі келісімін және Дүниежүзілік сауда ұйымының Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану жөніндегі келісімін, 2001 жылғы 31 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді, 2004 жылғы 16 сәуірдегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге импортталатын қауіптілігі ықтимал өнімді гигиеналық бағалау кезіндегі өзара іс-қимылдың тәртібі туралы келісімді назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжат - санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімнің (тауарлардың) адам денсаулығы үшін қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын және уәкілетті органдар беретін құжат (санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік);
      санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау) - кеден одағының нормативтік құқықтық актілерінде және Тараптар мемлекеттерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамаларында белгіленген міндетті талаптарды бұзуды болдырмауға, анықтауға және тоқтатуға бағытталған уәкілетті органдардың қызметі;
      санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар - тіршілік ету ортасы факторларының адамға зиянды әсер ету қаупін бағалауға, оны жоюға немесе азайтуға, инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланулардың) пайда болуы мен таралуын болдырмауға және оларды жоюға бағытталған ұйымдастыру, әкімшілік, инженерлік-техникалық, медициналық-санитариялық және өзге де шаралар;
      бақылаудағы тауарлар - адамға қауіп төндіретін тауарлар, химиялық, биологиялық және радиоактивті заттар, қалдықтар мен өзге де жүктер, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және кеден одағының кедендік аумағына өткізілетін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тамақ өнімдері, материалдар мен бұйымдар;
      уәкілетті органдар - Тараптар мемлекеттерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында уәкілетті органдары мен мекемелері.
      Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер кеден одағы шеңберінде жасалған басқа да халықаралық шарттарда белгіленген мағыналарда қолданылады.

2-бап

      Осы Келісімнің әрекеті адамдарға, көлік құралдарына, сондай-ақ Кеден одағының кедендік шекарасы мен кедендік аумағында санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарлардың бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі - Тауарлардың бірыңғай тізбесі) енгізілген бақылаудағы тауарларға қолданылады.
      Кеден одағының кедендік шекарасындағы және кедендік аумағындағы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау) Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өтетін адамдар мен көлік құралдарын, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және кеден одағының кедендік аумағына өткізілетін бақылаудағы тауарларды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыру тәртібі туралы ережеге (бұдан әрі - Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау тәртібі туралы ереже) сәйкес жүргізіледі.
      Кеден одағының кедендік аумағында Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын бақылаудағы тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар (бұдан әрі - Бірыңғай санитариялық талаптар) қолданылады.
      Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар:
      1) уәкілетті органдардың бақылаудағы тауарлардың Бірыңғай
санитариялық талаптарға сәйкестігін анықтау жөніндегі жұмыстарының
нәтижелерін мойындайды;
      2) кеден одағының кедендік аумағына адам денсаулығы үшін кауіпті, инфекциялық және инфекциялық емес жаппай аурулардың (уланулардың) әкелінуін, таралуын болдырмауға, төтенше жағдайлардың, сондай-ақ биологиялық агенттерді, химиялық және радиоактивті заттар қолданылатын терроризм актілерінің салдарларын жоюға бағытталған келісілген шаралар қабылдайды;
      3) кеден одағының кедендік аумағына адам денсаулығы, өмірі және оның тіршілік ету ортасы үшін қауіпті бақылаудағы тауарлардың әкелінуін және айналымын болдырмау жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырады.

3-бап

      Адамдарды, көлік құралдарын, бақылаудағы тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізген кезде оларға қатысты санитариялық-эпидемологиялық қадағалауды (бақылауды) Тараптар кеден одағының кедендік шекарасында орналасқан Тараптар мемлекеттерінің өткізу пункттерінде жүзеге асырады.
      Тараптар бақылаудағы тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған өткізу пункттерінде санитариялық-карантинтік пункттер құрады және қажетті санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу жөнінде шаралар қабылдайды.
      Кеден одағының комиссиясы Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес тиісті Тараптар айқындайтын, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілуі мамандандырылған арнайы жабдықталған өткізу пункттерінде жүзеге асырылатын бақылаудағы тауарлардың тізбесін айқындайды.

4-бап

      Уәкілетті органдар өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын, бірыңғай нысандар бойынша ресімделетін құжаттардың үлгілерімен және оларды беруді жүзеге асыратын органдар мен мекемелердің тізбелерімен алмасады.

5-бап

      Кеден одағының кедендік аумағына бақылаудағы тауарларды әкелу және олардың айналысы өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжаты болғанда жүзеге асырылады.
      Тараптар осы Келісімге қосымшаларға сәйкес уәкілетті органдар беретін өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжаттарды мойындайды.
      Тараптар өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжаттарды берген уәкілетті органдардан осы құжаттарды беруге негіз болған зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) хаттамаларын сұратуға құқылы.
      Өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын, уәкілетті органдар осы Келісім күшіне енгенге дейін ресімдеген құжаттар осы құжатты берген Тарап мемлекетінің аумағында олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.
      Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды (бақылауды) жүзеге асыру барысында Бірыңғай санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлар анықталған кезде Тараптар Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау тәртібі туралы ережеге сәйкес шаралар қабылдайды.

6-бап

      Тауарлардың бірыңғай тізбесі, Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау тәртібі туралы ереже, Бірыңғай санитариялық талаптар мен Өнімнің (тауарлардың) қауіпсіздігін растайтын құжаттардың бірыңғай нысандары Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) шешімімен бекітіледі.
      Тараптар Комиссияға тиісті өкілеттік берген күнінен бастап ол осы Баптың бірінші абзацында көрсетілген құжаттарды жүргізуді жүзеге асырады.
      Осы Баптың мақсаты үшін Комиссияның құжаттарды жүргізуі деп Кеден одағының осы Баптың бірінші абзацында көрсетілген нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оларды кейіннен бекіту және Тараптарға жеткізу түсіндіріледі.
      Осы Баптың бірінші абзацында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар белгіленген тәртіппен, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органының ұсынысы бойынша Комиссияның қарауына енгізіледі.

7-бап

      Кеден одағының кедендік аумағында инфекциялық аурулар және жаппай инфекциялық емес аурулар (уланулар):
      1) халық арасында инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулар (уланулар);
      2) адам өміріне, денсаулығына және оның тіршілік ету ортасына қауіпті өнімдер анықталған және (немесе) таралған жағдайларда, уәкілетті органдар олар туралы, сондай-ақ жүргізілген санитариялық-эпидемияға қарсы шаралар туралы ақпаратты 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесін құру туралы келісімге сәйкес құрылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесіне және Мемлекетаралық Кеңестің (кеден одағының жоғарғы органының) 2009 жылғы 27 қарашадағы N 22 шешімімен мемлекет басшылары деңгейінде мақұлданған Кеден одағының сыртқы және өзара сауданың ықпалдасқан ақпараттық жүйесін қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес құрылатын Кеден одағының сыртқы және өзара сауданың ықпалдасқан ақпараттық жүйесіне жібереді.
      Уәкілетті органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында өзара ғылыми-әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді және бір-біріне:
      1) Бірыңғай санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлардың түсу мүмкіндіктері туралы;
      2) Халықаралық медициналық-санитарлық ережеде (2005 ж.) берілген аса қауіпті инфекциялық аурулардың және адам өмірі мен денсаулығына қауіпті өнімдердің анықталған әрбір жағдайы туралы хабарлайды.

8-бап

      Уәкілетті органдар қажет болған жағдайда және өзара келісім бойынша санитариялық шаралар және кеден одағының кедендік аумағын инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланулардың), санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлардың әкелінуінен және таралуынан қорғау саласындағы кеден одағының заңнамасын сақтау мақсатында, сондай-ақ басқа да мәселелерді жедел шешу үшін бақылаудағы тауарларды өндіретін Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында бірлескен тексерулер (инспекциялар) жүргізеді.
      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің тиісті бюджеттерінен жүзеге асырылады.

9-бап

      Тараптар мынадай жағдайларда:
      1) Тарап мемлекетінің аумағында санитариялық-эпидемиологиялық жағдай нашарлағанда;
      2) тиісті халықаралық ұйымдардан, Тараптардан немесе осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттерден қолданылатын санитариялық шаралар және (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы ақпарат алғанда;
      3) егер санитариялық шараларды қолданудың тиісті ғылыми негіздемесі жеткіліксіз болса немесе қажетті мерзімде ұсыну мүмкін болмаса;
      4) Бірыңғай санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін бақылаудағы тауарлар анықталғанда уақытша санитариялық шаралар енгізуге және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізуге құқылы.
      Тараптар өздерінің санитариялық шаралар енгізгені, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізгені және оларды өзгерткені туралы бірін бірі мейлінше қысқа мерзімде хабардар етеді.
      Тараптардың бірі уақытша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды енгізген кезде басқа Тараптар қажетті шаралар қабылдайды және мұндай іс-шараларды енгізу туралы шешім қабылдаған Тарапты қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізеді.

10-бап

      Осы Келісімді талқылауға және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер Тараптардың бірінің екінші Тарапқа жолдаған консультациялар және келіссөздер жүргізу туралы ресми жазбаша өтініші келіп түскен күнінен бастап алты ай ішінде Тараптар дауды реттемесе, Тараптардың кез келгені бұл дауды қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Сотына береді.

11-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады. Санкт-Петербург қаласында 2009 жылғы 11 желтоқсанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір Тарапқа расталған көшірме жолдайтын Кеден одағының комиссиясында сақталады.

      Беларусь           Қазақстан                  Ресей
      Республикасының    Республикасының            Федерациясының
      Үкіметі үшін       Үкіметі үшін               Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады