Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның гранты есебінен Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында перзентхана және бас мешіт салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 4 қарашадағы № 1153 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Абу Даби қаласында 2010 жылғы 30 маусымда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның гранты есебінен Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында перзентхана және бас мешіт салу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 4 қарашадағы
№ 1153 қаулысымен  
бекітілген      

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб
Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Шейх Халифа бен Заид Әл
Нахаянның гранты есебінен Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент
қаласында перзентхана және бас мешіт салу жөніндегі
ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар ретінде аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі,
      мемлекеттер арасындағы қазіргі достық қатынастарды нығайтуға ниет білдіре отырып,
      халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетудің, сондай-ақ сауда-экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты алға жылжытудың маңыздылығын ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
      Қазақстан тарабынан - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі;
      Әмірліктер тарабынан - Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян қоры болып табылады.

2-бап

      Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі
      а) Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі және Біріккен Араб Әмірліктері Абу-Даби Муниципалитетінің - Муниципалитеттер істері жөніндегі басқармасы арасында 2007 жылғы 9 маусымда қол қойылған «Қазақстан Республикасында Мәртебелі Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның қайырымдылық қаражатымен қаржыландырылатын перзентхана мен балалар ауруханасын салуды іске асыру туралы» меморандумға,
      ә) 2007 жылғы 23 қаңтардағы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаян атындағы қайырымдылық-гуманитарлық ұйымы арасындағы «Оңтүстік Қазақстан облысында мешіт салу жобасының орындалуы туралы» меморандумға,
      б) 2008 жылғы 22 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян қоры арасындағы Шейх Халиф бен Заид Әл Нахаян атындағы бас мешіт салуға арналған меморандумға сәйкес,
      Қазақстан Республикасының Үкіметіне 33530000 (отыз үш миллион бес жүз отыз мың) АҚШ доллары мөлшерінде мыналарға:
      медициналық жабдықты сатып алу мен перзентхананың аумағын көркейтуді қоса алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында 25530000 (жиырма бес миллион бес жүз отыз мың) АҚШ доллары сомасына 120 орындық перзентхананы салуға және оның жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға;
      Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында 8000000 (сегіз миллион) АҚШ доллары сомасына Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян атындағы 3000 орындық бас мешітті салуға және оның жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға грант бөледі.
      Құрылыс аяқталғаннан соң және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қабылданғаннан кейін көрсетілген объектілер Қазақстан Республикасының меншігіне өтеді. Объектілерді пайдалану және жөндеу бойынша одан әрі барлық шығындар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінің есебінен және күшімен жүргізіледі.

3-бап

      Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының аумағында перзентхана салуға алаңы 3,2 га және бас мешітті салуға алаңы 5,3 га жер учаскелерін береді.

4-бап

      Тараптар объектілердің жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау және салу жөніндегі бас мердігерлерді бірлесіп анықтайды, олар Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаян қорымен жеке келісімшарттар жасасады.

5-бап

      1. Осы Келісімді іске асыру мақсатында бас мердігерлер әкелетін және орындайтын тауарлар мен қызметтер, объектілерді салу және олардың жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау уақытында:
      шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдар желісі бойынша берілген фанттардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын тауарларды импорттау бөлігінде қосылған құн салығынан;
      шетелдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдар желісі бойынша берілген гранттардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын тауарлардың импорты бойынша кедендік баждар мен алымдардан;
      Шымкент қаласындағы перзентхана мен бас мешіттің тапсырыс берушісіне бас мердігердің сатуы жөніндегі айналым бөлігінде қосылған құн салығынан;
      әлеуметтік салықтан босатылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережесі мыналарға:
      бас мердігерлердің осы Келісім шеңберіндегі объектілерді салуға және оның жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға байланысты емес қызметіне;
      осы Келісімнің 2-бабында анықталғаннан өзге мақсаттарда бас мердігерлердің Қазақстан Республикасына тауарлар әкелуіне;
      осы Келісімді іске асыру мақсатында бас мердігерлер тартқан қосалқы мердігерлік және басқа да ұйымдар орындаған жұмыстар мен көрсеткен қызметтерге қолданылмайды.

6-бап

      Объектілерді сату жөніндегі жұмыстарды үйлестіру және бөлінетін гранттың пайдаланылуын бақылау мақсатында екі Тараптардың мемлекеттері уәкілетті органдарының өкілдерінен Бірлескен комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      Комиссия жұмыстың жылдам және сапалы орындалуын үйлестіру үшін осы Келісімнің шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бас мердігерлермен барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      Комиссия объектілердің құрылысы аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылдап алу-беру актісіне сай объектілерді қазақстандық Тараптың меншігіне қабылдауды жүзеге асырады.

7-бап

      Осы Келісім Тараптардың, мемлекеттері олардың қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

8-бап

      Тараптардың арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары арасында консультациялар, келіссөздер жүргізу жолымен немесе келісілген өзге де құралдармен шешіледі.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 10-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті, Тараптардың мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді және 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
      Осы Келісім Тараптар міндеттемелерін орындағаннан және объектілердің құрылысы аяқталғаннан кейін өзінің қолданылуын тоқтатады немесе Тараптардың бірі кемінде алты ай ішінде өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптан жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшінде болады.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісім шеңберінде жасасқан және осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күніне толық аяқталмаған келісімшарттарда көзделген құқықтар мен міндеттерге әсер етпейді.
      2010 жылғы 30 маусымда Абу Даби қаласында, әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру жөнінде даулар туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының   Біріккен Араб Әмірліктерінің
            Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады