Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 891 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 891 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп
пайдалану және қорғау туралы келісім

(Хаттама қол қойылған күннен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану, қорғау және қалпына келтіру саласындағы екі жақты қатынастарды одан әрі жетілдіру мақсатында су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық қатынастарды нығайтуға және дамытуға ниет білдіре отырып,
      экономиканы дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау мәселелері бойынша келісілген саясат жүргізу қажеттілігін басшылыққа ала отырып,
      бірлесу және іс-қимылды бірлесіп үйлестіру ғана әлеуметтік және экологиялық проблемаларды шешу үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп санай отырып,
      1992 жылғы 17 наурыздағы Трансшекаралық су ағынын және халықаралық көлдерді пайдалану және қорғау жөніндегі конвенцияны негізге ала отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      трансшекаралық су объектілері - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекара өтетін және/немесе оны қиып өтетін кез келген жер үсті және жер асты су объектілері;
      трансшекаралық әсер ету - трансшекаралық сулардың жай-күйінің адам әрекетінен болатын өзгеруі нәтижесінде туындайтын, физикалық көзі толық немесе ішінара Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында орналасқан, екінші Тарап мемлекетінің қоршаған ортасы үшін кез келген елеулі зиянды салдар;
      төтенше жағдай - белгілі бір аумақта адам құрбандарына әкеп соқтырған немесе әкеп соғуы мүмкін, адамның денсаулығына немесе қоршаған ортаға залал келтіруі, едәуір материалдық шығындарға және адамның тіршілік әрекеті жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін авария, қауіпті табиғат құбылысы, апат, дүлей немесе өзге де апат нәтижесінде қалыптасқан жағдай.

2-бап

      Трансшекаралық су объектілері су ресурстарының ортақтығы мен тұтастығын мойындай отырып, осы ресурстарды сақтау, қорғау және қалпына келтіру мақсатында Тараптар тең құқылық және серіктестік рухта ынтымақтасады.
      Халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес Тараптар трансшекаралық су объектілерін ұтымды пайдалану мен қорғауды жүзеге асырады және осы бір тарап мемлекетінің қызметтің екінші Тарап мемлекетінің трансшекаралық су объектілеріне залал келтірмеуін қамтамасыз етуге жауапты болады.

3-бап

      Трансшекаралық әсер етуді болдырмау мақсатында Тараптар:
      трансшекаралық су объектілерінің гидрологиялық және гидрохимиялық режимінің және олармен байланысты экожүйе жай-күйінің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерден немесе әрекетсіздік жағдайлардан бас тартады;
      трансшекаралық су объектілерінің ластануын болдырмау, шектеу, қысқарту және жою бойынша шаралар қабылдайды;
      трансшекаралық су объектілері жай-күйінің өзгеруі, оның ішінде су басу, сеңнің кептелуі, су арқылы берілетін инфекциялар, арналардың тұнбалануы, жағалаулардың эрозияға ұшырауы нәтижесінде туындайтын теріс салдарды болдырмау немесе жұмсарту бойынша шаралар қабылдайды;
      трансшекаралық әсер етудің әлеуетті физикалық көзі болып табылатын гидротехникалық құрылыстарды, ағынды сулар мен сұйық қалдық жинақтағыштарды техникалық жарамды күйде ұстауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру бойынша Тараптардың құзыретті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті;
      Ресей тарабынан - Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрлігі және Су ресурстары федералдық агенттігі;
      Құзыретті органдардың атаулары немесе функцияларының өзгергені туралы Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі уақтылы хабардар етеді.

5-бап

      Тараптар суармалы жүйелерді, каналдар мен суағарларды қоса алғанда, трансшекаралық су объектілерінің су ресурстарын бөлу жөнінде жасалған келісімдерді, шарттарды және қабылданған шешімдерді, сондай-ақ 1992 жылғы 27 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану мен қорғау туралы келісімге сәйкес құрылған Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының осы мәселе бойынша шешімдерін мойындайды.
      Тараптар мемлекеттерінің механикалық су көтеру және тасымалдаумен байланысты су шаруашылығы жүйелері бойынша су беру су беру және су тасымалдау жөніндегі қызметтер үшін пайдалану шығындарына өтемақы төлей отырып Тараптардың құзыретті органдары уәкілеттік берген шаруашылық жүргізуші субьектілермен және ұйымдармен жасалатын шарттарда реттеледі.

6-бап

      Трансшекаралық әсер етуге қабілетті қандай да бір іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлаған Тарап мұндай іс-шараларды іске асыру басталғанға дейін екінші Тарапты бұл туралы хабардар етеді және осы Келісімнің 12-бабында көрсетілген Бірлескен комиссияға хабарлайды.
      Қажет болған кезде Тараптар жоспарланған іс-шаралардың қоршаған ортаға әсеріне жеке немесе бірлесіп бағалау жүргізеді.
      Қажет болған жағдайда Бірлескен комиссия жоспарланған іс-шаралар жайында консультация өткізеді. Егер өзгеше уағдаластыққа қол жеткізілмесе, Тараптар консультация өткізу кезеңінде көрсетілген іс-шараларды жүзеге асырудан бас тартады.

7-бап

      Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағы шегінде трансшекаралық су объектілерінде су шаруашылығы және су қорғау іс-шараларын дербес жүзеге асырады.
      Бір Тараптың мүддесі үшін екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүзеге асырылатын іс-шараларды жекелеген келісімдер негізінде мүдделі Тарап қаржыландырады.

8-бап

      Егер Тараптардың бірінің қандай да бір іс-шараларды жүзеге асыруы екінші Тарапқа залалын тигізсе, жәбірленуші Тарапқа оның өтемі үшін осындай іс-шараларды жүзеге асырған Тарап жауапты болады.
      Әрбір жағдайда келтірілген залалдың мөлшерін осы Келісімнің 12-бабында көрсетілген Бірлескен комиссия құратын бірлескен сарапшылар тобы анықтайды.

9-бап

      Тараптар трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау саласындағы гидрохимиялық, гидрологиялық, су шаруашылығы және өзге ақпаратпен алмасуды жүзеге асырады және су шаруашылығы, трансшекаралық су объектілерінің су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғау, гидротехникалық құрылыстарды пайдалану, ластанудың және су тартылуының алдын алу, сондай-ақ олардың зиянды әсерін болдырмау саласындағы ғылыми-техникалық прогресс мәселелері бойынша ынтымақтастыққа ықпал етеді.

10-бап

      Тараптар трансшекаралық су объектілерінің жай-күйі туралы және оның ластану көздері туралы ақпарат алу мақсатында, сондай-ақ трансшекаралық су объектілері жай-күйінің ықтимал өзгерістерін болжамдау үшін трансшекаралық су объектілерінің жай-күйіне мониторингті жүзеге асырады және келісілген бағдарламалар бойынша мониторинг деректерімен алмасады.
      Тараптар бірлесіп тұрақты негізде трансшекаралық су объектілері бассейндерінің су ресурстарының жай-күйіне бағалау, сондай-ақ трансшекаралық әсер етуді болдырмау, шектеу және қысқарту үшін қабылданатын шаралардың тиімділігіне бағалау жүргізеді.

11-бап

      Тараптар трансншекаралық су объектілерінде төтенше жағдайлар туындаған жағдайға арналған іс-шаралар жоспарын, оларды айқындау өлшемдерін әзірлейді және келіседі, сондай-ақ үйлесімді техникалық құралдарды қолдану негізінде байланыс, хабардар ету және дабыл қағудың үйлескен немесе бірлескен жүйелерін құрады.
      Трансшекаралық әсер етуге себеп болатын төтенше жағдай туындаған жағдайда, Тараптар;
      ол туралы бірін-бірі дереу хабардар етеді;
      қажет болған жағдайда осындай жағдайды жедел зерделеу және дамуын болжау бойынша ынтымақтасады;
      төтенше жағдайларды оқшаулау, жұмсарту және салдарын жою бойынша шаралар қабылдайды.
      Мүдделі Тараптың сұрауы бойынша екінші Тарап оған көрсетілген жағдайдың салдарын болдырмауда, жұмсартуда және жоюда тиісті көмек көрсетеді.

12-бап

      Осы Келісімді орындау мақсатында Тараптар басымды шарттарда Тараптардың әрбірінен бір-бірден тағайындайтын екі тең төраға басшылығымен жұмыс істейтін Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясын (бұдан әрі - Бірлескен комиссия) құрады.
      Бірлескен комиссияның құрамын Тараптардың тең өкілеттілігі қағидаты негізінде тең төрағалар анықтайды.
      Бірлескен комиссияның және оның жұмыс органдарының жұмыс тәртібі Бірлескен комиссия қабылдайтын Ережемен регламенттеледі.
      Бірлескен комиссияның отырыстары Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен кемінде жылына бір рет өткізіледі. Отырыстардың шешімдері хаттамалармен ресімделеді.
      Бірлескен комиссия осы Келісімді іске асыруға қатысты нақты мәселелерді шешу үшін жұмыс топтары мен сарапшылар тобын құрады.

13-бап

      Бірлескен комиссияның функциялары:
      осы Келісімді іске асыру жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру;
      трансшекаралық су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау саласындағы Тараптардың бірлескен іс-шараларын әзірлеуді ұйымдастыру;
      трансшекаралық су объектілеріндегі келісілген шекаралық қақпалардан ағатын су ағындарының параметрлерін белгілеу, Тараптардың оларды сақтауын қамтамасыз ету;
      трансшекаралық су объектілері бассейндерінде су шаруашылығы ахуалы өзгерген кезде бірлесіп орындалған су шаруашылығы және экономикалық есептеулер негізінде су бөлу параметрлерін өзгерту;
      трансшекаралық әсер етуге ықпалды Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында іске асыруға жоспарланған трансшекаралық су объектілеріндегі су шаруашылығы іс-шараларын, сондай-ақ жоспарланған іс-шаралардың қоршаған ортаға әсеріне бірлесіп бағалау жүргізу тәртібін қарау;
      трансшекаралық су объектілерінде төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жұмсарту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын, төтенше жағдайлардың қатері мен туындауы туралы Тараптарға ескерту және хабардар ету тәртібін әзірлеу;
      судың кері әсерін болдырмау және оның салдарын жұмсарту бойынша Тараптардың іс-қимылдарын үйлестіру;
      трансшекаралық су объектілерінің су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау, трансшекаралық су объектілерінің бассейндерінде су шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу;
      келісілген бағдарламалар мен әдістемелер бойынша трансшекаралық су объектілеріне мониторингті жүзеге асыруды ұйымдастыру;
      гидрологиялық болжамдармен, су сапасы және трансшекаралық су объектілері бассейндеріндегі су шаруашылығы жағдайы туралы мәліметтермен үнемі алмасуды ұйымдастыру;
      Тараптар арасындағы дауларды реттеуге жәрдемдесу;
      Осы Келісімді орындауға байланысты өзге де функциялар.

14-бап

      Бірлескен комиссияның, жұмыс топтарының отырыстарын және сарапшылардың кездесулерін ұйымдастыру мен өткізуге байланысты шығыстарды мемлекетінің аумағында көрсетілген іс-шаралар өткізілетін Тарап көтереді.
      Бірлескен комиссия, жұмыс топтары мүшелері мен сарапшыларды іссапарға жіберу жөніндегі шығыстарды іссапарға жіберуші Тарап көтереді.

15-бап

      Трансшекаралық су объектілерін пайдалану мен қорғауға байланысты кез келген келіспеушіліктерді немесе дауларды Тараптар Бірлескен комиссия қарауына жібере алады. Олардың қанағаттанарлық шешімі болмаған жағдайда Бірлескен комиссия Тараптарға өз қорытындылары мен ұсынымдарын береді. Бірлескен комиссия шеңберінде реттелмеген, сондай-ақ осы Келісімді түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер немесе даулар, Тараптардың уағдаластығы бойынша келіссөздер жолымен немесе өзге де бейбіт жолмен шешу құралдарымен шешіледі.

16-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

17-бап

      Осы Келісім осы Келісімге қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл бойы қолданылады және осы мерзім өткеннен кейін олардың тараптарының кез келген бірі ағымдағы бесжылдық кезең аяқталғанға дейін бір жыл бұрын өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа хабарлағанға дейін келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату Тараптардың құзыретті органдары келісімдерінің, Бірлескен комиссия шешімдерінің, сондай-ақ осы Келісім негізінде жасалған Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері мен ұйымдары арасындағы шарттардың қолданысын қозғамайды.
      Осы Келісімде ештеңе өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
      Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1992 жылғы 27 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісім өз қолданысын тоқтатады.

      _____________ қаласында 20____ жылғы "___" әрқайсысы екі данада қазақ және орыс тілдерінде жасалады, бұл ретте екі мәтіннің де бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады