Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Киіктерді (Saiga tatarica tatarica) қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстант Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 наурыздағы № 200 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Киіктерді (Saiga tatarica tatarica) қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі келесімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Киіктерді (Saiga tatarica tatarica) қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2010 жылғы 15 наурыздағы
№ 200 қаулысымен   
мақұлданған     

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының
Үкіметі арасындағы Киіктерді (Saiga tatarica tatarica) қорғау,
өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі келісім

(2010 жылғы 31 тамызда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар болып аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі,
      Тараптар мемлекеттерінің арасындағы қазіргі достық қатынастарды және киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдету мүдделерін негізге ала отырып;
      адамдардың әрбір ұрпағы болашақ ұрпақтар үшін табиғи ресурстардың сақтаушысы болып табылатынын және биологиялық саналуандықты сақтауды қамтамасыз етуге міндетті екенін сезіне отырып;
      саны соңғы онжылдықта үздіксіз қысқарып бара жатқан және жойылып кету шегіне жетуі мүмкін киіктердің Еуразияның қуаңшылық аймақтарының ашық ландшафттарын мекендеушілер болып табылатынын мойындай отырып;
      киіктердің жылыстау бағыты Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арқылы өтетін жерүсті фаунасының тым ертедегі түрлерінің бірі және қоныс аударушы түр болып табылатынын және ғылыми құндылығы бар екенін назарға ала отырып;
      1998 жылы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты, 1979 жылғы 23 маусымдағы Жылыстаушы жабайы аңдар түрлерін сақтау туралы конвенцияны және 2006 жылы 25 қыркүйектегі Киікті қорғауға, есімін молайтуға және санын орнықты дамытуға қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды басшылыққа ала отырып;
      киіктерді қорғау, өсімін молайту, санын орнықты дамыту және олар мекендейтін жерлерді сақтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және тиімді жүргізу Тараптар мемлекеттерінің ынтымақтастығы жағдайында ғана жүзеге асырылуы мүмкін екендігін мойындай отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарында өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары нормаларының негізінде киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі шараларды дербес жүзеге асырады.
      Киіктерді аулауға тыйым салуға немесе шектеуге Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жол беріледі.
      Егер Тараптардың бірінің мемлекетінде киіктер ерекше қорғалатын түр болып табылса, ал басқа Тараптың мемлекетінде киіктерді аулауға тыйым салынбаса, Тараптар киіктер таралымының жай-күйіне мониторинг ұйымдастыруды көздейтін келісілген шешім қабылдайды және осының негізінде киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөнінде шаралар белгілейді.
      Уәкілетті органдар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі практикалық іс-шаралардың тиімділігі туралы жыл сайын бір-бірін хабардар етіп тұрады, сондай-ақ мониторинг деректерімен алмасады.

2-бап

      1. Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті;
      Өзбек Тарапынан - Өзбекстан Республикасы Табиғат қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеті болып табылады.
      2. Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етілетін болады.

3-бап

      Жылдық циклдің барлық кезеңінде киіктердің популяциясын сақтау және ұлғайту жөніндегі шаралардың тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Тараптар киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргізуде өзара іс-қимыл жасайды.
      Әрбір Тарап киіктерді және олар мекендейтін жерлерді (оның ішінде жылыстау жолдарын) сақтау мақсатында өз мемлекетінің аумағында қорғалатын табиғи аумақтар құруға қажетті шараларды жүзеге асырады.
      Осы Келісімнің мақсаты үшін жауапкершілік және құқық бұзушылықтармен күрес шараларын өзара үйлестіру және бір ізге салу құпталады, өйткені бұл Тараптардың ұлттық заңнамаларына қайшы келмейді.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту саласындағы ғылыми зерттеулерді өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қаржыландырады.
      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар инвестициялық жобаларға қатысады.

5-бап

      Қажеттілігіне қарай, киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі күш-жігерді үйлестіру мақсатында Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары мен ғылыми ұйымдарының өкілдерінен бірлескен жұмыс тобы құрылуы мүмкін.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелері киіктерді және олар мекендейтін жерлерді сақтау жөнінде басқа шаралар қабылдау жөнінде Тараптардың қандай да бірінің құқықтарын шектемейді және оларға әсер етпейді.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер жолымен шешетін болады.

8-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы мерзім аяқталғаннан кейін бұл Келісім, егер Тараптардың бірде бірі ағымдағы кезеңнің аяқталуына алты ай қалғанда оның қолданылуын өзінің ұзартпау ниеті туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      Осы Келісім 1979 жылғы 23 маусымдағы Жылыстаушы жабайы аңдар түрлерін сақтау туралы конвенцияға қатысушы болып табыла ма, жоқ па, осыған қарамастан, Тараптардың келісімімен киіктердің мекендеу аймағының кез келген басқа мемлекетінің оған қосылуы үшін ашық.
      2010 жылы «__» ________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының      Өзбекстан Республикасының
            Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады