Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына су ресурстарын беру жөніндегі келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 892 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына су ресурстарын беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевқа қағидатты сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына су ресурстарын беру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 892 қаулысымен   
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағынан
Қазақстан Республикасының аумағына су ресурстарын
беру туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту мақсатында,
      20___ жылғы "___" ______________ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімнің ережелеріне сәйкес,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Ресей Федерациясы Волгоград облысының Палласов суармалау-суландыру жүйесінің арнасы және Саратов облысының Саратов магистралды арнасы бойынша тиісінше Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Үлкен мен Кіші Өзен суармалау-суландыру жүйесіне машиналық су шығарумен жүзеге асырылатын су ресурстарын беруді қамтамасыз ету үшін ұйымдастыру-құқықтық негіз құру болып табылады.

2-бап

      Су ресурстарын беру 20___ жылғы "____" ___________ Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімге сәйкес құрылған Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы белгілейтін тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

3-бап

      Су ресурстарын берумен байланысты Ресей Тарапының пайдалану шығындарын Тараптардың құзыретті органдары уәкілеттілік берген ұйымдар арасында жасалатын шарттар негізінде Қазақстан Тарапы өтейді.

4-бап

      Осы Келісім ережелерінің іске асырылуын үйлестіру және бақылау жөніндегі уәкілетті құзыретті органдар:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
      Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрлігі болып табылады.
      Құзыретті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

6-бап

      Тараптардың өзара келісім бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл қолданыста болады, егер Тараптардың бірі осы Келісімнің бастапқы немесе кезекті қолданыс кезеңі аяқталғанға дейін алты ай бұрын оның қолданысын өзінің тоқтату ниеті туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы хабарламаса келесі бесжылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
      Осы Келісімнің қолданысының тоқтатылуы, осы Келісімнің 3-бабына сәйкес жасалған шарттардың қолданысын шартта белгіленген міндеттемелер орындалғанға дейін тоқтатпайды.
      20___ жылғы "___" ______________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасының                 Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады