Маңғыстау облысы Ақтау қаласының қала маңы аймағының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 887 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 110-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Маңғыстау облысы Ақтау қаласының қала маңы аймағының шекаралары белгіленсін.
      2. Қоса беріліп отырған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының қала маңы аймағына қосылған жерлерді пайдалану қағидалары мен режимі бекітілсін.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2010 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 887 қаулысына    
қосымша        

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының қала маңы
аймағының шекаралары

      1. Қала маңы аймағының учаскесі
      Солтүстік шекарасы
      Түпқараған ауданы Ақшұқыр селолық округінің солтүстік шекарасымен жапсарлас, одан әрі шығыс бағытында тікелей Мұнайлы ауданының шекарасына дейін.
      Шығыс шекарасы
      Мұнайлы ауданының шекарасымен жапсарлас.
      Оңтүстік шекарасы
      Қала маңының аймағына кіретін Түпқараған ауданы Ақшұқыр селолық округінің шекарасымен жапсарлас.
      Батыс шекарасы
      Каспий теңізінің жағалау сызығымен жапсарлас.
       2. Қала маңы аймағының учаскесі
      Солтүстік шекарасы
      Қала маңының аймағына кіретін Мұнайлы ауданының Атамекен селолық округі мен Маңғыстау селосының шекараларымен жапсарлас.
      Шығыс шекарасы
      Мұнайлы ауданы Маңғыстау селосы мен Дәулет селолық округі жерлерінің шекарасымен жапсарлас. Одан әрі шекара оңтүстік-батыс бағытында тікелей «Ақтау порты - Жетібай - Шетіс - Сай - Өтес - Бейнеу - Құлсары - Доссор» автожолына дейін, осы автожолдың және коммуникация дәлізінің бойынан өтеді, Мұнайлы ауданы Қызылтөбе селолық округінің шекарасымен жапсарлас.
      Оңтүстік шекарасы
      Мұнайлы ауданының шекарасымен жапсарлас.
      Батыс шекарасы
      Ақтау қаласы жерінің шекарасымен және қала маңының аймағына кірген Мұнайлы ауданы Атамекен селолық округінің шекарасымен жапсарлас.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 887 қаулысымен  
бекітілген    

Ақтау қаласының қала маңы аймағына қосылған жерлерді
пайдалану қағидалары мен режимі

      1. Осы Ақтау қаласының қала маңы аймағына қосылған жерлерді пайдалану қағидалары мен режимі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің  110-бабына сәйкес әзірленген.
      2. Ақтау қаласының қала маңы аймағына қосылған елді мекендердің жерлері осы кенттер, ауылдар, селолар мен басқа да қоныстардың (бұдан әрі - елді мекендер) бас жоспарларының, олардың аумақтарын жер-шаруашылық орналастырудың және аймақтарға бөлу схемасының негізінде пайдаланылады.
      3. Қала маңы аймағына қосылған елді мекендердің жер-шаруашылық орналастыру жобаларының, жоспарлау мен құрылыс салу жобаларының (бұдан әрі - жобалар) Ақтау қаласының бас жоспарына сәйкестігін айқындау үшін тиісті селолық округтің әкімі оларды Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органына келісуге ұсынады.
      Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органы үш ай мерзімде жобаларды тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, қоршаған ортаны қорғау органдарының, санитариялық-эпидемиологиялық және басқа да қызметтердің қарауын қамтамасыз етеді әрі олардың қорытындылары негізінде ұсынылған жобаларға келісім беру туралы шешім қабылдайды.
      Жобалар бас жоспарға сәйкес келмеген жағдайда Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органы аумақтары қала маңы аймағына қосылған тиісті аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жобаларды бас жоспарға сәйкес келтіру үшін оларды түзету туралы өтініш білдіреді.
      4. Қала маңы аймағы елді мекендерінің түзетілген жобалары аудандық (қалалық) өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімімен белгіленеді және өзгертіледі.
      5. Ақтау қаласының қала маңы аймағына қосылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы мақсаты үшін пайдаланылады. Қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды дамыту аймағына қосылған жерлерді ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшін алып қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден басқа түрге ауыстыруды аумақтары қала маңы аймағына қосылған аудандық және облыстық жергілікті атқарушы органдар өз құзыретіне сәйкес жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
      6. Каспий теңізінің жағалау аумағындағы жерлер су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шегінде Қазақстан Республикасы Су кодексінің 125 және 145-1-баптарына сәйкес пайдаланылады.
      7. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағына қосылған жерлер Ақтау қаласын дамытуға, инженерлік және көліктік инфрақұрылымдардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті құрылыстарды орналастыруға және салуға арналған резервтік аумақтар болып табылады. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында құрылыс салу көрсетілген аймақта орналасқан елді мекендердің Ақтау қаласының сәулет және қала құрылысы органдарымен келісілген бас жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналастыру межеленіп отырған, қаланың сәулетіне және экологиясына әсер ететін, оларға елді мекендердің шегінен тыс жер учаскелері көзделген объектілер бойынша Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органы және аумағы қала маңы аймағына қосылған ауданның жергілікті атқарушы органы осы объектілерді орналастыру үшін жер учаскелерін таңдау жөніндегі арнайы комиссия құрады.
      9. Көрсетілген комиссияның құрамына Ақтау қаласының және аумағы қала маңы аймағына қосылған ауданның жергілікті атқарушы және өкілді органдары мен тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарының, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
      10. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін меншікке немесе жер пайдалануға беруді немесе олардың нысаналы мақсатын өзгертуді жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады