Мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың ұлттық дерекқорын қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 21 желтоқсандағы № 1387 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ялта қаласында 2009 жылғы 20 қарашада жасалған Мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың ұлттық дерекқорын қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі - Келісім) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Келісімнің орындалуына жауапты өкілетті орган болып белгіленсін.
      3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетін Келісімнің орындалуына жауапты өкілетті органның айқындалғаны туралы хабардар етсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2010 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1387 қаулысымен   
бекітілген     

Мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және авторлық құқық
пен сабақтас құқықтардың ұлттық дерекқорын қалыптастыру
жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім
(2011 жылғы 30 наурызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 32-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      авторлық құқық, сабақтас құқықтар объектілері мен құқық иеленушілер туралы ақпаратпен қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып,
      зияткерлік меншікті сақтау мен қорғау жөніндегі тиімді іс-шараларды жүзеге асыру үшін ақпараттық ресурстарды бірлесіп пайдалану және Тараптардың күш-жігерін үйлестіру қажеттілігін түсіне отырып,
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген мүліктік құқықтарды сақтау мен қорғау шараларын қолдану тиімділігін арттыруға ұмтыла отырып,
      Достастық шеңберінде экономикалық байланыстарды нығайту үшін мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және өзара құқықтық көмекті кеңейтуге ұмтыла отырып,
      өзара сауданы, экономикалық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ниет білдіре отырып,
      2006 жылғы 25 мамырдағы ТМД-ның үкіметтер басшылары кеңесінің шешімімен мақұлданған Зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ұлттық дерекқорын қалыптастыру және мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру тұжырымдамасының ережелерін негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Авторлық құқық, сабақтас құқықтар объектілері мен құқық иеленушілер туралы мемлекетаралық ақпарат алмасу үшін жағдай жасау мақсатында Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру және авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың ұлттық дерекқорын қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастықты жүзеге асырады және әрбір Тараптың авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың ұлттық дерекқорындағы осындай ақпаратты осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ішкі icтep органдары, сот органдары, прокуратурасы, кеден, сондай-ақ басқа да органдары алуын қамтамасыз ететін тетікті әзірлейді.
      Тараптар ұлттық заңнамаға сәйкес авторлық құқық, сабақтас құқықтар объектілері мен құқық иеленушілер туралы ақпарат алмасуды өздерінің өкілетті органдары арқылы жүзеге асырады.
      Осы Келісімде өкілетті органдар болып Тараптардың авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерінің тізілімін жүргізуді қалыптастыратын және бақылайтын органдары түсініледі.

2-бап

      Тараптар осы Келісімге және өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес бірыңғай қағидаттар негізінде ұлттық дерекқор қалыптасқаннан кейін Тараптардың өкілетті органдары арасында жүзеге асырылатын авторлық құқық, сабақтас құқықтар объектілері мен құқық иеленушілер туралы мемлекетаралық ақпарат алмасудың нормативтік-құқықтық және әдістемелік базасын жасау саласындағы ынтымақтастықты дамытады.
      Әрбір Тарап авторлық құқық, сабақтас құқықтар объектілері мен құқық иеленушілер туралы ақпаратқа осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларына өз мемлекетінің жеке және заңды тұлғаларына берілетін қолайлы режимінен кем емес режимде қол жеткізу мүмкіндігін береді.

3-бап

      Ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптардың өкілетті органдары:
      ұлттық дерекқор жасаудың жалпы қағидаттарын әзірлеу;
      ұлттық дерекқорға енгізілуге тиіс мәліметтердің құрамы мен мазмұнына бірыңғай талаптарды белгілеу;
      ақпарат көзін және ұлттық дерекқорға ақпарат енгізу тәртібін анықтау;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      оқу, әдістемелік және арнайы әдебиетпен алмасу;
      бірлескен ғылыми зерттеулер, семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру;
      дерекқормен жұмыс істеу үшін мамандарды оқыту (кадрлар даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға жәрдемдесу);
      ұлттық дерекқор қалыптастыруды және пайдалануды жүзеге асыратын органдарды белгілеу;
      авторлық құқық, сабақтас құқықтар объектілері мен құқық иеленушілер туралы мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар өткізу;
      авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілері туралы ұлттық дерекқор қалыптастыру және мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру бойынша жұмыс тәжірибесімен алмасу;
      Тараптардың сұрауы бойынша авторлық және сабақтас құқықтарды сақтау және қорғау саласындағы қатынастарды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді ұсыну арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Тараптар өздерінің өкілетті органдарының тізбесін белгілейді және ол туралы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарлама беру кезінде депозитарийге хабарлайды.

4-бап

      Тараптардың өкілетті органдарының өкілдері қажет болған жағдайда авторлық құқық, сабақтас құқықтар объектілері және құқық иеленушілер туралы мемлекетаралық ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастықтың тиімділігін нығайту және арттыру проблемалары бойынша (осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру және осы саладағы әдістемелік мәселелерін қоса алғанда) жұмыс кездесулерін және консультациялар өткізеді.

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар өзара іс-қимылды іске асырудың техникалық тәсілдерін қоса алғанда, өзара ақпарат ұсынудың құрамын, форматын және тәртібін белгілейтін жеке құжаттар қабылдайды.

6-бап

      Тараптардың өкілетті органдары осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды дербес көтереді.

7-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін жұмыс тілі - орыс тілі болып табылады.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрбірінің өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен немесе Тараптар келіскен басқа рәсімдер арқылы шешіледі.

11-бап

      Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім тиісті құжаттарды депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.

12-бап

      Осы Келісім ол күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру жолымен кез келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжаттарын депозитарийге беру күнінен бастап 30 күн өткеннен кейін күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрбірі осы Келісімнен шыққанға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің шығу ниеті туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жіберіп шығуға құқылы.
      Ялта қаласында 2009 жылғы 20 қарашада орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.

      Әзірбайжан Республикасының         Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Армения Республикасының            Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының           Түрікменстанның
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының          Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының             Украина
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады