Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 қарашадағы № 351-IV Заңы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 24-баптан қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң биоотын өндірісі және айналымы саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) биологиялық туынды шикізат – биологиялық туынды, оның ішінде биохимиялық құрамдас бөліктерге ыдырайтын және биоотын өндіру үшін пайдаланылатын өнімдер;

      2) биоотын – биологиялық туынды шикізатты қайта өңдеу арқылы алынған отын, оның ішінде биоэтанол;

      3) биоотын айналымы – биоотынды әкелуді (импорт) және әкетуді (экспорт) қоса алғанда, биоотынды өткізу (сату немесе беру) процестері (кезеңдері), сондай-ақ олармен байланысты құю, таңбалау, сақтау және тасымалдау процестері;

      4) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган – биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      5) биоотынды кәдеге жарату – арналған мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз биоотынды және биоотын өндірісінің қосалқы өнімдерін қажетті сападағы биоотынға немесе басқа өнімге айналдыратын технологиялық өңдеу;

      6) биоотын өндіретін зауыт – шикізатты биоотын етіп қайта өңдеуге арналған мамандандырылған ғимарат;

      7) биоотын өндіру – биоотын алуды қамтамасыз ететін шикізатты қайта өңдеу жөніндегі жұмыстар кешені;

      8) биоотын өндіруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес биоотын өндірісін және айналымын жүзеге асыратын заңды тұлға;

      9) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган – биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      10) биоэтанол – биологиялық туынды шикізаттан өндірілген, міндетті түрде мұнай өнімдерімен араластыруға немесе отын құрамдастарын, октан арттырғыш қосындыларды, отын қоспаларын, эфирлерді, сондай-ақ биоотынның басқа түрін өндіру мақсатында пайдалануға немесе химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдерін өндіру мақсатында пайдалануға арналған дегидратталған этил спирті;

      11) дегидратталған этил спирті – сусыздандыру процесінен өткізілген, құрамындағы су үлесі бір пайыздан аспайтын этил спирті;

      12) денатуратталған биоэтанол – тамақ өнімі немесе тамақ өніміне қоспа ретінде пайдалануға мүмкіндік бермейтін қасиеттер беру мақсатында химиялық заттармен араластыру процесінен өткізілген дегидратталған этил спирті;

      13) өндіріс паспорты – биоотын өндіретін зауыттың өндірістік қуаттарының көрсеткіштерін, оның негізгі сипаттамаларын көрсететін, биоотын өндірісінің технологиялық процесінің сақталуы үшін қолда бар жабдықтардың пайдаланылуын регламенттейтін, белгіленген нысандағы құжат;

      14) тамақ шикізаты – тамақ өнімдерін және биоотынды өндіру үшін жарамды биологиялық туынды шикізат түрі;

      15) тауарларға ілеспе жүкқұжат – биоотынды босату мен қабылдау жөніндегі операцияларды ресімдеу үшін қажетті біріздендірілген құжат.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.10.2022 № 144-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы

      1. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. БИООТЫН ӨНДІРІСІН ЖӘНЕ АЙНАЛЫМЫН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ

3-бап. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу

      1. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеуді биоотын өндірісі мен айналымы саласындағы уәкілетті органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      Өзге мемлекеттік органдар биоотын өндірісінің және (немесе) айналымының осы Заңда көзделген жекелеген мәселелерін өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген өз құзыреті шегінде реттейді.

      2. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері:

      1) ластағыш заттардың атмосфераға шығарылу деңгейін азайту;

      2) биоотын өндірісін және айналымын дамыту;

      3) биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

      3. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу:

      1) биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындауды;

      2) биоотын өндірісі және айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды;

      3) азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда кейіннен биоотын етіп қайта өңдеу үшін пайдаланатын тамақ шикізатына квоталарды белгілеуді қамтиды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.10.2022 № 144-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік қолдау

      Биоотын нарығын дамытуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет биоотын өндірісін және айналымын биоотын нарығын дамытудың басым бағыттарын зерделеу жөніндегі зерттеулерді қаржыландыру арқылы қолдауды жүзеге асырады.

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

6-бап. Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган:

      1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      1-1) биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу және қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      2) өз құзыреті шегінде биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      4) өндіріс паспортын бекіту үшін қажетті мәліметтер тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      5) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      6) техникалық регламенттерді әзірлейді;

      7) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      8) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      9) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      10) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      11) биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптарын қолдану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      12) азық-түлік қауіпсіздігі қатері болған жағдайда, биоотынды кейіннен өңдеу үшін пайдаланылатын тамақ шикізатына квота белгілеу тәртібін әзірлейді және бекітеді;

      13) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      13-1) биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындайды;

      13-2) биоотын өндірушілердің биоотын өндірісінің мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті есептердің нысандары мен оларды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына ұсыну тәртібін бекітеді;

      13-3) алып тасталды - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган:

      1) өз құзыреті шегінде биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) өз құзыреті шегінде биоотын айналымын мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      3) биоотын айналымына камералдық бақылауды жүзеге асырады;

      4) биоотын айналымы бойынша декларациялардың нысанын, оларды ұсыну тәртібі мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;

      5) хабарлама нысанын әзірлейді және бекітеді;

      6) биоотын айналымы саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      7) алып тасталды – ҚР 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      8) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 № 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-1-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы:

      1) биоотын өндірісін мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;

      2) биоотын өндірісі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      3) алып тасталды - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      4) биоотын өндірісінің мониторингін жүргізеді;

      5) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға биоотын өндірісі бойынша өндірістік қуаттардың шекті көлемдерін айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді.

      Ескерту. 2-тарау 7-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-бап. Биоотын өндірісін ұйымдастыру

      Ескерту. 8-бап алып тасталды - ҚР 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Биоотын өндірісінің және айналымының шарттары

      1. Биоотын өндірісі:

      1) өндіріс паспорты және биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есепке алатын бақылау аспаптары болғанда;

      2) биоотын өндірушінің жеке меншік құқығындағы немесе өзге де заттай құқығындағы биоотын өндіретін зауытта жүзеге асырылады.

      2. Биоотынды өткізу тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдей отырып жүзеге асырылуға тиіс.

      3. Биоотынды тасымалдауға оның бүкіл жүру жолында тауарларға ілеспе жүкқұжаттар болған кезде жол беріледі.

      4. Биоотынды сақтау биоотын өндірушілердің және құрамында биоотын бар мұнай өнімдерін өндірушілердің, химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдерін өндірушілердің меншік құқығына немесе өзге де заттай құқығына жататын үй-жайларда жүзеге асырылады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.10.2022 № 144-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Биоотын өндірушінің және құрамында биоотын бар мұнай өнімдерін өндірушінің құқықтары мен міндеттері

      1. Биоотын өндіруші және құрамында биоотын бар мұнай өнімдерін өндіруші:

      1) өндіретін өнімін дербес, оның ішінде экспортқа өткізуге;

      2) биоотын нарығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдауға ие болуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды иеленуге құқылы.

      2. Биоотын өндіруші:

      1) биоотын өндірісі мониторингін жүзеге асыру үшін қажетті есептерді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына табыс етуге;

      2) өндірілген биоотынның әрбір партиясының Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленген талаптарға сәйкестігін растауды қамтамасыз етуге;

      3) биоотын құрамына сәйкес келмеген жағдайда оны кәдеге жаратуды (жоюды) жүргізуге;

      4) биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысанға, тәртіпке және мерзімге сәйкес биоотын айналымы бойынша декларацияларды биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға табыс етуге;

      5) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеуге және биоотын айналымы саласындағы уәкілетті органға ұсынуға;

      6) осы Заңның 3-тарауында белгіленген, биоотынға және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын жалпы қауіпсіздік талаптарын сақтауға;

      7) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган белгіленген тәртіппен өндіріс паспортын әзірлеуге және бекітуге;

      8) өндіріс паспортында көрсетілген мерзімге сәйкес жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге;

      9) биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есепке алатын бақылау аспаптарын орнатуға міндетті.

      3. Құрамында биоотыны бар мұнай өнімдерін өндіруші биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпке, нысанға және мерзімге сәйкес:

      1) биоотын айналымы бойынша декларацияларды тапсыруға;

      2) биоотын айналымы кезінде тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеуге және ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.10.2022 № 144-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы шектеулер

      1. Биоотын өндірісі және айналымы кезінде мыналарға:

      1) биоотын етіп кейіннен өңдеу үшін тамақ шикізатын биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген квотадан асатын көлемде пайдалануға;

      2) 1 және 2-сыныпты бидайды тамақ шикізаты ретінде пайдалануға;

      3) құрамына сәйкес келмейтін биоотынды өткізуді жүзеге асыруға;

      4) денатуратталмаған биоэтанолды, оны биоотын өндіретін зауытқа немесе отын құрамдастарын, октан арттырғыш қосындыларды, отын қоспаларын, эфирлерді өндіретін кәсіпорынға жеткізу үшін немесе биоотынның басқа түрлеріне қайта өңдеу үшін мұнай өңдеу зауытына жеткізу жағдайларын қоспағанда, айналымға шығаруға;

      5) алкогольді өнімдер шығаруға және айналымын жүзеге асыруға;

      6) қайта өңдеуге генетикалық түрлендірілген көз (объект) болып табылатын немесе генетикалық түрлендірілген көздерді (объектілерді) құрайтын шикізатты олардың қауіпсіздігін ғылыми негіздемелік растаусыз және мемлекеттік тіркеуден өтпей қабылдауға;

      7) биоотын өндіретін бір зауытта екі және одан да көп биоотын өндірушілердің биоотын өндіруін жүзеге асыруына;

      8) биоотын өндірісінің паспортынсыз, оның көлемін есепке алуды бақылау аспаптарынсыз не олардың бұзылып тұрған уақытында биоотын өндірісін жүзеге асыруға;

      9) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, тиісті құжаттары болған кезде биоотын экспортын қоспағанда, биоотын өндіруді және (немесе) мұнай өнімдерін компаундирлеуді және (немесе) химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдерін өндіруді жүзеге асырмайтын тұлғаларға биоотынды өткізуге;

      10) тиісті құжаттары бар кезде биоотынды экспорттауды қоспағанда, өндірілген биоотынды биоотын нарығының қатысушылары мен химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдерін өндірушілер болып табылмайтын тұлғаларға оны сақтау үшін беруге;

      11) биоотынды тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдемей өткізуге тыйым салынады.

      2. Тиісті құжаттары бар кезде биоотынды экспорттауды қоспағанда, биоотын өндіруді және (немесе) мұнай өнімдерін компаундирлеуді және (немесе) химиялық және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдерін өндіруді жүзеге асырмайтын тұлғаларға биоотынды сақтауға тыйым салынады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.10.2022 № 144-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. БИООТЫНҒА ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨМІРЛІК ЦИКЛІНІҢ ПРОЦЕСТЕРІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ЖАЛПЫ ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ

12-бап. Техникалық реттеу объектілері

      Биоотын және оның өмірлік циклінің процестері техникалық реттеу объектілері болып табылады.

13-бап. Биоотынның сәйкестігін растау

      Биоотынның Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Биоотынның қауіпсіздігі мен сапасы туралы ақпаратқа қойылатын талаптар

      Тұтынушылардың биоотынның қауіпсіздігі мен сапасына қатысты жаңылысуына әкеп соқтыратын іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында биоотын өндірушілер сатып алушыларға және тұтынушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен биоотынның қауіпсіздігі мен сапасының көрсеткіштері туралы толық және дұрыс ақпарат береді.

15-бап. Биоотынға және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын қауіпсіздік талаптары

      Биоотын және оның өмірлік циклінің процестері адамның өмірі мен денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін қауіпсіз болуға, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сай келуге тиіс.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

16-бап. Биоотынды сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      1. Биоотынды сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қауіпсіздік талаптарына сай келетін арнайы қойма үй-жайларында жүзеге асырылады.

      2. Биоотынды сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары тәуекелдерге қарай Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

17-бап. Биоотынды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      1. Биоотынды арнайы жабдықталған және қауіпті жүктерді тасымалдауға қойылатын талаптарға әрі техникалық пайдалану қағидаларына сәйкес жүк тасымалдауға рұқсат етілген көлікпен тасымалдауға жол беріледі.

      2. Биоотынды тасымалдауға қатысты құжаттар қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған әрбір көлік түрі үшін Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      3. Биоотынды тасымалдау биоотынның қауіпсіздігін, сапасын және сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

18-бап. Биоотынды кәдеге жарату және жою кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша мақсатына қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған биоотынға Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес одан әрі пайдалану немесе жою (кәдеге жарату) тұрғысында сараптама жасалуға тиіс.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. БИООТЫН ӨНДІРІСІ ЖӘНЕ АЙНАЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

19-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Биоотын өндірісі және айналымы саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      2. Биоотын өндірісі және айналымы саласында сол сияқты камералдық бақылау жүзеге асырылады.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Биоотын өндірісі саласындағы камералдық бақылау

      Биоотын өндірісі саласындағы камералдық бақылауды биоотын өндірушілер ұсынатын ведомстволық есептілікті, тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, бақылау аспаптарының көрсеткіштерін зерделеу және талдау негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

21-бап. Биоотын айналымы саласындағы камералдық бақылау

      Биоотын айналымы саласындағы камералдық бақылауды биоотын нарығына қатысушылар табыс ететін биоотын айналымы жөніндегі декларацияларды, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды зерделеу және талдау негізінде биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-бап. Биоотын өндірісі және айналымы саласында камералдық бақылауды жүргізу тәртібі

      1. Бұзушылықтар анықталған (биоотын нарығына қатысушылар осы Заңның 20 және 21-баптарында көрсетілген құжаттарды ұсынбаған не оларды зерделеу және талдау кезінде бұзушылықтар анықталған) жағдайларда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы, биоотын айналымы саласындағы уәкілетті орган мұндай бұзушылық анықталған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде биоотын нарығына қатысушыға хабарламаны табыс етеді.

      2. Почта бойынша хабарламасы бар тапсырыс хатпен не хабарларды кепілді жеткізуді қамтамасыз ететін электрондық байланыс арналары арқылы жіберілген электронды түрдегі хабарлама почта немесе өзге байланыс ұйымынан жауап алған күннен бастап не хабарламаны электронды түрде жіберген күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін тапсырылды деп есептеледі.

      Камералдық бақылау нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау оны тапсырған (алған) күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.10.2022 № 144-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

23-бап. Қазақстан Республикасының биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады