Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздері, шарттары мен тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 мамырдағы № 439 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздері, шарттары мен тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздері, шарттары мен тәртібі туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 19 мамырдағы
№ 439 қаулысымен
мақұлданған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл Келісім Еуразиялық экономикалық Одақтың Кедендік кодексінің 444-бабына және 444-бабына 2-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссиясының тиісті шешімі күшіне енген күннен бастап қолданысын тоқтатады - ҚР 13.12.2017 № 115-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұл Келісімнің 1 - 5-баптары, 6-бабының 1-тармағының бірінші бөлігінің 1 - 6-тармақшалары, 2 және 3-тармақтары, 7 - 10 баптары Еуразиялық экономикалық Одақтың Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күннен бастап күшін жояды - ҚР 13.12.2017 № 115-VI Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздемелері,
шарттары және тәртібі туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың шеңберінде кеден одағына (бұдан әрі - кеден одағы) мүше мемлекеттердің үкіметтері,

      2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шартты негізге ала отырып,

      кедендік баждарды есептеу және төлеу саласында келісілген саясатты жүргізудің мақсатқа сай екендігін тани отырып,

      осы мақсатта бір-біріне жәрдем көрсетуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту негіздемелерін, шарттарын және тәртібін айқындайды.

2-бап

      Кедендік баждарды төлеу мерзімін өзгерту кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу нысанында жүргізіледі.

      Кедендік баждарды төлеу бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу осы Келісімнің 6-бабында көзделген негіздемелер болған кезде, төлеушінің кейінге қалдырылған (бөліп төленетін) соманы тиісінше біржолы немесе кезең-кезеңмен төлеуімен, кедендік баждарды төлеу мерзімін өзгертуді білдіреді.

      Кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу төлеуге жататын барлық сомаға не оның бөлігіне қатысты берілуі мүмкін.

3-бап

      Кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу Кеден одағы кеден кодексінің 12-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждарды төлеуді қамтамасыз ету шартымен беріледі.

4-бап

      Кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімді төлеушінің жазбаша өтініші бойынша кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес кеден органдары қабылдайды.

      Кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы өтініште мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      төлеуші туралы мәліметтер;

      тауарлардың атауы;

      сыртқы сауда шартының (халықаралық шарттың) деректемелері;

      кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру үшін негіздеме;

      оған қатысты кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге сұралатын кедендік баждардың сомасы;

      кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу сұралатын мерзім;

      оған қатысты бөліп төлеу сұралатын кедендік баждардың сомасын кезең-кезеңмен төлеу кестесі;

      олар болған кезде кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілмейтін осы Келісімнің 8-бабында көрсетілген жағдайлардың жоқтығы туралы ақпарат.

      Өтініш беру кеден органына осы Келісімде көзделген кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру үшін негіздемелердің бар екендігін растайтын құжаттарды ұсынумен қатар жүргізілуге тиіс.

5-бап

      Кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы не кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беруден бас тарту туралы шешім бұл туралы өтініш берілген күнінен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады.

      Кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы немесе оны беруден бас тарту туралы шешім оны беру туралы өтінішпен жүгінген тұлғаға жазбаша нысанда жеткізіледі.

      Кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімде төлеуші туралы мәліметтер, кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілетін мерзім, оған қатысты кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілетін кедендік баждардың сомасы, сондай-ақ тауарларды шығару кезінде бұл шешімді қолдану үшін қажетті өзге де мәліметтер көрсетіледі. Кеден органының бөліп төлеуді беру туралы шешімінде кедендік баждардың сомасын кезең-кезеңмен төлеу кестесі де көрсетіледі.

      Кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беруден бас тарту туралы шешімде мұндай бас тартудың себептері көрсетіледі.

      Кеден органының кедендік баждарды кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімі егер, оларға қатысты мұндай шешім қабылданған тауарларды кедендік декларациялау оны қабылдаған күннен бастап үш жылдың ішінде жүргізілсе, заңды мәні бар фактілер туралы куәландыратын құжат болып табылады.

6-бап

      1. Төлеушіге кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мынадай негіздердің бірі болған кезде беріледі:

      1) осы тұлғаға дүлей зілзала, технологиялық апат немесе еңсерілмейтін күштің өзге мән-жайлары нәтижесінде залал келтіру;

      2) кедендік баждарды төлеушіге федералды (республикалық) бюджеттен қаржыландыруды немесе осы тұлға орындаған мемлекеттік тапсырыс үшін төлемді кешіктіру;

      3) тез бүлінуге ұшырайтын тауарларды әкелу;

      4) егер, кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен аталған мән-жай кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру үшін негіздеме болып табылмайтындығы белгіленбесе, кеден одағына мүше мемлекет тараптарының бірі болып табылатын халықаралық шарттардың шеңберінде жеткізулерді жүзеге асыру;

      5) Кеден одағының комиссиясы бекіткен оларға қатысты кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу берілуі мүмкін, әкелінетін шетелдік әуе кемелерінің және оларға жиынтықтардың жекелеген түрлерінің тізбесіне енгізілген тауарларды әкелу;

      6) отырғызатын немесе себетін материалдар, өсімдіктерді қорғау заттар, ауыл шаруашылығы техникасы, жануарларды азықтандыруға арналған тауарлар болып табылатын акцизделетіндерді қоспағанда, Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 8424 81, 8433 51, 8433 59 қосалқы позициясының ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың тауарларды әкелуі не көрсетілген ұйымдар үшін орталықтандырылған жеткізілім;

      7) тауарларды, оның ішінде шикізатты, материалдарды, технологиялық жабдықты, оларды өндірістік қайта өңдеуде пайдалану үшін жиынтықтар мен оған арналған қосалқы бөлшектерді әкелу.

      Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген тауарлардың тізбесі айқындалуы мүмкін.

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін өнеркәсіптік қайта өңдеу деп тауарларды коды Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес оларды өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін әкелінген тауарлардың кодынан бірінші төрт белгінің кез келген деңгейінде ерекшеленетін жаңа тауарларды алу үшін өндірісте пайдалану түсініледі.

      2. Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасымен кеден одағына мүше мемлекеттің осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздемелерді растауға уәкілетті органдары айқындалады.

      3. Кеден одағының комиссиясы кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру үшін өзге негіздемелерді айқындауы не осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру үшін негіздемелердің қолданылуын тоқтата тұруы мүмкін.

7-бап

      Кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты беріледі.

8-бап

      Егер кеден органында кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беруге үміткер тұлғалардың кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша берешегі бар не көрсетілген тұлғаларға қатысты банкроттық рәсімдері қозғалғандығы немесе кеден заңнамасын бұзуға байланысты қылмыстардың белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы туралы ақпарат болса, сондай-ақ төлеуші кеден органына қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсынбаса кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешім қабылданбайды.

      Кеден органы мұндай ақпаратты кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді бергенге дейін алған кезде кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді беру туралы шешімнің күші жойылуға жатады, бұл туралы кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді алу туралы өтініш берген тұлға жазбаша нысанда хабардар етіледі.

9-бап

      Осы Келісімнің 6-бабының 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу екі айдан аспайтын мерзімге беріледі.

10-бап

      Кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін төлеу мерзімі өзгертілген кедендік баждардың сомасына тауарларды шығарған күннен кейінгі күннен бастап кедендік баждарды төлеу бойынша міндеттер тоқтатылатын күнге дейінгі кезең үшін кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес есептелетін пайыздар алынады.

      Пайыздар кедендік баждарды төлеу бойынша міндеттер тоқтатылатын күннен кейінгі күннен кешіктірмей төленуге тиіс.

      Пайыздарды төлеу, өндіріп алу және қайтару кедендік баждарды төлеуге, өндіріп алуға және қайтаруға байланысты Кеден одағының кеден кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

11-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.

13-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.

      2010 жылғы "____" _______ ________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.

      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі болып табыла отырып, әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Кеден одағының комиссиясында сақталады.

Беларусь

Қазақстан

Ресей

Республикасының

Республикасының

Федерациясының

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін

Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады