"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 сәуірдегі № 372 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы
 
      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама
Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының
қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді
қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының
қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы
өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді
ратификациялау туралы

      2010 жылғы 12 қарашада Вашингтонда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті                           Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама
Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының
қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді
қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының
қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы
өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі бірлескен түрде «Тараптар» деп аталатын, «қазақстандық Тарап» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және «америкалық Тарап» деп аталатын Америка Құрама Штаттарының Үкіметі
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 1368-ші (2001), 1373-ші (2001), 1386-шы (2001) және 1444-ші (2002) қарарларының ережелерін басшылыққа ала отырып,
      бұдан әрі Ауғанстан деп аталатын, Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық іс-қимылға жәрдемдесу мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Ауғанстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық іс-қимылға қолдау көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы өтетін америкалық Тараптың жүктері мен персоналының транзиті мен оларды кері бағытта алып өтуді жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда қолданылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      а) «әуе кемелері» - АҚШ-тың әскери-көлік әуе кемелері, сондай-ақ америкалық Тарап жалдаған, бортында жүк және/немесе персонал бар әуе кемелері;
      b) «жүк»:
      - Ауғанстан тұрғындары арасында өтеусіз таратуға арналған гуманитарлық көмек құралдары, соның ішінде тамақ өнімдері, медициналық препараттар, құрал-жабдықтар мен материалдар;
      - америкалық Тараптың азаматтық мамандарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету құралдары;
      - қару-жарақтар, әскери техника мен әскери мүлік, ядролық материалдар мен ядролық қаруды қоспағанда, қарулы күштердің жеке құрамының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету құралдары, осы қару-жарақ, әскери техника, әскери мүлік және басқа да заттар АҚШ заңдарына және нормативтік актілеріне сәйкес қолданылатын немесе жұмсалатын немесе қайтарылатын, жойылатын немесе берілетін болады;
      с) «АҚШ персоналы» - АҚШ Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;
      d) «АҚШ мердігерлері персоналы» - АҚШ Үкіметімен шартқа байланысты немесе оның атынан заңды тұлға жалдаған, транзиті Ауғанстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық іс-қимылға қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылатын персонал;
      е) «Қазақстан Республикасының аумағы» - Қазақстан Республикасына қатысты қолданылатын, 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 2-бабында белгіленген аумақ;
      f) «техникалық сарапшылар» - америкалық Тараптың әуе кемесін жөндеу жөніндегі мамандары;
      g) «транзит» - Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс басталатын және аяқталатын, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы әуе кемелерімен жүзеге асырылатын АҚШ жүктерінің, персоналының және АҚШ мердігерлері персоналының қозғалысы.

3-бап

      Әуе кемелерінің транзиті (топтық емес, жеке ұшулар) осы Келісімнің 4-бабының 1 және 2-тармақтарында, сондай-ақ 12-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Келісімге Қосымшада көрсетілген Қазақстан Республикасының әуе дәліздері арқылы Қазақстан Республикасының аумағында аралық қонусыз жүзеге асырылады.

4-бап

      1. Қазақстан Республикасының аумағында әуе кемесінің жоспарланбаған қонуы борттағы апатты жағдайда және/немесе транзитті жүзеге асыруға кедергі жасайтын форс-мажорлық, сондай-ақ осы Келісімнің 13-бабында көзделгендей жағдайларда жасалуы мүмкін.
      2. Алматы әуежайын қосалқы әуежай ретінде пайдалану тек ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін және әуе кемесінің дереу қонуын талап ететін апатты жағдайлар, сондай-ақ транзитті жүзеге асыруға кедергі келтіретін форс-мажорлық, «Манас» (Қырғыз Республикасы) әуежайына қону үшін қажетті ең төменгі деңгейден төмен болған ауа райы жағдайында немесе «Манас» әуежайының ұшу-қону жолдары төтенше түрде жабылған жағдайда ғана мүмкін болады. Осы тармақты іске асыру мақсатында қазақстандық Тарап әуе дәлізін осы Келісімге Қосымшада белгілейді.
      3. Қазақстандық Тарап Алматы әуежайын әуежайға қонуға қажетті деңгейден төмен ауа райы бойынша, Алматы қаласы әуежайының ұшу-қону жолдарының бірі төтенше түрде жабылған жағдайда не Алматы әуежайынан(на) Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттің аса маңызды әуе кемесінің ұшып кетуіне немесе қонуына байланысты жоспарланбаған қону үшін қосалқы аэродром ретінде пайдаланудан бас тартуға құқылы (апатты жағдайдағы әуе кемесі қонуды сұраған жағдайларды қоспағанда). Алматы әуежайы жабылған жағдайда, осы бапты іске асыру мақсатында қазақстандық Тарап әуе кемелерін Қазақстан Республикасының аумағындағы баламалы қосалқы әуежайға белгілеу мен қайта бағыттауға бар күш-жігерін салады.
      4. Алматы әуежайында немесе осы бапта көзделген баламалы қосалқы әуежайда жоспарланбаған түрде қонған әуе кемелерінің барлығы жоспарланбаған қонудың себебін жойғаннан кейін әуежайдан ұшып кетеді. Қазақстандық тарап әуе кемесі тұрақ орнында толық тоқтағаннан кейін бірден жоспарланбаған қонуды жасайтын кез келген АҚШ әскери-көлік әуе кемесінің айналасында қауіпсіздік аймағын орнатуға күш салады.
      5. Қазақстандық Тарап әуе кемесінің бортындағы АҚШ персоналы, АҚШ мердігерлері персоналы, әуежайдың басшылығы мен Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдары арасындағы өзара іс-әрекетке көмек көрсету үшін АҚШ әскери атташесі Офисінің қызметкерлеріне және автомобиліне қонған әуе кемесіне баруға мүмкіндік жасайды. АҚШ Әскери атташесі Офисі қызметкерлерінің аты-жөндері және автомобильдің мемлекеттік нөмірі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне барынша қысқа мерзімде хабарланады.
      6. Осы баптың 1-тармағында сипатталған, АҚШ әскери-көлік әуе кемелерінің әуежайдан қауіпсіз ұшып шығуына кедергі келтіретін, туындаған ақауларды жою мақсатында оларды жөндеуді талап ететін жағдай туындаған кезде қазақстандық Тарап жөндеуді жүзеге асыру үшін АҚШ техникалық сарапшыларының және жабдықтардың көрсетілген әуе кемесіне кіруіне мүмкіндік береді. Осындай техникалық сарапшылар Қазақстан Республикасының аумағына паспорттары немесе тиісті жағдайларда, АҚШ әскери қызметшілерінің сәйкестендіру карточкасы (визасыз негізде және паспортсыз) бар болған жағдайда визасыз негізде келеді және Қазақстан Республикасынан жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін кетеді. Қазақстан Республикасының әуежайларында АҚШ әскери-көлік әуе кемелерін жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.

5-бап

      Дипломатиялық арналар арқылы қазақстандық Тарапқа жіберілген тиісті сұрату негізінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану үшін америкалық Тарапқа мынадай рұқсат түрлері беріледі:
      а) арнайы (тұрақты) рұқсат - АҚШ әскери-көлік әуе кемелері үшін;
      b) біржолғы рұқсат - америкалық Тарап жалдаған әуе кемелері үшін.

6-бап

      1. Арнайы (тұрақты) рұқсат алу үшін америкалық Тарап қазақстандық Тарапқа тиісті сұратуды дипломатиялық арналар арқылы жібереді. Онда мынадай ақпарат көрсетіледі:
      а) тасымалдау ұйғарылған жүкпен персоналды жеткізу межеленген пункт және олардың жалпы сипаттамасы;
      b) транзит бағыттары.
      2. Америкалық тараптың арнайы (тұрақты) рұқсат беру туралы сұратуын алған сәттен бастап 30 (отыз) күн ішінде қазақстандық Тарап осы Келісімнің 8-бабының 1-тармағына сәйкес ондай рұқсатты беруден не бас тартады, не барлық АҚШ әскери-көлік әуе кемелеріне пайдаланылатын бірыңғай нөмір бере отырып, арнайы (тұрақты) рұқсат береді. Бастапқы арнайы (тұрақты) рұқсат сол рұқсат берілетін күнтізбелік жылдың соңына дейін қолданыста болады.
      3. Кезекті арнайы (тұрақты) рұқсат алу үшін америкалық Тарап қазақстандық Тарапқа осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен жазбаша сұрату жібереді. Америкалық Тарап тиісті күнтізбелік жылдың 1  желтоқсанынан кешіктірмей өзінің сұратуын ұсынады және қазақстандық Тараптың кезекті арнайы тұрақты рұқсаты келесі күнтізбелік жылдың соңына дейін қолданыста болады.
      4. Транзитті жүзеге асыру барысында арнайы тұрақты рұқсаттың қолданысы тоқтатылған немесе күші жойылған жағдайда америкалық Тарап  өз қаражаты есебінен бортындағы жүгімен және персоналымен бірге әуе кемесінің Қазақстанның әуе кеңістігінен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіру пункті арқылы немесе, егер техникалық себептер бойынша қажет болған жағдайда, оның жанында орналасқан пункт арқылы транзитті аяқтамай ұшып кетуін қамтамасыз етеді.

7-бап

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңестігін пайдалануға біржолғы рұқсат алу үшін америкалық Тарап әрбір ұйғарылған транзитті жүзеге асыруға дейін 4 (төрт) жұмыс күнінен кешіктірмей, осы Келісімге сәйкес дипломатиялық арналар арқылы сұрату жібереді. Сұратуда мына ақпарат көрсетіледі:
      - пайдаланушының толық атауы мен пошталық мекенжайы;
      - Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) коды мен рейс нөмірі;
      - әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі, радиолық шақыру белгісі және әуе кемесі тіркелген мемлекет;
      - навигациялық және байланыс жабдығының түрі;
      - қосалқы аэродромдары көрсетілген әуе кемесінің кету және баратын межелі пункттері;
      - борттағы жүктің жалпы сипаттамасы мен персоналдың саны; және
      - күні, толық әуе бағыты және әуе кемесінің ұшу бағытындағы әуе трассалары және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне/нен кіру/шығу нүктелері міндетті түрде көрсетілген қозғалыс кестесі.
      2. Осы Келісімнің мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесу, транзитті неғұрлым жедел жүзеге асыру және әкімшілік жүктемелерді  азайту мақсатында қазақстандық Тарап коммерциялық кәсіпорындар пайдаланған, АҚШ жалдаған және коммерциялық өнеркәсіптер пайдаланатын әуе кемелерінің ұшу топтамасына рұқсаттардың бекітілуіне күш салады.

8-бап

      1. Қазақстандық Тараптың осы Келісімнің 6 немесе 7-бабына сәйкес сұратылған кез келген рұқсатты беруден бас тартуға құқығы бар.
      2. Егер қазақстандық Тарап осы Келісімнің ережелері сақталмағанын не жүктің және персоналдың тасымалдануы осы Келісімге  сай болмағанын немесе жүктің және персоналдың қозғалысы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп келтіргенін анықтаса, қазақстандық Тарап осы Келісімнің 6-бабына немесе 7-бабына сәйкес АҚШ әскери-көлік әуе кемесіне немесе америкалық Тарап жалдаған әуе кемесіне бұрын берілген кез келген рұқсаттың қолданысын тоқтатуға немесе жоюға құқығы бар.
      3. Қазақстандық Тарап рұқсаттың тоқтатылуы немесе жойылуы жөніндегі кез келген шешім туралы америкалық Тарапты барынша  жеделдетіп хабардар етеді.

9-бап

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану туралы хабарлама әрбір жоспарланған ұшуға дейін кемінде 4 сағат бұрын  Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына(AFTN - UAAKZDZK, UAAAZDZW) ұшу жоспарын жіберу арқылы:
      а) америкалық Тарап - АҚШ әскери-көлік әуе кемесі үшін; немесе
      b) әуе кемесін пайдаланушы, тағайындалған өкіл, осы әуе кемесін пайдаланатын басқа да коммерциялық ұйым немесе оның атынан басқа ұйым - америкалық Тарап жалдаған әуе кемесі үшін береді.
      2. АҚШ әскери-көлік әуе кемелеріне қатысты хабарламалар мынадай ұшу деректерінен тұрады:
      - арнайы тұрақты рұқсаттың нөмірі;
      - әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі және радиолық шақыру белгісі;
      - қосалқы аэродромдарды көрсете отырып, әуе кемесінің ұшып шығу  және баратын межелі пункттері;
      - борттағы персоналдың саны; және
      - күні, толық әуе бағыты және әуе кемесінің ұшу бағытындағы әуе трассалары және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне/нен кіру/шығу нүктелері міндетті түрде көрсетілген қозғалыс кестесі.
      3. Америкалық Тарап жалдаған әуе кемелеріне қатысты  хабарламалар мына ұшу деректерінен тұрады:
      - ұшуға қазақстандық Тарап берген біржолғы рұқсаттың нөмірі;
      - әуе кемесінің түрі, тіркеу нөмірі, радиолық шақыру белгісі, ИКАО коды және рейс нөмірі;
      - қосалқы аэродромдары көрсетілген әуе кемесінің ұшып шығу және баратын межелі пункттері;
      - борттағы персоналдың саны; және
      - күні және ұйғарылған ұшу әуе бағыты, әуе кемесінің әмбебап үйлестірілген уақытындағы (UTC) жүру кестесі және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне/нен кіру/шығу нүктелері.
      4. Ұшу жоспарында көрсетілген ақпарат ИКАО құжаттарында және осы баптың 1, 2 және 3-баптарында белгіленгендей етіп беріледі.
      5. Әуе кемесінің бортында тасымалданатын жүктің (әуе жүкқұжаты немесе соған сәйкес құжат) саны мен атауын растайтын сипаттама құжат және/немесе басқа құжаттама болуға тиіс.

10-бап

      Осы әуе кемесі туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына әрбір осындай жағдайда немесе  осы Келісімнің 4-бабының 1-тармағында сипатталған жағдайларда беру шартымен әуе кемесіне Қазақстан Республикасының аумағындағы қосалқы аэродромды пайдалану қажет болған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығына ұшу жоспары ұсынылмаған әуе кемесінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне кіруіне тыйым салынады.

11-бап

      1. Қазақстан Республикасының әуе жолдары арқылы әуе кемелерінің ұшуы азаматтық әуе кемелері ұшуының (жеке ұшулар) халықаралық қағидаларын сақтау арқылы жүзеге асырылады. Әуе кемелері рет-ретімен (топпен емес) қозғалады және ұшудың дыбыс жылдамдығын ұстанады. Осы Келісім шеңберінде америкалық Тарап жалдаған әуе кемелерінің жалпы ұшу саны шектелмейді. Осы Келісім шеңберінде АҚШ әскери-көлік әуе кемелерінің жалпы ұшу саны тәулік ішінде 20 (жиырма) рейстен аспайды.
      2. Америкалық Тарап Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе кемесіне жағармай толтыра алмайды.

12-бап

      1. Қазақстандық Тарап әуе кемесін қонуға бағыттауда өзінің егемендік құқығын пайдалана алады. Мұндай жағдайда, Қазақстан Республикасының кедендік және шекаралық бақылау органдары америкалық Тарап жалдаған әуе кемесінің бортындағы жүк пен персоналды тексеріп  қарауға құқылы.
      2. Қазақстандық Тараптың сұратуына сәйкес америкалық Тарап жүк Ауғанстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету мақсаттарына арналғандығын растауды береді.
      3. Әуе кемесі Қазақстан Республикасының аумағына қонған жағдайда қазақстандық Тараптың шекаралық және кедендік бақылау мақсатында борттағы жүк пен персоналдың құжаттарда көрсетілгендерге сай екендігіне көз жеткізу үшін жүк пен персоналға қатысты құжаттарды тексеру құқығы бар.
      4. АҚШ әскери-көлік әуе кемелерімен тасымалданатын жүк пен персонал тексеріліп қаралған жағдайда америкалық Тарап инспекция үшін жүк пен персоналды әуе кемесінің сыртына түсіреді не балама ретінде Қазақстан Республикасы кеңістігіне кірмес бұрын әуе кемесі ұшып шыққан пункт бағытындағы кіру пункті арқылы немесе техникалық себептерге байланысты жақын орналасқан пункт арқылы әуе кемесінің транзитті аяқтамай, Қазақстан Республикасының аумағынан шығатын нұсқасын таңдайды.
      5. Қазақстан Республикасы кедендік бақылау органдарының америкалық Тарап жалдаған әуе кемелерінің бортына кедендік тексеру жүргізуге құқығы бар. Егер жүк пен тиісті құжаттаманы тексеріп қарағаннан кейін кедендік бақылау органдарының өкілдері борттағы жүк мәлімделген сипаттамаға және/немесе тасымалданатын жүктің санын және атауын растайтын басқа құжаттамаға (әуе жүгінің жүкқұжаты немесе сол сияқты құжат) сәйкес келмейді деп ұйғарса, мұндай жүк әуе кемесінің бортында жеткілікті дәрежеде тексеріліп қарала алмайтын болса, осы жүк одан әрі тексеру жүргізу мақсатында әуе кемесінен ішінара немесе толығымен түсірілуге тиіс.
      6. Егер Қазақстан Республикасының кедендік және шекаралық  бақылау органдары осы бапта сипатталған мақсаттарда жүк пен персоналды тексеріп қарау құқығын пайдаланса, онда осындай тексеріп қарау мен оның нәтижелері бойынша қазақ және/немесе орыс тілдерінде акт жасалады, оған америкалық Тараптың өкілі тек қана актіні алғанын растау мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік және шекаралық бақылау органдарының өкілдері қолын қояды.

13-бап

      Осы Келісімнің 12-бабында көзделген рәсімдерді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында америкалық Тарап:
      a) қазақстандық Тараптың америкалық Тарап жалдаған әуе кемелерінің қонуын талап ету, сондай-ақ қажет болған жағдайда осындай  талаптың орындалуын қамтамасыз ету үшін 1944 жылғы 7 желтоқсандағы Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияда көзделген рәсімдерді қолдану құқығын таниды;
      b) Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегіндегі АҚШ әскери-көлік әуе кемелері ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының әуе қозғалысы үшін жауапты органдарымен ынтымақтасуға міндетті.

14-бап

      1. АҚШ персоналының және АҚШ мердігерлері персоналының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиті паспорттары немесе тиісті жағдайларда АҚШ әскери қызметшісінің сәйкестендіру карточкасы (визасыз негізде және паспортсыз) болған кезде визасыз негізде жүзеге асырылады.
      2. АҚШ персоналы және АҚШ мердігерлері персоналы Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде, осы Келісімнің 3 және 4-баптарында жазылған жағдайларда өздерінің болуына байланысты барлық  мәселелер бойынша қазақстан Тарапымен өзара іс-қимыл жасайды.

15-бап

      1. Әуе кемесі осы Келісімнің 3 және 4-баптарында сипатталған себептер бойынша қонған жағдайда АҚШ персоналы және АҚШ мердігерлері персоналы Қазақстан Республикасының аумағында бола тұра қазақстандық Тараптың құзыретті органдарының рұқсаты болғанда ғана әуе кемесін тастап кете алады. АҚШ персоналы және АҚШ мердігерлері персоналы жанында қаруы болса, әуе кемесін тастап кете алмайды.
      2. Әуе кемесі командирінің сұратуы бойынша қазақстандық Тараптың құзыретті органдары АҚШ персоналына және АҚШ мердігерлері персоналына стандартты медициналық қызмет көрсету мен тұрмыстық қызмет көрсетуге рұқсат етеді. Америкалық Тарап немесе әуе кемесін америкалық Тарап жалға алған чартерлік компания қызмет көрсетушілерге көрсетілген қызметтер мен медициналық қызметтің құнын белгіленген тәртіппен өтейді.

16-бап

      1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Тараптардың қолданыстағы міндеттемелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде АҚШ персоналына Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдық құзыры қолданылады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде АҚШ персоналына осы Келісімді іске асыруға байланысты Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдық құзыры:
      а) америкалық Тараптың тек қана меншігіне немесе қауіпсіздігіне қатысты құқық бұзушылыққа не тек қана АҚШ персоналының жеке басына немесе мүлкіне қатысты құқық бұзушылыққа; және
      b) қызметтік міндеттерін орындау кезінде қандай да бір іс-әрекеттің немесе жіберілген қателіктің салдары болып табылатын құқық бұзушылыққа қатысты қолданылмайды.

17-бап

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі ұшулар ИКАО-ның белгіленген ережелеріне, ұшуларды жүзеге асыруды регламенттейтін және  Қазақстандық аэронавигациялық ақпарат жинағында (АІР) жарияланатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және осы Келісімге сәйкес орындалады.

18-бап

      1. Қазақстандық тарап осы Келісімнің шеңберінде арнайы тұрақты немесе біржолғы рұқсат алған және осы Келісімнің 9-бабында көрсетілген талаптарды орындаған, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіндегі әуе кемелеріне әуенавигациялық қызмет көрсетуді ұсынады. АҚШ-тың әскери-көлік әуе кемелерінен әуенавигациялық алымдар  алынбайды. Америкалық Тарап жалдаған әуе кемелерінен Қазақстандық әуенавигациялық ақпарат жинағында (АІР) жарияланған әуенавигациялық алымдар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы кестеден тыс транзитпен ұшып өтетін басқа да коммерциялық әуе кемелеріне қолданылатын жағдайларда және сондай тарифтер бойынша алынады.
      2. Америкалық Тарап барлық негізделген әуежай алымдарын және әуежайда АҚШ әскери-көлік әуе кемесі, кез келген осындай әуе кемесі қандай да бір қонған жағдайда сұратқан және қабылдаған барлық қызмет көрсету үшін ақы төлейді. Америкалық Тарап жалдаған әуекемесі сұратқан және қабылдаған, негізделген әуежай алымдарын және қызметтер  көрсетуді әуе кемесін пайдаланушы төлейді.

19-бап

      1. Тараптардың бірі транзитке байланысты алатын ақпаратты үшінші тарапқа осы ақпаратты ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз беруге болмайды.
      2. Осы баптың 1-тармағы осы Келісімнің 6 және 7-баптарына сәйкес америкалық Тараптың қазақстандық Тарапқа берген ақпаратына қатысты қолданылмайды, ондай ақпарат үшінші тарапқа тек осы Келісім шеңберіндегі транзитке жәрдем беру мақсатында ғана берілуі мүмкін.

20-бап

      1. Осы Келісім шеңберіндегі транзитті жүзеге асыру кезінде келтірілген залалды өтеу туралы талап-арыздар жағдайға байланысты:
      а) залал үшін жауапты жеке және/немесе заңды тұлғалар арқылы;
      b) Тараптар арасындағы консультациялар жолымен; немесе
      с) 1951 жылғы 19 маусымдағы Солтүстік Атлантика шартына қатысушылар арасындағы олардың қарулы күштерінің мәртебесіне қатысты келісімнің VIII бабының ережелеріне сәйкес консультация жүргізілгеннен кейін қанағаттандырылады.
      2. Америкалық Тарап америкалық Тарап жалдаған әуе кемелерінің пайдаланушыларында өздері Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде туындауы мүмкін талаптарға ақы төлеу үшін сақтандыруды жабу жағдайында жеткілікті болуын қамтамасыз етеді.

21-бап

      Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда 23-бапқа сәйкес кез келген арнайы тұрақты немесе біржолғы рұқсат осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған күннен бастап күшін жояды.

22-бап

      1. Тараптар осы Келісімді іске асырудың ұйымдастыру-техникалық мәселелері бойынша, қажет болған жағдайда, консультациялар өткізеді.
      2. Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

23-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Тараптардың жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге, соның ішінде оның ажырамас бөлігі болып табылатын оған Қосымшаға, түзетулер  енгізілуі мүмкін.
      3. Осы баптың 4-тармағында көзделгенді қоспағанда, осы   келісімге түзетулер енгізу осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалар жасасу арқылы жүргізіледі.
      4. Осы Келісімге Қосымшаға түзетулер Тараптардың өзара келісімі  бойынша дипломатиялық ноталар алмасу арқылы енгізілуі мүмкін және олар соңғы нота алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      5. Осы Келісім бір жыл ішінде күшінде қалады және егер, Тараптардың біреуі дипломатиялық арналар арқылы әрі тиісті бір жылдық кезеңнің аяқталуына дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей осы Келісімнің қолданысын ұзартпау ниеті туралы басқа Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, өздігінен келесі бір жылдық кезеңдерге ұзартылады. Тараптардың кез келгені басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлама жіберіп, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы тиісті  хабарлама алынған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң тоқтатылады.
      6. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда осы Келісімнің 20-бабында көзделген міндеттемелер Тараптар өзгеше келісім туралы уағдаласқанға дейін Тараптар үшін күшін сақтайды.
      7. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 2001 жылғы 15  желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум және 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы өзара түсіністік  туралы меморандум өзінің қолданысын тоқтатады.
      8. 2001 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес берілген дипломатиялық рұқсат осы Келісім күшіне енгеннен кейін 4 (төрт) күн бойы күшінде қалады.

      2010 жылғы 12 қарашада Вашингтон қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ           АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНЫҢ
           ҮКІМЕТІ ҮШІН                           ҮКІМЕТІ ҮШІН

Қазақстан Республикасының Үкіметі 
мен Америка Құрама Штаттарының  
Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам
Республикасының қауіпсіздігін,   
тұрақтылығын және оны қайта қалпына
келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі
іс-қимылға Америка Құрама      
Штаттарының қатысуына байланысты 
Қазақстан Республикасының аумағы 
арқылы өтетін жүктер мен персоналдың
әуе транзиті туралы келісімге   
қосымша               

Рұқсат етілген әуе дәліздерінің тізбесі:

      1. RODAM A355 NT A356KZO (бұдан әрі төменде көрсетілгенге сәйкес)
      a. A356 ATR G487 ОВАТА немесе
      b. A356 ABDUN G96 BODSI (әуе жолдары) AZABI/ITAKA/GASBI

      2. RODAM A355 NT B142 ARBOL A352 GENDI A480 BORIS - Өзбекстан әуе кеңістігі арқылы - KUNAS B363 АKТ (әуе жолдары) AZABI/ITAKA/GASBI

      3. ASLOK A359 ROSIM G3 NKZ A356 ABDUN (бұдан әрі төменде көрсетілгенге сәйкес)
      a. G96 BODSI (әуе жолдары) AZABI/ITAKA/GASBI немесе
      b. A356 ATR G487 ОВАТА

      4. BOKIS В156 AGZ (бұдан әрі төменде көрсетілгенге сәйкес)
      a. A355 SULET немесе
      b. B114 ОGOLI

      5. ARISA/GUTAN (әуе жолдары) URL A368 АKВ, or MULTA A360 AKB (бұдан әрі төменде көрсетілгенге сәйкес)
      a. G3 ROSIM A359 ASLOK немесе
      b. G3 NKZ A356 NT A355 RODAM

      6. SULET A355 TIPSA B142 UC UAAA

      7. LANOR R482 UAUU (бұдан әрі төменде көрсетілгенге сәйкес)
      a. R482 REMOL A356 NT A355 RODAM немесе
      b. A299 NKZ A66 ODIVA

      2010 жылғы 12 қарашада Вашингтон қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады