«Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания «KEGOC» акционерлік қоғамы іске асыратын «Қазақстан Ұлттык электр желісінің 500, 220 кВ кернеулі желілеріне жалғай отырып, 500/220 кВ «Алма» қосалқы станциясын салу» жобасын тиімді қаржыландыруды ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) «Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания «KEGOC» акционерлік қоғамымен (бұдан әрі - «KEGOC» АҚ) және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамымен мемлекеттік кепілдік беру туралы келісім жасасын;
2) Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкіне (бұдан әрі - Банк) «2010 - 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 7 желтоқсандағы Заңымен бекітілген мемлекеттік кепілдіктер берудің лимиті шегінде 78000000 (жетпіс сегіз миллион) АҚШ доллары мөлшерінде тартылатын қарыз бойынша «KEGOC» АҚ-тың міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігін берсін.
2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен «KEGOC» АҚ-тың мемлекеттік кепілдікті алуға үміткер тұлғаларға қойылатын талаптарды орындауын қамтамасыз ету ұсынылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов