«Белгіленген әскери қызмет мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2010 жылдың сәуір - маусымында және қазан - желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 наурыздағы № 960 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері әскерге шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастырсын және саны 28609 адам болатын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ он сегізден жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтарды, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жиырма жеті жасқа толмаған және шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткермеген азаматтарды 2010 жылдың сәуір - маусымында және қазан - желтоқсанында шақыруды жүргізуді қамтамасыз етсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі әскерге шақырылушыларды жинау және әскерлерге жөнелту орындарында ішкі істер органдары қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін ұйымдастырсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгіленген тәртіппен әскерге шақыру пункттерін медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырсын.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өтінімдері бойынша мерзімді әскери қызметтің запасқа шығарылған әскери қызметшілерін және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлеріне, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасы Республикалық ұланына, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне әскери қызметке шақырылған азаматтарды тасымалдауды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды, сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің запасқа шығарылған әскери қызметшілерін тасымалдауға арналған шығыстарды өтеуді республикалық бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаржы шегінде тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдарға тікелей олар ұсынған шоттар бойынша жүргізсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов