Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 қазандағы № 1044 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.11.18 № 1215 Қаулысымен.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 8 қазандағы
№ 1044 қаулысымен 
мақұлданған    

жоба

Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің
құқықтық мәртебесі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қауымдастық құру туралы келісімді және 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы келісімді негізге ала отырып,
      Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы негіз қалаушы құжаттары мен Халықаралық еңбек ұйымының шеңберінде әзірленген қағидаттарға адалдығын ескере отырып,
      Тараптардың еңбек көші-қоны саласындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға жәрдемдесу ниетін білдіре отырып,
      Тараптар мемлекеттері арасындағы еңбек көші-қонының мәні мен ауқымын, заңсыз еңбек көші-қонын болғызбаудың, мәжбүрлі еңбекті жоюдың және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудің маңыздылығын мойындай отырып,
      төмендегі туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      еңбек қызметі - еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында оның заңнамасына сәйкес еңбек шартының негізінде жүзеге асыратын еңбек қызметі;
      еңбекші-мигрант - Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылатын, өзі азаматы болып табылмайтын және тұрақты тұрмайтын басқа Тараптың аумағында заңды негізде жүрген және заңды негізде еңбек қызметін жүзеге асыратын адам;
      еңбекші-мигранттың отбасы мүшесі - еңбекші-мигрантпен некеде тұратын адам, сондай-ақ оның асырауындағы балалары мен жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес отбасының мүшелері деп танылатын басқа да адамдар;
      жұмыс беруші - еңбекші-мигрантқа онымен жасалған еңбек шартының\ негізінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген шарттармен және тәртіппен жұмыс беретін заңды немесе жеке тұлға;
      жұмысқа орналастырушы мемлекет - аумағында еңбекші-мигрант еңбек шартының негізінде еңбек қызметін жүзеге асыратын Тараптардың бірінің мемлекеті;
      тұрақты тұру мемлекеті - еңбекші-мигрант аумағында тұрақты тұратын және ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру үшін аумағынан басқа Тараптың аумағына келетін Тараптардың бірінің мемлекеті;
      кемсітушілік - жыныстық белгісіне, нәсіліне, ұлтына, тегіне, дінге көзқарасына, нанымына, сондай-ақ оның іскерлік қасиеттеріне байланысты емес басқа да белгілері бойынша еңбекші-мигранттардың құқықтары мен бостандығына ерекшеліктер, тыйымдар, артықшылықтар мен шектеулер белгілеу;
      уәкілетті органдар - Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру құзыретіне енетін органдары;
      әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) - уақытша еңбекке жарамсыздығы жағдайы мен ана болуына байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауралардан міндетті әлеуметтік сақтандыру және міндетті медициналық сақтандыру.

2-бап

      Осы Келісім еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесін айқындайды, сондай-ақ еңбекші-мигранттардың еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібін және оларды әлеуметтік қорғауға байланысты мәселелерді реттейді.

3-бап

      Осы Келісім шеңберінде еңбекші-мигранттарды тартуға байланысты қызметті жұмысқа орналастырушы мемлекеттің жұмыс берушілері ұлттық еңбек нарығын қорғау жөніндегі шектеулерді ескермей жүзеге асырады, ал еңбекші-мигранттардың Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсаттар алуы талап етілмейді.

4-бап

      Еңбекші-мигранттардың жұмыс берушімен еңбек қатынастары жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ осы Келісіммен реттеледі және еңбек шартын жасасу арқылы ресімделеді.
      Еңбек шартын жасасу үшін еңбекші-мигрант жұмыс берушіге жұмысқа орналастырушы мемлекеттің еңбек заңнамасында көзделген құжаттарды, сондай-ақ еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында тұруының заңдылығын растайтын құжатты (құжаттарды) ұсынады.

5-бап

      Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағына келген күнінен бастап 30 тәуліктің ішінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің уәкілетті органдарында тіркелуден (келген жері бойынша есепке қоюдан) босатылады.
      Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің уақытша болу мерзімі еңбекші-мигранттың жұмыс берушімен жасасқан еңбек шартының қолданылу мерзімімен айқындалады.

6-бап

      Еңбекші-мигранттарды еңбек қызметіне, олардың кәсібінің түріне және болатын аумағына қатысты ұлттық қауіпсіздікті, оның ішінде стратегиялық маңызы бар экономика салаларында, қоғамдық тәртіпті, басқа адамдардың имандылығын, денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында белгіленетін шектеулер, сондай-ақ мемлекет жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау мақсатында қабылдайтын, Тараптардың мемлекеттік бюджеттерінен қаржыландырылатын шаралар кемсітушілік және еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын шектеу ретінде қаралмайды.

7-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай:
      сыртқы еңбек көші-қонын реттеу саласындағы саясатты келісу;
      еңбекші-мигранттардың еңбек қызметін жүзеге асыруы үшін оларды ұйымдастырған түрде жинауға және Тараптар мемлекеттерінің аумағына тартуға жәрдемдесу;
      еңбекші-мигранттардың еңбегін заңсыз пайдалануды болғызбау;
      еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік сақтандыру мәселелері жөнінде ақпарат алмасу бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытады.

8-бап

      Жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағына келген күнінен бастап 90 тәулік өткеннен кейін еңбек шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, еңбекші-мигрант 15 күннің ішінде жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда, оның ішінде басқа жұмыс берушімен жаңа еңбек шартын жасасуға құқығы бар.
      Еңбек шартының мерзімінен бұрын бұзылуына байланысты еңбекші-мигранттың құқықтары мен міндеттері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.

9-бап

      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы мемлекеттің уәкілетті органдарынан және жұмыс берушіден елде болудың шарттары мен тәртібіне, еңбек қызметін жүзеге асыруға, сондай-ақ жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген құқықтар мен міндеттерге қатысты ақпаратты алуға құқығы бар.

10-бап

      Еңбекші-мигранттың (оның ішінде бұрынғы қызметкердің) талап етуі бойынша жұмыс беруші еңбекші-мигрантқа оның мамандығы (біліктілігі, лауазымы), жұмыс істеу кезеңі мен жалақы мөлшері көрсетілген анықтаманы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында көзделген мерзімде беруге міндетті.
      Белгіленген тәртіппен ресімделген көрсетілген анықтаманы және/немесе оның куәландырылған көшірмесін жұмыс беруші еңбекші-мигрантқа өтеусіз береді.

11-бап

      Еңбекші-мигранттарды зейнетақыдан басқа, әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

12-бап

      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында өзімен бірге тұратын балаларының жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес мектепке дейінгі мекемелерге баруға, білім алуға құқығы бар.

13-бап

      Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің тиісті өтеусіз жедел (шұғыл) медициналық көмек пен өзге де медициналық көмек алу құқығы жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасымен және өзі қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледі.

14-бап

      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке пайдалануына арналған тауарларды әкелуге және әкетуге құқығы бар.
      Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің:
      жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзінің мүлкін иеленуге, пайдалануға және билік етуге;
      өзіне тиесілі мүлікке қатысты жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына қайшы келмейтін кез келген әрекетті жасауға, оның ішінде өзінің мүлкін басқа адамдардың меншігіне оқшаулауға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және билік ету құқығын беруге, мүлікті кепілге қоюға және басқа да тәсілдермен құқық ауыртпалығын салуға, оған өзге де түрде иелік етуге;
      өзінің мүлкін сенімгерлік басқаруға беруге;
      жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жеке меншігін қорғауға;
      жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасында және Тараптардың мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен тапқан қаражатын кедергісіз аударуға құқығы бар.

15-бап

      Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелері жұмысқа орналастырушы мемлекеттің заңнамасын сақтауға, оның мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуге, жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағында өздері жасаған құқық бұзушылықтар үшін оның заңнамасына сәйкес жауапты болуға міндетті.

16-бап

      Еңбекші-мигранттың кәсіптік одақтарға кіруге жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен теңдей құқығы бар.

17-бап

      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастырушы мемлекеттің аумағындағы еңбек қызметі нәтижесінде тапқан табысына жұмысқа орналастырушы мемлекеттің салық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес салық салынуға тиіс.

18-бап

      Осы Келісімді іске асыруды өз құзыреті шегінде және өз мемлекеттерінің заңнамасын сақтай отырып өзара іс-қимыл жасайтын уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өздерінің мемлекетішілік рәсімдерін орындағаны туралы жазбаша хабарламаны бір уақытта жібере отырып, депозитарийді көрсетілген уәкілетті органдар туралы хабардар етеді.
      Уәкілетті орган өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы депозитарийді дереу хабардар етеді.

19-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері азаматтарының Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмей қолданылады.

20-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

21-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
      Егер дау бір Тараптың екінші Тарапқа консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы жолдаған ресми жазбаша өтініші келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде реттелмеген болса, Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қауымдастық Сотының қарауына беруге құқылы.

22-бап

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін, Келісімге қатысушы-мемлекеттердің барлығының келісуімен, Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде Кедендік одаққа қатысушы болып табылатын басқа да мемлекеттер оған қосылуы үшін ашық болады.
      Келісімге қосылу ниеті бар мемлекеттер депозитарийге жазбаша өтініш жібереді. Депозитарий мемлекеттің қосылу туралы өтініші жөнінде қатысушы-мемлекеттердің барлығына хабарлайды, олар депозитарийдің хабарын алған күнінен бастап алты айдың ішінде өздерінің жауабын жібереді. Депозитарий қатысушы мемлекеттердің барлығының жауабын алғаннан кейін, бұл туралы Келісімге қосылуға ниет білдірген мемлекетке дереу хабарлайды.
      Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

      ___________ қаласында 200___ жылғы «____»  ______ орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь            Қазақстан          Ресей
  Республикасының      Республикасының   Федерациясының
   Үкіметі үшін         Үкіметі үшін      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады