Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Ғылым туралы
Осы Заң ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми жүйесінің жұмыс істеуі мен оны дамытудың негізгі принциптері мен тетіктерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу - нәтижесінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері өз қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін ресми тануға ие болатын рәсім;
2) ғылым - функциясы табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиімді басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеу, болмыс туралы объективті білімді тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметінің саласы;
3) ғылым жөніндегі ұлттық баяндама - әлемдік және ұлттық ғылымның жай-күйі мен даму үрдістерін талдауды, республиканың ғылыми-техникалық әлеуетін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, ғылымды дамытудың басым бағыттарын негіздеуді қамтитын, Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынылатын жыл сайынғы есеп;
4) ғылыми-білім беру консорциумы - бірлескен қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті тең құқылы бірлестік, онда ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және басқа, оның ішінде өндіріс саласында қамтылған заңды тұлғалар іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу, технологиялық инновацияларды әзірлеу және жоғары білікті мамандар даярлау үшін зияткерлік, қаржылық және өзге де ресурстарды біріктіреді;
5) ғылыми грант - жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде ел аумағында гранттар беру құқығына ие шетелдік тұлғалар ғылыми зерттеулер жүргізуге өтеусіз және қайтарымсыз беретін ақшалай немесе өзге қаражат.
Мемлекеттік ғылыми грант - жеке және заңды тұлғаларға стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық және енгізу жұмыстарын іске асыру үшін конкурстық негізде мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеусіз және қайтарымсыз берілетін ақшалай қаражат;
6) ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама жөніндегі басты ұйым - ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына қарамастан, мақсатты ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыруға арналған конкурстың қорытындылары бойынша уәкілетті мемлекеттік орган анықтайтын әрі іргелі және қолданбалы зерттеулердің ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыруды сүйемелдеуді және орындалатын бағдарламаның шеңберінде орындаушы ұйымдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
7) ғылыми, ғылыми-техникалық жоба және бағдарлама (есеп) - болжанған ғылыми-техникалық жұмыс мазмұнын қамтитын, жоспарланған жұмыстарды жүргізудің мақсаттары мен міндеттері, өзектілігі, жаңалығы, ғылыми-практикалық маңыздылығы мен орындылығы негізделген ғылыми, ғылыми-техникалық, ғылыми-білім беру, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулерді білдіретін құжат;
8) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті орындау барысында алынған және кез келген ақпараттық тасымалдағышта тіркелген жаңа білімдер немесе шешімдер, сондай-ақ жаңа бұйымдардың, материалдар мен заттардың модельдері, макеттері, үлгілері;
9) ғылыми-зерттеу жұмысы - бар білімдерді кеңейту және жаңа білімдер алу, ғылыми болжамдарды тексеру, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарын орнықтыру, жобаларды ғылыми жинақтау, ғылыми негіздеу мақсатында ғылыми ізденіспен, зерттеулер, эксперименттер жүргізумен байланысты жұмыс;
10) ғылыми инфрақұрылым - ғылыми ұйымның теңгеріміндегі ғылыми зертханалық және инженерлік жабдық, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіріс, бірегей объектілер, сондай-ақ өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
11) ғылыми зерттеулер - ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық (технологиялық) және енгізу жұмыстары шеңберінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен жүзеге асыратын қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулер;
12) ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырма - ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық (технологиялық) жұмыстарды жүргізу жөніндегі қызметтердің мемлекет қаржыландыратын көлемі;
13) ғылым кандидаты, ғылым докторы - ізденушілердің диссертациялар қорғауы негізінде берілген ғылыми дәрежелер;
14) ғылыми қызмет - зерделенетін объектілерге, құбылыстарға (процестерге) тән қасиеттерді, ерекшеліктер мен заңдылықтарды анықтау мақсатында қоршаған болмысты зерделеуге және алынған білімді практикада пайдалануға бағытталған қызмет;
15) ғылым саласындағы уәкілетті орган - ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
16) ғылыми-техникалық ақпарат - ғылыми-техникалық, инновациялық және өндірістік қызмет барысында алынатын, ғылымның, техниканың, технологиялардың ұлттық және шетелдік жетістіктері туралы мәліметтерді қамтитын ғылыми, ақпарат;
17) ғылыми-техникалық қызмет - технологиялық, конструкторлық, экономикалық, әлеуметтік-саяси және өзге де проблемаларды шешу үшін ғылымның, техника мен өндірістің барлық салаларында жаңа білім алуға және оны қолдануға, осы зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттама әзірлеуді қоса алғанда, ғылымның, технологияның және өндірістің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;
18) зияткерлік меншік - жеке және заңды тұлғалардың зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне айрықша құқығы немесе азаматтық айналымға қатысушыларды, тәжірибелік-конструкторлық, ғылыми-зерттеу, жобалау және іздестіру жұмыстарының нәтижесінде алынған тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді дараландырудың оларға теңестірілген құралдары;
19) инженерлік-техникалық қызметкер - ғылыми ұйымда немесе жоғары оқу орнында жұмыс істейтін, кәсіптік орта немесе кәсіптік жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін алуға және оны іске асыруға жәрдемдесетін жеке тұлға;
20) қолданбалы зерттеу - практикалық мақсатқа қол жеткізу және нақты міндеттерді шешу үшін жаңа білімді алуға және қолдануға бағытталған қызмет;
21) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат - мемлекеттің ғылыми, ғылыми-техникалық қызметке қатынасын білдіретін, ғылым мен техника саласындағы әр түрлі ұйымдар қызметінің, ғылыми-техникалық жетістіктерді іске асырудың, жаңа технологиялар жасаудың, оның ішінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы негізгі басымдықтарын, мақсаттарын, бағыттарын, принциптерін, нысандары мен әдістерін айқындайтын әлеуметтік-экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі;
22) салалық уәкілетті орган - мемлекеттік саясатты іске асыруды және тиісті салада ғылыми зерттеулерді жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
23) стратегиялық зерттеулер - іргелі және қолданбалы сипатқа ие басым ғылыми және ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бағытталған зерттеулер;
24) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар - өнімді жасау немесе жаңғырту кезінде орындалатын жұмыстар кешені, тәжірибелік үлгілерге арналған конструкторлық және технологиялық құжаттаманы әзірлеу, тәжірибелік үлгілерді дайындау және сынау;
25) тәжірибелік өндіріс-жаңа өнімдер мен жаңа технологиялық процестердің тәжірибелік үлгілерін дайындау және сынақтан өткізу негізгі қызметі болып табылатын ғылыми ұйымдардың құрылымдық бөлімшесі немесе заңды тұлға;
26) философия (PhD) докторы, бейіні бойынша доктор - тиісті мамандықтар бойынша докторантураның кәсіптік оқу бағдарламаларын игерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін ғылыми дәреже;
27) іргелі зерттеу - табиғат, қоғам, адам дамуының негізгі заңдылықтары және олардың өзара байланысы туралы жаңа ғылыми білім алуға бағытталған теориялық және (немесе) эксперименттік зерттеу;
28) доцент, профессор - ғылыми ұйымның немесе жоғары оқу орындарының қолдаухаты бойынша ғылым саласындағы уәкілетті орган беретін ғылыми атақтар.
2-бап. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасы Конституцияға негізделеді, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулерді жүргізу бөлігінде осы Заңмен реттелген құқықтық қатынастарға, сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібіне талаптарды белгілейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының қолданысы таратылмайды.
3. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік органдардың құзыреті
3-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ғылыми және
ғылыми-техникалық қызмет саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын және оны іске асыру жөніндегі шараларды әзірлейді;
2) ұлттық экономиканы дамытудың басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды;
3) ғылыми-техникалық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын қарастырады және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге енгізеді;
4) жыл сайынғы Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді;
5) салалық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бекітеді;
6) ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу тәртібін бекітеді;
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Жоғары ғылыми-техникалық комиссия құрады және ол туралы ережені бекітеді;
8) ғылымның басым бағыттары бойынша Ұлттық ғылыми кеңестер құрады, Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережені және оның құрамын бекітеді;
9) Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығын құрады;
10) зерттеу университетінің мәртебесін береді және ол туралы ережені бекітеді;
11) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және оны жүргізу тәртібін бекітеді;
12) ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртібін бекітеді;
13) ғылыми зерттеулер жүргізуге мемлекеттік тапсырманы орналастыру тәртібін бекітеді;
14) базалық қаржыландыру субъектілері болып табылатын ұйымдардың тізбесін бекітеді;
15) ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру туралы шешім шығарады;
16) ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындайды және оларды беру тәртібін бекітеді;
17) мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыру шеңберінде орындалатын Ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды жүргізуге арналған үлгі шартты бекітеді;
18) ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыратын қорларды құрады және олар туралы ережені бекітеді;
19) ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландырудың нормаларын бекітеді;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4-бап. Ғылым саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Ғылым саласындағы уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:
1) елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының мақсаттары мен басымдықтарын ескере отырып, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ұсыныстарды тұжырымдау және мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларын үйлестіру;
3) Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын әзірлеу;
4) Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның қызметін қамтамасыз ету;
5) ғылыми зерттеулерді жүргізуге мемлекеттік тапсырманы орналастыру тәртібін әзірлеу;
6) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларын әзірлеу және олардың қалыптастыру, орындау және аяқтау сатыларында іске асырылуын бақылау;
7) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу тәртібін әзірлеу;
8) ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу тәртібін әзірлеу, сондай-ақ оларды аккредиттеуді өткізу;
9) Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
10) Ұлттық ғылыми кеңестердің қызметін үйлестіру;
11) ғылыми зерттеулерді іске асыруға қатысатын салалық уәкілетті органдардың қызметін үйлестіру;
12) Ғылыми ұйымның консультативтік-кеңесші органы туралы үлгі ережені, оның мүшелерін сайлау тәртібімен қоса бекіту;
13) Ұжымдық пайдаланудағы ұлттық ғылыми және инженерлік зертханалар туралы үлгі ережені бекіту;
14) Диссертациялық кеңес туралы үлгі ережені бекіту;
15) ғылыми дәрежелерді беру тәртібін бекіту;
16) ғылыми атақтар беру тәртібін бекіту;
17) философия (PhD) докторы, бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалған диссертацияларды мемлекеттік тіркеу тәртібін бекіту;
18) мемлекеттік және салалық ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу;
19) Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ережені әзірлеу;
20) ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртібін әзірлеу;
21) жыл сайынғы Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы дайындауды ұйымдастыру;
22) базалық қаржыландыру субъектілері болып табылатын ұйымдардың тізбесін қалыптастыру;
23) мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және оларға теңестірілген ғылыми ұйымдардың тізбесін қалыптастыру;
24) мемлекеттік ғылыми ұйымдарды және оларға теңестірілген ғылыми ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгізу;
25) өз құзыреті шегінде мемлекеттік ғылыми ұйымдардың басшыларын лауазымға тағайындау және лауазымнан босату;
26) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
5-бап. Салалық уәкілетті органның құзыреті
Салалық уәкілетті органның құзыретіне мыналар жатады:
1) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ұсыныстарды әзірлеу және мемлекеттік саясатты іске асыру, тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру;
2) тиісті салада Қазақстан Республикасындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қалыптастыруға қатысу;
3) тиісті салада ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу;
4) тиісті салада орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалардың және бағдарламалардың (есептердің) нәтижелерін бекіту;
5) Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
6) базалық қаржыландыру субъектілерінің тізбесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
7) мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және оларға теңестірілген ғылыми ұйымдардың тізбесін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу;
8) тиісті салада мемлекеттік ғылыми ұйымдарды және оларға теңестірілген ғылыми ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгізу;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
3-тарау. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері
6-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері
1. Меншік нысанына және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылады.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне шығармашылық еркіндікке, теріс пиғылды бәсекелестіктен қорғауға, ғылыми, ғылыми-техникалық қызметке қатысуға, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражатынан және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға тең құқыққа кепілдік беріледі және қамтамасыз етіледі.
3. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда сату немесе сатуға ұсыну құқығын қоса алғанда, зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқығына ие.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экологиялық және ұлттық қауіпсіздікке қауіп тудырмайтын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың іске асырылуын бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.
7-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын
жеке тұлғалар
1. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын ғылыми ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен және зерттеу университеттерімен еңбек қатынастарында тұратын ғылыми, инженерлік-техникалық және өзге де қызметкерлер, сондай-ақ ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті өз бетінше жүзеге асыратын ғалымдар ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар болып табылады.
2. Мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға үміткер жеке тұлғаларға қойылатын талаптар конкурс шарттарымен айқындалады.
8-бап. Ғылыми ұйымдар
1. Ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына қарамастан, қызметінің негізгі мәні ғылыми, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру болып табылатын заңды тұлға ғылыми ұйым болып табылады.
2. Мемлекеттік меншікке негізделген ұйымдар мемлекеттік ғылыми ұйымдар болып табылады.
Дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі ұйымдар, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар мемлекеттік ғылыми ұйымдарға теңестірілген ұйымдар болып табылады. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы әрбір келесі тұлғаға тиесілі болуын білдіреді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы - мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясатты қалыптастыруға және іске асыруға, ғылымды дамытудың басым бағыттарын әзірлеуге, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерге, ғылыми сыйлықтарды алуға ұсынылған жұмыстарды ғылыми-техникалық сараптауға қатысатын және жыл сайынғы Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды жүзеге асыратын республикалық қоғамдық бірлестік.
9-бап. Жоғары оқу орындарының ғылыми қызметі
1. Жоғары оқу орны жүзеге асыратын қызметтің негізгі түрі білім берумен қатар, ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық қызмет, оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықты іске асыру болып табылады.
2. Жоғары оқу орындарының, сондай-ақ олардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын қызметкерлерінің мемлекеттік бюджет қаражатынан және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына қатысуға тең құқығы бар.
3. Жоғары оқу орындары оқу-білім беру процесіне ғылымның озық жетістіктерін енгізумен қатар оқыту процесіне ғылыми, ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдарын, оның ішінде шетелдік ғалымдарды тартуға құқылы.
4. Мемлекеттік жоғары оқу орындары заңнамада белгіленген тәртіппен ғылыми зертханалар, ғылыми-зерттеу институттарын, технопарктер, жобалау-конструкторлық ұйымдар мен инновациялық кәсіпорындар, сондай-ақ ғылыми-білім беру консорциумдарын құруға құқылы.
5. Осы заңға сәйкес қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік жоғары оқу орындарына конкурстық негізде Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде зерттеу университеттерінің мәртебесі берілуі мүмкін.
10-бап. Зерттеу университеті
1. Зерттеу университеті іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді және өзге де ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыруға және өткізуге қатысатын жоғары оқу орны болып табылады.
2. Зерттеу университетінің негізгі міндеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру процесін кіріктіру болып табылады.
3. Зерттеу университеті жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және іске асыруға, сондай-ақ оқуға қабылдаған кезде бейіндік бағыттың қосымша талаптарын белгілеуге құқылы.
11-бап. Ғылым саласындағы өзге де ұйымдар
Қызметінің негізгі мәні ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет болып табылмайтын заңды тұлғалар өздерінің құрылтай құжаттарында бекітілген міндеттерді шешу мақсатында өз құрылымында ғылыми бөлімшелер құруға құқылы.
4-тарау. Ғылыми ұйымдардың қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыру
12-бап. Ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу
1. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары оқу орындарының, дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырманы мемлекеттік бюджет қаражатынан орындайтын ғылыми қызметкерлеріне еңбекақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және негіздерде жүргізіледі.
2. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған мемлекеттік тапсырманы мемлекеттік бюджет қаражатынан орындайтын ғылыми қызметкерлерге ғылыми дәрежесі үшін ғылым кандидатына, философия (PhD) докторына, бейіні бойынша докторға бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторына екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде ай сайын қосымша ақы белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті аккредиттелген ғылыми ұйымдармен немесе жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асыратын шетел ғалымдарына еңбекақы төлеу олардың біліктілігін ескере отырып, шарт (келісім-шарт) негізінде жүзеге асырылады.
13-бап. Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің еңбек демалыстары
1. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне олардың еңбекақы төлеуге арналған қаражаты шегінде ғылым докторларына жыл сайын ұзақтығы 56 күнтізбелік күн, ғылым кандидаттарына, философия (PhD) докторларына, бейіні бойынша докторларға 42 күнтізбелік күн, ғылыми қызметкерлерге 35 күнтізбелік күн ақысы төленетін еңбек демалысы беріледі және бір лауазымдық айлық мөлшерінде сауықтыру үшін жәрдемақы төленеді.
Ұжымдық шартта (келісім-шартта) белгіленген жағдайда ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне олардың еңбекақы төлеуге арналған қаражаты шегінде сауықтыру үшін екі лауазымдық еңбекақы мөлшерінде жәрдемақы төленіп, ұзақтығы отыз күнтізбелік күн, жыл сайынғы ақысы төленетін демалыс берілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне жетекші жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда және зертханаларда, оның ішінде шетелде біліктілігін арттыру, тағылымдамадан өту мақсатында бір жылға дейінгі мерзімге демалыс беріледі. Бұл ретте демалыс уақытында бұл адамның жалақысы сақталмай, жұмыс орны мен лауазымы сақталады.
Демалыс берудің тәртібі мен шарттары мемлекеттік ғылыми ұйымдардың ішкі құжаттарында айқындалады.
14-бап. Ғылыми ұйымдардың қызметкерлерін әлеуметтік
қорғау шаралары
1. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары оқу орындарының, дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі жоғары оқу орындарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығына ие.
2. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары оқу орындарының, дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі жоғары оқу орындарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж қызметкерлеріне жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері тегін беріледі.
3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдардың қызметкерлеріне және олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне белгіленген тәртіппен тиісті денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қызмет көрсетіледі.
4. Ғылыми қызметкерлерді зейнеткерлік және әлеуметтік қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
15-бап. Ғылыми ұйымдардың қызметкерлерін көтермелеу
шаралары
1. Ғылыми ұйымдардың қызметкерлерін, ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдарды көтермелеу және қолдау мақсатында:
1) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтегі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылуы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынылуы;
3) үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы көрнекі жетістіктері үшін жыл сайынғы сыйлықтарды алуға ұсынылуы;
4) мыналарға:
ғылым мен техниканы дамытуға елеулі үлес қосқан, мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі немесе қолданбалы зерттеулерді жүргізуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен мамандарға;
ғылыми проблемаларды шешу жөнінде зерттеулер жүргізуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған 35 жасты қоса алғандағы жасқа дейінгі талантты жас ғалымдарға берілетін мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы мүмкін.
2. Сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендияларды беруді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде ғылым саласындағы уәкілетті орган және салалық уәкілетті органдар жүзеге асырады.
16-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау
1. Жоғары білікті кадрлары және материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары өздері үшін басым бағыттар бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлауды, қайта даярлауды және тағылымдамадан өткізуді жүзеге асыруға құқылы.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және тағылымдамадан өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджет қаражатынан ұлттық, сондай-ақ шетелдік ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуы мүмкін.
5-тарау. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті басқару
17-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті басқару және
оның негізгі принциптері
1. Стратегиялық, сараптамалық және әкімшілік функциялардың бөлінуін сақтай отырып, Қазақстан Республикасында ұлттық ғылыми инновациялық жүйенің дамуы мен жұмыс істеуі мақсатында ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті басқаруды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
Қазақстан Республикасының Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясы;
Ұлттық ғылыми кеңестер;
Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы;
ғылым саласындағы уәкілетті орган;
салалық уәкілетті органдар жүзеге асырады.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті басқару мынадай негізгі принциптерге негізделеді:
1) ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің басымдылығы;
2) мемлекеттік қолдауды алу және мемлекеттік тапсырманы орналастыру кезінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің айқындығы, объективтілігі және теңдігі;
3) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік қолдаудың экономикалық тиімділігі мен нәтижелілігі;
4) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын ғылыми, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өзара күш-жігерімен дамыту;
5) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін университеттік инновациялық құрылымдарды ұтымды пайдалану;
6) ғылыми жобалар мен бағдарламаларды сараптаудың объективтілігі мен тәуелсіздігі;
7) ғылыми, ғылыми-техникалық әзірлемелерді, өндіріс пен білім беруді кіріктіру;
8) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің неғұрлым басым бағыттары бойынша жоғары білікті кадрлар даярлау;
9) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту;
10) экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды ынталандыру үшін преференциялар беру;
11) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытуға жеке сектордың қатысуын көтермелеу және ол үшін жағдайлар жасау;
12) технологияда білім алуды, трансформациялауды ынталандыру және олардың экономиканың нақты секторына трансферті.
18-бап. Қазақстан Республикасының Жоғары
ғылыми-техникалық комиссиясы
1. Қазақстан Республикасының Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясы (бұдан әрі - Жоғары ғылыми-техникалық комиссия) - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы алқалы орган.
2. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның құрамы Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдар басшыларынан, жетекші ғалымдардан, білімнің түрлі салаларының сарапшыларынан, ұлттық компаниялардың, ірі бизнес және ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құрылады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
3. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның негізгі міндеті ғылым мен инновациялық қызметті дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттер мен басымдықтарды анықтау, бағыттар бойынша басым іргелі және қолданбалы зерттеулердің түрлері мен көлемін анықтау, Ұлттық ғылыми кеңестердің ұсыныстарын қарастыру және бекіту, ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
19-бап. Ұлттық ғылыми кеңестер
1. Ұлттық ғылыми кеңестер ғылымды дамытудың басым бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.
2. Ұлттық ғылыми кеңестердің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
Жоғары ғылыми-техникалық комиссия анықтаған басымдықтарға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттарды анықтау;
ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бөлінетін қаржыландырудың нысандары мен көлемін анықтау;
ұсынылған бағдарламалар мен жобалардың жаңалығын, ғылыми-техникалық деңгейін, перспективасын, әзірлену дәрежесін, сұралып отырған қаржыландыру көлемінің экономикалық негіздемесін бағалау;
республиканың жаңа ғылыми бағыттарға қажеттілігін бағалау;
мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыруға ұсынылатын іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды конкурстық іріктеуді жүзеге асыру;
жүргізілетін ғылыми зерттеулер нәтижелілігінің мониторингін, оның ішінде объектіге барып жүзеге асыру;
3. Ұлттық ғылыми кеңестер республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының мемлекеттік басымдықтарына сәйкес ғылым бағыттары бойынша құрылады.
4. Ұлттық ғылыми кеңестердің тізбесі оларды қалыптастыруға жауапты салалық уәкілетті органдар көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
5. Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамдары ғылым саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның, салалық уәкілетті органдардың, Ұлттық ғылым академиясының, бизнес-құрылымдардың ұсыныстары бойынша құзыретті қазақстандық және шетелдік ғалымдардан, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, бизнестің өкілдерінен қалыптастырылады және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
6. Ұлттық ғылыми кеңестер:
ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың бағдарламалары мен жобаларын;
ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және енгізу жұмыстары бөлігіндегі басқа бағдарламаларды;
Қазақстан Республикасы ғылыми мекемелерінің, ұйымдарының және кәсіпорындарының қатысуымен іске асырылатын мемлекетаралық ғылыми-техникалық бағдарламалардың жобаларын;
инновациялық жобаларды республикалық бюджет қаражаты есебінен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (қаржыландыруды тоқтату) туралы шешімдер қабылдайды.
7. Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерін уәкілетті органдар міндетті түрде орындауға тиіс.
8. Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері нақты мәселелерді қарау кезінде өздеріне белгілі мүдделер жанжалы туралы кеңеске мәлімдеуге міндетті және кеңес қабылдайтын шешімдердің объективтілігі мен негізділігіне жауапты болады.
9. Ұлттық ғылыми кеңестер ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің тиісті бағыттары бойынша орындалатын ғылыми зерттеулер жөніндегі аралық және қорытынды есептерді қабылдайды, сондай-ақ өздері қабылдаған шешімдердің орындалу мониторингін жүзеге асырады.
10. Нақты жобаға, бағдарламаға (олар бойынша есепке) сараптама, ғылыми жұмыстардың орындалу мониторингін жүргізгені үшін сыйақыны, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік ғалымдардың іссапар шығыстарын қоса алғанда, Ұлттық ғылыми кеңестердің қызметін қаржыландыруды Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы мемлекеттік бюджет қаражатынан жүзеге асырады.
20-бап. Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама
орталығы
1. Әкімшілендіру біртұтастығын, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалар сараптамасының тәуелсіздігін, ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығын құрады.
2. Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының құзыретіне мыналар кіреді:
1) мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыруға ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
2) Ұлттық ғылыми кеңестердің қызметін қамтамасыз ету;
3) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама нәтижелерін Ұлттық ғылыми кеңестерге жіберу;
4) орындалған ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламалардың нәтижелерін (есептерін) бағалау;
5) жүргізілетін ғылыми зерттеулердің, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалардың (бағдарламалардың) нәтижелілігінің мониторингін жүзеге асыру;
6) қазақстандық және шетелдік сарапшылар құрамын сапалы іріктеуді қамтамасыз ету;
7) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы әдістемелік және ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету;
8) ғылыми, ғылыми-техникалық деректер банктерін қалыптастыру;
9) өз қызметін жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
10) ғылыми және ғылыми-техникалық саланың сарапшыларын аттестаттау (сертификаттау, аккредиттеу);
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызметтерді жүзеге асыру.
3. Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы мыналарға:
1) мемлекеттік органдардан, жеке және өзге де заңды тұлғалардан функцияларын жүзеге асыруға және өзіне жүктелген міндеттерді орындауға қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
2) өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
3) ғылыми зерттеулердің орындалу және аяқталу сатысында оларға сараптама, сондай-ақ мониторинг жүргізуге;
4) ғылыми зерттеулерге сараптама жүргізу және олардың мониторингін жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен басқа ұйымдарды, қазақстандық және шетелдік ғалымдар мен мамандарды тартуға;
5) мемлекеттік, оның ішінде шетел мемлекеттерінің билік органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен белгіленген тәртіппен өзара іс-қимыл жасауға;
6) ғылыми-техникалық қызмет саласында консультативтік-кеңесші және сараптамалық органдар құруға;
7) ғылыми және ғылыми-техникалық даму мәселелері бойынша іс-шаралар өткізуге;
8) баспа қызметін жүзеге асыруға құқылы.
4. Ұлттық ғылыми кеңестің қызметін қамтамасыз етуді қоса алғанда, Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының қызметін қаржыландыру мемлекеттік бюджет қаражатынан жүргізіледі.
21-бап. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама
1. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама - ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды талдамалық бағалауды дайындау мақсатында мынадай принциптер бойынша жүзеге асырылатын қызмет:
тәуелсіздік, объективтілік, құзыреттілік және кешенділік;
сараптама қорытындыларының дұрыстығы, толықтығы және негізділігі.
2. Мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыруға жататын ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы құзыретті шетелдік сарапшылар жүргізеді, қазақстандық сарапшылар қосымша тартылуы мүмкін.
Гуманитарлық ғылымдар бойынша ғылыми жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы қазақстандық сарапшылар жүргізе алады.
3. Ғылыми техникалық сараптама жүргізуге сарапшыларды тарту үшін шетел сарапшыларының дерекқоры құрылады, олардың кандидатураларын шетелдік жетекші жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері, ұлттық ғылым академиялары және ғылыми қоғамдастықтар ұсынады.
Сарапшыларды іріктеу олардың мамандануына және жобаның ерекшеліктеріне сәйкес жүргізіледі.
Сараптамаға Ұлттық ғылым академиясының мүшелері өз басшылығының ұсынысы бойынша қатыса алады.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалар мен бағдарламаларды бағалауға тартылған ғалымдар, сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер сараптамаға ұсынылған материалдардың құпиялылығын сақтауға және коммерциялық құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
5. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
22-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен
бағдарламаларды (есептерді) және ғылыми,
ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін
мемлекеттік есепке алу
1. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды (есептерді) және ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін мемлекеттік есепке алу - ғылыми-техникалық ақпараттың ұлттық ресурсын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық әлеуетінің серпінін мониторингілеу мақсатында жүзеге асырылатын қызмет.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды (есептерді) және ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін мемлекеттік есепке алуға ұсынуға міндетті.
3. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды (есептерді) және ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін мемлекеттік есепке алуды ғылым саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалардың және бағдарламалардың нәтижелері туралы есеп ғылым саласындағы уәкілетті органның веб-сайтында орналастырылуға тиіс.
5. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды (есептерді) және ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін мемлекеттік есепке алуды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
23-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін
аккредиттеу
1. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеуді ғылым саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаларды аккредиттеу оларға қойылатын ең төменгі қажетті талаптарды белгілей отырып, хабарландыру сипатында болады.
3. Аккредиттелген ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің өз қызметін мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыруға қатысуға құқығы бар.
6-тарау. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру
24-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру
1. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік бюджет қаражатынан қаржыландыру мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) базалық қаржыландыру;
2) гранттық қаржыландыру;
3) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру.
3. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ережесінде белгіленген тәртіппен және шарттарда бір уақытта әр түрлі қаржыландыру нысандары бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды немесе бағдарламаларды іске асыруға арналған шартты (келісім-шартты) тиісті уәкілетті органмен ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектісі олар іске асырылатын бүкіл мерзімге, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге жасайды.
25-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті базалық
қаржыландыру
1. Базалық қаржыландыру ғылым саласындағы уәкілетті органда аккредиттелген және салалық уәкілетті орган айқындаған, олар үшін басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырманы орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдарға және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдарға, мемлекеттік жоғары оқу орындарына, дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарына, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі жоғары оқу орындарына бөлінеді.
2. Базалық қаржыландыру ғылыми инфрақұрылымды және мүлікті, оның ішінде ғимараттарды, жабдықтар мен материалдарды ағымдағы қамтамасыз етуге, сауықтыру үшін жәрдемақы төлеуді және ғылыми дәрежеге қосымша ақы төлеуді қоса алғанда, ғылыми қызметкерлердің, мамандар мен әкімшілік қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуге, сондай-ақ мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік жоғары оқу орындарының, дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі жоғары оқу орындарының, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларға дауыс беретін акцияларының (үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде тиесілі жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық қызметін ақпараттық сүйемелдеуге арналған базалық қаржыландыру нормалары бойынша шығыстарды қамтиды.
3. Базалық қаржыландыру субъектілері болып табылатын ұйымдар тізбесін салалық уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде ғылым саласындағы уәкілетті орган қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
26-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті гранттық
қаржыландыру
1. Гранттық қаржыландыру ғылыми зерттеулер жүргізуге, ғылыми зерттеулердің, ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының, сондай-ақ ғалымдардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру мақсатында бөлінеді.
2. Гранттық қаржыландырудың негізгі бағыттары мен көлемін Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың басым бағыттарына сәйкес Ұлттық ғылыми кеңестердің ұсынымдары негізінде Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекітеді және белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жатады.
3. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа барлық ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері тең жағдайда қатысуға құқылы.
4. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты ғылым саласындағы уәкілетті орган не салалық уәкілетті орган ресми бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және веб-сайтта жариялайды.
5. Гранттық қаржыландыруға қатысуға арналған өтінімдерді ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері конкурсты жариялаған тиісті мемлекеттік органға береді.
6. Гранттық қаржыландыру туралы шешімдерді Ұлттық ғылыми кеңес шығарады және конкурсты жариялаған тиісті уәкілетті орган бекітеді.
7. Гранттық қаржыландыруды конкурсты жариялаған уәкілетті орган не ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыруды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген өзге тұлға (орган) жүзеге асырады.
8. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың нәтижелері ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және конкурсты жариялаған уәкілетті органның веб-сайтында орналастырылуға тиіс.
27-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметті
бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру
1. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру стратегиялық маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталған және конкурстық негізде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша конкурстан тыс рәсімдер арқылы жүзеге асырылады.
2. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған конкурсқа барлық ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері, оның ішінде қоса атқарушы ретінде де қатысуға құқылы.
3. Нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға арналған конкурсты салалық уәкілетті орган не ғылым саласындағы уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және веб-сайтта жариялайды.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға арналған өтінімдерді салалық уәкілетті органдар не ғылым саласындағы уәкілетті орган тиісті Ұлттық ғылыми кеңестің қарауы үшін Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығына жолдайды.
5. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға конкурс жариялаған уәкілетті орган ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға арналған өтінімдерді Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдерімен бірге Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға жолдайды.
6. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мақұлдаған ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларға арналған өтінімдер белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына жатады.
7. Нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруға арналған конкурс жеңімпаздары Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдері негізінде анықталады және оларды конкурсты жариялаған тиісті уәкілетті орган бекітеді.
8. Нысаналы ғылыми зерттеуді, ғылыми-техникалық жобаны (бағдарламаны) қаржыландыруды конкурс жариялаған уәкілетті орган жүзеге асырады.
9. Конкурс нәтижелері бойынша салалық уәкілетті орган немесе ғылым саласындағы уәкілетті орган ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға және орындауды ұйымдастыруға (сүйемелдеу және үйлестіру) уәкілетті ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша бас ұйымды анықтауы мүмкін.
10. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының нәтижелері ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және конкурс жариялаған уәкілетті органның веб-сайтында жариялануға тиіс.
7-тарау. Ғылымды дамытуды экономикалық ынталандыру және халықаралық ынтымақтастық
28-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін
коммерцияландыру
1. Мемлекет ұлттық ғылыми инновациялық жүйені дамытуды экономикалық ынталандыруға, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға, заңнамада белгіленген тәртіппен экономиканың басым секторларында технологияларды коммерцияландыруды қаржыландыруға кепілдік береді.
2. Мемлекеттік ғылыми ұйымдарға, мемлекеттік жоғары оқу орындарына, оның ішінде өзге тұлғалармен бірлесіп, қызметі ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін практикада қолдану (коммерцияландыру) болып табылатын ұйымдар құруға рұқсат етіледі.
3. Мемлекеттік ғылыми ұйымдар, мемлекеттік жоғары оқу орындары ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына үлес ретінде мемлекеттік органдардың келісімінсіз зияткерлік меншік құқығын ғана енгізе алады.
Мемлекеттік ғылыми ұйымдар, мемлекеттік жоғары оқу орындары зияткерлік меншікке мүліктік құқықтарға иелік етуді уәкілетті мемлекеттік органның - өз мүліктері иесінің келісімінсіз жүзеге асырады.
4. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйым құру туралы хабарламаны оның құрылтайшылары оның мемлекеттік тіркелгені туралы жазба жүзеге асырылған сәттен бастап жеті күннен кешіктірмей, тиісті салалық уәкілетті органға жолдайды.
5. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына үлес ретінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің басқа субъектілері зияткерлік меншік құқығымен қатар, өзге де мүлікті енгізе алады.
6. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымның жарғылық капиталына үлес ретінде енгізілетін зияткерлік меншік құқығын бағалау заңнамаға сәйкес жүргізіледі.
7. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы үлестерді (акцияларды) басқару заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
8. Егер олар мен зияткерлік меншік объектісі авторының (авторларының) арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қаржыландыру қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижесінде ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері алған зияткерлік меншік құқығы ғылыми ұйымдарға тиесілі.
9. Мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар не мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар зияткерлік меншік объектілерін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Зияткерлік меншік объектілеріне берілген айрықша құқықтарды шектеуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жол беріледі.
29-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасының шетел мемлекеттерімен ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастығы тиісті халықаралық шарттардың, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың негізінде, сондай-ақ ұлттық және шетелдік ғылыми және өзге де ұйымдар арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты орнатуға және кеңейтуге ықпал ету нысанында жүзеге асырылады.
2. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет субъектілері халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық ұйымдар мен бірлестіктерге кіруге, халықаралық ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларға, шетел мемлекеттерінің ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалары мен жобаларына қатысуға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасында да, оның аумағынан тыс жерлерде де жұмыс істеуге шетелдік заңды тұлғалармен шарттар (келісім-шарттар) және өзге де келісімдер жасасуға құқылы.
3. Республика аумағында белгіленген тәртіппен шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ және шетелдік заңды тұлғалардың қатысуымен ғылыми ұйымдар мен ғылыми орталықтар құруға болады.
4. Ғылым мен техника саласына шетелдік инвестициялар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және нысандарда жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық нәтижелердің, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық өнімдердің Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілуін бақылауды жүзеге асырады.
8-тарау. Қорытынды ережелер
30-бап. Ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы
заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы заңнаманың бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
31-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Ғылым туралы» 2001 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 15-16, 226-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 20, 152-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті