Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 901 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледi) қаулысымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 наурыздағы № 324 бұйрығы.
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 37) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының |
|
Премьер-Министрі |
К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы |
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 37) тармақшасына және "Өрт қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігінің тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігінің тәртібі мыналарды қамтиды:
1) қоймаларды, аэровокзалдарды (жолаушылар, жүк терминалдарын) ұстау;
2) өртке қарсы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету;
3) әуе кемелері тұратын орындарды, технологиялық жабдықтарды және механикаландыру құралдарын ұстау;
4) радиотехникалық жабдықты және байланысты пайдалану базаларының объектілерін ұстау;
5) арнайы көлікті сақтау, жөндеу және пайдалану орындарын ұстау;
6) авиаотынмен қамтамасыз ету объектілерін ұстау және өртке қарсы қамтамасыз ету;
7) бастапқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету.
3. Азаматтық авиация ұйымының басшысы азаматтық авиация ұйымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғаларды тағайындайды.
4. Әуе кемелерінде және әуеайлақ объектілерінде өрттен құтқару жұмыстарын орындау үшін азаматтық авиация ұйымының басшысы ұшуды іздестіру авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қызметінің (бұдан әрі - ҰІАҚҚҚ) авариялық-құтқару командаларының құрамына кіретін өрттен құтқару жасақтарын құрады.
ҰІАҚҚҚ басшысы әуеайлақ объектілерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлға болып табылады.
5. Авиаотынмен қамтамасыз ету объектілері ҰІАҚҚҚ кезекші үй-жайы және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жергілікті бөлімшесі бар тікелей телефон байланысымен жабдықталады.
6. Инженерлік-техникалық қызметкерлерді және қызметшілерді азаматтық авиация ұйымдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізуге қатысуға тарту үшін өртке қарсы техникалық комиссиясы құрылады, оның үлгілік ережесі осы Қағидаға қосымшада жазылған.
7. Азаматтық авиация ұйымдарының құрылымдық бөлімшелерінде (авиациялық-техникалық база, жанар-жағармай материалдарының және радиотехникалық жабдықты және байланысты пайдалану қызметі) цехтік (объектілік) өртке қарсы техникалық комиссия құрылуы мүмкін.
8. Осы Қағида негізінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық авиация объектілерінде өртке қарсы қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді, олар мыналарда:
1) қоймаларда және аэровокзалдарда (жолаушылар, жүк терминалдарында);
2) әуе кемелері тұратын орындарда;
3) радиотехникалық жабдық және байланыс объектілерінде;
4) арнайы көлікті, технологиялық жабдықты және механикаландыру құралдарын сақтау, жөндеу және пайдалану орындарында;
5) авиаотынмен қамтамасыз ету объектілерінде;
6) азаматтық авиация ұйымдарын өртке қарсы сумен жабдықтау объектілері бөлігінде;
7) азаматтық авиация ұйымы персоналын оқыту, нұсқау беру және жұмысқа рұқсат беру бөлігінде;
8) азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) аумағындағы әуе кемелерінің;
9) авиациялық техниканың және объектілердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
10) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігіндегі өзге мәселелерді регламенттейді.
9. Азаматтық авиация ұйымдары осы Қағиданың және уәкілетті орган бекітетін нұсқаулықтар негізінде жалпы ұйым үшін және әрбір жеке объект үшін жергілікті мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарымен келісілген өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы ішкі регламенттерді бекітеді.
10. Жалпы азаматтық авиация ұйымы үшін және әрбір жеке объект үшін өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы ішкі регламенттерде мыналар көрсетіледі:
1) аумақты, ғимаратты және үй-жайды, оның ішінде эвакуациялау пункттерін ұстауды жүзеге асыру;
2) әуе кемелеріне қызмет көрсетудің технологиялық процестерін жүргізу, жабдықты пайдалану, өрт қаупі бар жұмыстарды жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;
3) жарылыс-өрт қаупі бар және өрт қаупі бар заттар мен материалдарды сақтауды және тасымалдауды жүзеге асыру;
4) темекі шегу, ашық от қолдану және отпен жұмыстар жүргізу орындары;
5) жанатын заттар мен материалдарды жинауды, сақтауды және жоюды, арнайы киімді ұстауды және сақтауды жүзеге асыру;
6) ауытқу өртке немесе жарылысқа алып келуі мүмкін бақылау-өлшеу аспаптарының шекті көрсеткіштері;
7) өрт кезінде объектінің қызмет көрсетуші персоналының әрекеті, оның ішінде:
өртке қарсы қызмет бөлімшесін шақыру кезектілігі;
технологиялық жабдықты авариялық тоқтатуды жүзеге асыру;
желдеткішті және электр жабдығын сөндіруді жүзеге асыру;
өрт сөндіру құралдарын қолдану және өртке қарсы автоматты орнату;
адамдарды, жанатын заттарды және материалдық құндылықтарды эвакуациялауды жүзеге асыру;
азаматты авиация ұйымының барлық үй-жайларын қарауды және өрт-жарылыс қауіпсіз жағдайына келтіруді жүзеге асыру.
Жалпы азаматтық авиация ұйымы үшін және әрбір жеке объект үшін өрт қауіпсіздігінің шаралары туралы ішкі регламенттер үш жылда бір реттен жиі емес, сондай-ақ технологиялық процесс және жұмыс жағдайы өзгерген кезде, ішкі регламенттің негізінде салынған нұсқаушы құжаттар өзгерген кезде және объектіде болған өртті, аварияны және жарылысты талдау негізінде қайта қарауға жатады.
2. Қоймаларды, аэровокзалдарды (жолаушылар, жүк терминалдарын) ұстау тәртібі
11. Аумақтар, ғимараттар, құрылыстар, ғимараттар мен құрылыстарды бөлетін өртке қарсы бөгеттер, сондай-ақ қоймалар мен аэровокзалдардың (жолаушылар және жүк терминалдарының) үй-жайлары өрт қауіпсіздігінің талаптарына және құрылыс нормаларына сәйкес келуі тиіс.
12. Өткелдер, кіреберістер, дәліздер, стационарлық өртке қарсы баспалдақтар, ғимараттардың шатырындағы жанбайтын қоршаулар, баспалдақ торлары, шатыр астындағы үй-жайлар дұрыс жағдайда ұсталады және ештеңемен қоршалмайды.
13. Қоймалар мен аэровокзалдарды (жолаушылар және жүк терминалдарын) ұстауды жүзеге асыру осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген нұсқаулықтарда регламенттеледі.
3. Өртке қарсы сумен жабдықтау тәртібі
14. Әуежай аумағында немесе әуежайдың периметрлік қоршауынан 11 км аралықта табиғи су көздері (өзендер, көлдер, тоғандар) болған жағдайда жылдың кез келген мезгілінде өрт сөндіру автомобильдерін қою және су тарту үшін кірме жолдар және пирстер салынады.
15. Өрт сөндіру резервуарлары, су қоймалары, су құбыры желілері, гидранттар, спринклерлік, дренчерлік және сорғы қондырғылары үшін өрт шыққан немесе тұтанған жағдайда олардың жарамдылық жай-күйі мен үнемі дайындығын қамтамасыз ететін тұрақты техникалық бақылау жүзеге асырылады.
16. Жөндеу жұмыстары жүргізілген немесе өртке қарсы су мен жабдықтау желілерінің учаскелері бөлінген, сорғы станциялары істен шыққан, спринклерлік және дренчерлік қондырғылары ақаулы болған, өрт сөндіру су қоймаларындағы су азайған жағдайда азаматтық авиация ұйымының өрт қауіпсіздігіне жауапты адамға хабарланады.
17. Мүмкіндік болмаған немесе өртке қарсы пайдаланылатын құбырларын орнату экономикалық жағынан орынсыз болған жағдайда, әуежайлардың аумағында өртке қарсы су сыйымдылықтардың (су айдыны, резервуарлардың) саны кемінде екеуді құрайды.
Өртке қарсы сыйымдылықтардың санына қарамастан, әрбір су сыйымдылықта өрт сөндіруге арналған судың жарты мөлшері сақталады.
Өртке қарсы сумен жабдықтау көзі ретінде жерасты немесе жер үсті сулары пайдаланылады. Мұндай жағдайда жерасты суларын тарту өрт сөндіру қажеттілігі және оны су тасушыға беру үшін қажетті су мөлшерін сенімді алуға кепілдік беруі тиіс.
4. Әуе кемелері тұратын орындарды, технологиялық жабдықтарды және механикаландыру құралдарын ұстау тәртібі
18. Әуе кемелері тұратын орындар:
1) жанар-жағармай материалдарының қоймаларынан (бұдан әрі - ЖЖМ), отын құю тұрақтарынан кемінде 100 м;
2) әуе кемелері ангардан 25 м жақын емес орналасқан және байланыс құралдарымен жабдықталған ангарларды қоспағанда, өндірістік ғимараттар мен құрылыстардан 50 м қашықтықта орналасады.
Әуе кемесі тұратын орындардың айналасындағы аумақ (радиусы кемінде 50 м) құрғақ шөптен, қоқыстан және жанғыш материалдардан тазартылған, таза ұсталады. Отынның қалдығын және өңделген майды ағызу үшін арнайы сыйымдылықтар, ал пайдаланылған сүрту (ескі) материалдарын жинау үшін тығыз жабылатын қақпақтары бар металл жәшіктер қойылады.
19. Тұрақтарда әуе кемелерін орналастыруды жүзеге асыру, сондай-ақ олардың арасындағы ең аз қауіпсіз қашықтық Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін азаматтық авиацияның әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға жарамдылық нормаларымен белгіленеді.
Технологиялық жабдықтар, механикаландыру, байланыс және өрт сөндіру құралдары, отын қалдықтары мен өңделген майды ағызуға арналған сыйымдылықтар, пайдаланылған сүрту материалдарын жинауға арналған жәшіктер, авиахимиялық жұмыстар кезінде өрт қауіпсіздігін жүзеге асыру орындары осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген Нұсқаулықтарда айқындалады.
20. Тұрақта тұрған, оның ішінде авиациялық техникалық базаның ангарындағы және ұшақ жөндеу корпусындағы әуе кемелері үнемі жерге қосылуы тиіс.
21. Әуе кемесінің жерге қосылған құрылғыларын техникалық пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін азаматтық авиациядағы әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға жарамдылық нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
22. Әуе кемелері тұратын орындар, оның ішінде топыраққа орналастырылған әуеайлақтарда статикалық электрден қорғану үшін стационарлық жерге қосу құрылғыларымен жабдықталады.
23. Жерге қосқыш кернеулерінің көлемі және оның белгілері осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген нұсқаулықтарда айқындалады.
24. Әуе кемелері тұратын орындарда мыналарға:
1) жабынға (жерге) отын, май, гидроқоспа және басқа да тез тұтанатын және жанатын сұйықтықтарды төгуге. Төгілген жағдайда соңғыларына дереу түрде құм себіледі және жиналады;
2) темекі шегуге арнайы бөлінген орыннан басқа жерде темекі шегуге;
3) жұмыс істеп тұрған механикаландырылған құралдар мен технологиялық жабдықтар, сондай-ақ электрлік қоректенудің әуеайлақтағы көздеріне қосылған әуе кемелерін қараусыз қалдыруға;
4) өрт сөндірудің алғашқы құралдарынсыз қозғалтқышты іске қосуға немесе басқа жұмыстар атқаруға рұқсат етілмейді.
5. Радиотехникалық жабдықтар мен байланысты пайдалану базаларының объектілерін ұстау тәртібі
25. Радиотехникалық жабдықтар мен байланысты пайдалану (бұдан әрі - РТЖБП) базаларының объектілері жанбайтын едені бар, отқа төзімділіктің II дәрежесінен төмен емес жеке тұрған немесе топтастырылған ғимараттарда орналасады. Топтастырылған ғимараттардағы технологиялық жабдықтар үй-жай өзге үй-жайлардан жанбайтын қабырғалармен немесе кемінде 0,25 сағат шегіндегі отқа төзімді қоршаумен бөлінеді және сыртқа шығатын жеке есігі болады.
26. Қонуды қамтамасыз ететін объектілерді қоспағанда, қызмет көрсетуші персоналдың тұрақты қатысуынсыз жұмыс істейтін объектілер өрт болған жағдайда электрлік қоректену көздерін автоматты түрде ажырататын аппаратурамен жабдықталады.
27. РТЖБП базасы объектілеріндегі үй-жайларда қажетті температураны қамтамасыз ету үшін өрт қауіпсіздігінің мынадай талаптарын орындаған кезде өнеркәсіптік әзірленетін электр пештерін орнатуға рұқсат етіледі:
1) үй-жайда қажетті температураны автоматты түрде сақтауды қамтамасыз ететін (жылу температурасын реттеу автоматтары реттегеннен кейін пломбаны ашпай оларды реттеуді еркін өзгерту мүмкіндігін болдырмау мақсатында пломбалануы тиіс) жабық жылыту элементтері бар электр пештері қолданылады;
2) электр пештері үй-жайдың ең салқын бөлігіне және жабдықтан кемінде 1 м қашықтықта орнатылады;
3) жанатын материалдардан жасалған едендер мен қабырғалар жылу оқшаулағыш және электр пеші (грелка) аралығы кемінде 15 см ауа қабатын қамтамасыз ете отырып, электр пеш (горелка) тұрған жерден кемінде қалыңдығы 10 мм. асбест картоны бойынша қаңылтырмен қоршалады және тығыздалады;
28. РТЖБП базасы объектілерінің қоршау периметрі бойынша ені 3 м кем емес өртке қарсы жолағы, жыртумен алшақталатын өсімдік жабындысы бар.
29. Ағаш мачтасы, фидер бағаналары мен кергіш зәкірлері орнатылған жер үсті кемінде 1 м радиуста қазылуы тиіс.
30. Объектілердегі жанатын материалдардан жасалған кәбілдік арналар асбест картоны үстінен табақ қаңылтырмен қапталуы тиіс.
31. Ғимарат шатырының металл жабындысын, аппаратура корпусын, сымдардың, құбырдың металл қаптамаларын, электр қалқандарының корпусын, трансформаторларды, электр пештерін, өтетін изолятордың бекіткіш болттары мен басқа да металл заттарды жерге қосу қажет.
32. Генераторлар мен монтаждау сымдары орауыштарын оқшаулау кедергісін кемінде жылына бір рет және жөндеуден кейін өлшеу жүргізіледі.
6. Арнайы көлікті сақтау, жөндеу және пайдалану орындарын ұстау тәртібі
33. Отын құюшылар, отын цистерналары, бензин қотарушы станциялар, жылжымалы агрегаттар (сервисерлер), май құюшылар кедергісіз шығуды қамтамасыз ете отырып, ашық алаңдарда, шатыр астында немесе гараждардың оқшауланған үй-жайларында бөлек сақталады.
34. Оттегі өндіруші және оттегімен зарядтау станциялары басқа автомобильдерден бөлек орналастырылады.
35. Фекальды сұйықтықтарды, улы немесе инфекцияланған заттарды таситын автомобильдер, сондай-ақ газ отынымен жүретін автомобильдер топтар бойынша бөлек және басқа автомобильдерден бөлек орналастырылады.
36. Жиырма бестен астам автомобильдер немесе арнайы көліктер жинақталған арнайы көлік қызметінде (бұдан әрі - арнайы көлік) өрт кезінде оларды эвакуациялау жағдайын жасау үшін арнайы көлік қызметінің бастығы арнайы көлік орналастырудың, эвакуациялау кезегі мен тәртібі жазылған жоспарын әзірлеп, бекітеді.
37. Арнайы көлікті орналастыру жоспарында сондай-ақ жүргізушілердің түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі кезекшілік кестесі және оталдыру кілттерін сақтауды жүзеге асыру анықталады.
38. Арнайы көлік үй-жайын және ашық сақтау алаңын арнайы көлікті тез эвакуациялауға кедергі келтіруі мүмкін заттар мен жабдықтарды жолға қоюға рұқсат етілмейді.
39. Қызмет көрсетудің оннан астам бекеті немесе жиырма бестен астам автомобиль (немесе арнайы көлікті) сақтау көзделген үй-жайдың кемінде екі қақпасы болуы қажет.
40. Арнайы көлік тұратын орын он автомобильге бір арқан (штанга) есебімен тіркеме арқан және штангалармен қамтамасыз етіледі.
41. Гараждарда ұсталық, термиялық, пісіру, бояу, ағаш өңдеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалана отырып, бөлшектер мен агрегаттарды жууға рұқсат етілмейді.
42. Арнайы көлікті тұраққа және жөндеуге арналған үй-жайларда, шатыр асты мен ашық алаңдарда:
1) арнайы көлікті нормадан асатын санда орналастыруға, олардың орналастыру схемасын бұзуға, автомобильдер, арнайы машиналар және ғимарат элементтері арасындағы қашықтықты кемітуге;
2) арнайы көлікті отын бақтары мен сыйымдылықтарының ашық қақпақтарымен, сондай-ақ жанармай ағып жатқанда сақтауға;
3) отынды ыдыста ұстауға және арнайы көлікті отынмен жабдықтауға;
4) тұрақ орындарында жүгі түсірілмеген автомобильді қалдыруға;
5) ыдысты тез тұтанатын және жанатын сұйықтықтың астында сақтауға;
6) шығатын қақпа мен жолды жабуға;
7) қозғалтқышты, жүйелерді, тораптар мен агрегаттарды ашық отпен (жалынмен, алаумен, дәнекерлегіш шаммен) қыздыруға, сондай-ақ техникалық байқаулар, жөндеу және басқа жұмыстарды жүргізу кезінде жарық түсіру үшін ашық от көздерін пайдалануға;
8) арнайы көлікте май сіңген сүрткіштер мен арнайы киімдерді қалдыруға;
9) от алдырылған арнайы көлікті қараусыз қалдыруға;
10) тиісті біліктілігі жоқ адамдарға техникалық қызмет көрсету мен арнайы көлікті жүргізуді тапсыруға рұқсат етілмейді.
43. Арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу кезінде мыналарға:
1) алдын ала тазаламай және жарылыс қаупі бары-жоғы үшін алынған ауа сынамаларын талдаудың дұрыс екені туралы деректі білмей отын цистерналарында немесе резервуарларында қандай да бір жұмысты орындауға;
2) сенімді түрде жерге қоспай отын құйылған цистерналар немесе резервуарларға жөндеу жүргізуге;
3) жұмыс сұйықтықтары мен газдан босатып алмай технологиялық жабдықтарды бөлшектеуге кірісуге;
4) сыйымдылығы отынмен (газбен) толтырылған және картерлерді маймен толтырылған арнайы машиналарды жөндеуге рұқсат етілмейді (ТҚ-1 базалық шасси бактарында отын және қозғалтқыш картеріндегі май болса да рұқсат етіледі).
7. Авиаотынмен қамтамасыз ететін объектілерді ұстау және өртке қарсы қамтамасыз ету тәртібі
44. ЖЖМ қоймалары мен орталық май құю станциялары жалпы желінің автомобиль жолдарына немесе қоймалардың кіреберіс жолдарына өрт автомобильдеріне арналған кемінде екі жол жабдықталады.
45. Авиаотынмен қамтамасыз ету объектілерінің ғимараттары мен құрылыстары (металл резервуарларды қоспағанда) кемінде II дәрежелі отқа төзімді болуы тиіс.
46. Автокөлік техникасы қоймаларының аумағына ұшқын сөндіргішсіз кіруге рұқсат етілмейді.
47. ЖЖМ қоймаларының аумағы құрғақ шөптен, түскен жапырақтан, өндірістік қалдықтардан үнемі тазартылады. Төгілген мұнай өнімдері алып тасталады, ал май тамған жерлерге құм себіледі. Жазғы уақытта шөп шабылады және кеппеген күйінде қойма аумағынан тасып әкетіледі. Шабылған шөпті ЖЖМ қоймаларының аумағында кептіруге және мая етіп сақтауға рұқсат етілмейді.
48. ЖЖМ қойма аумағының бос алаңдарында жалпақ жапырақты ағаш пен бұталар егуге, гүлзарлар жасауға рұқсат етіледі, бірақ резервуарлардың сыртқы жағынан кемінде 5 м қашық болуы тиіс. Қоймалар ағашты жерде орналастырылған кезде олардың айналасындағы аумақ тазартылады жапырақты тұқым радиусы 20 м, қылқан жапырақты 50 м және ені кемінде 2 м минералдандырылған белдеумен көмкеріледі.
49. Авиаотынмен қамтамасыз ету объектілері аумағында ашық отты - алау жағуға, жарықтандыру үшін факелдер, сіріңкелер, шырақтар, керосин шамдарын пайдалануға рұқсат етілмейді.
50. Авиаотынмен қамтамасыз ететін аумақта, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарда темекі тартуға рұқсат етілмейді.
51. Темекі шегуге су мен өрт сөндіргіш және урнамен жабдықталған арнайы бөлінген орындарда рұқсат етіледі. Темекі шегуге бөлінген орындарда белгілер мен жазулар ілінеді.
52. Оталғыш бу мен газ жинақталған аймақтарда жөндеу - профилактикалық жұмыстар жүргізген кезде ұшқын шықпайтын аспап пайдаланылады. Жабдықтар мақта-мата шүберегімен сүртіледі, синтетикалық матаны қолдануға рұқсат етілмейді.
53. Мұнай өнімдерінің буы мен газы бөлінетін үй-жайлар мен эстакадаларда жұмыс істейтін персоналға темір шеге немесе таға қағылған аяқ киіммен жүруіне рұқсат етілмейді.
54. Резервуар паркінде, сорғы, автомобильге май құю станцияларында, теміржол ағызып-құю эстакадаларында жұмыс жүргізген кезде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ЖЖМ қоймасы объектілерінің құрылғысы осы Қағиданың 11 -тармағында көрсетілген нұсқаулықтарда регламенттеледі.
55. ЖЖМ қоймасының ғимараттары мен құрылыстары және орталық май құю станциялары:
1) найзағайдың тікелей әсерінен;
2) найзағайдың екінші рет болуынан (электростатикалық және электромагниттік индукция);
3) жоғары әлеуетті қоқыстан;
4) статикалық электр пайда болуынан қорғалады.
56. Найзағайдан және статикалық электрдің пайда болуынан қорғау үшін жерге қосу құрылғыларын қолдануды жүзеге асыру, статикалық электрдің пайда болуынан қорғау тәсілдері, сондай-ақ тексерудің кезеңділігі мен тәртібі осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген нұсқаулықтарда айқындалады.
57. ЖЖМ қоймалары құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес сумен жабдықтау және өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталады.
58. Әрқайсысының көлемі 5000 м3 аз резервуары бар қоймаларда өрт сөндіру автомобильдерімен және/немесе өртке қарсы сыйымдылықтардың мотопомпаларымен (резервуарлар немесе ашық жасанды және табиғи су айдындары) өртті сөндіру және суыту үшін су беруге рұқсат етіледі. Бұл ретте:
1) өртке қарсы сыйымдылықтардың көлемі (резервуарлардың немесе ашық су айдындарының) өрт сөндірудің есепті кезеңінде су шығынының нормасына сәйкес келуі тиіс;
2) ашық өртке қарсы су айдындарының көлемі болуы мүмкін суды буландыру немесе мұздың пайда болуын ескере отырып айқындалады;
3) өртке қарсы су айдындары өрт автомобильдеріне арналған бос кірме жолдармен жабдықталады және ұсталады;
4) өртке қарсы сыйымдылықтардың саны (су айдындарының, резервуарлардың) екіден кем болмауы тиіс, әр сыйымдылықта өрт сөндіруге арналған су көлемінің жартысы сақталуы тиіс;
5) өртке қарсы сыйымдылықтарда судың қол сұғылмайтын қорын қалпына келтіру уақыты оны өртте пайдаланғаннан кейін тоқсан алты сағаттан аспауға тиіс.
59. ЖЖМ қоймаларында және автоматтандырылған ЖЖМ-де диаметрі кемінде 20 мм өртке қарсы су құбыры орналастырылады.
60. ЖЖМ және орталық май құю станцияларында ауа-механикалық көбігімен өрт сөндіру көзделеді. Өртті сөндіру үшін стационарлық автоматтандырылған өрт сөндіргіштерді, стационарлық автоматты емес өрт сөндіргіштерді және жылжымалы өрт сөндіргіштерді орнату көзделеді.
61. Өрт сөндіру қондырғыларын қолдану, сондай-ақ оларды тексеру кезеңділігі мен рәсімдері осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген нұсқаулықтарда регламенттеледі.
62. Қоймалар аумақтарында өрт кезінде резервуарларды суытудан суды қабылдау үшін пайдаланылатын өндірістік немесе өндірістік-жауын кәріздері көзделеді.
63. Резервуар паркінің шұңқырлы алаңдарындағы жауын қабылдағыштар қоршау білігін немесе парктің сыртқы қоршауынан (шұңқырлауынан) тыс тұрған орындарды әрекетке келтіретін бекіту құрылғыларымен (жапқыштармен, сырғытпалармен) жабдықталады.
64. Кәріз желілеріндегі құдықтарда:
1) 400 м арқылы кәріз магистральдық желісінде;
2) ғимараттардан шығару орындарында (сорғы станциялары, су төгу, зертханалар);
3) резервуарлық парк шұңқырлы алаңында - шұңқырлаудан (қоршаудан) тыс орналасқан жауын қабылдағыштардан шығу орындарында;
4) су құю құрылғылары (темір жол немесе автомобиль цистерналары үшін) алаңдарында орналасқан жауын қабылдағыштардан шығу орындарында;
5) кемінде 10 м қашықтықта - мұнай ұстап қалғышқа дейін және кейін кәріз желілерінде биіктігі кемінде 0,25 м гидравликалық бекіткіштер орнату көзделеді.
65. Кәріздің жалпы шығу орындарында орталық ұстап қалғыш орнатылады. Орталық ұстап қалғыштан өндірістік ғимаратқа, құрылыстар мен резервуарларға дейін қашықтық кемінде 30 м, ал сорғы станциялары мен резервуарларға қызмет көрсететін станциялардағы ұстап қалғыштар - 10 м болуы тиіс. Барлық құрылғылар өртке төзімді материалдардан жасалады.
66. Қосымша су тоқтату арығын пайдалану кезінде:
1) бөлініп алынған мұнай өнімдерінің жалпы қабатының түзуілуіне жол берілмейді;
2) жиналып қалған қождардың мөлшеріне қатысты арықтарды тазарту жүргізіледі.
67. ЖЖМ және орталық май құю станцияларында орталықтандырылған жылумен жабдықтау көзделеді.
68. Ғимараттар мен құрылыстарды жылыту мен желдету үшін жылутасығыш ретінде температурасы 130оС-тан аспайтын ыстық су қолданылады.
8. Өрт сөндірудің бастапқы құралдарымен
қамтамасыз ету тәртібі
69. Өрттен құтқару жасақтары өрттен құтқару техникасымен, отты сөндіру құрамдарымен, арнайы авариялық-құтқару жасақтарымен жарақталады.
70. Азаматтық авиация ұйымдарында әуеайлақтың санатына қарай талап етілетін өртке қарсы қорғау деңгейі бойынша өрт машиналарының тактикалық-техникалық сипаттамаларына сәйкес жеке құрамның толық қарулы жасағына ие авиациялық оқиға орнына өрт көлігі құралдарында бір уақытта жеткізілетін өрт сөндіру құрамының нормативтік қоры құрылады.
Әуеайлақтарды талап етілетін өртке қарсы қорғау деңгейі бойынша санаттауды жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін азаматтық авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға жарамдылық нормаларында айқындалады.
71. Азаматтық авиация ұйымдарының барлық өндірістік, қоймалық, көмекші және әкімшілік ғимараттары мен құрылыстары, сондай-ақ жекелеген үй-жайлары мен технологиялық қондырғылары шағын тұтануларды, сондай-ақ бастапқы даму сатысында өрттерді өшіру және жою үшін пайдаланылатын өрт сөндіргіштермен, өртке қарсы мүкәммалмен (өрт гидранттары, өрт шелектері, асбест немесе киіз мата, құм салынған жәшіктер мен күрек), өртке қарсы құралдармен (сүймендер, ломдар, балталар, торларды кесуге арналған қайшылар) жабдықталады.
72. Азаматтық авиация ұйымдарының өндірістік және қоймалық имараттары мен құрылыстарында және аумақтарында өрт сөндірудің бастапқы құралдарының жиынтығы бар арнайы өрт қалқандары орнатылады. Өрт қалқандары мүмкіндігінше үй-жайдан шығу орындарына жақын, көрінетін және оңай қол жететін орындарда орнатылады. Ұйымдардың аумақтарындағы бір қалқан 5000 м2 алаңға есебімен өрт қалқандарымен қамтамасыз етіледі.
73. Өрт сөндіру құралдарын айқындау кезінде жанатын заттардың физикалық-химиялық және өрт қаупі бар қасиеттері, олардың өрт сөндіргіш құралдарына қатынасы, сондай-ақ өндірістік үй-жайлар алаңдары, ашық алаңдар мен қондырғылар есепке алынады.
74. Өрт сөндіргіштерді орналастыру, қызмет көрсету, тексеру мен қолдану рәсімдері осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген нұсқаулықтарда реттеледі.