Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 23 ақпандағы № 118 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Астана қаласында 2009 жылғы 6 қазанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                       К.Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі
келісім
(2010 жылғы 18 тамызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2010 ж., N 6, 54-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары негізінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, кеңейтуге және нығайтуға ұмтыла отырып,
      халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ведомоствоаралық қатынастарды дамытуға мүдделі бола отырып,
      2003 жылғы 31 қазанда Нью-Иоркте қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ескере отырып,
      мыналар туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес ісінде ынтымақтасады. Осы мақсатта Тараптар:
      кадрлар даярлау бойынша бірлесіп ұйымдастырылатын іс-шараларға қатыса алады;
      көрсетілген салада әдістемелік материалдармен, тәжірибемен және нормативтік құқықтық актілермен алмаса алады.
      2. Тараптар, сондай-ақ кез келген өзге де тиісті нысанда ынтымақтаса алады.

2-бап

      1. Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты Қазақстандық тараптан - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), ал Француздық тараптан - Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі орталық қызметі жүзеге асырады.
      2. Ынтымақтастық жөніндегі әрбір іс-шара жазбаша сұрау салу негізінде жүзеге асырылады. Сұрау салу мүдделі Тараптың бірінші басшысының немесе оның орынбасарының атына жіберіледі және елтаңбалық мөрмен куәландырылады.
      3. Егер сұрау салуды орындау Сұрау салынатын тарап мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне залал келтіруі, оның мемлекеті азаматтарының құқықтарын немесе заңды мүдделерін бұзуға әкеп соғуы не Сұрау салынатын тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына және/немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін болса, Сұрау салынатын тарап жәрдем көрсетуден толығымен немесе ішінара бас тартуға құқылы.
      4. Сұрау салушы Тарап жәрдем көрсетуден толық немесе ішінара бас тарту туралы және мұндай бас тартудың себептері туралы жазбаша нысанда дереу хабардар етіледі.

3-бап

      Ақпарат пен құжаттарды беру Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Ақпарат пен құжаттарды алушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес оларды қорғауды қамтамасыз етеді.

4-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделетін қаражат шегінде осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.

5-бап

      Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қолданылмайды.

6-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін кез келген даулы мәселелерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.

8-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
      2009 жылғы 6 қазанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасының            Француз Республикасының
           Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін

      2009 жылғы 6 қазанда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                               Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады