"Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 қаңтардағы № 3 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы
№ 3985 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. «Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Шетелдік инвесторлар кеңесін құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 30 маусымдағы № 3985 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 18, 156-құжат; 2000 ж., № 17, 168-құжат; 2003 ж., № 45, 486-құжат; 2007 ж., № 14, 160-құжат;) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі туралы ережеде:
      21-тармақ «құрамы бойынша» деген сөздерден кейін «, сондай-ақ Кеңестің жанындағы байқаушылардың (бұдан әрі - байқаушылар) құрамы бойынша» деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 7-1-тараумен толықтырылсын:
      «7-1. Кеңес жанындағы байқаушылар
      22-2. Байқаушылардың құрамы Кеңестің мүшелігіне қабылдау үшін өтінім берген, деңгейі басшылардан немесе олардың орынбасарларынан төмен болмайтын үміткерлер қатарынан қалыптастырылады және Кеңестің пленарлық отырысында бекітіледі. Байқаушылар Кеңестің мүшелері болып табылмайды.
      22-3. Байқаушы мәртебесі Комиссияның ұсынымдары бойынша осы Ереженің 13, 14-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда беріледі.
      22-4. Байқаушылардың Кеңестің пленарлық отырысына қатысуға және Кеңес отырысының тақырыбы бойынша ұсыныстар беру құқығы бар.
      22-5. Байқаушы мәртебесі берілгеннен кейін бір жыл өткен соң, байқаушы жұмыс топтарының, Кеңестің пленарлық және аралық отырыстарының қызметі шеңберінде атқарылған жұмыс туралы есеп, сондай-ақ Кеңестің мүшелігіне қабылдау үшін жаңартылған өтінімді Комиссияның қарауына береді.»;
      28-тармақтың бірінші бөлігіндегі «мерзімдерде жылына кемінде екі рет» деген сөздер «мерзімге және тақырыпқа сәйкес жылына кемінде бір рет» деген сөздермен ауыстырылсын;
      31 -тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «31. Кеңестің пленарлық және аралық отырыстарының қорытындылары бойынша қабылданған шешімдер хаттамамен ресімделеді.
      Кеңестің пленарлық отырысы хаттамасының жобасын екі апта мерзімде ұсыныстар енгізу үшін Кеңестің шетелдік мүшелері, сондай-ақ айқындалған тақырыпқа сәйкес Кеңестің пленарлық отырысының мазмұндық бөлігіне жауапты Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары қарайды.».
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады