Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын соттың қорғауы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы N 4 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "ҚІЖК-нің" деген сөздер "ҚПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "109" деген цифрлар "106" деген цифрлармен ауыстырылды;
      "процессуалдық" деген сөздер "процестік" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның жеке бас бостандығына, жеке өмiріне қол сұқпаушылықты, жеке және отбасылық құпияны, хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарламалардың құпиясын қамтамасыз ететін конституциялық нормалар мен заңдарды дұрыс әрі біркелкі қолдану, сондай-ақ оларды соттың қорғауының тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Соттар сот істерін тікелей қараумен қатар, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз, негізсіз шектеуден қорғау, оларды қалпына келтіруге бағытталып заңмен қарастырылған шараларды уақытында қабылдау, сондай-ақ келтірілген зиянды өтеу жөнінде сот билігінің функцияларын іске асыруға тиіс екеніне соттардың назары аударылсын.

      Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында соттың қорғауы күзетпен қамауда ұстау, үйқамаққа алу, кепіл түріндегі бұлтартпау шараларына, лауазымнан уақытша шеттету және жақындауға тыйым салу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларына санкция беру кезінде, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 106-бабында, 106-бабының 109-бабының екінші бөлігінде көзделген әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарау кезінде жүзеге асырылады.

      Істі сотта қарауға дайындау және басты сот талқылауы барысында соттың қорғауы қылмыстық қудалау органдары жүзеге асырған іс жүргізудің заңдылығын, олардың іске қатысушы адамдардың процестік құқықтарын кепілдендіретін заң талаптарын сақтауын тексеру жолымен жүзеге асырылады.

      Үкімдерді, сот қаулыларын орындау сатысында сот бақылауы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 27-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Соттар ҚПК-нің 106-бабының бірінші бөлігі бойынша прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдері: қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы кезінде тергеп-тексеру мерзімдерінің үзілгені, қылмыстық істің тоқтатылғаны, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылғаны туралы арызды қабылдаудан бас тартуы сотта шағымдануға жататынын назарда ұстағандары жөн.

      Істі сотта қарауға дайындау немесе басты сот талқылауы сатысына дейін заңдылығын тексеруді кейінге қалдыру адамның және азаматтың нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді қиындататын және оларды қалпына келтіру мүмкін болмайтын өзге әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерге, мысалы, қылмыстық қудалау органдарының қорғаушыны тағайындаудан бас тартуы туралы, заңды өкілді қатыстырудан бас тартуы туралы, сезіктіге, айыпталушыға процестік бұлтартпау шараларын (тергеу судьясы санкциялағандарды қоспағанда) таңдау және қолдану туралы қаулысын, адамды жәбірленуші деп танудан бас тартуды, қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны туралы хабарламаларды тексеру кезіндегі әрекетсіздікті және басқаларды жатқызуға болады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. ҚПК-нің 106-бабының және "Жедел-іздестіру қызметі туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі № 154-XII Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Заң) 5-бабының 2-тармағының тәртібінде, егер жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға байланысты шешімдер мен әрекеттер қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысты болса, оларға шағымды тікелей сотқа беруге болады.

      Ескерту. 3-тармаққа орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. ҚПК-нің 100 және 106-баптарына сәйкес, анықтаушының, анықтау органының, анықтау органы бастығының, тергеушінің, тергеу бөлімі бастығының, прокурордың процестік шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылар не өзге де адамдар немесе ұйымдар жүргізіліп жатқан процестік әрекеттер мен қабылданып жатқан процестік шешімдер олардың заңды мүдделерін қозғайтын бөлікте бере алады, арыз берушінің мүддесінде әрекет жасап жүрген қорғаушы, заңды өкіл немесе өкіл бере алады.

      Шағымның берілуіне байланысты сотқа дейін іс жүргізуге қатыспаған, бірақ арыз беруші шағым беруге және (немесе) оны қарауға қатысуға өкілеттік берген адам да арыз берушінің өкілі бола алады.

      Заңда белгіленген тәртіппен процеске қатысушылар деп танылмады деген негізбен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) сотқа шағымдану құқығын шектеуге жол беруге болмайды. Адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясымен (бұдан әрі – Конституция) кепілдендірілген құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету тиісті құқықтың қамтамасыз етілуін қажетсінетін адамның нақтылы жағдайынан (мысалы, қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызын тіркеуден бас тартылған адам; тінту (алу) кезінде мүлкі алынған немесе бүлінген адам; жәбірленуші деп негізсіз танылмаған қылмыстан зардап шеккен адам және т.б.) туындауға тиіс.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. ҚПК-нің 106-бабының мағынасы бойынша, прокурордың, тергеу, анықтау органдарының шешімдері мен әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығы мен негізділігін тексеру кезінде тергеу судьясы кейін басты сот талқылауының нысанасы болуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешпеуге тиіс. Атап айтқанда, тергеу судьясы істің нақтылы мән-жайлары, дәлелдемелерге баға беру және әрекетті саралау туралы тұжырымдар жасауға құқылы емес.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      6. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      7. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      8. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      9. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.01.2020 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасында қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің бірыңғай тәртібі белгіленген, сонымен бірге соттар "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 132 Конституциялық заңда, "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Конституциялық заңда, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Конституциялық заңда, "Прокуратура туралы" 2017 жылғы 30 маусымдағы № 81-VI Заңда көрсетілген ережелердің судьяларға, Парламент депутаттығына, Парламент депутаттығына үміткерлерге, Президенттікке үміткерлерге, Конституциялық Кеңестің төрағасы мен мүшелеріне, Бас прокурорға қатысты тергеу, процестік әрекеттер жүргізу кезінде сақталуы міндетті кейбір ерекшеліктерді қарастыратынын соттар ескеруге тиіс.

      Артықшылықтары бар адам қылмыс жасалған жерде ұсталмаса, оны онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу кезінде, оны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін келісім алу қажет.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      11. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 30 қаңтардағы № 10 қаулысына сәйкес, қол сұғылмаушылығы Конституциямен баянды етілген, қылмыстық қудалау органдары тиісті мемлекеттік ұйымдардың келісімін бұдан бұрын оған қатысты талап етпеген тұлғаның әрекеті ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстан жеңілдеу қылмысқа қарай сараланып өзгерген кезде, тұтқынға алынатын және қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жағдайда қол сұғылмаушылықтан айыру тәртібі туралы ережелерді сақтаудың міндетті екеніне соттардың назар аударғандары жөн.

      Осыған байланысты қылмыстық қудалау органы ауыр және (немесе) ерекше ауыр қылмыстарды жасағаны үшін жауаптылықты қарастыратын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің баптары бойынша оның әрекетін қате саралаудың нәтижесінде мемлекеттік органдардың келісімінсіз не қылмыстық заң нормаларының бәсекелестік қағидасы ескерілместен онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғанын анықтап, оны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін келісім алу қажеттілігі туралы тиісті ұсынысты Қазақстан Республикасының Бас прокурорына енгізуге міндетті. Егер осы мән-жайлар істі сотта қарауға дайындау немесе басты сот талқылауы барысында анықталса, онда сот істі прокурорға қайтарады.

      12. Судьялардың тұрғын, қызметтік үй-жайларын, олардың пайдалануындағы жеке және қызметтік көлік құралдарын, олардың хат-хабарларын, банк шоттарын, багажын және өзге де мүлкін тінту, құжаттары мен заттарын алу, мүлкіне және почта-телеграф жөнелтілімдеріне тыйым салу, хабарламаларын ұстап алу, сөйлесулерін тыңдау және жазып алу Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімімен сотқа дейінгі тергеу шеңберінде ғана жүргізілуі мүмкін.

      "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Заңның 11-бабының 3-бөлігінде көрсетілген арнайы жедел-іздестіру шаралары облыс (қала) прокурорының және жоғары тұрған прокурорлардың санкциясымен ғана жүргізілуі мүмкін. "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Заңның 12-бабының 7-тармағының арнайы жедел-іздестіру шараларының прокурордың санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін екендігі туралы ережесін судьяларға қатысты қолдануға жол берілмейді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.12.30 № 4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      13. Басты сот талқылауын тағайындау туралы мәселені шешу кезінде соттар ҚПК-нің 41-тарауында көрсетілген нормаларды негізге ала отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу, процестік келісім, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу барысында басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болатын қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі бұзылуына жол берілген-берілмегенін тексерулері қажет және олар анықталған жағдайда ҚПК-нің 323-бабына сәйкес және ҚПК-нің 321-бабымен қарастырылған тәртіппен істі оларды жою үшін прокурорға қайтарады.

      Судья басты сот талқылауына дайындалу барысында іс материалдарын зерделеу кезінде тараптардың сотқа дейінгі іс жүргізу барысында олардың құқықтарының заңсыз шектелгені туралы арыздарының не өтініштерінің болған-болмағанын, олардың тиісті түрде шешілген-шешілмегенін, істе тиісті материалдардың бар-жоғын анықтап, материалдар жоқ болса оларды сотқа ұсынуды прокурорға міндеттегені жөн.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Судья түскен іс бойынша қылмыстық қудалау органының сотталушының асырауындағы кәмелетке толмаған балаларды, өзге де еңбекке жарамсыз адамдарды қорғау, оларды күту, күнкөріс қаражатымен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдаған-қабылдамағанын, сондай-ақ оны күзетпен қамауда ұстаудың нәтижесінде қамқорлықсыз әрі қараусыз қалған оған тиесілі мүлік пен жануарлардың қарауға берілуін тексеруі тиіс.

      Егер мұндай шаралар қабылданбаса, сот сотталушының немесе қорғаушының арыздары болған жағдайда істі алдын ала тыңдау барысында ҚПК-нің 154-бабының негізінде тиісті адамдарға немесе органдарға қажетті шараларды қабылдау жөнінде міндет жүктеу туралы қаулы шығаруға тиіс.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Соттар дәлелдемелерге баға беру кезінде куәландыру мен адамның жеке басын тінту кезінде Конституцияның 16 және 17-баптарымен белгіленген әркімнің бостандығы мен жеке басына тиіспеушілік құқығы қозғалатынын ескерулері қажет, сондықтан аталған әрекеттерді жасау үшін ҚПК-нің 223 және 252-баптарымен қарастырылған негіздемелердің, қажетті жағдайларда тергеу судьясы санкциялаған әрекеттерді жасау туралы дәлелді қаулының бар-жоғын, әрекеттерді жасау кезінде заң талаптарының сақталуын әрбір нақты жағдайда тексергендері жөн.

      Соттар тергеу судьясының сакциясымен жүргізілетін жеке басты тексеруді, ҚПК-нің 255-бабының үшінші бөлігімен көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеу судьясының санкциясынсыз шолып қарау нысанында жүргізілетін адамдарды тексеруден ара-жігін шектей білулері қажет.

      Бұл ретте ҚПК-нің 128 және 131-баптарында көзделген тәртіппен қылмыс жасауға күдікті адам ұсталған кезде ҚПК-нің 255-бабы үшінші бөлігінің 2) тармақшасына және 132-бабына сәйкес қылмыстық қудалау органдары тергеу судьясының санкциясынсыз оның жеке басын тінтуді жүргізуге құқылы.

      Сонымен бірге "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 2-тармағының 16) тармақшасына сәйкес, жалпы жүргізілетін жедел-іздестіру шарасының шеңберінде жедел-іздестіру қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орган тергеу судьясының санкциясынсыз, бірақ куәгерлердің міндетті түрде қатысуымен ұсталған адамды тексеруді, қылмыстық әрекетке қатысы болуы мүмкін оның заттары мен құжаттарын тексеруді және алып қоюды, сондай-ақ тұрғын үй-жайларды, жұмыс орындары мен өзге де орындарды жете тексеруді, көлік құралдарын жете тексеруді жүзеге асыруға құқылы.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      16. Тұрғын үйге кірудің, оны қараудың және онда тінту жүргізудің заңдылығын бағалау кезінде соттар Конституцияның 25-бабының және ҚПК-нің 17-бабының тұрғын үйге қол сұғылмайтыны туралы нормаларын басшылыққа алуға тиіс, сондықтан жоғарыда көрсетілген әрекеттер тек заңмен белгіленген жағдайлар мен тәртіпте ғана жүргізіледі. ҚПК-нің 197, 198, 199, 219, 220, 224, 252, 254 және 256-баптарымен қарастырылған осындай әрекеттерді жүргізудің іс жүргізу тәртібін мүлтіксіз сақтаудың қажеттілігі тек заң талаптарын орындау ретінде ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйге қол сұқпаушылықты, жеке өмірді, жеке және отбасылық құпияны қорғаудың заңмен кепілдендірілген тетігі деп қарастыру қажет.

      Тұрғын үйді қарау және тінту оларды жүргізуге онда тұратын адамдардың келісімі болмаған жағдайда, тергеушінің тергеу судьяның санкциясы берілген дәлелді қаулысы бойынша жүргізіледі.

      Тұрғын үй-жайды қарау онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келісімі болған жағдайда ҚПК-нің 219 және 220-баптарына сәйкес жүргізіледі.

      ҚПК-нің 220-бабының он төртінші бөлігіне сәйкес, егер тұрғын үй-жайы оқиға болған орын болып табылса және оны қарап-тексеруді кейінге қалдыру мүмкін болмаса, тұрғын үй-жайды қарап-тексеру сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін адамның қаулысы бойынша, бірақ кейіннен материалдарды тергеу судьясына тәуліктік мерзімде жібере отырып жүргізілуі мүмкін.

      Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.

      Тергеу судьясы жүргізілген қарап-тексерудің заңдылығын тексереді және оның заңды екендігі немесе заңды еместігі туралы қаулы шығарады, ол қылмыстық іс материалдарына қоса тігіледі.

      Егер жүргізілген қарап-тексерудің заңды еместігі туралы шешім қабылданған жағдайда, оның нәтижелері іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберілуі мүмкін емес.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Азаматтың жеке өміріне, тұрғын үйіне, хат жазысуына, телефон арқылы сөйлесуіне, почта, телеграф және өзге де хабарламаларына қол сұғылмаушылық құқығы шектеуге заңда (Конституцияның 18-бабының 1 және 2-тармақтары, 25-бабының 1-тармағы және 39-бабы) тікелей көрсетілген жағдайларда және тәртіпте ғана жол берілетіндіктен, азаматтардың аталған конституциялық құқықтарын шектейтін жедел-іздестіру шараларын жүргізу "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Заңның 12-бабында көрсетілген жағдайлар сақталғанда ғана жүргізілуі мүмкін. Жедел-іздестіру қызметін жүргізу құқығы берілген органдардың тізбесі аталған Заңның 6-бабында көрсетілген.

      Осы жедел-іздестіру шараларының нәтижелері олар ҚПК-нің "Жасырын тергеу әрекеттері" деп аталатын 30-тарауында көзделген тәртіппен істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.

      Сөйлесулерді және әңгімелерді жасырын тыңдау мен жазу жөніндегі тергеу әрекеттерін жүргізу ҚПК-нің 30-тарауында қарастырылған негіздерде және тәртіппен жүзеге асырылады.

      Егер жедел-іздестіру шаралары заңда белгіленген тәртіп бұзыла отырып жүргізілсе не оларды жүргізуге құқық берілмеген органдар жүргізсе, олардың нәтижесінде алынған барлық материалдар күші жоқ дәлелдемелер деп танылуға жатады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Қарау, тінту, алу, іс бойынша іс жүргізуге байланысты жедел-іздестіру шаралары мен өзге де шараларды өткізу кезінде адамдардың жеке өмірінің мән-жайларының құпиялылығы мен жария етілмеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралардың қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында қабылданған-қабылданбағанын соттардың тексергендері дұрыс. Жоғарыда көрсетілген құқықтарды қорғау бойынша Конституция талаптарының орындалмауына байланысты жолсыздықтар анықталған кезде, соттар оларды қорғау жөнінде заңмен қарастырылған шараларды қабылдаумен қатар, тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулылар шығаруға тиіс.

      19. Жоғары тұрған сот сатылары сот актілеріне шағымдарды, өтініштерді қарау кезінде, оларда келтірілген дәлелдерді тексерумен қатар, қылмыстық процестің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын өз бетімен шектеуге тыйым салатын талаптарының сотқа дейінгі және сот сатыларында сақталуына тиісті назар аударулары қажет.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. Конституцияның 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

М. Әлімбеков

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Ж. Бәйішев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады