Елдің қалың жұртшылығын Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің экономикалық саясаты туралы хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономикалық саясаттың 2010 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі мақұлдансын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 26 қаңтардағы
№ 25 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан
Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан
Республикасы Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің
Экономикалық саясаттың 2010 жылға арналған
негізгі бағыттары туралы мәлімдемесі
2009 жылы жаһандық қаржылық дағдарыс әлемдегі көптеген экономикаларға өзінің жағымсыз әсерін тигізуді жалғастыра берді, алайда, өткен жылдың III тоқсанынан бастап дағдарысқа қарсы шаралар пакетін табысты іске асырып жатқан бірқатар елдерде рецессиядан шығудың алғашқы белгілері байқала бастады. Сарапшылардың бағалаулары бойынша 2009 жылы әлемдік экономикадағы құлдырау 1,1 %-ды құрады.
Өткен жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі (бұдан әрі - Ұлттық Банк) және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (бұдан әрі - ҚНРА) қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және ірі индустриялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуды және қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асырды.
Қабылданған шаралардың уақтылығы мен тиімділігі нәтижесінде ел экономикасының рецессиясына жол бермеуге мүмкіндік туды. Алдын ала бағалау бойынша 2009 жылы жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі - ЖІӨ) нақты өсімі 1,1 %-ды құрады.
Өткен жылғы инфляция 6,2 %-ды құрады, бұл болжамдалған деңгейден 8 - 8,5 %-ға төмен.
Капиталдың барабар деңгейін қалыптастыру және банктерге қосымша өтімділікті ұсыну есебінен банк секторының тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Реттеуші шаралардың жиынтығы жедел деректер бойынша банктердің сыртқы қарыз алу үлесінің олардың жиынтық міндеттемелерінің 33,6 %-ына дейін қысқаруына әкелді. 2010 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жүргізетін екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі - ЕДБ) сыртқы міндеттемелерін қайта құрылымдау нәтижесінде қайта құрылымдалып жатқан екі банктің сыртқы борышы 10 млрд. АҚШ доллары сомасына одан әрі төмендейді деп күтілуде.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай тұрақтанды. Үлестік құрылысқа қатысушы азаматтардың аяқталмаған тұрғын үй объектілері бойынша проблемалары негізінен шешілді.
Өңірлік жұмыспен қамту мен кадрларды қайта даярлау стратегиясын (Жол картасы) іске асыру 400 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді, сол арқылы соңғы жылдары ең төмен көрсеткіште болған жұмыссыздық деңгейі 6,3 % шегінде сақталды.
2009 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген зейнетақылар, әлеуметтік жәрдемақылар және бюджет саласы қызметкерлеріне жалақы төлеу жөніндегі барлық әлеуметтік міндеттемелер уақтылы және толық көлемде қаржыландырылып отырды.
Дағдарысқа қарсы шаралар табыстылығының негізгі факторы Ұлттық қордан тартылған қаражатты тиімді пайдалану болды. Бұл ретте Ұлттық қор активтерінің және елдің алтын-валюта резервтерінің жиынтық мөлшері 2009 жылдың соңына 47,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Елдің алтын-валюта резервтері өткен жылы 16,8 %-ға ұлғайды және 23,2 млрд. АҚШ долларын құрады.
2010 жылы республика экономикасының даму болжамдары жаһандық экономиканың баяу қалпына келуін бағалауға сүйенеді. Елдердегі мемлекеттік дағдарысқа қарсы қолдаудың елеулі деңгейі біртіндеп төмендейтін болады. Әлемдік қаржы жүйесі әлі де әлсіз болып отыр. Қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық пен инфляциялық қысымның тәуекелдері күрделі күйінде қалып отыр. Жұмыссыздық және тұтыну сұранысы көкейтесті проблемалар болып қалуда.
Ағымдағы жылы Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың 3,1 % деңгейіне өсуін болжамдайды. Азияның дамушы елдері, бірінші кезекте, Қытай мен Үндістан әлемдік өсудің негізгі «локомотивтері» болады.
Жаһандық экономикадағы ахуалдың жақсаруы шикізат тауарларына, атап айтқанда, мұнай мен металға бағаның өсуіне алып келеді. Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуына қарай металлургия саласында және тау-кен өндіру өнеркәсібінің ілеспе салаларында отандық өндірістің өсуі қалпына келеді.
Экономикалық саясаттың 2010 жылға арналған негізгі бағыттары мыналар болады:
1) макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау және экономикадағы оң үрдістерді бекіту;
2) елдің дағдарыстан кейінгі дамуына және одан әрі орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге қолайлы жағдайлар жасау.
2010 жылы ЖІӨ-нің өсуі 1,5-2 % деңгейінде болжанады. Ағымдағы жылы тұтыну сұранысының баяу қалпына келуі, ауыл шаруашылығында өсу қарқынының төмендеуі (алдыңғы жылғы астықтың рекордты шығымдылығынан кейін), Қазақстанды индустрияландыру картасы шеңберінде
Жол картасының іс-шараларын және инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыру есебінен еңбек нарығында тұрақтылық болады деп күтіледі.
Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді перспективада экспортқа бағдарланған бәсекеге қабілетті секторлардың дамуын қосымша ынталандыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Ел экономикасына инвестициялар, оның ішінде шетелдік инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін пайдалануға ерекше назар аударылады.
2010 жылы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде мемлекеттік кепілдікпен және субсидияланған ставкалар арқылы жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын тарту тетігі қарастырылады.
2010 жылы Үкімет қызметінің басым бағыттарының бірі кәсіпкерлікті, ең алдымен, шағын және орта бизнесті дамыту болады.
2010 жылы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Кеден одағының жұмыс істеу тетіктерінің дәйектілікпен енгізіле басталуы шикізаттық емес экспортты дамыту шарттарының бірі болады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап үш ел үшін бірыңғай кеден тарифі қолданылуда.
Кеден одағына қатысушы елдер мен үшінші елдерде өндірілген, Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумағында еркін айналым үшін шығарылған және Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына өткізілетін және кері әкетілетін тауарларды кедендік ресімдеуді жоюды көздейтін Кеден одағының Кеден кодексі 2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін болады. Бұл әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді және қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Тұтастай алғанда экономикада, сонымен бірге жекелеген маңызы бар нарықтарда да бәсекелестікті қорғау мен дамытуға баса назар аударылатын болады.
Ұзақ мерзімді кезеңде Қазақстан экономикасын әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны қабылдау көзделіп отыр.
2010 жылы 120-дан астам жоба белсенді іске асыру сатысында болады, олардың ішіндегі ірі жобалар: «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізін қайта жаңарту, «Қазмырыш» АҚ-ның мыс қорыту және электролиз зауыттарын салу, Мойнақ СЭС, су тасқынына қарсы Көксарай реттеуші су қоймасын салу жөніндегі жобалар.
Үкімет халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөнінде шаралар қабылдауды жалғастырады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақылардың орташа мөлшері 25 %-ға ұлғайды, ал 2011 жылы олар 30 %-ға артады. Ағымдағы жылы әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер мөлшері ұлғайды.
2010 жылы Үкімет республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 100 млрд. теңгені құрайтын Жол картасын іске асыруды жалғастырады, ол 130 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін болады.
Үкімет корпоративтік эмитенттер үшін қарыз алу құнын төмендету мақсатында корпоративтік эмитенттер үшін бенчмарк белгілеу және республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін сыртқы капитал нарығында мемлекеттік бағалы қағаздар шығару жолымен сыртқы қарыз тартуды жоспарлауда.
Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты 6 - 8 % дәлізіндегі инфляция деңгейіне қол жеткізуге бағытталатын болады. Басқа мақсаттар мен бағдарлар, оның ішінде теңгенің айырбас бағамы жөніндегі инфляция бойынша болжамдарға қол жеткізуге ықпал ететін болады.
Айырбас бағамы саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады. Бағамдық саясат үнемі өзгеріп отыратын әлемдік конъюнктура жағдайында отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етуі мүмкін ұлттық валютаның нақты бағамының елеулі ауытқуына жол бермеу мақсатында жүргізілетін болады.
2010 жылы теңгенің айырбас бағамының таргеттелетін орташа мәні бір АҚШ долларына 150 теңге деңгейінде сақталады. Бұл ретте әлемдік тауар және валюта нарықтарындағы жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бағам жасау икемділігін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында теңгенің ауытқу дәлізі + 15 теңгеге (немесе 10 %) және - 22,5 теңгеге (немесе 15 %) дейін кеңейтілетін болады.
Іргелі факторлар тарапынан күтілетін елеусіз инфляциялық қысым кезінде Ұлттық Банк пен ҚНРА елдің макро және микро деңгейінде қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайтын болады. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шеңберінде Ұлттық Банк банк секторына елдің нақты және қаржы секторларында қалыптасқан ахуалға барабар көлемде қысқа мерзімді өтімділікті ұсынатын болады.
2010 жылы ҚНРА серпінді негіздегі провизияларды қалыптастыруға және экономикалық циклды ескере отырып, екінші деңгейдегі банктердің меншікті капиталының жеткіліктігін анықтауға қатысты қадағалау тәжірибесінде контрциклдық ұстанымды кезең-кезеңмен іске асыруды жалғастырады.
Қаржы секторының қатысуымен индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Үкімет пен даму институттарының кредиттік және басқа тәуекелдерді азайтудың барабар құралдарын, оның ішінде мемлекеттік жеке меншік әріптестік тетіктерін пайдалану шеңберінде әзірлеу жөніндегі қызметімен бір уақытта қатар жүретін болады.
Республиканың нақты секторына ішкі кредит берудің өсуіне жәрдемдесу үшін ҚНРА қаржы ұйымдарының сыртқы активтер бойынша тәуекелдерін шектеу жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Қаржы жүйесіне сенімділікті нығайту әрі халықтың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражатын жұмылдыру мақсатында ҚНРА шоғырландырылған қадағалаудың тиімділігін арттыру және инвесторлар мен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту жөнінде шаралар қабылдайды.