Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2010 жылғы 11 маусымда Ташкент қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің
үкіметтері арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2014 жылғы 15 тамызда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 6, 56-құжат)
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері (бұдан әрі Тараптар деп аталатын)
Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі - ШЫҰ) мүше мемлекеттердің халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту және нығайту мақсатында тең құқық және өзара сыйластық негізінде,
2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ хартиясының, 2007 жылғы 16 тамыздағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілігі, достығы мен ынтымақтастығы туралы шарттың ережелерін, сондай-ақ ШЫҰ-ның басқа да құжаттарын басшылыққа ала отырып,
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығының мынадай бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамытады:
- егіншілік;
- мал шаруашылығы;
- бал ара шаруашылығы;
- ветеринария;
- селекция, тұқым шаруашылығы және асыл тұқымдандыру ісі;
- мелиорация, суландыру және ауыл шаруашылығын суландыру;
- ауылшаруашылығы өнімін өңдеу және оның саудасы;
- ауыл шаруашылығы машиналарын жасау;
- ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулер.
Тараптардың өзара уағдаласуы бойынша қосымша ынтымақтастықтың басқа бағыттары енгізілуі мүмкін.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген ынтымақтастық бағыттары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес мынадай нысандарда іске асырылады:
- ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми және инновациялық жетістіктермен алмасу;
- ауыл шаруашылығының озық техникасымен және қазіргі заманғы технологияларымен алмасу;
- бірлескен инвестициялық ауыл шаруашылығы жобаларын әзірлеу және іске асыру;
- Тараптар өткізетін ауыл шаруашылық және инновациялық көрме-жәрмеңкелерге қатысу;
- ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу;
- ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің заңнамасы және ауыл шаруашылығы өнімінің және оны өңдеу өнімдерінің биологиялық сапасына және биологиялық қауіпсіздігіне арналған стандарттар туралы ақпаратпен алмасу;
- ауыл шаруашылығы саласында бірлескен ғылыми конференциялар, семинарлар және дөңгелек үстелдер ұйымдастыру;
- зерттеулер, ғылыми экспедициялар ұйымдастыру, сарапшылармен, ғалымдармен және техникалық персоналмен алмасу;
- тұқымдармен және көшеттермен, жануарлармен, селекциялық материалмен алмасу;
- өсімдіктерді қорғау және олардың карантині, өсімдіктерді қорғаудың биологиялық және химиялық әдістері бойынша ғылыми жетістіктерді әзірлеу және енгізу;
- жануарлар мен өсімдіктердің трансшекаралық ауруларын, карантиндік және айрықша қауіпті зиянды организмдерді анықтау, оқшаулау және оларға қарсы күрес;
- тікелей экономикалық байланыстар орнатуда ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен тиісті шаруашылық құрылымдарын қолдау;
- ауыл шаруашылығы үшін кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру.
Тараптар өзара келісім бойынша ынтымақтастықтың ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін басқа нысандарын да пайдалана алады.
3-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру барысында алынған зияткерлік қызмет нәтижелеріне арналған құқықтарды ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қорғауды қамтамасыз етеді.
4-бап
Егер Тараптар арасында әрбір нақты жағдайда жеке хаттамалармен ресімделетін өзгеше уағдаластықтар болмаса, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындауға байланысты барлық шығыстарды дербес жабады.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобын құрады.
Арнайы жұмыс тобының қызметі тиісті регламентпен реттеледі.
6-бап
Осы Келісімнің жекелеген ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамаларға қол қояды.
7-бап
Тараптардың келісімімен осы Келісімге, осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
8-бап
Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты даулы мәселелер мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, олар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
10-бап
Осы Келісімнің шеңберінде орыс және қытай тілдері ынтымақтастықтың жұмыс істеу тілдері болып табылады.
11-бап
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және депозитарий оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы оған қол қойған Тараптардың әрқайсысының соңғы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап күшіне енеді.
Егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, осы Келісім келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
12-бап
Күшіне енгеннен кейін осы Келісім ШЫҰ-ға мүше кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық.
Қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарийдің қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
Депозитарий қосылған мемлекетке қатысты осы Келісімнің күшіне енетін күні туралы Тараптарды хабардар етеді.
13-бап
Тараптардың кез келгені осы Келісімнен болжамды шығатын күніне дейін 90 күн бұрын депозитарийге бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарлама алған күннен бастап 30 күн ішінде мұндай ниет туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.
Егер Тараптар өзгеше туралы уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданысын тоқтату басталған, бірақ оның қолданысы тоқтатылғанға дейін аяқталмаған оған сәйкес жүзеге асырылатын қызметін қозғамайды.
14-бап
Осы Келісімнің депозитарийі ШЫҰ-ның Хатшылығы болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 күн ішінде Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
2010 жылғы 11 маусымда Ташкент қаласында орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының
Үкімет үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін