"Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 ақпандағы № 135 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей
Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын
ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі
туралы келісімді ратификациялау туралы

      Мәскеуде 2010 жылғы 9 желтоқсанда жасалған Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей
Федерациясының мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын
ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының, Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының үкіметтері,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы шартты, 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді, 2010 жылғы 9 желтоқсандағы Бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді негізге ала отырып,
      2008 жылғы 12 желтоқсандағы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің ортақ энергетикалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасының ережелерін ескере отырып,
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру қажеттігін сезіне отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің отын-энергетикалық кешендерінің әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ ұлттық экономикаларды мұнаймен және мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыруға бағытталған негізгі қағидаттар мен іс-шараларды айқындау, сондай-ақ осы нарықтардағы бәсекелестікті дамыту болып табылады.
      Осы Келісімде Бірыңғай экономикалық кеңістіктің мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы деп Еуразиялық экономикалық қоғамдастық пен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі Кеден одағының шарттық-құқықтық базасымен (бұдан әрі - Кеден одағы) айқындалатын Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумақтарында Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті мұнай мен мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, қайта өңдеу және өткізу саласындағы сауда-экономикалық қатынастарының жиынтығы түсініледі.

2-бап

      Бірыңғай экономикалық кеңістіктің мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру кезінде Тараптар мынадай негізгі қағидаттарды негізге алады:
      1) Тараптардың өзара саудада сандық шектеулерді және кедендік әкету баждарын (балама мәнге ие өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) қолданбауы. Мұнай мен мұнай өнімдерін Кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету кезінде кедендік әкету баждарын төлеу тәртібі Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің жекелеген, оның ішінде екіжақты келісімдерімен айқындалады;
      2) Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдеріне деген қажеттіліктерін басымдықпен қамтамасыз ету;
      3) Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдеріне арналған нормалары мен стандарттарын біріздендіру;
      4) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      5) Бірыңғай экономикалық кеңістіктің мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру.

3-бап

      1. Тараптар Бірыңғай экономикалық кеңістіктің мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру жөніндегі мынадай шаралар кешенін жүзеге асырады:
      1) 2011 жылғы 1 шілдеге дейін мұнай мен мұнай өнімдерін көліктің барлық түрімен жеткізу, экспорттау мен импорттау туралы мәліметтерді қамтитын кедендік ақпараттың негізінде ақпарат алмасу жүйесін құру;
      2) 2011 жылғы 1 шілдеге дейін осы Келісім талаптарын бұзудың алдын алатын бақылау тетіктерін жасау;
      3) 2013 жылғы 1 шілдеге дейін Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдеріне арналған нормаларын немесе стандарттарын біріздендіру.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шаралар Тараптардың немесе олар уәкілеттік берген органдардың тиісті келісімдер шеңберінде әдістемелерге немесе қағидаларға қол қоюы арқылы іске асырылады.

4-бап

      Тараптар Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттер арасындағы келісімдерге сәйкес қолда бар техникалық мүмкіндіктер шегінде:
      1) өндірілген мұнайды және одан жасалған мұнай өнімдерін Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің аумағында қолданыстағы көлік жүйесі бойынша, оның ішінде магистралдық мұнай құбырлары мен мұнай өнімдері құбырларының жүйелері бойынша ұзақ мерзімді тасымалдауды жүзеге асырудың кепілдендірілген мүмкіндігі;
      2) Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің әрқайсысының аумағында орналасқан мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында тіркелген шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін де, аумағы арқылы мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдау жүзеге асырылатын Тараптың шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін де бірдей шарттарда қол жеткізуі жағдайларын қамтамасыз етеді.

5-бап

      Мұнай құбырлары мен мұнай өнімдері құбырларының жүйесі арқылы мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау тарифтерін Тараптың әрбір мемлекетінің ұлттық органдары белгілейді және олар экспортқа және ішкі тұтыну үшін тасымалдаудан өзгешеленуі мүмкін. Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған тарифтер аумағы арқылы мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдау жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін белгіленген тарифтерге тең деңгейде белгіленеді.

6-бап

      Тараптардың құзыретті органдары әрбір ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнайды, мұнай өнімдерін өндірудің (шығарудың), тұтынудың, жеткізудің, импорттау мен экспорттаудың келесі күнтізбелік жылға арналған индикативтік теңгерімдерін келіседі.
      Тараптардың құзыретті органдары Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдерін өндірудің, тұтынудың, жеткізудің, импорттау мен экспорттаудың ұзақ мерзімді индикативтік теңгерімін келіседі, ол Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай өндіруінің, мұнай өнімдерін шығару мен тұтынуының нақты өзгерісін ескере отырып, қажет болған кезде жыл сайын түзетілуі мүмкін.
      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің біреуінің аумағында өндірілген мұнайды Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы басқа мемлекеттің аумағы арқылы тасымалдау көлемі мен бағыттары жыл сайын Тараптардың құзыретті органдарының арасындағы хаттамалармен айқындалады.

7-бап

      Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай мен мұнай өнімдерінің ішкі нарықтарын реттеуді осы мемлекеттердің ұлттық органдары жүзеге асырады. Тараптар мұнай мен мұнай өнімдерінің нарықтарын ырықтандыру жөніндегі іс-шараларды Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

8-бап

      Осы Келісімнің 13-бабында көрсетілген халықаралық шарттарды қоспағанда, осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының өзі қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Тараптардың бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімі осы Келісімде көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауды жүзеге асыратын табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылады.

9-бап

      Осы Келісімнің орындалуын үйлестіруді мынадай құзыретті органдар жүзеге асырады:
      Беларусь Тарапынан - Беларусь мемлекеттік мұнай және химия жөніндегі концерні және Беларусь Республикасының Экономика министрлігі;
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі;
      Ресей Тарапынан — Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі.
      Құзыретті органдар ауысқан жағдайда Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.
      Егер дау тараптарының бірі даудың екінші тарапына келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күнінен бастап 6 ай ішінде дау тараптары келіссөздер мен консультациялар арқылы дауды реттемесе, онда дау тараптары арасында оны шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған жағдайда, дау тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін жібере алады.

11-бап

      Осы Келісімде ештеңе де Тарапты осы Келісімнен туындайтын қағидаларды және (немесе) артықшылықтарды осы Келісімнің қатысушысы болып табылмайтын үшінші мемлекеттерге немесе осындай үшінші мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне, олардың тауарларына немесе қызметтеріне қолдануға міндеттеу ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

12-бап

      Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісім 2010 жылғы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісіммен, сондай-ақ 2010 жылғы Беларусь Республикасының аумағынан мұнай мен мұнай өнімдерін Кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету кезіндегі кедендік әкету (балама әрекеті бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) баждарын төлеу тәртібін айқындау туралы келісіммен бір мезгілде күшіне енеді және мемлекет басшылары деңгейіндегі ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының жоғарғы органы) 2009 жылғы 19 желтоқсандағы № 35 шешімімен бекітілген Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында қол қою көзделген барлық келісімдер, сондай-ақ 2010 жылғы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім мен 2010 жылғы Беларусь Республикасының аумағынан мұнай мен мұнай өнімдерін Кеден одағының кедендік аумағынан тыс жерлерге әкету кезінде кедендік әкету баждарын (балама әрекеті бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) төлеу тәртібін айқындау туралы келісім осы мемлекеттердің аумағында қолданылған жағдайда Тараптар мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастарда қолданылады (осы бапта көрсетілген екіжақты келісімдердің атаулары Тараптар келіссөздерінің нәтижелері бойынша нақтылануы мүмкін).

      Мәскеу қаласында 2010 жылғы 9 желтоқсанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын және оның расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Бірыңғай экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады.

     Беларусь                  Қазақстан                   Ресей
  Республикасының           Республикасының            Федерациясының
   Үкіметі үшін               Үкіметі үшін              Үкіметі үшін

      2010 жылғы 9 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын ұйымдастыру, басқару, жұмыс істеу және дамыту тәртібі туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады