«2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы Заңына және «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне Қызылорда облысының аумағындағы 2010 - 2011 жылдардағы су тасқыны кезеңінің ықтимал төтенше жағдайларының алдын алуға және Сырдария өзенінің арнасында қорғаныс іс-шараларын жүргізуге, жағалау қорғаныс бөгеттерін және бұру арналарының бөгеттерін күшейтуге, нығайтуға және қалпына келтіруге, қауіпті учаскелердегі өзен арнасын түзетуге, гидротехникалық құрылыстар орнатуға және оларды жөндеуге Қызылорда облысының әкімдігіне аудару үшін 2010 - 2011 жылдарға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға көзделген резервінен ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде 853102938 (сегіз жүз елу үш миллион бір жүз екі мың тоғыз жүз отыз сегіз) теңге сомада қаражат, соның ішінде:
2010 жылы 613815176 (алты жүз он үш миллион сегіз жүз он бес мың бір жүз жетпіс алты) теңге сомасында бөлінсін;
2011 жылы 239287762 (екі жүз отыз тоғыз миллион екі жүз сексен жеті мың жеті жүз алпыс екі) теңге сомасында қаражат бөлу көзделсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
3. Қызылорда облысының әкімі 2010 жылғы 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуы жөнінде есеп берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов