Кеден одағының сыртқы және өзара сауданың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және дамыту туралы және Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттармен алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімдерге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 қыркүйектегі № 871 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Кеден одағының сыртқы және өзара сауданың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және дамыту туралы келісімнің;
      2) Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттармен алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімнің жобалары мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Кеден одағының сыртқы және өзара сауданың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және дамыту туралы және Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттармен алмасу кезінде ақпараттық технологияларды қолдану туралы келісімдерге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                      Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 871 қаулысымен  
мақұлданған     

жоба

Кеден одағының сыртқы және өзара сауданың ықпалдастырылған
ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі және
дамыту туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты және 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартты және 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Кеден одағы комиссиясының Хатшылығы туралы келісімді негізге ала отырып,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты негізге ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізу субъектілеріне қолайлы жағдай жасау, кеден одағының бірыңғай кеден аумағындағы сыртқы және өзара сауданы тиімді реттеуді қамтамасыз ету, ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, кедендік, салықтық, көліктік және мемлекеттік бақылаудың басқа түрлерін жүзеге асыру, экономикалық ықпалдасу үдерістерін қамтамасыз ету, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мемлекетаралық кеңесінің (кеден одағының жоғарғы органының) және Кеден одағы комиссиясының тиімді жұмысын ұйымдастыру мақсатында,
      осы мақсаттарға қол жеткізу үшін кеден одағын қалыптастыру және оның жұмыс істеуі кезінде ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану анықтаушы болатынын мойындай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар кеден одағының сыртқы және өзара сауданың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін (бұдан әрі - Жүйе) құрады және оның жұмыс істеуін, сондай-ақ оны дамытуды қамтамасыз етеді.

2-бап

      Осы Келісім Жүйені құрудың, оның жұмыс істеуінің және дамытудың негіздерін, Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия), Комиссия Хатшылығының (бұдан әрі - Хатшылық) өкілеттіктерін және Жүйені құрудың Тараптарын, қаржыландыру көздері мен тәртібін, тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) орындаушыларды (жеткізушілерді) таңдау тәртібін анықтайды.

3-бап

      Осы Келісімде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      «сыртқы және өзара сауда туралы дерекқор» - ақпарат электрондық есептеу машинасының (дерекқор) көмегімен табылатындай және өңделетіндей етіп белгілі бір ережелер бойынша ұйымдастырылған және жүйелендірілген, құрылымдалған және өзара байланысты ақпараттың жиынтығы;
      «ақпаратты қорғау» - ақпараттың тұтастығын (өзгертілмеуін), құпиялылығын, қолжетімділігі мен сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың кешені;
      «ақпарат» - оларды беру нысанына қарамастан, мәліметтер (хабарламалар, деректер);
      «ақпараттық жүйе» - дерекқорда қамтылған ақпараттың және оны өңдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық технологиялар мен техникалық құралдардың жиынтығы;
      «ақпараттық технологиялар» - ақпаратты іздеу, жинақтау, сақтау, өңдеу, беру, тарату процестері, әдістері және осындай процестер мен әдістерді жүзеге асыру тәсілдері;
      «ақпараттық ресурс» - ақпараттық жүйелерде қамтылған құжаттандырылған ақпараттың ұйымдастырылған жиынтығы;
      «ықпалдастырылған сегмент» - сыртқы және өзара сауданы, Комиссияның ақпараттық жүйелері мен ақпараттық ресурстарының реттейтін Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдарының ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерінің ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе.

4-бап

      Жүйе Тараптар мемлекеттерінің сыртқы және өзара саудасын реттейтін мемлекеттік органдардың аумақтық бөлінген мемлекеттік ақпараттық ресурстары мен ақпараттық, жүйелерінің, Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік ықпалдастырылған сегменттерімен және Комиссияның ықпалдастырылған сегментімен біріктірілетін Комиссияның ақпараттық жүйелері мен ақпараттық ресурстарының ұйымдастырылған жиынтығы болып табылады.

5-бап

      Комиссия Комиссияның ықпалдастырылған сегменті, Комиссияның ақпараттық жүйелері мен ақпараттық ресурстары ретінде Жүйенің осындай құрауыштарына қатысты меншік иесінің құқықтарын жүзеге асырады және міндеттерін алады.

6-бап

      Хатшылық Комиссия бекітетін құжаттарға сәйкес Жүйені құруды, жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етуді үйлестіреді.
      Хатшылық мемлекеттік мұқтаждар үшін тауарлар (жұмыстар, қызметтер) тапсырыстарын (сатып алуды) жүзеге асыру мәселелерін реттейтін Хатшылықтың келген мемлекеттік заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген Жүйенің құрауыштарын құру кезінде тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) тапсырыс берушінің құқықтарын жүзеге асырады және міндеттерін алады.

7-бап

      Жүйенің ықпалдастырылған сегменттерін құру, дамыту және жұмыс істеу кезіндегі қолданылатын ұйымдастырушылық және техникалық шешімдерді біріздендіруді қамтамасыз ету, ақпаратты қорғаудың тиісті деңгейін қолдау үшін Хатшылық Комиссия бекітетін техникалық және ұйымдастырушылық құжаттардың жобаларын әзірлеуді үйлестіреді.

8-бап

      Тараптардың әрқайсысы құру, жұмыс істеу мен дамытуды қамтамасыз ету бойынша құқықтарды жүзеге асыратын және міндеттерін алатын өзінің мемлекеттік ықпалдастырылған сегментінің операторын анықтайды.

9-бап

      Хатшылық осы Келісімнің 7-бабында көрсетілген құжаттарға сәйкес осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген Жүйенің жұмыстарын жоспарлауды, әзірлеуді, енгізуді, нәтижелерін қабылдауды және құрауыштарын одан әрі сүйемелдеуді, ал көрсетілген құжаттармен реттелмеген мәселелер бойынша Хатшылық келген мемлекеттің заңнамасына сәйкес ұйымдастырады.
      Жүйені әзірлеуге арналған техникалық тапсырма Тараптармен келісіледі.

10-бап

      Осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген Жүйенің құрауыштарына қатысты тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) тапсырыстарын жүзеге асыру және мүліктік құқықтарды сатып алу кезінде берілген конкурстық ұсыныстарды бағалауды, сондай-ақ осы құрауыштарды жобалау және әзірлеу жөніндегі жұмыстардың нәтижелерін қабылдауды, құрамы Хатшылықтың ұсынысы бойынша Комиссияның шешімімен бекітілетін жұмыс органдары жүзеге асырады.

11-бап

      Жүйені құру және дамыту жөніндегі жұмыстар Хатшылық әзірлейтін және Комиссияның шешімімен бекітілетін жыл сайынғы жоспарлардың негізінде жүзеге асырылады.

12-бап

      Осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген Жүйенің құрауыштарын құру, дамыту және жұмыс істеуі жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру Комиссия бекіткен Жүйені құруға, дамытуға және жұмыс істеуіне арналған шығыстардың сметасына сәйкес Комиссияның шығыстар сметасында көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
      Тараптардың келісімі бойынша осы жұмыстардың бір бөлігін қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің бюджеттері қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
      Тараптар мемлекеттерінің сыртқы және өзара саудасын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік ықпалдастырылған сегменттерін реттейтін мемлекеттік органдардың мемлекеттік ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерін құру, дамыту және жұмыс істеуі жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің бюджеттері қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

13-бап

      Тараптардың осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген Жүйенің құрауыштарына тең пайдалану құқықтары бар.

14-бап

      Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар ең алдымен, консультациялар және келіссөздер жургізу жолымен шешіледі.
      Егер даудың бір тарабы даудың екінші тарабына оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күннен бастап алты ай ішінде дау тараптары дауды консультациялар және келіссөздер жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешуге қатысты басқа уағдаластық болмаған кезде, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін жібере алады.
      Кеден одағының комиссиясы Тараптарға дауларды реттеуде оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін тапсырғанға дейін жәрдем көрсетеді.

16-бап

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күнінен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
      ______________қаласында 2010 жылғы «_____» ____________ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Келісімнің депозитарийі болып табыла отырып, оның расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Комиссияда сақталады.

      Беларусь                   Қазақстан             Ресей
     Республикасының            Республикасының       Федерациясының
      Үкіметі үшін               Үкіметі үшін          Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2010 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 871 қаулысымен    
мақұлданған       

жоба

Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және
өзара саудада электрондық құжаттармен алмасу
кезінде ақпараттық технологияларды
қолдану туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      экономикалық ықпалдастыру үдерістерін қамтамасыз ету, сыртқы және өзара сауданы дамыту үшін ақпараттық технологияларды, дамыту мен қолдану ісіндегі өзара мүддесін ескере отырып,
      кеден одағының электрондық құжат айналымының бірыңғай ережесін қабылдау сыртқы және өзара сауданың тиімділігін арттырады деген сенімді, негізге ала отырып,
      кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттарды пайдалану жолында құқықтық кедергілерді жою жөніндегі міндеттерді шешуге жалпы әдісті әзірлеуге ұмтыла отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті

1-бап

      Тараптар сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттармен алмасу кезінде қазіргі заманға ақпараттық технологияларды қолдану мәселелерінде ынтымақтасады.
      Тараптар кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудасын жүзеге асыруды оңайлату мақсатында ынтымақтасады.

2-бап

      Осы Келісім кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттармен алмасу үшін ақпараттық технологияларды қолдану кезінде Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдарының, жеке және заңды тұлғалармен (бұдан әрі - электрондық өзара іс-қимылдың субъектілері) электрондық құжаттарды жасау, жөнелту, беру, алу, сақтау және пайдалану үдерісінде туындайтын қатынастарды реттейді.

3-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      «сырткы және өзара сауда туралы электрондық құжат» - электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған және кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара сауданы жүзеге асыру кезіндегі құжаттандыру ережелері мен талаптарына жауап беретін электрондық түрде формальдандырылған ақпараттың жазбасы (электрондық құжат);
      «есепке алу жүйесі» - негізге алынып заңды маңызы бар электрондық құжаттар жасалатын немесе берілетін электрондық өзара іс-қимыл субъектілерінің құқық белгілейтін құжаттарынан алынған ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйе;
      «электрондық түрде ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымы» - кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара сауданы жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын электрондық құжаттарға заң күшін беру мақсатында іске асырылатын ақпараттық-технологиялық және ұйымдастырушылық-құқықтық іс-шаралардың, қағидалардың және шешімдердің жиынтығы;
      «сенім білдірілген үшінші тарапы» - Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес электрондық құжатты жасаушыға және (немесе) адресатқа қатысты тіркелген уақыт сәтінде электрондық құжаттардағы электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқық берілген ұйым.

4-бап

      Осы Келісімді реттеу мәніне қатысты және онда көрсетілмеген мәселелер Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасымен реттеледі.

5-бап

      Егер Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес құжаттың жазбаша ресімделуі талап етілсе, онда Кеден одағының комиссиясы айқындайтын құжаттандырудың қағидалары мен талаптары бойынша ресімделген электрондық құжат осы талапқа сай келеді деп есептеледі.
      Егер Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес қағаз жеткізгіштегі құжаттың мөрімен куәландырылуы талап етілсе, онда Комиссия айқындайтын құжаттандырудың ережелері мен талаптары бойынша ресімделген электрондық құжат осындай куәландыруды талап етпейді.

6-бап

      Комиссия айқындайтын құжаттандырудың ережелері мен талаптары бойынша ресімделген электрондық құжат электрондық құжатты жасаушының қолымен не қолымен және мөрімен куәландырылған қағаз жеткізгіштегі ұқсас құжатқа заңды күші бойынша тең деп танылады.
      Электрондық құжат нысанында жасалған деген негізбен ғана құжат заңды күшінен айырылмайды.
      Электрондық құжатты заңдылығын дәлелдеу ретінде Тараптар мемлекеттерінің пайдалануы оның электрондық нысанының себебі бойынша тыйым салынбайды.

7-бап

      Электрондық түрде жүйелерді есепке алу жүйелерін жүргізудің тәртібі, сондай-ақ оларды пайдаланудың ерекшеліктері электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымы негізінде осы жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бөлігінде осы Келісімнің ережелерін ескере отырып, Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасымен айқындалады.

8-бап

      Электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымы:
      мемлекеттік құрамдас бөліктерінен;
      интеграциялық құрамдас бөліктерден тұрады.
      Электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымының интеграцияланған құрамдас бөлігі сенім білдірілген үшінші тараптардың өзара іс-қимылы негізінде трансшекаралық электрондық құжат айналымының жүйесі болып табылады.
      Комиссия электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымының интеграцияланған құрамдас бөлігінің операторы болып табылады.
      Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымының мемлекеттік құрамдас бөліктерінің операторлары болып табылады.
      Іс-шараларды, қағидалар мен шешімдерді жүзеге асыру функциялары Тарап пен Комиссия арасында жасалатын келісімнің негізінде Комиссияға берілуі мүмкін. Осындай келісім шеңберінде қаржыландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ басқа да ұйымдастыру-техникалық және рәсімдік мәселелер реттелуі мүмкін.
      Электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымын құруды, пайдалануды және жаңғыртуды қаржыландыру көлемі мен көздері 2010 жылғы «___» __________ Кеден одағының сыртқы және өзара сауданың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуі мен дамыту туралы келісімге сәйкес кеден одағының сыртқы және өзара сауданың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құруды, оның жұмыс істеуі мен дамытуды қаржыландырудың жалпы көлемі мен көздері шеңберінде айқындалады.

9-бап

      Комиссия жанынан үкіметтер басшыларының деңгейіндегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесі (кеден одағының жоғарғы органы) бекітетін Үйлестіру кеңес туралы ережеге және Комиссия бекітетін Үйлестіру кеңесінің регламентіне сәйкес өзінің қызметін ұйымдастыратын Үйлестіру кеңесі құрылады.
      Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері:
      электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың есепке алу жүйелері мен жалпы инфрақұрылымының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шешімдерді әзірлеу;
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық стандарттары, халықаралық стандарттар мен ұсынымдар негізінде электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымының құрамдас бөліктерінің құрамын әзірлеу;
      электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымның шеңберінде үлгілік ақпараттық-технологиялық шешімдер мен бағдарламалық-аппараттық кешендерін әзірлеу мен байқаудан өткізуді үйлестіру;
      электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандыру ережелерін электрондық түрдегі ақпаратты құжаттандырудың жалпы инфрақұрылымның жеке құрамдас бөліктері мен қызметтері жұмыстарының бірыңғай қауіпсіздік саясаты мен регламенттерін, сондай-ақ электрондық өзара іс-қимылының субъектілері үшін оларды қолдану бойынша ұсынымдар әзірлеуді үйлестіру;
      кеден одағының бірыңғай кеден аумағында сыртқы және өзара саудада электрондық құжаттарды пайдалану кезінде Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасын үйлестіру үшін, сондай-ақ есепке алу жүйелері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылының интерфейстерін сәйкестендіру үшін ұсынымдарды дайындау;
      Үйлестіру кеңесінің мүшелері Тараптар мемлекеттерінің және Комиссия хатшылығының уәкілетті өкілдері болып табылады. Үйлестіру кеңесі шеңберінде жұмыс істеу үшін Тараптар мемлекеттерінің мамандары мен сарапшылары тартылуы мүмкін.
      Үйлестіру кеңесі мүшелерінің, сондай-ақ Үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысуға тартылатын Тараптар мемлекеттерінің мамандары мен сарапшылардың іссапар шығыстарын қаржылық қамтамасыз етуді Тараптар мемлекеттерінің жіберген мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
      Үйлестіру кеңестің отырыстары Комиссия Хатшылығында жүргізіледі.
      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін қажетті ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары Комиссия жүзеге асырады.

10-бап

      Ақпараттық өзара іс-қимыл субъектілеріне қатысты сенім білдірілген үшінші тарап қызметтерінің қызметі осы Келісімнің талаптарына және заңды құзырында сенімді үшінші тараптары орналасқан Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Сенім білдірілген үшінші тарап:
      электрондық құжаттарды заңдастыруды (түпнұсқалылығын растауды) жүзеге асырады;
      электрондық құжаттармен халықаралық (трансшекаралық) алмасудағы сенім кепілдігін қамтамасыз етеді;
      сенім білдірілген үшінші тарап орналасқан, мемлекет заңнамасының қағидалары мен талаптарына сәйкес шығыс және (немесе) кіріс электрондық құжаттардағы және хабарламалардағы электрондық цифрлық қолтаңбаны қолданудың заңға сыйымдылығы қамтамасыз етеді.
      Сенім білдірілген үшінші тараптар электрондық құжаттарды қорғаудың әр түрлі тетіктерін пайдаланатын Тараптар мемлекеттерінің электрондық өзара Іс-қимылының субъектілері арасындағы трансшекаралық электрондық құжат айналымын ұйымдастыру кезінде сенімділік орнату үшін өзара іс-қимылын жүзеге асырады;
      Тараптар функцияларын Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдары немесе олармен аккредиттелген ұйымдар орындайтын сенім білдіретін үшінші тараптардың қызметтерін пайдалануға субъектілерінің ақпараттық өзара іс-қимылы құқығын қамтамасыз етеді.

11-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар бірінші кезекте, консультациялар  және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер даудың бір тарабы даудың екінші тарабына оларды жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күннен бастап алты ай ішінде дау тараптары дауды консультациялар және келіссөздер жолымен реттемесе, онда дау тараптарының арасында оны шешуге қатысты басқа уағдаластық болмаған кезде, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін жібере алады.
      Кеден одағының комиссиясы Тараптарға дауларды реттеуде оны Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарастыру үшін тапсырғанға дейін жәрдем көрсетеді.

12-бап

      Осы Келісімге Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісім ратификациялауға жатады және 2009 жылғы 27 қарашадағы Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт күшіне енген күнінен бастап уақытша қолданылады.
      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.

      _____________ қаласында 2010 жылғы "___" _________ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Келісімнің депозитарийі болып табыла отырып, оның расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Комиссияда сақталады.

      Беларусь              Қазақстан                 Ресей
  Республикасының         Республикасының          Федерациясының
   Үкіметі үшін            Үкіметі үшін              Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады