Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Хозеұлы Қазыхановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы «__» ______
№ __ қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының
Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және
өзара қорғау туралы келісім
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Уағдаласушы Тараптар),
бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап аумағында жүзеге асырған инвестицияларға қатысты өз мемлекеттерінің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесуге ниет білдіре отырып;
негізге алынып осындай инвестициялар жүзеге асырылатын осы Келісім жеке капиталдың ағыны мен Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің экономикалық дамуын ынталандыратынын мойындай отырып;
инвестициялар үшін тұрақты жағдайлар экономикалық ресурстарды пайдалану және өмір сүру деңгейін арттыру үшін барынша тиімді болатынымен келісе отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
1. «Инвестор» терминi Уағдаласушы Тараптардың кез келгеніне қатысты:
а) Уағдаласушы Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматы болып табылатын және екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке тұлғаны;
б) осы Уағдаласушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес құрылған немесе тіркелген және екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында инвестициялардың меншік иесі, иегері немесе акционері болып табылатын заңды тұлғаны білдіреді.
2. Эстония Республикасына қатысты «инвестор» термині Еуропалық Одаққа немесе Еуропалық экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттің заңды тұлғасын да білдіреді, ол Еуропалық Одақтың қызмет етуі туралы шарттың 49 және 54-баптарына сәйкес құру еркіндігі контексінде Эстония Республикасында агенттік немесе тұрақты өкілдік ретінде құру еркіндігін пайдаланады.
3. «Инвестициялар» терминi Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторлары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында соңғы мемлекеттің заңнамасына сәйкес салған активтердің кез келген түрін білдіреді және атап айтқанда:
а) жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi, сондай-ақ ипотека, кепілдер, узуфрукттер және ұқсас құқықтар сияқты кез келген басқа құқықтарды;
б) акцияларды, үлестерді немесе компаниялардағы қатысудың өзге нысандарын;
в) қайта инвестицияланған кірістерді, облигацияларды, ақшалай талаптарды немесе инвестициялармен байланысты қаржылық құндылығы бар заңды қызметке кез келген басқа құқықтарды;
г) авторлық және сабақтас құқықтарды, өнеркәсіптік меншік құқығын, сауда белгілеріне, патенттерге, өнеркәсіптік үлгілерге және технологиялық үдерістерге құқықтарды, өсімдік сұрыптарына, ноу-хауға, сауда құпияларына, фирмалық атауларға құқықтарды және гудвиллді қоса алғанда, Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын дәрежеде Халықаралық зияткерлік меншік ұйымының шеңберінде жасалған халықаралық шарттарда айқындалғандай зияткерлiк меншiк құқықтарын;
д) Уағдаласушы Тараптар мемлекеттері заңнамасының негізінде экономикалық және коммерциялық қызметті жүзеге асыру құқықтарын қамтиды.
Активтер инвестицияланатын немесе қайта инвестицияланатын нысанның кез келген өзгерісі олардың инвестициялар ретіндегі сипатын қозғамауы тиіс.
4. «Кірістер» термині инвестициялардан алынатын кірістерді білдіреді және атап айтқанда пайданы, дивидендтердi, пайыздарды, патенттік және басқа да сыйақыларды қамтиды.
5. «Аумақ» терминi:
Қазақстан Республикасына қатысты - ұлттық және халықаралық құқықтың заңнаманың нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының егемендігін жүзеге асыратын және заңды құзырын тарататын жерді, суды, жер қойнауы мен әуе кеңістігін қоса алғанда, құрлық, теңіз және әуе шекаралары шегіндегі мемлекет аумағын.
Эстония Республикасына қатысты – ол халықаралық құқыққа сәйкес егеменді құқықтарын және заңды құзырын жүзеге асыратын Эстония Республикасының аумағы мен аумақтық теңізін, сондай-ақ аумақтық теңіздің сыртқы шекарасына іргелес жатқан теңіз аудандарын, Эстония Республикасының жоғарыда аталған кез келген аумақтарының теңіз түбі мен жер қойнауын білдіреді.
2-бап
Инвестицияларды көтермелеу
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына инвестицияларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасайды және өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес мұндай капиталдық салымдарға жол береді.
2. Өзара инвестициялық ағындарды көтермелеу мақсатында әрбір Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптардың бірінің талабы бойынша екінші Уағдаласушы Тарапты өз аумағындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар ету үшін күш-жігерін салады.
3. Әрбір Уағдаласушы Тарап қажеттілігіне қарай өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес кідіріссіз екінші Уағдаласушы Тарап инвесторлары жалдайтын басқарушы және техникалық мамандарды, консультанттарды және сарапшыларды қоса алғанда, негізгі персоналдың қызметімен байланысты қажетті рұқсаттарды береді.
3-бап
Инвестицияларды қорғау
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары мен кірістерінің толық қорғалуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы жөнсіз немесе кемсітушілік шаралармен инвестицияларды дамытуға, басқаруға, сақтауға, пайдалануға, кеңейтуге, сатуға немесе егер ондай жою орын алса, жоюға кедергі келтірмейді.
2. Бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары немесе кірістері екінші Уағдаласушы Тарап аумағында халықаралық құқыққа сәйкес әділ және теңқұқылы режимде жүзеге асырылады.
4-бап
Ұлттық режим және барынша қолайлылық режимі
1. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары мен инвестициядан түсетін кірістеріне мүдделі инвесторларға қайсысы қолайлырақ болып табылатындығына байланысты өз инвесторларының инвестициялары мен инвестициядан түсетін кірістеріне немесе кез келген үшінші мемлекет инвесторларының инвестициялары мен инвестицияларынан түсетін кірістерге беретін режимнен қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
2. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына өздерінің инвестицияларының дамуына, оларды сақтауға, басқаруға, пайдалануға, кеңейтуге, сатуға немесе сатып алуға, өзге де жұмсалуына қатысты мүдделі инвесторларға қайсысы қолайлырақ болып табылатындығына байланысты өз инвесторларына немесе кез келген үшінші елдің инвесторларына көрсететін тараптан қолайлы емес режим ұсынбайды.
3. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өз аумағында негізсіз немесе кемсітуші салдарлармен материалдарды, өндіріс құралдарын сатып алуға, пайдалануға, тасымалдауға, өз өнімін немесе ұқсас тапсырыстарды өткізуге қатысты екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының капитал салымдары бойынша міндетті шараларды белгілемеуге тиіс.
4. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері Уағдаласушы Тараптардың бірін екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторларына:
а) Уағдаласушы Тараптардың бірі мүшесі болып табылатын немесе болашақта болуы мүмкін кез келген қазіргі немесе болашақтағы Кеден одағына немесе экономикалық немесе валюталық одаққа, еркін сауда аймағына немесе ұқсас халықаралық шарттарға;
б) толығымен немесе жартылай салық салуға қатысты кез келген халықаралық шартқа байланысты бірінші Уағдаласушы Тарап беруі мүмкін артықшылықтар немесе ерекшеліктерді таратуын міндеттейтіндей болып түсіндірілмеуге тиіс.
5-бап
Экспроприация
1. Бір Уағдаласушы Тарап өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын тікелей немесе жанама экспроприацияламауға немесе мемлекет меншігіне алмауға немесе:
а) қоғамдық мүддеде;
б) кемсітпеушіліксіз негізде;
в) іс жүргізу құқығының нормаларына сәйкес;
г) жедел, барабар және тиімді өтемақы төлеумен қабылданатындарды қоспағанда, соған ұқсас кез келген шараларды (бұдан әрі – экспроприация) қабылдамауға тиіс.
2. Өтемақы қайсысы бұрын болғанына байланысты тікелей экспроприация немесе алда болатын экспроприация туралы белгілі болғанға дейін экспроприацияланған инвестиялардың әділ нарықтық құнына сәйкес келуге тиіс. Ол кідіртусіз төленуге, тиімді іске асырылуға және еркін аударылуға тиіс.
3. Екінші Уағдаласушы Тараптың экспроприацияны жүзеге асыруы нәтижесінде зардап шеккен Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторы осы баптың ережелеріне сәйкес өз ісінің соңғы Уағдаласушы Тараптың сот органының немесе басқа құзыретті және тәуелсіз органының кешіктірмей қаратуына, оның ішінде оның инвестицияларының бағалануына мен өтемақы төленуіне құқылы.
6-бап
Залалды немесе шығындарды өтеу
1. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторлары жүзеге асырған инвестициялары екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, азаматтық тәртіпсіздіктердің, төтенше жағдайдың, төңкерістердің, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе ұқсас оқиғалардың нәтижесінде зиян немесе зардап шеккен жағдайда қабылдаушы Уағдаласушы Тарап реституцияға, өтеуге, өтемақыға немесе өтеудің басқа нысандарына қатысты өз инвесторларына немесе кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына ұсынатыннан инвестор үшін қайсысы неғұрлым қолайлырақ болып табылатындығына байланысты қолайлылығы кем емес режим ұсынады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері үшін залал келтірмей, осы баптың 1-тармағында аталған кез келген жағдайда:
а) олардың меншігін немесе билігінің бір бөлігін реквизициялау;
б) ұрыс қимылдары және жағдайдың қажеттілігі нәтижесінде туындамаған олардың мүліктерін немесе биліктерінің бір бөлігін жою нәтижесінде екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында зиян немесе залал шеккен Уағдаласушы Тараптың инвесторларына, олардың мүліктерін алып қою кезеңінде немесе жою нәтижесінде шеккен зиянға немесе залалға жедел, барабар және тиімді өтемақы немесе өтем беріледі. Қорытынды төлемдер еркін айырбасталатын валютада жүргізілуі тиіс және кідіріссіз еркін аударылады.
7-бап
Аударымдар
1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың инвестицияларына байланысты төлемдердің еркін аударымын қамтамасыз етеді. Мұндай төлемдер мыналарды қамтиды, атап айтқанда:
а) инвестицияларды қолдау немесе ұлғайту үшін жарғылық капитал және қосымша қаражат;
б) пайда;
в) қарыз туралы келісімді қоса алғанда, келісімшарт бойынша төлемдер;
г) инвестициялардың барлығын немесе кез келген бөлігін жоюдан немесе сатудан алынған кіріс;
д) осы Келісімнің 5 және 6-баптарына сәйкес өтемақы төлеу;
е) инвестициялық даулар қорытындысы бойынша төлемдер;
ж) инвестицияларға байланысты шетелден жалданған персоналдың жалақысы мен сыйақылары.
2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы баптың 1-тармағына сәйкес аударымдар аударым күніне қолданыстағы нарықтық айырбастау бағамы бойынша еркін айырбасталатын валютада жүргізілуін қамтамасыз етеді және кідіріссіз жүзеге асырылуы тиіс.
3. Осы баптың ережелері Уағдаласушы Тараптарға экономикалық, кеден және валюта одағының мүшесі ретінде өз міндеттемелерін адал орындауына тежеуші ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
4. Осы баптың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Тараптардың кез келгені тек қана қаржылық және экономикалық жағдайларда, сондай-ақ төлем теңгерімімен айтарлықтай қиыншылықтар жағдайында, өз мемлекетінің заңнамасына және 1944 жылғы 22 шілдедегі Бреттон-Вудсте қабылданған Халықаралық Валюта Қорының келісімдері Баптарының талаптарына сәйкес валюталық шектеулерді енгізе алады.
8-бап
Суброгация
1. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі инвесторларының екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында жүзеге асырылған инвестициялары соңғысының заңнамасында белгіленген жүйемен коммерциялық емес қатерлерден сақтандырылған болса, сақтандыру шарттарының талаптарынан туындайтын сақтандырушының кез келген суброгациясын екінші Уағдаласушы Тарап мойындайды.
2. Сақтандырушы инвестор жүзеге асыруға құқылы болған құқықтардан басқа, кез келген құқықтарды жүзеге асыруға құқығы жоқ. Суброгация бойынша талап ету құқығы инвестордың алғашқы құқықтарынан аспауы тиіс.
9-бап
Уағдаласушы Тараптың және екінші Уағдаласушы Тарап
инвесторының арасындағы дауларды реттеу
1. Екінші Уағдаласушы Тараппен дау пайда болған бір Уағдаласушы Тараптың инвесторы оны келіссөздер мен консультациялар жолымен шешуге тырысуы тиіс.
2. Келіссөздер үдерісін бастау үшін инвестор екінші Уағдаласушы Тарапқа жазбаша хабарлама жіберуі тиіс. Хабарламада мыналар көрсетілуі тиіс:
а) дауласушы инвестордың атауы және мекенжайы;
б) инвестордың пікірінше осы Келісімнің бұзылған ережелері;
в) талап қою үшін нақты және құқықтық негіздемелер және
г) сұратылатын қаражат және мәлімденген залал сомасы.
3. Егер дау жазбаша хабарлама алынған сәттен бастап алты ай ішінде реттелмесе, инвестордың талабы бойынша оны:
а) аумағында инвестициялар жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тараптың құзіретті соты, немесе
б) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда қол қою үшін ашылған Мемлекеттер мен басқа мемлекеттердің азаматтары арасындағы Инвестициялық дауларды реттеу туралы конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық (ИДРХО). Талқылау кезінде Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы осы Келісім бойынша кез келген осындай дауды ИДРХО-ға беруге түпкілікті түрде келіседі. Бұл ішкі әкімшілік және сот қорғау құралдары жойылуы тиіс талаптан бас тартуды білдіреді немесе
в) Халықаралық сауда құқығы бойынша БҰҰ комиссиясының Төрелік регламентіне сәйкес үш төрешіден құралатын төрелік шешуі мүмкін. Төрелік жағдайында әрбір Уағдаласушы Тараптардың тіпті Уағдаласушы Тараптар мен инвестор арасында жеке төрелік келісім болмаған жағдайда да осы Келісім бойынша кез келген осындай дауды аталған соттың қарауына беруге алдын-ала қайтарымсыз келісім береді.
4. Сот шешімі түпкілікті және міндетті болып табылады. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес төрелік шешімді тануды және оны орындауға келтіруді қамтамасыз етуі тиіс.
5. Дауда тарап болып табылатын Уағдаласушы Тарап келісу үдерісінің және төрелік талқылаудың не төрелік шешімді орындаудың кез келген сатысында дауда тарап болып табылатын екінші Уағдаласушы Тараптың инвесторы өз шығынының барлығына немесе бір бөлігіне қатысты кепілдікке орай өтемақы алғандығына қарсылық білдіре алмайды.
6. Дауды осы баптың 3-тармағының а) тармақшасына сәйкес ұлттық сотқа немесе осы баптың 3-тармағының б) және в) тармақшаларында көрсетілген төрелік соттарың біріне беретін инвестордың оны кез келген басқа сотқа немесе төрелікке беруге құқығы жоқ. Сот немесе төрелік сотты инвестордың таңдауы түпкілікті болып табылады.
10-бап
Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды реттеу
1. Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптар арасындағы даулар мүмкіндігінше келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.
2. Егер дау осы баптың 1-тармағына сәйкес алты ай ішінде реттелмесе, онда ол Уағдаласушы Тараптардың бірінің өтініші бойынша үш мүшеден құралатын төрелік сотқа қарауға берілуі тиіс.
3. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы бір-бірден төрелік мүшесін тағайындайды және төреліктің осы екі мүшесі төраға ретінде үшінші мемлекеттің азаматын келіседі. Төреліктің осындай мүшелері Уағдаласушы Тараптың бірі екінші Уағдаласушы Тарапқа дауды төрағасы кейінгі екі ай ішінде тағайындалатын аралық соттың қарауына беру ниеті туралы хабарлаған күннен бастап екі ай ішінде тағайындалады.
4. Егер осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімдер сақталмаса, Уағдаласушы Тараптардың бірі кез келген басқа тиісті уағдаластықтарсыз қажетті тағайындау жүргізу үшін БҰҰ Халықаралық сотының төрағасына жүгіне алады. Егер БҰҰ Халықаралық сотының төрағасы Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болып табылса немесе өзге де себептермен көрсетілген функцияны орындай алмаса, Төрағаның орынбасары немесе оның қабілетсіздігі жағдайында БҰҰ Халықаралық Сотының шені бойынша үлкен келесі басқа мүшесі БҰҰ Халықаралық Сотының қағидаларына сәйкес қажетті тағайындау жасауға сондай шарттармен шақырылуы мүмкін.
5. Егер Уағдаласушы Тараптар өзге шешім қабылдамаса, Төрелік сот өзінің рәсім қағидаларын белгілейді.
6. Төрелік сот өз шешімін осы Келісім бойынша немесе халықаралық құқық нормаларына сәйкес шығарады. Ол өз шешімін көпшілік дауыспен шығарады, ал шешім Уағдаласушы Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуы тиіс.
7. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің төрелік мүшесінің шығыстарын және төрелік талқылауда заң өкілдігін өзі көтереді. Төрағаның шығыстары мен қалған шығыстарды екі Уағдаласушы Тарап теңдей көтереді. Алайда, сот өз шешімінде шығындарды басқаша бөлуді анықтай алады.
11-бап
Келісімнің қолданылуы
Осы Келісім осы Келісім күшіне енгенге дейін немесе кейін жүзеге асырылған инвестицияларға қолданылады, бірақ ол күшіне енгенге дейін туындауы мүмкін кез келген инвестициялық дауға қатысты қолданылмайды.
12-бап
Келісімнің күшіне енуі, қолданылу мерзімі және қолданысын тоқтату
1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім он жыл мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың кез келгені екінші Уағдаласушы Тарапқа бастапқы немесе кез келген кейінгі кезеңдер өткенге дейін бір жылдан кешіктірмей өзінің осы Келісімнің қолданылуын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлағанға дейін келесі он жылдық мерзімдерге ұзартылатын болады.
3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған күрделі салымдарға қатысты осы Келісімнің ережелері оның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін он жыл бойы қолданылуын жалғастыратын болады.
4. Инвестицияларды қорғау деңгейі осы Келісімде көзделген деңгейге тең болған жағдайда, егер осы Келісім бойынша Эстония Республикасының міндеттемелері оның Еуропалық Одаққа мүшелігінен туындайтын міндеттемелерден асып түссе, осы Келісімнің қолданылуы алты айда дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жолымен тоқтатылуы мүмкін.
Осыны куәландыру үшін өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
20__ жылғы «__» _________ _________ әрқайсысы қазақ, эстон, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Эстония Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін