Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 2012.11.21 № 1474 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.
«Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 қарашадағы Заңының 5-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Биоотын өндіретін зауыттарды салуға рұқсат беру қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрінің К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 наурыздағы
№ 202 қаулысымен
бекітілген
Биоотын өндіретін зауыттарды салуға рұқсат беру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 қарашадағы Заңының 5-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленген және биоотын өндіретін зауыттарды салуға рұқсат беру тәртібін белгілейді.
2. Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша биоотын өндіретін зауыттар салуға рұқсат (бұдан әрі — рұқсат) береді.
2. Рұқсат беру тәртібі
3. Рұқсатты ресімдеу үшін заңды тұлға уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) рұқсат беру туралы өтініш (осы қағидаға 2-қосымшада келтірілген мәліметтерді көрсете отырып еркін нысанда беріледі);
2) салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқасын міндетті түрде ұсынған кезде тіркеу құжаттарының көшірмесі;
3) «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 қарашадағы Заңының 8-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтерді қамтитын биоотын өндіретін зауытты салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеме;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган жүргізген биоотын өндіретін зауытты салуға мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы.
4. Құжаттар пошта арқылы жіберіледі не уәкілетті органның құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі арқылы қолма-қол ұсынылады.
5. Рұқсат беру үшін уәкілетті органға ұсынылған барлық құжаттар өтінішті қабылдаған тұлғаның кіріс нөмірін, күнін, аты-жөні мен тегін көрсете отырып, көшірмесі өтініш берушіге жіберілетін тізімдеме бойынша қабылданады.
6. Уәкілетті орган зауыт салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеменің салалық сараптамасын оның ұсынылған күнінен бастап отыз жұмыс күні ішінде өткізеді.
7. Техникалық-экономикалық негіздеменің салалық сараптамасы өткізілгеннен кейін уәкілетті орган үш күнтізбелік күн ішінде рұқсатты береді не рұқсатты беруден дәлелді бас тартуды жазбаша түрде береді.
8. Рұқсат беруден бас тарту негіздері мыналар болып табылады:
1) тиісті емес тұлғаның рұқсат беру туралы өтініші;
2) осы Қағидаға сәйкес талап етілетін құжаттарды ұсынбау немесе құжаттардың толық емес пакетін ұсыну;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы;
4) техникалық-экономикалық негіздеменің салалық сараптамасының теріс қорытындысы;
5) егер салуға жоспарланған биоотын өндіретін зауыттың өндірістік қуаты жұмыс істеп тұрған биоотын өндіретін зауыттардың өндірістік қуаттары жиынтығында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемінен артық болса.
9. Қайта берілген кезде өтініш осы Қағидада белгіленген тәртіппен жалпы негіздерде қаралады.
3. Рұқсатты қайта ресімдеу және телнұсқа беру
10. Рұқсат жоғалған, бүлінген кезде биоотын өндіруші рұқсаттың телнұсқасын алады.
Рұқсаттың жоғалған, бүлінген бланкілері биоотын өндіруші уәкілетті органға жазбаша өтініш (рұқсаттың жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттарды қоса бере отырып) берген күнінен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазуы бар рұқсаттың телнұсқасын беруді жүзеге асырады.
11. Рұқсаттың телнұсқасы тегін беріледі.
12. Бірігу, қосылу, бөліну, бөлу немесе қайта құру, атауын өзгерту нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, заңды тұлға отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттарды қоса бере отырып, рұқсатты қайта ресімдеу туралы өтініш береді.
13. Уәкілетті орган биоотын өндіруші тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде рұқсатты қайта ресімдейді.
Биоотын өндіретін
зауыттарды салуға рұқсат
беру қағидасына
1-қосымша
Биоотын өндіретін зауыт салуға
№ РҰҚСАТ
_______________________________________________________________
(шикізат түрі, шикізатты қайта өңдеу тоннадағы/айдағы қуаттылығы)
____________________________________________________________өндіретін
(биоотын түрі)
_________________________________________________________________үшін
(зауыттың орналасқан жері)
____________________________________________________________берілген.
(кімге)
20__ жылғы «___»__________
Биоотын өндірісі бойынша
уәкілетті орган басшысы ____________________ аты-жөні,
(қолы)
М.О.
Биоотын өндіретін
зауыттарды салуға рұқсат
беру қағидасына
2-қосымша
Биоотын өндіретін зауыттар салуға рұқсат беру өтінішінде көрсетілетін мәліметтер
Биоотын өндіретін зауыттар салуға рұқсат беру туралы өтініште мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) заңды тұлғаның атауы мен деректемелері;
2) координаттары көрсетілген биоотын өндіретін зауыттардың орналасқан жерінің ахуалдық схемасы;
3) шығаруға болжанатын биоотын түрі (түрлері);
4) зауыттың атауы, негізгі сипаттамалары;
5) шикізатты қайта өңдеу жөніндегі болжамды қуаттылық, тонна/айына;
6) өнім бірлігіне арналған шикізаттың меншікті шығыны;
7) құрылыстың болжамды басталу және аяқталу мерзімі;
8) шикізат базасының теңгерімдік схемасы және шикізатты, оның ішінде ішкі нарықта шикізаттың ең төменгі деңгейі кезінде тұтыну есебі;
9) өндірістік қызметтің сипаттамасы (шығарылатын өнім көлемі, шығарылатын өнім түрлері, жұмысшылар саны);
10) биоотын өндіретін зауыт салуға бұрын берілген деректер (нөмірі, берілген күні, кім берді), егер мұндай өтініш берушіде бар болса;
11) биоотын өндірісінің көлемдері туралы ақпаратты автоматты түрде беруді қамтамасыз ететін биоотын өндірісі процесінің, биоотын өндірісі бойынша құрал-жабдықтардың, есептеуді бақылау құралдарының технологиялық сипаттамасы;
12) шикізатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін іс-шаралар.