Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 желтоқсандағы № 1367 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 173 қаулысымен

     Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). 

      «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2011 жылғы 9 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2010 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 1367 қаулысымен    
бекітілген       

Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы
қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу ережесі

      1. Осы Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленген және сараптама ұйымдарының өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу тәртібін анықтайды.
      2. Осы Ережеде мынадай терминдер қолданылады:
      1) жеке өрт қатері (өрт кезінде адам өлімінің қатері) - өрттің қауіпті факторларының әсер етуі нәтижесінде жекелеген адам өлімі мүмкіндігінің сандық сипаттамасы;
      2) өрт қатері - адамдар мен материалдық құндылықтар үшін өрт қауіптілігі мен оның салдарларын іске асыру мүмкіндігінің сандық сипаттамасы;
      3) өндірістік объектілер - өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы мақсатындағы объектілер, оның ішінде қоймалар, инженерлік және көлік (теміржол, автомобиль, ішкі су, теңіз, әуе және магистралдық құбыр көлігі) инфрақұрылымы, байланыс объектілері;
      4) әлеуметтік өрт қатері (өрт кезінде топтық адам өлімінің қатері) - өрттің қауіпті факторларының әсер етуі нәтижесінде он және одан астам адам өлімі мүмкіндігінің сандық сипаттамасы;
      5) қоныстанған аймақ - тұрғын үй қорын, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ жекелеген коммуналдық объектілерді орналастыруға арналған өндірістік объект аумағының бөлігі.
      3. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау объектінің меншік иесі мен сараптама ұйымы арасында жасалатын шарт негізінде жүргізіледі.
      4. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау мемлекеттік меншік объектілерінде, адамдар жаппай жиналатын және тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде жүргізілмейді.
      5. Қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу мерзімі шартпен анықталады, бірақ объектінің меншік иесі шартпен анықталған қатерлерді тәуелсіз бағалау жүргізудің барлық талаптарын орындаған сәттен бастап үш айдан аспауы қажет.
      6. Егер төмендегі мынадай талаптардың біреуі орындалған болса, объект өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келеді:
      1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен және өрт қауіпсіздігі мәселелерін реттейтін нормативтік құжаттармен белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптары толықтай орындалған;
      2) өрт қатерлерінің көрсеткіштері осы Ережемен белгіленген шекті мәндерден аспайды.
      7. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау мынадай іс-шараларды:
      1) объектінің өрт қауіптілігін сипаттайтын құжаттарды талдауды, сондай-ақ персоналдың дайындық деңгейін, оның ішінде:
      объектіде өрттердің алдын алу және сөндіру бойынша қажетті ұйымдастырушылық-жоспарлы құжаттардың болуын тексеруді;
      ықтимал өрт қаупі бар объектінің құрамдас бөліктерін теңестіру мақсатында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, техникалық және жобалау құжаттамасы талаптарының орындалуын талдауды;
      объект басшылары мен персоналының, оның ішінде объектінің мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің дайындығын тексеруді
      2) объектінің өрт қауіпсіздігі жай-күйі, өрттің туындау және өршу, өрттің қауіпті факторларының адамдарға әсер ету мүмкіндігін анықтау туралы шынайы ақпарат алу, сондай-ақ объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін анықтау үшін объектіні тексеруді, оның ішінде:
      объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің құжаттамалық және іс жүзінде сәйкестігін тексеруді;
      кәсіпорындарды, ғимараттар мен құрылыстарды өрттен қорғауға арналған өрт техникасының болуын және оның жай-күйін тексеруді;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді бағалау жөніндегі есептерді жүргізуді;
      4) объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды дайындауды қамтиды.
      8. Қоғамдық ғимараттардың қатерлерін тәуелсіз бағалау кезінде жеке өрт қатерінің есебі жүргізіледі.
      9. Өндірістік объектілердің қатерлерін тәуелсіз бағалау кезінде жеке және әлеуметтік өрт қатерлерінің есебі жүргізіледі.
      10. Өрт қатерлері мәндерінің есебі Қазақстан Республикасының аумағында қолдану үшін рұқсат етілген техникалық регламенттердің, мемлекеттік, мемлекетаралық, халықаралық стандарттардың, белгіленген тәртіппен бекітілген өрт қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жүргізіледі.
      11. Қоғамдық ғимараттар үшін жеке өрт қатері ғимаратта өрттің таралуының едәуір күрделі жағдайы мен адамдарды ғимараттан, үй-жайдан және құрылыстан шығу жолынан едәуір қашық орында орналастыру үшін жылына 10-6 мәнінен аспауы тиіс.
      12. Өндірістік объектілердің ғимараттарында, құрылыстарында, құрылымдарында және аумақтарында жеке өрт қатерінің шамасы жылына 10-6 аспауы тиіс.
      13. Технологиялық үдерістердің жұмыс істеу ерекшелігіне байланысты жеке өрт қатерінің көрсетілген шамасын қамтамасыз ету мүмкін болмайтын өндірістік объектілер үшін жеке өрт қатері жылына 10-4 аспауы тиіс.
      14. Өндірістік объектіде өрттің қауіпті факторларының әсер етуі нәтижесінде жеке өрт қатерінің шамасы объектінің қоныстандырылған аймағындағы адамдар үшін жылына 10-8 аспауы тиіс.
      15. Өндірістік объектіде өрттің қауіпті факторларының әсер етуінің әлеуметтік өрт қатерінің мәні объектінің қоныстандырылған аймағындағы адамдар үшін жылына 10-7 аспауы тиіс.
      16. Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу нәтижелері қорытынды түрінде ресімделеді.
      17. Қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу нәтижелері туралы қорытынды мыналарды:
      1) қорытындының атауын;
      2) қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу негіздемесі мен мақсатын қамтитын кіріспе бөлімін, жүргізілген қатерлерді тәуелсіз бағалаудың тапсырыс берушісі туралы мәліметті, қатерлерді тәуелсіз бағалауды орындаған сараптама ұйымы мен онда аккредиттеу аттестатының бар-жоғы туралы мәліметті, қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізген мамандар туралы мәліметті;
      3) объектінің қысқаша сипаттамасы мен қатерлерді тәуелсіз бағалаудың мақсатын;
      4) қатерлерді тәуелсіз бағалау үдерісінде қаралған құжаттар мен сәйкестендіру үшін қажетті шифрі, нөмірі, маркасы немесе өзге де индикациясы бар материалдарды көрсете отырып, тексерілген техникалық жүйелер туралы мәліметті;
      5) объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің, сондай-ақ ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы мәліметті;
      6) өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтар болған жағдайда өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді бағалау есептерін;
      7) объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына, оның ішінде есептермен алынған өрт қатерлері мәндерінің негізінде сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытындыларды қамтитын қорытынды бөлімді қамтиды.
      18. Қатерлерді тәуелсіз бағалау қорытындысына сараптама ұйымының басшысы қол қояды, сараптама ұйымының мөрімен расталады, тігілген беттердің санын көрсетіле отырып тігіледі.
      19. Сараптама ұйымы қорытынды шығарылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде қорытындының көшірмесін өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ұсынады.
      20. Өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қатерлерді тәуелсіз бағалау жүргізу нәтижелері бойынша қорытындының көшірмесін ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны, сондай-ақ объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі (сәйкес еместігі) туралы күмәнді ақпаратты қамтитын өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүргізу нәтижелері бойынша қорытындыны бергені үшін сараптама ұйымы Қазақстан Республикасының әкімшілік заңнамасына сәйкес жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады