Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, жұмыс істеу және дамыту тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1310 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, жұмыс істеу және дамыту тәртібі туралы келісім мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтыруларды енгізу құқығын бере отырып Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, жұмыс істеу және дамыту тәртібі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 1310 қаулысымен  
мақұлданған     

жоба

Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, жұмыс істеу және дамыту тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының, Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының үкіметтері,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының арасындағы Кеден одағы туралы келісімге, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімге, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартқа, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартқа, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кедендік аумақ құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартқа сүйене отырып,
      2008 жылғы 12 желтоқсандағы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ортақ энергетикалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының ережелерін ескере отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру қажеттігін сезіне отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің отын-энергетикалық кешендерінің әлеуеттерін тиімді пайдалану, сондай-ақ ұлттық экономикаларды мұнай және мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыруға бағытталған негізгі принциптер мен іс-шараларды анықтау, сондай-ақ осы нарықтардағы бәсекелестікті дамыту болып табылады.
      Осы Келісімде мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер қолданылады:
      1) Бірыңғай экономикалық кеңістіктің мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары - Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасымен анықталатын Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті, Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, қайта өңдеу және өткізу саласындағы Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің сауда-экономикалық қарым-қатынастарының жиынтығы.
      2) Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің ішкі қажеттіліктері - Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы тиісті мемлекеттердің аумағындағы ішкі тұтынуды өтеуге қажетті мұнай және мұнай өнімдерінің көлемі.

2-бап

      Мұнайдың, мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру кезінде Тараптар мынадай негізгі қағидаттарды ұстанады:
      Тараптардың өзара саудада сандық шектеулерді және әкетілетін кедендік баждарды (балама мәнге ие басқа да баждарды, салықтар мен алымдарды) қолданбауы. Мұнай және мұнай өнімдерін Кеден одағын кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету кезінде кедендік әкету баждарын төлеу тәртібі Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің жекелеген, оның ішінде екіжақты келісімдерімен айқындалады;
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдеріне деген қажеттіліктерін басымдықпен қамтамасыз ету;
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнайға, мұнай өнімдеріне арналған нормалары мен стандарттарын сәйкестендіру;
      экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру.

3-бап

      Тараптар Бірыңғай экономикалық кеңістіктің мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асырады, олар мынадай іс-шараларды қамтиды:
      а) 2011 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде мұнай және мұнай өнімдерін көліктің барлық түрімен жеткізу, экспорттау мен импорттау туралы мәліметтерді қамтитын кедендік ақпараттың негізінде ақпарат алмасу жүйесін құру;
      б) 2011 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде осы Келісім талаптарын бұзудың алдын алатын бақылау тетіктерін жасау;
      в) 2013 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнайға, мұнай өнімдеріне арналған нормалары мен стандарттарын сәйкестендіру.
      Жоғарыда көрсетілген шаралар, Тараптардың немесе олар уәкілеттік берген органдардың тиісті келісімдер шеңберінде әдістемелерге немесе қағидаларға қол қоюы арқылы іске асырылады.

4-бап

      Тараптар Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттер арасындағы келісімдерге сәйкес, қолда бар техникалық мүмкіндіктер шегінде:
      өндірілген мұнайды және одан өндірілген мұнай өнімдерін Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағындағы қолданыстағы көлік жүйесі бойынша, оның ішінде магистралдық мұнай құбырлары мен мұнай өнімдері құбырларының жүйелері бойынша ұзақ мерзімді тасымалдауды жүзеге асырудың кепілдендірілген мүмкіндігі;
      Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін де, аумағы арқылы мұнай және/немесе мұнай өнімдерін тасымалдау жүзеге асырылатын Тараптың шаруашылық жүргізуші субъектісі үшін де Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің әрқайсысының аумағында орналасқан мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне тең жағдайларда қол жеткізуі жағдайларын қамтамасыз етеді.

5-бап

      Мұнай құбырлары мен мұнай өнімдері құбырларының жүйесі арқылы мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау тарифтерін Тараптардың әрбір мемлекетінің құзыретті органдары белгілейді және олар экспортқа тасымалдау мен ішкі тұтыну үшін ажыратылуы мүмкін. Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған тарифтер аумағы арқылы мұнайды және/немесе мұнай өнімдерін тасымалдау жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін белгіленген тарифтерге тең деңгейде белгіленеді.

6-бап

      Тараптардың құзыретті органдары әрбір ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін келесі күнтізбелік жылға Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнайды, мұнай өнімдерін өндіру (шығару), тұтыну, жеткізу, импорттау мен экспорттаудың индикативтік теңгерімін келіседі.
      Тараптардың құзыретті органдары Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнайды, мұнай өнімдерін өндіру, тұтыну, жеткізу, импорттау мен экспорттаудың ұзақ мерзімді индикативтік теңгерімін келіседі, ол Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай өндіруінің, мұнай өнімдерін шығару мен тұтынуының нақты өзгерісін ескере отырып, қажетіне қарай жыл сайын түзетілуі мүмкін.
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің біреуінің аумағында өндірілген мұнайды Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы басқа мемлекеттің аумағы бойынша тасымалдау көлемі мен бағыттары жыл сайып Тараптардың құзыретті органдарының арасындағы хаттамалармен айқындалады.

7-бап

      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерінің ішкі нарықтарын реттеуді осы мемлекеттердің ұлттық органдары жүзеге асырады. Тараптар мұнай және мұнай өнімдерінің нарығын ырықтандыру жөніндегі іс-шараларды Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

8-бап

      Осы Келісім, осы Келісімнің 13-бабында көрсетілген халықаралық шарттарды қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Тараптардың бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімі, осы Келісімде көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылады.

9-бап

      Осы Келісімнің орындалуын үйлестіруді мынадай құзыретті органдар жүзеге асырады:
      Беларусь тарапынан - Беларусь Республикасының Экономика министрлігі және «Мұнай және химия жөніндегі Беларусь мемлекеттік концерні»;
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі;
      Ресей тарапынан - Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі.
      Құзыретті органдар ауысқан жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
      Егер дау бір Тараптың келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы басқа Тарапқа ресми жазбаша өтініш жіберілген күнінен бастап алты ай ішінде Тараптардың келіссөздері мен консультациялары арқылы реттелмесе, дау тараптары арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған жағдайда, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін жібере алады.

11-бап

      Осы Келісімде ештеңе де осы Келісімнен туындайтын қағиданы және/немесе артықшылықты осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын үшінші мемлекетке, немесе осындай үшінші мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне, олардың тауарлары мен қызметтерін қолдануға Тарапты міндеттейтіндей болып түсінілмеуі тиіс.

12-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы 2010 жылғы _____ келісіммен, сондай-ақ Беларусь Республикасының аумағынан мұнай мен мұнай өнімдерін Кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету кезіндегі кедендік әкету бажын (балама әрекеті бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) төлеу тәртібін айқындау туралы 2010 ______ жылғы келісіммен бір мезгілде күшіне енеді және мемлекеттер басшылары деңгейіндегі ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) 2009 жылғы 19 желтоқсандағы № 35 шешімімен бекітілген Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында қол қою көзделген барлық келісімдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы 2010 жылғы ________ келісім, сондай-ай, Беларусь Республикасының аумағынан мұнай мен мұнай өнімдерін Кеден одағын кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету кезіндегі кедендік әкету бажын (балама әрекеті бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) төлеу тәртібін айқындау туралы 2010 жылғы _________ келісім осы мемлекеттердің аумағында қолданылған жағдайда Тараптар мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастарда қолданылады.
      2010 жылғы «___» ________ орыс тілінде бір түпнұсқа данада ________________ қаласында жасалды.

      Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын және оның расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Бірыңғай экономикалық кеңістіктің Интеграциялық комитетінде сақталады.

          Беларусь            Қазақстан             Ресей
      Республикасының      Республикасының      Федерациясының
       Үкіметі үшін          Үкіметі үшін       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады