Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту
мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасы туралы
«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы «__» ________
№ ____ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Мазмұны
Бағдарламаның паспорты
Кіріспе
Ағымдағы ахуалды талдау
Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары және іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері
Бағдарламада алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің негізгі бағыттары, жолдары және тиісті шаралар
1. Мемлекеттік тілді меңгеру
1.1 Мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау
1.2 Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту
1.3 Мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру
2. Мемлекеттік тілді көпшілікке тарату және оның қолданылу аясын кеңейту
2.1 Мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру
2.2 Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру
3. Қазақстандықтардың тілдік мәдениетінің деңгейін арттыру
3.1 Қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру мен жүйелеу
3.2 Тіл мәдениетін жетілдіру
4. Лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау
4.1 Коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің қолданысын сақтау
4.2 Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау
4.3 Ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену
Бағдарламаны іске асыру кезеңдері
Қажетті ресурстар
Бағдарлама паспорты
Бағдарламаның атауы Қазақстан Республикасында Тілдерді
дамыту мен қолданудың 2011 - 2020
жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасы
Әзірлеу үшін негіздеме Бағдарлама Қазақстан Республикасы
Конституциясының 7, 93-баптарына; 1997
жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан
Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан
Республикасының Заңына; 2010 жылғы 1
ақпандағы Қазақстан Республикасы
Президентінің № 922 Жарлығымен
бекітілген Қазақстан Республикасының
2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму
жоспарына; 2010 жылғы 19 наурыздағы
Қазақстан Республикасы Президентінің
«Мемлекеттік бағдарламалардың тізбесін
бекіту туралы» № 957 Жарлығына,
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы
ассамблеясының XV сессиясында берген
тапсырмаларын орындау жөніндегі
Іс-шаралар жоспарының 3-тармағына; Ел
бірлігі доктринасына және Мемлекеттік
тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның
бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007
- 2010 жылдарға арналған
тұжырымдамасына сәйкес әзірленді.
Бағдарламаны әзірлеу үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет
жауапты мемлекеттік орган министрлігі
Бағдарламаның мақсаты Қазақстанда тұратын барлық этностардың
тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін
нығайтудың аса маңызды факторы ретінде
мемлекеттік тілдің кең ауқымды қызметі
мен қолданысын қамтамасыз ететін
үйлесімді тілдік саясат
Міндеттері Мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын
жетілдіру мен стандарттау;
мемлекеттік тілді оқытудың
инфрақұрылымын дамыту;
мемлекеттік тілді оқыту үдерісін
ынталандыру;
мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін
арттыру;
мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;
қазақ тілінің лексикалық қорын
жетілдіру мен жүйелеу;
тіл мәдениетін жетілдіру;
коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі
орыс тілінің қолданысын сақтау;
Қазақстандағы тілдік алуандықты сақтау;
ағылшын және басқа да шет тілдерін
оқып-үйрену.
Іске асыру мерзімі 2011 - 2020 жылдар
бірінші кезең: 2011 - 2013 жылдар
екінші кезең: 2014 - 2016 жылдар
үшінші кезең: 2017 - 2020 жылдар
Мақсатты индикаторлар Мыналарды:
мемлекеттік тілді меңгерген ересек
тұрғындардың үлесін («Қазтест»
тапсырудың нәтижесі бойынша 2017 жылға
қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95 %);
мемлекеттік тілді В-1 деңгейде
меңгерген мектеп түлектерінің үлесін
(2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға
қарай - 100%);
бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ
тілді контенттің үлесін (2014 жылға
қарай - 53%, 2017 жылға қарай - 60%,
2020 жылға қарай - 70%);
ономастикалық комиссиялардың
жұмысындағы шешім қабылдау үдерісін
талқылауда қоғамдық қолжетімділік пен
ашықтық қағидаттарының сақталуы бойынша
тұрғындардың қанағаттанушылық деңгейін
(2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға
қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);
қазақ тілінің реттелген терминологиялық
қорының үлесін (2014 жылға қарай - 20%,
2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға
қарай - 100%);
республикадағы орыс тілін меңгерген
ересек тұрғындардың үлесін (2020 жылға
қарай - 90%);
ұлттық-мәдени бірлестіктер жанындағы
курстарда ана тілдерін оқу бойынша
курстарда қамтылған этностардың үлесін
(2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға
қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);
республикадағы ағылшын тілін меңгерген
тұрғындардың үлесін (2014 жылға қарай -
10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға
қарай - 20%);
үш тілді (мемлекеттік, орыс және
ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесін
(2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға
қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15%-ға
дейін) ұлғайту.
Қаржыландыру көздері 2011 - 2020 жылдары Бағдарламаны іске
және көлемі асыруға республикалық және жергілікті
бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ
Қазақстан Республикасының заңнамасында
тыйым салынбаған басқа да қаражат
жұмсалатын болады.
Бағдарламаның бірінші кезеңін іске
асыруға арналған мемлекеттік бюджеттің
жалпы шығыны 19 134 946 мың теңгені
құрайды.
2011 - 2020 жылдарға арналған
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі
Қазақстан Республикасының заңнамасына
сәйкес тиісті қаржы жылына арналған
республикалық және жергілікті
бюджеттерді қалыптастыру кезінде
нақтыланатын болады.
Кіріспе
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 және 93-баптарына; 1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына; Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың 2007 - 2010 жылдарға арналған тұжырымдамасына; 2010 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына; Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік бағдарламалардың тізбесін бекіту туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы № 957 Жарлығына; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының XV сессиясында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 3-тармағына; Ел бірлігі доктринасына сәйкес әзірленді.
Іске асырылуы он жылға есептелген Бағдарлама елімізде қалыптасқан тіл құрылысын талдауға негізделіп, тіл мәселелерімен айналысатын сарапшылар қауымының пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып әзірленген.
Бағдарламаны әзірлеу кезінде 30-дан астам шет елдің мемлекеттік тіл саясаты мәселелерін құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенді.
Осы құжат қоғам өмірінің барлық саласында тілдерді дамыту мен қолданудың және мемлекеттік тілді кең ауқымды қолдану үшін жағдай жасауда туындайтын өзекті проблемаларды шешудің нормативтік-ұйымдастырушылық негізі болып табылады.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткен болатын.
Ел бірлігі доктринасында мемлекеттік тіл ұлттық және рухани бірліктің басты факторы, шешуші басымдығы ретінде айқындалған. Оны меңгеру әрбір азаматтың міндеті мен парызы болып табылумен қатар, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайды.
Бағдарламада белгіленген мақсаттар мен міндеттер уәкілетті мемлекеттік орган Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңіне арнап әзірлейтін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін Іс-шаралар жоспары арқылы жүзеге асырылады.
Бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамытудың басымдығына негізделген және азаматтардың рухани-мәдени және тілдік қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға бағытталған.
Бағдарламаны іске асырудың нәтижелі болуы жоспарланған іс-шараларды іске асырудың тиімділігі қамтамасыз етілген жағдайда қажетті нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және негізгі бағдарламалық іс-шараларды мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына кіріктіру жолымен қамтамасыз етілетін болады.
Ағымдағы ахуалды талдау
Тәуелсіз Қазақстанда оңтайлы әлеуметтік-лингвистикалық кеңістік құру тіл саясатын кезең-кезеңмен іске асыру арқылы жолға қойылып отыр.
1997 - 2000 жылдары - 1997 жылғы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына және Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998 - 2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бекітілуіне орай қоғам өмірінің негізгі салаларында тіл құрылысының құқықтық негізі қалыптаса бастады.
2001 - 2010 жылдары - Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде тіл құрылысы стратегиясының мынадай үш бағыты айқындалды: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту, орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау, Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту. Сондай-ақ осы кезеңде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлылығы» Ұлттық мәдени жобасын іске асыру жұмысы басталды.
Бағдарламаны іске асыру қорытындылары Қазақстан Республикасындағы тіл құрылысының келешекке негізделген іргетасын қалады:
- мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымы елеулі түрде кеңіді (қазақ тілінде оқытатын балабақшалар - 940, бұл 2001 жылмен салыстырғанда 68%-ға артық, мектептер - 3811, 2001 жылмен салыстырғанда 163-ке өсті, 101 мемлекеттік тілді оқыту орталығы құрылды);
- іс қағаздарын жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру үдерісі белсенді түрде іске асуда (мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 67%-ды құрайды);
- мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы әзірлену үстінде (көп деңгейлі оқу-әдістемелік кешендер, жалпы таралымы 720 мың дана, 10 түрлі сөздік, жалпы таралымы 260 мың дана екі және үш тілді 8 салалық сөздік жарық көрді);
- мемлекеттік тілді меңгеру үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында интернет-портал құрылып, тұрақты түрде жаңартылып келеді (сервистің 20-дан астам түрі, әлемнің 50 елін қамтитын белсенді тұтынушылар аудиториясы);
- мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметі нығаюда (мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының (бұдан әрі - БАҚ) контентінде қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 70%-дан астам, баспа БАҚ-тағы мемлекеттік тілдің үлесі 68%-ды құрайды);
- шетелде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту және нығайту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде;
- Қазақстанда тұратын этностардың тілдерін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі құрылды (жалпы білім беретін 7576 мектептің 1598-і орыс тілінде, 62-сі өзбек тілінде, 14-і ұйғыр тілінде, 2-уі тәжік тілінде оқытады, 2089-ы - аралас мектептер; 2003 мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 260-ы орыс тілінде, 2-уі өзбек тілінде оқытады, 801 балалар оқу орындары - аралас; этномәдени бірлестіктердің 190 жексенбілік мектебінде 30 этникалық топ ана тілін үйренуде, қазақстандық 50 театрдың 9-ы аралас тілде, 15-і орыс тілінде, 1-еуі - кәріс, 1-еуі - неміс, 1-еуі - өзбек және 1-еуі - ұйғыр тілдерінде қойылымдар көрсетеді).
Алдағы онжылдықта, яғни 2011 - 2020 жылдардағы кезеңде тіл құрылысының қисыны еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін бірқатар проблемалы аспектілердің бар екендігіне негізделіп отыр.
Қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейі. Бұл проблемалы аспект мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай әдіснамасы мен стандарттарының жоқтығымен, қазақ тілі оқытушылары мен мамандарының даярлық деңгейінің төмендігімен, қазақ тілін оқыту инфрақұрылымы қызметінің бірыңғай стандарттарының болмауымен, мемлекеттік тілді меңгеруді ынталандыру және меңгеру үдерісіне мониторинг жасау жүйесінің жоқтығымен тікелей байланысты.
Елдің әлеуметтік-коммуникативтік кеңістігіне мемлекеттік тілдің жеткіліксіз енгізілуі. Бұл бағыттағы проблемалы мәселелер, ең алдымен, халықаралық коммуникациялар, демалу мен ойын-сауық саласында мемлекеттік тілді белсенді қолдану аясының кеңеюіне, қазақ тілін заңның, ғылымның және жаңа технологиялардың тілі ретінде дамытуға байланысты туындап отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру, оны отбасы құндылығы ретінде танытып, орнықтыру сияқты маңызды мәселелер тізбесі, сондай-ақ тіл саласындағы кейбір келеңсіз дақпырттардың, қисынсыз пікірлердің орын алуы да негізгі қиындықтардың қатарынан орын алып отыр.
Қазақстан қоғамындағы тіл мәдениетінің төмендеуі. Аталған аспектіде лингвистикалық кеңістіктің одан әрі дамуына терминология, антропонимика және ономастикадағы мәселелермен қатар, сөйлеу мәдениеті мен жазу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ толерантты тілдік орта құру қажеттігінде айтарлықтай қиындықтар туындап отыр.
Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын сақтау және нығайту қажеттілігі. Бұл аспектіде қазақстандықтардың бәсекелестік басымдығы ретінде орыс тілін меңгеру деңгейін сақтауға, Қазақстан мәдениетінің тілдік әралуандығын қалыптастыратын этностардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасауға және халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйренуге байланысты проблемалар топтамасы бар.
Осы проблемаларды шешуге қатысты басым қажеттілік пен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бағдарламаның мынадай мақсаттары мен міндеттеріне негіз болды.
Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары және оны іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері
Бағдарламаның басты мақсаты -
Қазақстанда тұратын барлық этностар тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданылуын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты.
Бағдарламалық мақсаттар:
1. Мемлекеттік тіл - ұлт бірлігінің басты факторы
2. Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету
3. Дамыған тіл мәдениеті - зиялы ұлттың әлеуеті
4. Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту
Нысаналы индикаторлар:
мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі («Қазтест» тапсырудың нәтижесі бойынша 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95%);
мемлекеттік тілді В-1 деңгейде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);
мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілді мазмұнның үлесі (2014 жылға қарай - 53%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 70%);
ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау үдерісін талқылауда қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы бойынша тұрғындардың қанағаттанушылық деңгейі (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);
қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);
республикадағы орыс тілін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі (2020 жылға қарай - 90%);
ұлттық-мәдени бірлестіктер жанында ана тілдерін оқу курстарымен қамтылған этностардың үлесі (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 90%);
республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға қарай - 20%);
үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15%).
Міндеттер:
1. Мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау
2. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту
3. Мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру
4. Мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру
5. Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру
6. Қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру мен жүйелеу
7. Тіл мәдениетін жетілдіру
8. Коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің қолданысын сақтау
9. Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау
10. Ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену
Нәтиже көрсеткіштері:
мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқытылатын қазақ тілі оқытушыларының саны (жыл сайын 500 адамнан кем емес);
он-лайн режимінде қашықтықтан қол жеткізу мүмкіндігін ұйымдастыра отырып, Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 90%);
аккредитациялаудан өткен Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының үлесі (2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);
мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында оқитындар санының өсімі (2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылғы өсім 30% кем емес, 2017 жылғы өсім 40% кем емес, 2020 жылға қарай - 100%);
«Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді білу сертификатын алған мемлекеттік қызметшілердің үлесі (2017 жылға қарай - 50% кем емес, 2020 жылға қарай - 100%);
мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді білу сертификатын алған қызметкерлердің үлесі (2017 жылға - 50% кем емес, 2020 жылға қарай - 100%);
мемлекеттік тілдің беделін арттыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі (жыл сайын 10%-дан кем емес);
мемлекеттік БАҚ эфиріндегі мемлекеттік тілдегі жаңа телевизиялық жобалар санының өсімі (жыл сайын 10%);
мемлекеттік тілде шығатын баспа БАҚ-ты қолдауға бағытталған мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың үлесі (жыл сайын 50%-дан кем емес);
көрнекі ақпаратты пайдалануды бақылау бойынша өңірлерді қамту деңгейі (2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 100%);
тұрғындардың терминологиялық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау үдерісін талқылауда қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы бойынша қанағаттанушылық деңгейі (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 100%);
ана тілдерін үйренуде әдістемелік көмекпен қамтылған ұлттық-мәдени бірлестіктері бар этностардың үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);
орталықтардың жалпы санына шаққанда ағылшын және басқа да шет тілдерін үйрету бойынша қызмет көрсететін мемлекеттік тілдерді оқытудың орталықтарының үлесі (2014 жылға қарай - 50%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 100%).
Бағдарламада алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің негізгі бағыттары, жолдары және тиісті шаралар
Бірінші бағыт
Мемлекеттік тілді меңгеру
Мақсаты: «Мемлекеттік тіл - ұлт бірлігінің басты факторы»
Нысаналы индикаторлар:
мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі (азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың «Қазтест» жүйесі бойынша емтихан тапсыру нәтижелері бойынша 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95%);
мемлекеттік тілді В-1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%).
Бағдарламаның бірінші бағытын іске асыру Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды көздейді. Бұл жүйенің өзегінде үшқұрамды негіз бар - мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, оқытудың инфрақұрылымын кеңейту және мемлекеттік тілді меңгеру үдерісін ынталандыру. Аталған тәсіл бірінші бағыттың үш міндетін анықтайды.
1. Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау
Қазақ тілін оқыту әдіснамасын жетілдіру үшін, ең алдымен, оқытудың тиісті стандарттарын жетілдіру мен үздіксіз білім беру моделі арқылы мемлекеттік тілді меңгеруді бағалау жүйесін енгізу қарастырылып отыр.
Көп деңгейлі стандартта тілді А1-А2 деңгейлерінде қарапайым пайдалану, тілді В1-В2 деңгейлерінде өз бетінше пайдалану және тілді С1-С2 деңгейлерінде құзыретті пайдалану көзделуге тиіс.
Құрылған стандартты жүйенің негізінде мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасының негізін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де әзірлеу көзделеді.
Осы шараның нәтижесінде мемлекеттік тілдің А-1 және А-2 деңгейіне мектепке дейінгі мекемелер мен мектептің төменгі сыныптарындағы балалар қол жеткізсе, мемлекеттік тілді меңгерудің В-1, В-2 деңгейіне мектептің орта және жоғарғы буындарында, сондай-ақ орта арнаулы білім алу кезінде оқитындар, ал С-1, С-2 деңгейіне жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кезеңде білім алатындар қол жеткізетін болады.
Бұған қоса, тілді меңгеру үлгілерін жетілдіру мен жаңғырту да көзделеді. Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс.
Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытудың стандарты негізінде оқытудың жаңа әдістемелерін әзірлеуде шығармашылық педагогикалық ізденістің тұрақты үдерісі сөзсіз қажеттілікке айналатын болады.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қазақ тілі оқытушыларын оқыту мен біліктілігін арттыру құрылатын жүйенің қажетті құрамдас бөлігінің біріне жатады.
Мамандарды сапасы жоғары деңгейде оқытуды жүргізудің ұйымдастырушылық және әдістемелік мүмкіндігі бар ғылым-білім беру орталықтары санының аздығына байланысты қашықтықтан оқыту жүйесін кеңінен енгізу көзделеді.
2. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту
Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесінің ең қажетті екінші құрамдас бөлігі - мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының аккредиттеу желісін құру болып табылады. Мемлекеттік тілді оқытудың осы орталықтары оқу орындарын бітірген Қазақстанның ересек азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруінің инфрақұрылымдық базасына айналуға тиіс.
Аталған бағытты жүзеге асыру мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының білім беру қызметіне міндетті талаптарды енгізуді көздейді.
Бұл үшін, ең алдымен, орталықтардың білім беру қызметіне қойылған талаптарды енгізу үшін құқықтық базаны жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын осы талаптарға сәйкес аккредиттеуді жүзеге асыру үшін құқықтық негізді қалыптастыру қажет.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қызметіне рейтингтік бағалау жүйесін енгізу қарастырылады.
Орталықтардың рейтингін жасауға орталық тыңдаушыларының Қазтест емтиханын тапсыру нәтижелері туралы деректер негіз болып табылады. Рейтинг деректері қоғам үшін әрі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялауға ашық болады.
Рейтинг жүйесін енгізу үшін Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қызметіне рейтингтік бағалау жүргізудің құқықтық негізі мен әдіснамасын әзірлеу қажет.
3. Мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру
Қойылған мақсатқа қол жеткізудің үшінші міндетті құрамдас бөлігі мемлекеттік тілді оқыту үдерісінің мониторингін жүргізу және ынталандыру жүйесін құру болып табылады.
Аталған міндетті мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ және халыққа қызмет көрсету саласындағы қызметтер көрсететін ұйымдар (банктер, сауда ұйымдары, қызметтер көрсету саласы және т.б.) қызметкерлерінің қазақ тілін білу деңгейіне қойылатын ең аз талаптарды анықтау арқылы іске асыру болжамдалады. Аталған шара мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарды бекітетін құқықтық базаны әзірлеуді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді қазақ тіліне оқыту жүйесін ұйымдастыруды қажет етеді.
Сонымен қоса «Қазтест» негізінде білім деңгейі жүйесін жыл сайын бақылауды енгізу көзделеді.
Білім беру жүйесінің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау мен бақылау жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтау болжанады. Қазақ тілі мемлекетаралық бақылау мен ұлттық бірыңғай тестілеудің қажетті және міндетті құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.
Қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытушы барлық тұлғаларға кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделген. Осы шаралардың қатарына - Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жанынан білім деңгейі бойынша курстарды ұйымдастыру, сондай-ақ осы жұмысқа мемлекеттік-жеке меншік серіктестік әдістерін қолдану көзделеді.
Сонымен қатар, инновациялық нысандар мен оқыту әдістемелерін әзірлеу арқылы қазақ тілін қашықтықтан оқытуды кеңінен енгізу көзделеді.
Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне өз ана тілдерін меңгеруге саяси-дипломатиялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар отандастар мәселелері бойынша сараптамалық және зерттеу жұмыстарының жүйесі ұйымдастырылатын болады.
Нәтиже көрсеткіштері:
мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқытылатын қазақ тілі оқытушыларының саны (жыл сайын 500 адамнан кем емес);
он-лайн режимінде қашықтықтан қол жеткізу мүмкіндігін ұйымдастыра отырып, қазақ тілі оқытушыларының біліктіліктерін арттыруға бағытталған іс-шаралар үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 90%);
аккредиттеуден өткен Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының үлесі (2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);
мемлекеттік қолдауға ие мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында мемлекеттік қатысу тұрғысынан оқитындар санының өсімі (2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылғы өсім 30% кем емес, 2017 жылғы өсім 70% кем емес, 2020 жылға қарай - 100%);
«Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді білу сертификатын алған мемлекеттік қызметшілердің үлесі (2017 жылға карай - 70%, 2020 жылы қарай - 100%);
«Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді білу сертификатын алған, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесі (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%).
Екінші бағыт
Мемлекеттік тілді көпшілікке тарату және оның қолданылу аясын кеңейту
Мақсаты: «Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын көпшілікке тарату»
Нысаналы индикаторлар:
мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілді контент үлесі (2014 жылға қарай - 53%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 70%).
Екінші мақсатқа қол жеткізудің алгоритмі мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолданылу аясын кеңейту жөніндегі жұмысты жүзеге асыруды меңзейді.
1. Мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру
Бұл міндетті іске асыруға қоғамдық санада мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру мен орнықтыру арқылы қол жетеді. Осы бағыттағы негізгі рөлге пиар-технологиялар ие болады. Бұл үшін мемлекеттік тілді көпшілікке тарату мен насихаттау жөніндегі арнайы жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді.
Нысаналы аудиториялардың негізгі ерекшеліктерін ескере отырып, бірқатар үлгі тұтарлық бейнелер мен модельдерді әзірлеу негізінде мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру жөніндегі жұмысқа табысты, мәртебелі тұлғаларды, оның ішінде мемлекеттік және басқа да тілдерді білетін өзге ұлт өкілдерін тарту көзделеді.
Аталған жұмыс блогы, сондай-ақ мемлекеттік тілде сөйлеушінің беделді бейнесін қалыптастыру үдерісіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үкіметтік емес сектордың шығармашыл әлеуетін тартуды көздейді.
Жоспарланып отырған шаралар қатарында интернетті қоса алғанда, БАҚ-тың барлық түрінде мемлекеттік тілді көпшілікке тарататын үлгі тұтарлық бейнелерді медиалық ротациялау, көпшілікке арналған мерзімді басылымдарды шығаруды қамтамасыз ету, негізгі нысаналы аудиториялар үшін көрнекі үгіт құралдарының визуалды және имидждік өнімдер шығара отырып, пиар іс-шаралар кешенін ұйымдастыру.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілді қолдануды көпшілікке тарату жөніндегі жұмысқа бірлескен акциялар өткізу арқылы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік әдістерін тарту көзделеді.
Мемлекеттік тілді отбасы құндылығы ретінде көпшілікке тарату талған жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақ тілінде сөйлейтіндерді, оның ішінде ұлты қазақ емес көпшілікке белгілі отбасыларын және шетел диаспорасы өкілдерін PR-жұмысқа тарту арқылы мемлекеттік тілді отбасындағы қарым-қатынас тілі ретінде көпшілікке тарату бойынша ауқымды науқан ұйымдастыру көзделеді.
Сонымен қатар, қоғамдық пікір көшбасшыларын тарта отырып, ақпараттық-идеологиялық сипаттағы шаралар кешенін - ақпараттық және қоғамдық науқандар, ірі қоғамдық қозғалыстар, акциялар мен жобалар ұйымдастыру қажет.
Қоғамдық пікірді қалыптастыру жөніндегі жұмыстардың маңызды Элементінің бірі мемлекеттік тілді қолдану мәселелерінде ұнамсыз таптаурын пікірлерді бейтараптандыру көзделеді.
Осы бағыттағы жұмыс мемлекеттік тілді пайдалану мен қолдану саласындағы ұнамсыз таптаурын пікірлерді алдын ала анықтау жөнінде зерттеу-талдау қызметін жүргізу, қажетті шаралар кешенін айқындау арқылы жолға қойылады.
Үметтік емес сектор әлеуеті мен масс-медиа мемлекеттік тілді қолдану саласында ұнамсыз аспектілерді қоғамдық бетке басудың тетіктерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстың негізгі ресурсына айналуы тиіс.
2. Мемлекеттік тілге сұранысты арттыру
Қойылған мақсатқа қол жеткізудің екінші міндеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру болып табылады.
Осы бағытта мемлекеттік тілде хабар тарататын жаңа телевизиялық арналар құру арқылы тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл ретте цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу мүмкіндігінің ашылуы айрықша маңызға ие.
Сондай-ақ, балалар мен жастардың қазақ тілді контентін кеңейту, арнайы оқыту бағдарламаларын құру, фильмдер түсіру арқылы мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ұйымдастыруда медиалық саланың әлеуетін белсенді пайдалану көзделеді.
Қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету мен қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесін құру да маңызды аспект болып саналады.
Қоғамда тіл мәдениетін тікелей қалыптастыратын адамдар ретінде БАҚ қызметкерлеріне қойылатын міндетті тілдік біліктілік талаптарын енгізуге ерекше рөл берілетін болады.
Сонымен бірге, аталған бағытта мемлекеттік тілді ғылым, заң және жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту шаралары көзделеді.
Осы ретте дәстүрлі және инновациялық тәсілдер негізінде жеке ғылыми-технологиялық тілдік базаны қарқынды дамыту барынша өзекті болып саналады.
Энциклопедияларды, ғылыми-публицистикалық, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттерді түпнұсқа тілінен қазақ тіліне аударуды ұйымдастыру және көп таралыммен шығару мемлекеттік тілдің қазіргі қолданбалы ғылым тілі ретіндегі рөлін барынша күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, электрондық үкімет шеңберінде электрондық қызметтер көрсетудің барлық деңгейінде қазақ тілінің қолданылуын жандандыру көзделеді.
Сондай-ақ, қазақ тілін халықаралық қарым-қатынас, демалыс және ойын-сауық саласында да кеңінен қолдану көзделіп отыр.
Мәдениет мекемелерінің репертуарларын қазақ тілді жаңа контентпен толықтыру қажеттілігі мемлекеттік тілдегі жаңа қойылымдарды және жобаларды, оның ішінде балалар мен жасөспірім көрермендер аудиториясына бағдарланған шығармалармен толықтыруға шығармашыл әлеуетті ынталандыру жөніндегі байқау іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу міндеттерін айқындап берді.
Бұқаралық мәдени, спорт және басқа да көпшілік іс-шараларды өткізген кезде мемлекеттік тілді кеңінен қолдану міндетті қажеттілік болуы тиіс.
Халықаралық кездесулерді, шарттарды, келісімдерді және өзге де халықаралық актілерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тіл негізгі тіл болуы тиіс.
Этнотуристік іс-шараларды (мәдени-этнографиялық ескерткіштерге саяхат, скаутинг, балардың этносаяхаттары және жазғы этнолагерьлер) ұйымдастырған кезде мемлекеттік тілдің әлеуетін пайдалануды жандандыру айрықша өзекті болып табылады.
Нәтиже көрсеткіштері:
мемлекеттік тілді көпшілікке таратуға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың үлесі (мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінен жыл сайын - 10%-дан кем емес);
мемлекеттік БАҚ эфирінде мемлекеттік тілдегі жаңа телевизиялық жобалар санының өсімі (телевизиялық жобалардың жалпы санынан жыл сайын - 10%);
мемлекеттік тілде шығатын баспа БАҚ-ты қолдауға бағдарланған мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың үлесі (жыл сайын 50% кем емес).
Үшінші бағыт
Қазақстандықтардың тілдік мәдениетінің деңгейін арттыру
Мақсаты: «Дамыған тіл мәдениеті - зиялы ұлттың элеуеті»
Нысаналы индикаторлар:
шешім қабылдау үдерісін талқылауда ашықтық пен қоғамдық қолжетімділік қағидаттарының сақталуы бөлігінде халықтың ономастикалық комиссиялардың жұмысына қанағаттанушылық деңгейі (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 75%, 2020 жылға қарай - 90%);
қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%).
1. Қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу
Аталған бағытты іске асыру, ең алдымен, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйеге келтіруді қамтамасыз етуді көздейді.
Ономастика саласындағы жұмысты жетілдіру, ең алдымен, ономастикалық жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізуді, қоғамдық пікірді есепке алуды, шешімдерді қабылдау үдерісіне азаматтық қоғам институттарын және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тартуды болжамдайды.
Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін ономастика саласындағы нормативтік құқықтық базаны пысықтау, сондай-ақ географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу, оны орыс және басқа да тілдерде транслитерациялаудың ережелерін әзірлеу қажет.
Антропонимикалық атауларды және көрнекі ақпараттарды сәйкестендіруді жүзеге асыру мемлекеттік тілде антропонимикалық белгілеулерді жазу мен сәйкестендіру жөніндегі бірыңғай талаптарды әзірлеуді, сондай-ақ көрнекі ақпаратты көркем ресімдеу туралы нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді талап етеді.
Терминологиялық лексиканы біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру жөніндегі міндеттер айрықша өзекті мәселе болып саналады.
Қажетті шаралар қатарына қазақ терминологиясын жүйелеу жөніндегі жаңа талаптарды әзірлеу, терминдерді және атауларды негізгі қағидаларға, қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру жатады.
Аталған жұмыс әлемдік тәжірибені, туыстас тілдердің үлгілерін, халықаралық терминдерді және терминологиялық атауларды пайдалану арқылы, сондай-ақ жаңадан бекітілген терминдерді бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану жиілігіне тұрақты мониторинг жүргізу жағдайында жүруге тиіс.
Терминологиялық қорды жаңа терминдермен жаңарту тілдік тарихи мұраны қайта жаңғыртуды, сондай-ақ терминтану мен терминография жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді.
Сонымен қатар, салалық терминологияның бірыңғай электрондық базасын құру мен қазақ терминологиясының жалпы қорын жасау және веб-сайттар мен порталдарға орналастыру қажет.
Үздіксіз тілдік өзгерістер үдерісін тіркеп отыратын, тілдің лексикалық және грамматикалық құрылысын сипаттайтын жүйе құру қажеттілігі де өзекті мәселе болып табылады.
Ұсынылып отырған жүйенің шешуші құрамдас бөліктерінің бірі тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейту болуы тиіс.
Осы жұмыс шеңберінде құқықтық олқылықтарды жою және тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту бөлігінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру талап етіледі.
Қажетті шаралар қатарына көрнекі және жарнамалық ақпарат құралдарында қазіргі әдеби қазақ тілінің тиісінше қолданылуын бақылауды күшейту жатады.
2. Тіл мәдениетін жетілдіру
Қазақстандықтардың тіл мәдениеті деңгейін көтерудің қажетті құрамдас бөлігі тіл мәдениетін дамыту болуы тиіс.
Айтыстар, мүшәйра, пікірталас турнирлерін және жыраулар мен жыршылар конкурстарын ұйымдастыру және өткізу осы бағыттағы негізгі шаралар болып табылады.
Қазақ жазуын одан әрі жетілдіру сауаттылықты көтеруге конкурстық іс-шаралар кешенін ұйымдастыру мен өткізу арқылы іске асырылатын болады. Сонымен қатар мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын мерзімді баспа басылымдарын мемлекет тарапынан қолдау талап етіледі.
Сонымен қатар, ақпараттық-анықтамалық электронды тілдік қызметті одан әрі дамыту және элективті, қосымша курстарды ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілдегі іскери ресми жазба дағдыларына оқыту жүйесін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Толерантты тілдік ортаны сақтау қажеттілігі - тіл мәдениетін жетілдіру жөніндегі міндеттердің сөзсіз өзегі. Қажетті шаралар қатарына - жұртшылықты, мәдениет және өнер қайраткерлерін, БАҚ өкілдерін кеңінен тарта отырып, мемлекеттік тіл күнін ұйымдастыру және өткізу, түркі жазбаларына арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру, сондай-ақ тіл мәдениетін насихаттауға бағытталған іс-шараларды өткізу дәстүрін жалғастыру жатады.
Нәтиже көрсеткіштері:
көрнекі ақпараттың пайдалануын бақылауда өңірлерді қамту дәрежесі (2014 жылға карай - 30%, 2017 жылға карай - 50%, 2020 жылға қарай - 100%);
шешім қабылдау үдерісін талқылауда ашықтық пен қоғамдық қолжетімділік қағидаттарының сақталуы бөлігінде терминологиялық комиссиялардың жұмысына қанағаттанушылық деңгейі (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай-75%, 2020 жылға қарай - 100%);
Төртінші бағыт
Лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау
Мақсаты: «Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту»
Нысаналы индикаторлар:
республикадағы орыс тілін білетін ересек тұрғындардың үлесі (2020 жылға - 90%);
ұлттық мәдени бірлестіктер жанындағы ана тіліне оқыту курстарында қамтылған этностар үлесі (2014 жылға қарай - 60%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға карай - 90%);
республикада ағылшын тілін білетін халықтың үлесі (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 15%, 2020 жылға қарай - 20%);
үш тілді меңгерген (мемлекеттік, орыс және ағылшын) халықтың үлесі (2014 жылға қарай - 10%, 2017 жылға қарай - 12%, 2020 жылға қарай - 15%).
1. Коммуникативтік-тілдік кеңістікте орыс тілінің қолданылуын сақтау
Төртінші бағытты іске асыру Қазақстанның коммуникативтік-тілдік кеңістікте орыс тілінің қолданылуын сақтау бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастыруды көздейді.
Мұның аясында орыс тілін оқытудың одан әрі оқу-әдістемелік және зияткерлік жүйесін қамтамасыз ету, сондай-ақ оқытушы кадрларды кәсіптік оқыту жұмыстарын жалғастыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Орыс тілінің қолданылуын ақпараттық қолдауға Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде орыс тілін ұсынуды қамтамасыз ету арқылы қол жеткізілетін болады.
2. Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау
Осы міндеттің аясында, ең алдымен, Қазақстанда тұратын этнос өкілдерінің ана тілдерін оқытуға жағдай жасау көзделеді. Бұл үшін жексенбілік мектептерге оқу-әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ қазақ тілінде сөйлейтін тәжірибелі педагог мамандарды тарту және ана тілін оқытуда халықаралық тәжірибені, заманауи технологияларды пайдалану жоспарланады.
Бұған қоса, этностардың тілдерін сақтау және мәдениеттерді өзара байыту үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету көзделеді. Қажетті шаралар қатарына кеңінен ақпараттық қолдау арқылы мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру, этностардың тарихи және қазіргі заманғы жазба мұрасын сақтауды қамтамасыз ету жатады.
Халықтың шығармашылық тұрғыдан өсуіне этностардың мәдени және шығармашылық мүмкіндіктерін одан әрі іске асыру арқылы жәрдемдесу жоспарланады.
3. Ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену
Қазақстандықтардың лексикалық капиталының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретінде шет тілдері болып табылады.
Осы міндеттің шеңберінде шет тілдерін оқыту үдерісін білім берудің кең кеңістігін сақтау көзделіп отыр.
Шет тілдік мәдениетпен өзара іс-қимыл жасау мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үкіметаралық келісімдер аясындағы мәдени-көпшілік іс-шараларды - Шет мемлекеттердің мәдениет күндерін, көрмелер өткізуді, көркем және деректі фильмдерді түпнұсқа тілде көрсетуді көздейді.
Нәтиже көрсеткіштері:
ана тілін үйрену жөніндегі әдістемелік көмекпен қамтылған ұлттық-мәдени бірлестіктері бар этностардың үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 60%, 2020 жылға қарай - 100%);
орталықтардың жалпы санына шаққанда ағылшын және басқа да шет тілдерін үйрету жөнінде қызметтер көрсететін Тілдерді оқыту мемлекеттік орталықтарының үлесі (2014 жылға қарай - 50%, 2017 жылға карай - 75%, 2020 жылға қарай - 100%).
Бағдарламаны іске асыру кезеңдері
Бағдарламаны іске асыру үш кезеңде жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде (2011 - 2013 жылдар) тілдерді одан әрі дамыту мен қолданудың нормативтік-құқықтық және әдіснамалық базасын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар өткізу көзделеді.
Мәселен, бірінші кезеңнің шеңберінде мемлекеттік тілді оқыту стандарттарын жетілдіру, қазақ тілін оқыту орталықтарын аккредиттеудің және олардың қызметін рейтингтік бағалауды жүзеге асырудың құқықтық негізін әзірлеу жұмыстарын іске асыру қарастырылады.
Бұған қоса, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйелеуді қамтамасыз ету бойынша ономастика саласындағы, терминологиялық лексиканы біріздендіру бойынша терминология саласындағы, сондай-ақ антропонимикалық атаулар мен көрнекі ақпаратты сәйкестендіруді жүзеге асыру бойынша антропонимика саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру көзделеді.
Сонымен қатар, құқықтық кемшіліктерді жою мен тіл туралы заңнаманың бұзылғаны үшін жауапкершілікті күшейту бөлігінде нормативтік құқықтық базаны жетілдіру көзделеді.
Осы кезеңде, сондай-ақ мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату, Қазақстанда тұратын этностар тілдерін сақтау мен оқып-үйренуге қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі ұйымдастырушылық-практикалық кешенді шаралар, сондай-ақ нәтижелердің тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесін енгізу көзделеді.
Екінші кезең (2014 - 2016 жылдар) шеңберінде мемлекеттік тілді оқып-үйрену және қолдану саласында, сондай-ақ тілдік әралуандықты сақтауда жаңа стандарттар, технологиялар мен әдістерді енгізу бойынша практикалық шаралар кешенін іске асыру қарастырылады. Сонымен қатар, осы кезеңде Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын аккредиттеуді жүргізу, сондай-ақ олардың қызметіне рейтингтік бағалауды енгізу басталады.
Сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеруді ынталандыру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру - мемлекеттік қызметшілердің, халыққа қызмет көрсету мен мемлекеттік қызметтер көрсету саласы қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеруі жөніндегі міндетті төменгі талаптарын енгізу көзделеді. Бұған қоса, мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, әзірленген нормативтік құқықтық базаның негізінде қазақ тілінің терминологиялық қорын ретке келтіру, ономастикалық кеңістікті жүйелеуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар басталатын болады.
Бағдарламаның үшінші кезеңінде (2017 - 2020 жылдар) мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесіне бақылау тетіктерін енгізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру көзделеді.
Сонымен қатар, қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік тілдің сұранысына, оны тиісінше қолдану сапасына және меңгерілу деңгейіне басқа тілдерді одан әрі сақтау жұмыстарына жүйелі мониторинг жүргізу көзделеді.
Бұған қоса, ономастика, терминология, мемлекеттік тілді қолдануды көпшілікке тарату, сондай-ақ толерантты тілдік ортаны сақтау жөніндегі жұмыстар жалғасатын болады.
Қажетті ресурстар
2011 - 2020 жылдары Бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражат жұмсалатын болады.
Бағдарламаның бірінші кезеңін іске асыруға арналған мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыны 19 134 946 мың теңгені құрайды.
2011 - 2020 жылдарға арналған Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.