"Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық Аралды құтқару Қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 сәуірдегі № 330 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық Аралды құтқару Қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық Аралды құтқару Қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы

      1999 жылғы 9 сәуірде Ашхабад қаласында Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының шешімімен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық Аралды құтқару Қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Халықаралық Аралды құтқару Қоры туралы ережені және ХАҚҚ мен оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімді бекіту туралы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының
ШЕШІМІ

      Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мынаны шешті:
      1. Өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, Халықаралық Аралды құтқару Қоры туралы ереже бекітілсін.
      2. Халықаралық Аралды құтқару Қорының мәртебесі туралы келісім бекітілсін және Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның және Өзбекстан Республикасының Үкіметтеріне Орталық Азия мемлекеттері аумағында Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылсын.
      1999 жылғы 9 сәуірде Ашхабад қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Түпнұсқа данасы осы Ережеге қол қойған мемлекеттерге оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Түрікменстан Үкіметінің мұрағатында сақталады.

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Түрікменстан үшін

      Өзбекстан Республикасы үшін

Орталық Азия Мемлекеттері
басшыларының       
1999 жылғы 9 сәуірдегі 
шешімімен        
БЕКІТІЛГЕН       

Халықаралық Аралды құтқару Қоры туралы
ЕРЕЖЕ

      I. Қордың ұйымдық негіздері

      1.1. Бұдан әрі Қор деп аталатын Халықаралық Аралды құтқару Қоры Орталық Азия Мемлекеттері басшылары 1993 жылғы 4 қаңтарда Ташкент қаласында қабылдаған шешімге сәйкес құрылды және осы Ереженің негізінде әрекет етеді.
      Қордың негізгі міндеті Аралды құтқарудың бірлескен нақты іс-әрекеттерін перспективалы бағдарламалары мен жобаларын, тұтастай алғанда, өңірдің барлық мемлекеттерінің мүдделерін ескере отырып, Арал маңын және Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыруды қаржыландыру және оларға кредит беру болып табылады.
      1.2. Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы Қордың құрылтайшылары болып табылады. Қор құрылтайшылары қатарында тең құқықты негізде Қорды құру мақсаттарын қолдайтын және оның жобалары мен бағдарламаларын қаржыландыруға атсалысатын басқа мемлекеттер де болуы мүмкін.
      Халықаралық ұйымдар мен басқа да заңды және жеке тұлғалар Қорға қатысушы бола алады.
      1.3. Қордың тұрақты әрекет ететін атқарушы органы Атқарушы Комитет болып табылады.
      Атқарушы комитет тиісті иммунитет пен артықшылықтарға ие халықаралық ұйым мәртебесі бар заңды тұлға болып табылады.
      Атқарушы комитеттің қызметі 1997 жылғы 28 ақпанда Алматы қаласында Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Шешімімен мақұлданған қағидаттық басқару схемасы және Қор Президенті бекітетін Қордың Атқарушы комитеті туралы ереже негізінде ұйымдастырылады.
      1.4. Қор құрамына:
      Басқарма;
      Ревизиялық комиссия;
      Атқарушы комитеттің Орталық Азия мемлекеттеріндегі филиалдары мен бөлімшелері;
      Мемлекетаралық Үйлестіруші Су шаруашылығы Комиссиясы (МҮСК), оның Хатшылығы, Ғылыми-ақпараттық орталық, Бассейндік су шаруашылығы бірлестіктері - «Әмудария» БСБ және «Сырдария» БСБ;
      Орнықты Даму Комиссиясы, оның Хатшылығы, Ғылыми-ақпараттық орталығы кіреді.
      Атқарушы комитет арқылы құрылтайшы мемлекеттер, донор елдер, халықаралық ұйымдар қаржыландыратын құрылғалы отырған өңірлік жобалар мен агенттіктердің орналасатын жерін Қорға құрылтайшы мемлекеттер Басшыларының келісімі бойынша белгіленген тәртіппен ХАҚҚ Президенті айқындайды деп белгіленсін.

      II. Қор қаражатын қалыптастыру

      2.1. Қор құрылтайшы мемлекеттер мен қатысушылар жарнасының есебінен құралады. Қордың құрылтайшылары мен қатысушылары 1998 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару Қорына ағымдағы жарналарын Қазақстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы бюджеттерінің кіріс бөлігінің 0,3%-і мөлшерінде, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасы 0,1%-і мөлшерінде белгілейді және ұлттық валюталарға қатысты бағам бойынша, америка долларымен аударады.
      Қор сонымен қатар:
      - кәсіпорындардың, халықаралық және жекелеген шетелдік қоғамдық және ұлттық ұйымдардың, заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары;
      - жекелеген мақсатты бағдарламаларды орындауға арналған қаражат;
      - өзге де түсімдердің есебінен құралады.
      2.2. Қордың есепті жылы пайдаланылмаған қаражаты келесі қаржы жылына өтеді және оны алуға болмайды. Осы Ережеде көзделмеген және Арал проблемаларына байланысы жоқ мақсаттарға қаражат бөлуге тыйым салынады.
      2.3. Қор мүлкі оның теңгерімінде көрсетілген негізгі және айналымдағы қаражаттан тұрады.

      III. Қор қызметінің негізгі бағыттары.

      3.1. Қор қызметінің негізгі бағыттары:
      - Арал теңізін құтқаруға және Арал апатының әсеріне ұшыраған аудандардың экологиялық жағдайын сауықтыруға, сондай-ақ өңірдің жалпы әлеуметтік-экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған бірлескен мемлекетаралық экологиялық және ғылыми-тәжірибелік бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру және оларға кредит беру;
      - экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бірлескен іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыру;
      - Арал бассейнін қоршаған табиғи ортаның жай-күйі туралы мемлекетаралық экологиялық мониторинг жүйесін, деректер банкін және басқа да жүйелерді құру және жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
      - қаражатты ауа бассейнін, су және жер ресурстарын, өсімдік және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізуге шоғырландыру;
      - трансшекаралық ішкі суларды басқару жөніндегі бірлескен ғылыми-техникалық жобалар мен әзірлемелерді қаржыландыру;
      - Аралды құтқару және Арал бассейнін экологиялық сауықтыру жөніндегі халықаралық бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға қатысу болып табылады.

      IV. Қордың құқықтары

      4.1. Осы Ережеде белгіленген міндеттерді орындау үшін Қордың:
      - Қордың мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін қызметтің барлық бағыттары бойынша белгіленген тәртіппен құрылтайшы мемлекеттерде, өзге де мемлекеттерде, өзінің филиалдары мен өкілдіктерін, соның ішінде заңды тұлға құқығындағы, ашуға;
      - бағалы қағаздармен кредиттік және өзге де операцияларды жүзеге асыруға кепілгер болуға банк мекемелерінің депозиттеріне қаражат орналастыруға белгіленген тәртіппен акцияларды, облигацияларды және басқа да бағалы қағаздарды сатып алуға;
      - экологиялық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға байланысты салаларда инвестицияларды жүзеге асыруға;
      - өз атынан шарттар жасасуға, банк мекемелерінде тиісті шоттарды ашуға, мәмілелер мен басқа да заңды актілер жасауға құқығы бар.

      V. Қорды басқару

      5.1. Қор өзінің күш-жігерін Арал теңізі бассейнінің проблемалары бойынша бағдарламалар мен шешімдерді іске асыруға жұмсайды.
      Құрылтайшы мемлекеттер Қор Басқармасын құрады, оның құрамына өздерінің екі өкілін, тиісінше біреуін Қор Басқармасына, екіншісін Қор Басқармасының Ревизиялық комиссиясына жібереді.
      Басқарманы құрылтайшы Мемлекеттер басшыларының қатарынан, Орталық Азияның Мемлекеттері басшылары Кеңесінің шешімімен белгіленетін мерзімге сайланатын Қор Президенті басқарады.
      Президент Қор қызметіне басшылықты жүзеге асырады, оның сыртқы экономикалық және халықаралық қызметін айқындайды, Қор туралы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар енгізеді, Қордың жұмыс жоспарларын қарайды және бекітеді.
      Қор Президенті Халықаралық Қордың Атқарушы комитетін құрады, Атқарушы комитет туралы ережені бекітеді және Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының келісімімен Атқарушы комитеттің төрағасын тағайындайды.
      Қор Президенті қай елдің басшысы болса, Атқарушы комитет сол елде орналасады.
      Қор Басқармасы өз мәжілістерін жылына кем дегенде екі рет өткізеді. Құрылтайшы мемлекеттер Басқарманың қосымша мәжілістерін өткізу туралы ұсыныстар енгізе алады.
      5.2. Атқарушы комитет өз қызметін Атқарушы комитет туралы ережеге, Қор Басқармасы жұмысының регламентіне (тәртібіне) сәйкес қамтамасыз етеді, Қордың Президенті мен Басқармасына есеп береді.
      Атқарушы комитет төрағасы Қор Президентімен келісім бойынша штат қызметкерлері жалақысының тәртібі мен мөлшерін, Басқарма бекітетін смета шегінде жобалар мен бағдарламалардың орындаушыларын жалдау жөніндегі келісім-шарт талаптарын айқындайды.
      Атқарушы комитет төрағасы барлық мемлекеттік, халықаралық және өзге мекемелер мен ұйымдарда сенімхатсыз Қордың мүддесін білдіруге, Қор мүлкіне иелік етуге, қызметкерлерді жұмысқа алуға және одан босатуға құқылы.

      VI. Қордың есебі мен есептілігі

      6.1 Қаржылық жыл күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін белгіленеді. Әр жылдың соңында Қордың есебі мен теңгерімі жасалып, Қор Басқармасының бекітуіне беріледі.
      6.2. Бухгалтерлік есеп және есептілік Қор орналасқан мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      6.3. Қор құрылтайшылары экологиялық бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға жұмсалған қаражатты шегере отырып, өздерінің Қорға бастапқы және басқа жарналары мен табыстарын қайтарып алып, шығуына дейін 6 ай қалғанда Қор Басқармасын хабардар ете отырып, Қордан еркін шығуға құқылы.
      Осы Ереженің мәтініне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететін мәселелер Қор Басқармасының айрықша құзыретіне жатады.
      Қор жұмысы Қорға құрылтайшы Мемлекеттер басшыларының шешімі бойынша тоқтатылуы мүмкін.

1999 жылғы 9 сәуірде   
Ашхабад қаласында    
Орталық Азия Мемлекеттері
басшыларының шешімімен 
БЕКІТІЛГЕН       

Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы

Халықаралық Аралды құтқару Қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 55-бабының а) және в) тармақтарында көрсетілген Арал теңізі бассейнінің экологиялық дағдарыс өңірінде тұратын халықтар үшін өз шешімін талап ететін, мақсаттарға сүйене отырып;
      мыналарды:
      1992 жылғы 18 ақпанда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы «Мемлекетаралық су көздерінің ресурстарын пайдалану мен қорғауды бірлесе басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімді;
      1993 жылғы 4 қаңтарда Ташкент қаласында Орталық Азия Мемлекеттері басшылары қабылдаған «Халықаралық Аралды құтқару Қорын құру туралы» шешімді;
      1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында қол қойылған Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының «Арал теңізі және Арал маңы мәселелерін шешу, Арал теңізін экологиялық сауықтыру әлеуметтік-экономикалық дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы» келісімін;
      1997 жылғы 28 ақпанда Алматы қаласында қол қойылған Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылымын қайта ұйымдастыру туралы шешімін назарға ала отырып;
      және Орталық Азия Мемлекеттері басшылары 1995 жылғы 20 қыркүйекте Нүкіс қаласында қол қойған «Нүкіс Декларациясы» арқылы ХАҚҚ ұйымдарына жан-жақты көмек көрсетуге және сенім білдіруге дайындықтарын растағанын тани отырып;
      Арал теңізі бассейніндегі дағдарысты мәселелерін әрі шешу үшін күш біріктіре отырып,
      Тараптар төмендегілер туралы келісті:

1-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ 1-бап

      Бұдан әрі «ХАҚҚ» деп аталатын Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрамына:
      - ХАҚҚ Басқармасы;
      - Ревизиялық комиссия;
      - ХАҚҚ-ның Атқарушы комитеті (ХАҚК АК);
      - ХАҚҚ Атқарушы комитетінің Орталық Азия мемлекеттеріндегі филиалдары;
      - Мемлекетаралық Үйлестіруші Су шаруашылығы Комиссиясы (МҮСК), МҮСК Хатшылығы, Ғылыми-ақпараттық орталық (ҒАО МҮСК), Бассейндік су шаруашылығы бірлестіктері - «Әмудария» БСБ және «Сырдария» БСБ;
      Орнықты даму жөніндегі комиссия (ОДК), Хатшылық, Түрікменстанның Шөл дала институты жанындағы Ғылыми-ақпараттық орталық (ТДК ҒАО) кіреді.

2-тарау. ХАҚҚ-ның ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ 2-бап

      ХАҚҚ ұйымдары заңды тұлғалар болып табылады, халықаралық ұйымдар мәртебесіне ие және:
      - ХАҚҚ-мен келісім бойынша келісім-шарттар жасасуға, қызметкерлердің құрамы мен санын белгілеуге;
      - сотта талапкер және жауапкер болуға;
      - ХАҚҚ-мен келісім бойынша мүлік сатып алуға және оған иелік етуге, Арал проблемаларына байланысты мақсаттарға дотациялар, гранттар, қарыз бен субсидиялар алуға және өз қызметін жарғылар мен ережелерге сәйкес жүзеге асыруға құқылы.

3-тарау. ХАҚҚ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН
ИММУНИТЕТТЕРІ 3-бап

      Тараптар ХАҚҚ-ның үй-жайлары мен мүліктеріне қылмыстық қол сұғудан және нұқсан келтіруден қорғау жөнінде қажетті шараларды қабылдайды.
      Тараптар аумағы шегіндегі ХАҚҚ ұйымдары, олардың мүліктері барлық тікелей салықтардан босатылады. Халықаралық донорлар мен ұйымдардың Барлық демеушілік төлемдері салықтар мен алымдардан босатылады.

4-бап

      ХАҚҚ ұйымдары ХАҚҚ мен келісім бойынша филиалдар мен өкілдіктер құра алады, өздеріне құрылтайшы құжаттарымен және тиісті ережелермен жүктелген функцияларды орындау мақсатында есеп шоттар мен валюталық шоттар аша алады. Олар банк мекемелеріндегі шоттарға қаражат аудара алады, мәмілелер және өзге де заңдық актілер жасай алады.
      ХАҚҚ ұйымдары жабдықтар мен материалдар сатып алу мақсатында валюталық шоттардан қаражат аудара алады, сондай-ақ өзінің қаржылық қызметі бойынша жарғылық құжаттарға, ережелер мен Тараптардың заңнамалары на қайшы келмейтін басқа да функцияларды орындай алады.

5-бап

      ХАҚҚ ұйымдары қызмет бабында пайдалануға арналған, тарихи, мәдени құндылығы жоқ және орналасқан елдің мемлекеттік құпиясына байланысы жоқ заттарды әкелу және әкету кезінде кедендік баждардан босатылады. Алайда осындай баж салықтарынан босатылып әкелінетін заттар осы елдің үкіметі тұжырымдаған шарттардан өзге жағдайда, осы елде сатылмайтыны көзделеді.

6-бап

      ХАҚҚ ұйымдары қолайлылығы орналасқан елдің үкіметтік ұйымдары пайдаланатын шарттардан кем емес жағдайда хат-хабарларды жібере және қабылдай алады.

4-тарау. ПЕРСОНАЛДЫҚ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ИММУНИТЕТТЕРІ 7-бап

      ХАҚҚ ұйымдары жергілікті және шетелдік мамандарды, консультанттарды (сарапшыларды) жалдауға және қызметкерлер (негізгі және қосалқы персонал) штатын жалдаудың шарттары мен ережелерін белгілеуге құқылы.
      Халықаралық ұйымдармен келісім-шарттар бойынша жұмыстар, негізінен, жергілікті ұйымдар мен мамандардың күшімен орындалуы тиіс. Шетелдік сарапшылар аса қажетті жағдайда ғана жұмысқа тартылады. Мекеме жалға алған штат пен персонал осы мекеменің Төрағасының немесе Директорының немесе олардың бірінші орынбасарларының басшылық қарамағында болады.

      Қызметтік іссапарларға шығатын ХАҚҚ жұмысшыларына:

      а) сапарға шығу құжаттарын Тараптардың заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде құзыретті органдар ресімдейді;
      б) Тараптар қызметкерлердің ХАҚҚ ұйымдарына жұмысқа кіргенге дейін зейнетақылары мен әлеуметтік қамсыздандыру жәрдемақыларын сақтау үшін тиісті шаралар қабылдайды.

8-бап

      ХАҚҚ Басқармасы мен Ревизиялық комиссияның мүшелері, ХАҚҚ АК-дегі Тараптардың өкілдері - ХАҚҚ АҚ мүшелері, сондай-ақ (филиалдар басшылары мен олардың орынбасарлары) өздерінің функцияларын тәуелсіз орындауды қамтамасыз ету үшін мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді:
      а) жеке басын ұстау мен қамауға алудан және жеке жүктеріне тыйым салудан иммунитетті, сондай-ақ олардың лауазымды адамдар ретінде барлық айтқандары, жазғандары немесе істегендеріне қатысты қандай да болмасын сот-процессуалдық иммунитетті;
      б) барлық қағаздар мен құжаттарға қол сұғылмаушылықты;
      в) курьерлер немесе вализдер арқылы қағаздар мен хат-хабарламаларды алу құқығын;
      г) өздері уақытша тұрып жатқан немесе өз міндеттерін орындау кезінде сол арқылы жүріп өткен, елде өздерін және өздерінің жұбайларын көшіп келу, шетелдіктерді тіркеу және мемлекеттік қызметтік міндет жөніндегі шектеулерден босатуды;
      д) валюталық шектеулерге және ақша айырбастау шектеулеріне қатысты уақытша қызметтік іссапарларда жүрген шетел үкіметтерінің өкілдеріне ұсынылатын жеңілдіктерді пайдаланады.

9-бап

      ХАҚҚ ұйымдары өздерінің жұмысшылары (негізгі және қосалқы персонал) мен сарапшыларына шығыстар сметасында және белгіленген тараптар бекіткен тәртіппен және мөлшерде төлемдерді жүзеге асыруға құқылы.
      ХАҚҚ ұйымдарының персоналына және сарапшыларына төлейтін барлық төлемдерінің түрлері орналасқан елдің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

10-бап

      Осы баптың қағидалары қолданылатын лауазымды адамдардың санатын әрбір өңірлік ұйым анықтайды.
      Өңірлік ұйымдардың лауазымды адамдары:
      - өздерінің асырауындағы жұбайларымен және туыстарымен қоса көшіп келу жөніндегі шектеулер мен шетелдіктерді тіркеуден босатылады;
      - дипломатиялық миссиялардың құрамына кіретін, тиісті дәрежесі бар лауазымды адамдары берілетін валюта айырбастауға қатысты артықшылықтарды пайдаланады;
      - тиісті елде лауазымға алғаш рет кіріскен кезде өз жиһазы мен мүлкін баж салығынсыз әкелуге құқылы;
      - жоғарыда көрсетілген тармақтардың қағидалары орналасқан елдің азаматтарына қолданылмайды.

11-бап

      Өңірлік ұйымдардың лауазымды адамдары Тараптармен келісілген үлгідегі жеке куәлігін пайдалану құқығы беріледі.
      Тараптар өңірлік ұйымдардың жеке куәліктерін заңды құжат ретінде қабылдайды және таниды.
      Өңірлік ұйымдардың жеке куәлігі бар өңірлік ұйымдардың лауазымды адамдары талап етілген жерлерде көрсету үшін виза беру туралы өтініші, егер ол өтініштерге мұндай тұлғалар өңірлік ұйымдардың істері бойынша келе жатқаны туралы жазбаша хабарлама қоса берілген болса, жедел қаралады.
      Бұдан басқа, мұндай адамдары жылдам жүріп-тұрулары үшін жеңілдіктер беріледі.

12-бап

      Басқарманың, Ревизиялық комиссиясының және ХАҚҚ АК-нің Мүшелеріне (филиалдардың басшылары мен олардың орынбасарлары) артықшылықтар мен иммунитеттер жеке тұлғалардың өз басының пайдасы үшін емес, бұл ұйымдардағы жұмысқа байланысты олардың өз функцияларын тәуелсіз орындауын қамтамасыз ету үшін беріледі. Сондықтан, Тараптардың пікірінше, иммунитет әділеттілік орнатуға кедергі жасайтын және одан бас тарту иммунитет берілген мақсатқа нұқсан келтірмейтін, әрбір жағдайда олар өз өкілдерінің иммунитеттерінен бас тартуға құқылы болып қоймай міндетті болады.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 13-бап

      Осы Келісімге барлық өзгерістер Тараптардың келісімі бойынша енгізіледі.

14-бап

      Осы Келісімді іске асыру барысында туындайтын ХАҚҚ ұйымдары мен Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

15-бап

      Осы Келісім Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының оны бекіткен күнінен, яғни, 1999 жылғы 9 сәуірден бастап күшіне енеді.
      Тараптардың әрқайсысы депозитарийді бұл туралы кемінде алты ай бұрын жазбаша хабардар ету жолымен осы Келісімнен шығуға құқылы.

      Халықаралық Аралды құтқару Қоры туралы ереженің, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі, Түрікменстанның Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық Аралды құтқару Қорының (ХАҚҚ) және оның ұйымдарының мәртебесі туралы келісімнің және 1999 жылғы 9 сәуірдегі оларды бекіту туралы Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Ашхабад қаласындағы шешімімен бекітілген орыс тіліндегі мәтіндеріне мемлекеттік тілдегі бекітілмеген мәтіндері сәйкес келеді.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Әкімшілік және бақылау
      департаментінің директоры                          Е. Қыстафин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады