"Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 ақпандағы № 171 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Заңы Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету
үшін жағдай жасау туралы келісімді ратификациялау туралы

      Мәскеуде 2010 жылғы 9 желтоқсанда жасалған Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті

Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету
үшін жағдай жасау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты негізге ала отырып,
      капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін қаржы нарықтарында жағдай жасау, қаржы секторында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында
      төмендегілері туралы келісті:

1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдардың анықтамасы

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      «қаржылық қызметтер» - мыналарды:
      банктік қызметтерді;
      валюта нарығындағы қызметтерді;
      бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының қызметтерін;
      сақтандыру қызметтерін қамтитын қаржылық сипаттағы қызметтер;
      «бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары» - өздері аумағында тіркелген Тараптың заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыру құқығы бар заңды тұлғалар;
      «кредиттік ұйым» - банк қызметін реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган берген арнайы рұқсат (лицензия) негізінде өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде пайда табу үшін банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға;
      «сақтандыру ұйымы» - өзі аумағында тіркелген Тараптың заңнамасына сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлға;
      «қаржы нарығының қатысушылары» - қаржылық қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар.

2-бап
Осы Келісімді іске асыруға бағытталған шаралар

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар банк секторында, валюта нарығында, бағалы қағаздар нарығында және сақтандыру саласында қажетті шараларды жүзеге асырады.
      Банк саласында мынадай шаралар жүзеге асырылады:
      Тараптар инвесторларының кредиттік ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді (акцияларды) құру және сатып алу мәселесі бойынша Тараптардың заңнамасын үйлестіру;
      халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарығындағы тәуекелдерді реттеу тәсілдерін үйлестіру;
      Тараптардың уәкілетті органдары арасында банк саласын реттеу және дамыту мәселелері бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастыру.
      Валюта нарығында мынадай шаралар жүзеге асырылады:
      Тараптардың уәкілетті органдары арасында валюта нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастыру;
      Тараптардың ұлттық валюталарының сыртқы сауда төлемдері мен есеп айырысуларда пайдаланылуын кеңейту мақсатында олармен конверсиялық операцияларды жүргізу үшін тиімді инфрақұрылым құру;
      Тараптардың ұлттық валюталарының айырбас бағамын белгілеу қағидаттары мен қағидаларын үйлестіру.
      Бағалы қағаздар нарығында мынадай шаралар жүзеге асырылады:
      Тараптардың уәкілетті органдары арасында бағалы қағаздар мен өзге қаржы құралдары нарығын реттеу мәселелері бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастыру;
      Тараптардың бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының қызметін реттеу саласындағы заңнамасын үйлестіру;
      Тараптар эмитенттерінің бағалы қағаздарының эмиссиясы рәсіміне (шығару тәртібіне) қойылатын талаптарды үйлестіру;
      Тараптар заңнамасының ұлттық нарықтарда шетел эмитенттерінің бағалы қағаздарын орналастыруға және айналысқа жіберуге қойылатын талаптарын үйлестіру.
      Сақтандыру саласында мынадай шаралар жүзеге асырылады:
      Тараптардың уәкілетті органдары арасында сақтандыру нарығын реттеу мәселелері бойынша ақпарат алмасуды ұйымдастыру;
      Тараптардың сақтандыру заңнамасын, сондай-ақ халықаралық қағидалар мен стандарттардың ережелерін ескере отырып, сақтандыру қызметін сақтандыруды қадағалау және реттеу талаптары мен тәсілдерін үйлестіру;
      сақтандыруды жүзеге асырған кезде міндетті сақтандыру, қайта сақтандыру, делдалдық қызмет саласындағы реттеуіш нормаларды жақындату саласындағы ынтымақтастық;
      сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша бірыңғай талаптарды келісу;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын анықтаудың бірыңғай қағидаттары мен тәсілдерін келісу.

3-бап
Қаржы нарығының қатысушылары қызметінің транспаренттілігін
қамтамасыз ету, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының
талаптарын іске асыру

      Қаржы нарығының қатысушылары қызметінің транспаренттілігін қамтамасыз ету бойынша Талаптардың бірлескен іс-қимылдары:
      жарияланатын ақпараттың көлеміне, сапасына және мерзімділігіне қойылатын талаптарды үйлестіруге;
      Талаптардың эмитенттердің ақпаратты жариялауы, инсайдерлік ақпаратты заңсыз пайдалануға және бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын үйлестіруге;
      жүйелі тәуекелдердің алдын алу мақсатында рейтингтік агенттіктердің қызметін айқындылық, есеп берушілік және жауапкершілік қағидаттарына сәйкес жүзеге асыруға қойылатын талаптарды үйлестіруге;
      Тараптардың қаржы нарығына қатысушылардың халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын пайдалануға етуін аяқтауға бағытталған.

4-бап
Осы Келісімді іске асыру кезеңдері

      Осы Келісімді іске асыру екі кезеңмен жүргізіледі:
      Бірінші кезең Тараптардың уәкілетті органдары арасында тұрақты негізде осы Келісімнің 2 және 3-баптарында көрсетілген салаларда ақпарат алмасуды ұйымдастыруды көздейді.
      Екінші кезең халықаралық қағидалар мен стандарттарды ескере отырып, осы Келісімнің 2 және 3-баптарында көрсетілген салалардағы Талаптардың заңнамасын үйлестіруді, оның ішінде қаржы нарығының қатысушыларына қойылатын лицензиялық талаптарды, қаржы нарығының қатысушыларын қадағалауды жүзеге асырудың қадағалау талаптары мен тәртібін үйлестіруді, сондай-ақ эмитентті тіркеу мемлекетінің реттеуші органы бағалы қағаздар эмиссиясын (шығарылымын) тіркеу шартымен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің бүкіл аумағында Тараптар эмитенттерінің бағалы қағаздарын орналастыру мен айналысының мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді. Іске асыру мерзімі - 2013 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

5-бап
Ынтымақтастықтың негізгі нысандары

      Капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында қаржы нарығында жағдай жасау үшін ынтымақтастықтың мынадай негізгі нысандары қолданылады:
      Тараптардың уәкілетті органдары арасында ақпарат алмасуды жүзеге асыру;
      қаржылық қызметтер нарығының ағымдағы проблемаларын талқылау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу бойынша келісілген іс-шаралар жүргізу;
      Тараптардың уәкілетті органдарының қаржылық қызметтерді реттеу саласында өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсетуі;
      осы Келісімнің 2-бабында айқындалған шараларды іске асыру үшін халықаралық шарттар жасасу.

6-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер дауды Тараптар консультациялар және келіссөздер жүргізу туралы Тараптардың бірі жіберген ресми жазбаша өтініш түскен күннен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда Тараптардың арасында дауды шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаған кезде Тараптардың кез келгені оны қарау үшін Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына беруге құқылы.

7-бап
Өзгерістер енгізу

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін және олар осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енеді.

8-бап
Күшіне енуі

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мүшесі болып табылатын басқа мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға беріледі.
      Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшіне енеді.

      Мәскеу қаласында 2010 жылғы 9 желтоқсанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь                    Қазақстан                 Ресей
  Республикасының              Республикасының         Федерациясының
    Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін            Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады